Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Инвесторлар басы артық шығынға барғысы жоқ немесе көлік құрастыру оңай ма?

Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде біздің еліміз алдағы уақытта өзінің машина жасау саласындағы артықшылықтарын пайдаланып, ел экономикасындағы шешуші секторлардың біріне айналуға тиіс. Бұл – Елбасының Қазақстан машина жасаушыларына берген тапсырмасы. Осы орайда облыстағы машина жасау саласы кәсіпорындарының қазіргі тыныс-тірлігіне үңіліп көрсек.
Машина жасау саласы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында басым салалардың бірі ретінде белгіленді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласында 31,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға артық. Аймақтың тарихи қалыптасқан мамандануын есепке ала отырып Ұлттық кластер аясында Батыс Қазақстан облысы машина жасаудың кіші кластерін дамытуға басымды облыстардың бірі болып анықталды. «Машина жасау» кіші кластерін дамыту мақсатында Ұлттық кластер кеңесінің шешімімен жол картасы қабылданды.

Роботтар өндіріледі

Көзі қарақты оқырман-дарымыздың есінде шығар, өткен жылғы есепті кездесуде облыстың бұрынғы әкімі «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ француздық «ECA ROBOTICS» компаниясымен бірігіп су асты роботехникасы өндірісін жоспарлағанын мәлімдеді. Содан бергі уақыт ішінде аталған компаниялар арасында өзара ынтымақтасу туралы меморандумға қол қойылды. Оралдық кәсіпорын мамандары француздық компанияның көмегімен оқытудан өтті. Өндіріс алаңы дайындалды. Сонымен қатар француз компаниясының жабдықтары 2016 жылдың желтоқсан айында жеткізіліп, бүгінде монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
«Зенит» Орал зауыты» АҚ 2016 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемін 1,5 есеге арттырды. Зауыт кәсіпкерлерді қолдау картасы аясында су сыйымдылығы 600 тоннаға дейінгі кеме өндірісі жобасы бойынша 2016 жылдың соныңда №16 корпустың шығыс бөлігін қайта жаңғыртты. Бұл өз кезегінде ірі габаритті кемелерді шығаруға мүмкіндік береді. Соңғы 25 жылда компаниямен су сыйымдылығы 240 тоннаға дейінгі 25 кеме және катерлер құрылысы аяқталып, тапсырылды.
«Орал трансформаторлық зауыты» ЖШС түрік елінің жеке инвесторларымен бірге өткен жылы электртехникалық жабдықтар шығару бойынша бірлескен «URAL ELECTRIC» ЖШС жаңа кәсіпорнын құрды. өңірдің кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. «Орал Электрик» ЖШС деп аталатын жаңа өндіріс орнында электр қалқандары мен жабдықтары шығарылуда. Өнімдерінің 60-70 пайызы іргедегі Ресейге және Түрікменстанға, Иранға эскпортқа шығарылады деп күтілуде.

Автобустар  қашан шығарылады?

Бұдан екі жыл бұрын Венгрияның «Евопро» компаниясы Оралда автобустар құрастыруды қолға алмақ деп жаһанға жар салғандай болдық. Алыс-жақындағының бәрі «Оралда автобус шығады деп еді. Шығарып жатыр ма?» деп ынтыға сұрайды. Иә, аталмыш компанияның директоры Балаш Боднар Оралға арнайы келген сапарында қазіргі заманғы қоғамдық көліктің бірнеше түрін шығаратындарын, көліктің негізгі қаңқасы мен сүйегі композиттік материалдардан құралатынын айтты. Шетелдік өндірісшілердің таңдауы коммуналдық және арнайы техника түрлерін құрастыруға маманданған «Оралагрореммаш» компаниясына түсті. Бұл компания венгриялық «Евопро» компаниясымен келісім де жасады. Алайда, іс жүзінде әлі күнге еш жаңалық жоқ. Машина жасаушылардың айтуынша, автобус шығару ауызбен айтуға оңай, оның артында қаншама шаруа тұрғанын өндірісшілердің басқаларының «түсіне де кірмейді». Бір машина шығару үшін көптеген құжаттама, конструкторлық сызбалар, одан басқа бір темір бөлшек шығару үшін мың шақты ұсақ бөлшектер шығару керек. Қазіргі кедендік одақ талаптары бойынша шығарылатын өнім Ресейде сертификатталуы тиіс. Бұл ауқымды процесс, өйткені өнімге бір ай сынақ жүргізіледі, одан кейін композиттік материалдан жасалған автобустың тиімділігі іс жүзінде дәлелденуі тиіс. Сондай-ақ, ең бастысы шетелдік өндірісші компания өз өнімдерін Қазақстанда, яғни Оралда құрастыру үшін ескірген көлікті утилизациялау, яғни өткізуге салынатын салымды төлеу қажет. Әр тиынын есептеп отырған венгерлік инвесторлардың мұндай салымды төлеп, артық шығынға бармайтыны айдан анық. Міне, кедендік одақтың осындай қатаң талаптары реттелмейінше венгерлік автобустарды Оралда шығару әзірге мүмкін болмай тұр.
Бұл ретте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Кеңес Абсатировтың кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдердің аумағында моторлы транспорт құралдарын өнеркәсіптік көлемде құрастыру шарттары бекітілген Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесінің 2014 жылғы мамырдың 29-ындағы №72 шешіміне қатысты Премьер-министр Б.Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында «еліміздің мүдделері шектелгенін» көрсеткені мәлім. Соған орай депутаттық сауалына жауап алған халық қалаулысымен телефон арқылы байланысудың сәті түсті. «Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың жауабында аталмыш шешімді жасақтау барысында және оны қабылдауда отандық машина жасау саласының сарапшылары қатысқаны, онда ұлттық мүдде мейлінше ескерілгені айтылған. ДСҰ шеңберінде Қазақстан мен Ресейдің өз міндеттемелері бар, сондықтан аталмыш күшіне енген шешімді өзгертудің тиімсіздігі, сонымен қатар шешімді арнайы инвестициялық келісімшартқа алмастыру қазақстандық автокөлік құрастырушыларға теріс әсер ететіні айтылған. «Өйткені бұл жағдайда шетелдік инвесторларға утилизациялау салымын реттеуге қатысты жеңілдіктер беруге тура келеді. Ал мұның өз кезегінде отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне салқынын тигізеді» делінген жауапта. Менің ойымша, күллі еліміз бойынша өрт сөндіретін, коммуналдық көліктер құрастыратын оралдық «Оралагрореммаш» компаниясының жұмысының тоқтап, жағдайының қиындай түсетіні анық», – деді Кеңес Абсатиров.

Ұшақтарға тапсырыс жоқ

Өткен жылдары оралдықтар жергілікті кәсіпорын азаматтық ұшақтарды шығару жобасын іске қосатыны жайында естіп, қуанды. Алайда ұшақты шығарып жатыр деген сүйініш хабар естілмеді. Неге?
-«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ американдық «LANCAIR» компаниясының технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты (сағатына 400-550 шақырымды құрайтын) көмір сутегі шикізатынан жасалған ұшақтың тәжірибелі үлгісін дайындады. Аталған ұшақты пайдалануға барлық рұқсаттық құжатамалар алынып, сынақтан сәтті өтті. Компания тапсырыс болған жағдайда ұшақтың сериялық өндірісін бастауға дайын, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Сапарғалиев. Оның айтуынша, компания негізінен мұнайгаз жабдықтарын шығарады және қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес ұйымдарының, өзге де жеке компаниялардың тапсырыстарын орындауда.

Көлік құрастыру оңай ма?!

– Бұл саладағы басты түйткілдер неде? Басты түйткіл – машина жасау саласындағы кәсіпорындар жабдықтарының тозуында. Сонымен бірге тапсырыстың жеткіліксіздігі, негізгі құрал бөлшектердің сыртқы нарықтан тасымалдануы және техникалық мамандардың жеткіліксіздігі де орын алуда, – деді Руслан Сапарғалиев. Оның айтуынша, екінші бесжылдыққа арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында мұнайгаз секторын дамытуға, соның ішінде мұнайгаз бойынша машина жасау саласына бірегей ұлттық кластерге мемлекеттік қолдау көрсету жоспарлануда. Ұлттық кластерді жүзеге асыру шеңберінде халықаралық талаптарға сай сала бойынша мамандарды даярлау көзделген. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу үрдістеріндегі отандық кәсіпорындардың қатысу үлесін арттыру мақсатында кәсіпорындармен API, ASMI, ANSI стандарттарын енгізу мәселесі мемлекеттік деңгейде қарастырылу үстінде.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігіндегілер Еуроодақтың 2050 жылдан бастап іштен жанатын қозғалтқышты көліктерге шектеу қоятынын, 2030 жылдан бастап мұндай көліктерді шығару шектелетінін мәлімдеді. Біздің елде де «көштен» тыс қалмақ емес. Өткен жылы Қостанай облысындағы «СарыаркаАвтопром» компаниясының базасында бес электр мобиль құрастырылды. Алдағы 2020 жылдан бастап ондай көліктердің сериялы өндірісі жолға қойылмақ. Сондықтан жалпы машина жасаушылар заман талабына сай көлік түрлерін шығару жағын ескерулері тиіс.
Елбасының бастауымен еліміздің экономикасын индустрияландыру саясаты қарқынды жүргізілуде. Өндірісшілердің айтуынша, индустрияландырудың негізі саналатын машина жасау саласында ашылған бір жұмыс орны өңдеуші, жеңіл өнеркәсіп, мұнай химиясы сынды басқа салаларда 100 жұмыс орнының ашылуына әсер етеді. Бүгінде өңірімізде машина жасау саласында қызмет ететін ірі және орта кәсіпорындарында 3000-нан астам адам жұмыс жасайды. 2016 жылда кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында іске қосылған екі жоба шеңберінде 130 жаңа жұмыс орны ашылса, 2017 жылда 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X