Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА НЫҚ ҚАДАМ

Бүгін заман өзгерді, қоғам жаңарды. Дүниежүзі жаһандану үрдісін бастан өткеруде. Әлемде орын алып жатқан алуан оқиғалардан Қазақстан да шет қалмақ емес. Бұл ретте Елбасының биылғы Жолдауы демократиялық даму жолындағы тарихи шешімге айналды. Президент Н.Назарбаев ел дамуындағы басым бағыттарды айта келе былай деген болатын: «Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс. Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар».

Шынында құрылыс секторы – ел экономикасының дамуына екпін беретін басты діңгектерінің бірі. Сол жауапты саланың болашақта тізгінін ұстайтын, білікті де білімді мамандарды бәсекеге қабілетті етіп дайындау да күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі.
Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы жанындағы колледж құрылыс саласына аса қажетті техникалық кәсіби кадрлар дайындаудың көшін бастап келеді десек, артық емес. 2000 жылы құрылған (сәулет-дизайн; құрылыс-экологиялық; экономикалық) үш колледж заман талабына сай жылдар бойы жүргізілген оңтайлану үдерісінің нәтижесінде түрлі даму кезеңдерінен өтті. Оқу ордасы 2010-2011 оқу жылынан бері ҚазБСҚА жанындағы колледж деп аталып келеді. 2003-2004 оқу жылында республикадағы колледждердің ішінде алғашқы рет кредиттік оқыту жүйесі біздің колледжге енгізілді. Сондықтан 2005 жылдың қазанында ҚР Білім және ғылым минстрлігінің тапсырмасымен ҚазБСҚА колледжі негізінде «Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіби оқу мекемелеріне кредиттік оқыту технологияларын енгізу мүмкіндігі» тақырыбында бірінші республикалық семинар-кеңес өткізілді. Бұның өзі біздің колледждің кредиттік оқыту жүйесін енгізудегі оңтайлы тәжірибесін өзгелерге таратудан туған игі бастама болатын. Әрине, кредиттік оқыту технологиясы оқу үдерісіне қатысушыдан жоғары жауапкершілікті талап ететіні анық. Сондықтан Академия және колледж басшылығы білім бағдарламаларының әлемдік тәжірибесін зерттеп, үлкен жұмыстар жүргізді. Колледж мамандықтары бойынша экспериментальды оқу жоспарлары дайындалды; академиядағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің оқу жоспарларына сәйкес пәндер атауы мен мазмұны жаңартылды. Бір-бірін қайталайтын, ұқсас пәндер алынып тасталды немесе біріктірілді, соның нәтижесінде оқыту мерзімі қысқарды. Сонымен қатар білімін академияда жалғастырғысы келетін студенттер үшін «факультатив» пәндер анықталды. Студенттердің өздік жұмыспен айналысу дағдысын, өзіндік танымы мен бағалауын дамыту және практикалық бағыттылығын күшейту үшін арнайы пәндердің мазмұны жаңартылды.
Осылайша колледжге кредиттік оқыту жүйесін енгізу мынадай жағымды көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді: студенттерді өз бетімен дербес жұмыс істеуге машықтандыру; әрбір студенттің жекелеген қабілетін толық ашу; студенттің ғылыми жұмыспен айналысу қабілетін дамыту; балдық-рейтингілік жүйені енгізу; білім сапасын бағалаудың ашықтығы мен дәйектілігі; студенттер арасындағы жағымды бәсекенің дамуы; студент жай тыңдаушы, ал оқытушы тек ақпарат беруші болудан ажырап, оқу үдерісіне қатысушылардың белсенділігінің артуы; оқытудың ұтқырлығы және т.б.
Қазіргі таңда колледж осы бағыттағы бірден-бір бастамашыл оқу орны ретінде тиімді жұмыс істеп келеді.
Колледжде техникалық және кәсіби білім беру бағдарламасының аясында келесі бағыттар бойынша маман даярлау жүзеге асырылады: – Сәулет: оқыту түрі – күндізгі, біліктілік – техник-жобалаушы; Дизайн (бағдар бойынша): оқыту түрі – күндізгі, біліктілік – дизайнер (бағдар бойынша); Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану: оқыту түрі – күндізгі және сырттай, біліктілік – техник-құрылысшы.
Президенттің өз Жолдауында тағы бір негізгі міндетке – отандық білім беру саласы мен ғылыми инновацияны заман талабына сай дамытуға ерекше тоқталды. Соның бірі – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы. Осы жобаның аясында биыл алғашқы рет біздің колледжде 9 сыныптан кейін мамандар дайындауды мемлекеттік тапсырыс негізінде жүргізуге мүмкіндік туып, 2017-2018 оқу жылына 150 орын грант бөлінгені аса қуанышты жағдай. Осылайша біз саналы таңдау жасап, құрылыс-сәулет мамандығын қалаған, техникалық кәсіби білім алғысы келетін талапкерлерді грант негізінде оқытатын боламыз. Бұл – мемлекеттің білім жүйесіне көрсеткен қамқорлығының бір көрінісі.
Жалпы мәліметтерге сүйенсек, Еуропа елдерінде жұмысшы кәсіби мамандық алуға халықтың 71 пайызы жүгінеді екен. Яғни, оларда техникалық кәсіби мамандықтың имиджі өте жағымды, бұл әрине, дамыған елдерде жұмысқа тез орналасумен, еңбекқақы мөлшерінің жоғарылығымен тығыз байланысты. Әлемдік практикада техникалық және кәсіптік білімнің әлеуметтік бағыты айқын, сондықтан Қазақстанмен салыстырғанда оқушыларды дуальді оқытумен қамту 3,5 есе жоғары.
Біздің елдің білім саласында осы бағыттағы іргелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» кәсіптік бағдарлау жұмысына үлкен мән берілген. Техникалық және кәсіби білімнің қолжетімділігін және кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз ету мақсатында ТжКБ-ның оқу орындарын халықаралық аккредиттеу заңды түрде бекітілді. Сонымен бірге елдің индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, ТжКБ мазмұнын жаңарту үшін дуальды оқыту қағидаттарын енгізген коллледждердің санын арттыру көзделуде. Дуальді білім берудегі ең бір артықшылық-өндірістік білім беруді 60 пайызға арттыру арқылы жастарға біліктілік беру. Міне, осы жүйені біздің колледж алғашқылардың бірі болып қолға алып отыр. 2017-2018 оқу жылынан бастап екінші курстың жекелеген топтарына осы дуальды білім беру жүйесі енгізіледі. Бұл өндірістік практиканың сапасын арттырса, екінші жағынан, дайын кадрды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Колледж бірқатар кәсіпорындармен: «Partners» ЖШС, «Имидж Строй Холдинг» ЖШС, «Архат» ҚЖК ЖШС, «Сэт Жол technologies» ЖШС, «С.А.D» ЖК және «Вариант-v» ЖШС сынды өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Өздерінде өндірістік тәжірибеден өтіп, білім мен дағдысын көрсеткен оқушыларды аталған кәсіпорындар жұмысқа қуана қабылдауда.
Колледжде оқу үдерісі, оны әдістемелік қамтамасыз ету жүйелі жолға қойылған. Кредиттік технология қағидаттарына сәйкес әрбір оқу тобы үшін анықтама-жолсілтеуші, әрбір пәннің оқу-әдістемелік кешені дайындалған. Әсіресе белсенді үлестірмелі материалдар (АРМ) әрбір сабақтың басты құрамдас бөлігі болып саналады. Пәннің жұмыс бағдарламасына: студенттердің дәрістік және өзіндік жұмыстарына арналған материалдар, үй тапсырмасына арналған мәтіндер; практикалық және зертханалық тапсырмалардың жоспары; өзін-өзі бақылап, тексеруге арналған материалдар; курстық және рефераттардың тақырыптары; электрондық оқу материалдары енеді. Бүгінгі күні біздің студенттеріміз өз біліктілігіне байланысты жұмыстың барлық түрлерін, жобалық шешімдерді жүзеге асыруға қабілетті. Студенттерге білім беру үдерісін Академияның білікті оқытушы-профессор құрамы жүргізеді. Бұл оңтайлы шешім. Себебі ғылыми дәрежесі бар, тәжірибелі ұстаздардың колледжде сабақ беруі білім беру үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Колледждің көрме залында ең үздік курстық және дипломдық жұмыстар қойылған. Студенттерді ғылымға тарту мақсатында жыл сайын ғылыми жұмыстар конкурсы, пәндік олимпиадалар, техникалық шығармашылық жұмыстардың көрмесі, көркемөнерпаздар байқауы, спорттық ойындардан жарыстар өткізіліп тұрады.
Колледжде оқитындардың басым көпшілігі 9 сыныптан кейін қабылданады, сондықтан тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлініп отырады. Тәрбие жоспары студенттердің талап-тілегі, сұранысын ескере отырып жасалатындықтан, олардың бұқаралық-мәдени шараларға қатысу белсенділігі өте жоғары. Жыл сайын дәстүрлі өткізілетін «…күзгі бал», «псвс», «олимпиада», всытавка мерекелері колледж студенттерінің корпоративті рухын көтеруде үлкен рөл атқарады.
Колледж студенттерінің әлеуметтік жағдайы да басты назарда ұсталады. Басқа өңірлерден келетін шәкірттерге академияның «ҚазБСҚА студенті үйі» жатақханасында тегін тұру мүмкіндігі беріледі. Жатақхана жаттығу залымен, асханамен, Ғаламтор сыныптарымен, демалыс бөлмелерімен, мәжіліс залымен жабдықталған. Мұнда шәкірттеріміздің жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдай жасалған.
Колледж оқу-тәрбие жұмысындағы осындай жетістіктер Академия басшылығының тікелей қолдауымен жасалып жатқан іргелі жұмыстардың бір көрсеткіші.
Тәуелсіз жас мемлекетіміздің алдында үлкен міндеттер мен асқар мақсаттар тұр. Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, болашағы баянды болуы және ел экономикасының, оның ішінде құрылыс саласының қарқынды дамуы жолындағы игі істерге біздің колледждің де қосар үлесі мол болмақ.

Гүлжан СЕЙДУЛЛАЕВА,
ҚазБСҚА жанындағы колледж директоры


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X