Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Қазақстан – Черногория: бап та шабады, бақ та шабады

Қыркүйектің алғашқы жұмасын тағатсыздана тосқан әлемнің әр түкпіріндегі тамашашыл қауымның бір ауық жықпыл-жықпыл ішкі жан дүниесіне үңіліп көріңізші, қадірлі оқырман. Қиырдағы Тынық мұхиттың тынымсыз толқын соққан жасыл жағалауынан Австралияның ит тұмсығы өтпейтін ұйысқан джунглиі мен «бірде қарлы, бірде қарсыз» Көкшетауға дейінгі құрлықты құлақ түргізген байрақты бәйгеге бақанын сайлап, жүйрігін байлап отырған жанкүйер жамиғат осы орайда да тағат тапқызбас шұғыл шаруасына кіріскен. Тағат дегеннен шығады, қолымызға шаруа қуған кәсіпкер елдің сүйікті басылымын ұстап отырған осынау сәттен дүбірлі дүрмекке дейін бас-аяғы үш апта ғана қалып отырғанда шығарға жан бар ма?! Әлем чемпионатының күнтізбе-күнделігін тағы бір пысықтап, турнирлер мен кездесулер кестесін тағы бір түгендеп өткен кінәмшіл қауым шаршы алаңда теңбіл допты ұршықтай үйіретін футболшылардың басынан аяғына дейін бажайлай үңіліп, төрешілердің ысқырығының өзін құданың киітіндей мінеп-тергеп, бапкерлерді де «қараусыз қалдырмай» отыр.

Аяқдоп додасы дегенде шапанын шешіп беретін желөкпе жұрт бұл ретте жаратқанның әркімге әрқилы бұйыртатын бармақтай бағын бәске тікпей, шаңдақ шаршыда ертеңнен кешке доп қуған ауылдың қарадомалағынан талғампаз Еуропаның сәнді сарайында сымдай сап түзейтін спортшыны «сомдайтын» бапқа, анығын айтсақ бапкерге шүйлігетінін несіне жасырайық. Жақсы мен жайсаңды, өнер мен өркениетті жат жұрттан іздеп қалған ауызға алдымен Еуропа ілігеді ғой, аңдаусызда атышулы «Астана-Аренаның» жадымыздан шығып кеткенін «ауыл итінің құйрығы қайқылығынан» іздемеген жөн. Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін құлақ түргізіп, жыл сайынғы айналымы миллиардтаған қаржыны құрайтын футбол жарыстарында бөтен алаңда көзге түскен аяқдопшы өз командасының ғана даңқын шығармай, елі мен жерінің де атын аспандатады. Имидж дегеніміз, міне осы!
Дуалы ауыздардан кезінде жиі естілген «нан болса ән болады» деген қанатты сөзді заманға орай «бабы болса футболшының басына бақ қонады» деп жұмырлап, өңін өзгертіп отырғанымды еңбегі кейде еленіп, кейде еленбей қалатын бапкердің жыртысын жыртқанға баламаңыз. Қалай болғанда да әрқайсысы өз алдына доп айдап, ысқырығы жер жарған желаяқ жігіттерді жұдырықтай жұмылдырып, ортақ ойынға қосатын жаттықтырушының маңдай терінің өтемі тек жеңіс қой. Әліне қарай шабатын алуан-алуан жүйріктің намысын қайрап, шабытына жел беріп, дем беріп, бәйгеге іліктіретін бапкерлерден артық ойыншыны бағалап, түсінетін кім бар? «Анау былай емес пе, мынау былай ғой» деп дау айтып, жөн көрсете өңеш созатын кей жанкүйерге осылай деп басу айтқым келеді.
«Барлық жол Римге» апаратынындай, әңгіме футболға тірелгенде ұлттық құрама жаттықтырушысы жөнінде жақ ашпай кету мүмкін емес. Оның үстіне сөз кезегі Қазақстан командасының бас бапкері Александр Бородюкке келгенде іркіліп қалғанымызды өзіміз түгіл, өзге де құптай қоймас. Өзге деп отырғаным Германия құрамасын бақандай 8 жыл бойы қыран құстай баптаған Берти Фогс. Екінің бірінің сәлемін алып, бас изей бермейтін сол Фогстың Бородюк туралы «әттең неміс болғанда герман құрамасында жарқылдап өнер көрсететін реті бар жігіт екен» деуінен артық спорт қайраткеріне қандай қошемет, қандай мадақ пен марапат керек?! Десек те, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бұдан сәл ертерек «Қайратты» өгіздей өрге сүйреген Александр Генрихұлының үстіміздегі жылғы 17 маусымда Ресей мен Жаңа Зеландия арасындағы Конфедерациялар кубогы үшін болған тартыста Ресей президенті Владимир Путинмен, премьер Дмитрий Медведевпен, ФИФА басшылары Йозеф Блаттермен және Джанни Инфантиномен бір ложаны бөліскенін тілге тиек етпей тұра алмаймыз.
Подгорицада Қазақстан командасын ойсырата жеңген черногорлықтар құрамасының бас бапкері Любиша Тумбакович те осал емес. Тоқсаныншы жылдары Белградтың «Партизан» командасының тізгінін ұстаған Тумбаковичтің өз ойыншыларын алты рет чемпиондық тұғырға қондырып, қолдарына үш рет ұлттық кубокты ұстатқаны қандай да дәріптеп-мақтауға лайық. Өз елінде ауызға ілінген Любиш Тумбаковичке дәм енді елуді еңсергенде Балқаннан алты айшылық алыстағы Азиядан жазып, Сауд Арабиясы мен Қытайдан бұйырды. 2000-ші жылдардың басында саудиялық «Ан-Наср» командасын баптаған Тумбаковичке Қытай спорт уәзіретінің көзі түсіп, оған миллиардтар елінің айтулы «Шаньдун Лунэнін» сеніп тапсырды. Любиша мырза уәде үдесінен көріне білді – команда екі рет ел чемпионы болып, Кубокты да жеңіп алды. Черногория ұлттық құрамасына келгелі бері Тумбаковичтің қадірі артқанын жанкүйерлердің жамыраған қолпаш-қошеметінен-ақ көріп отырмыз.
Жанкүйер дейміз-ау, кей кездері фанат атаулының өз командасына деген ынта-ықыласы арнадан асып, шектен шыға тәртіп бұзуға тіреліп жататыны бар. Мұның бір мысалын алысқа бармай-ақ «өзіміздің» черногорлықтардың бұдан екі жыл бұрын Ресей құрамасымен болған кездесуіндегі оқыс оқиғадан келтіруге болады. Подгорицадағы «Градски» стадионында ойын енді қыза бергенде қошеметші-фанаттың бірі алыстан лақтырған отқадақ-файер жалын ата ұшып келіп, қақпашы Игорь Акинфеевтің маңдайын жарақаттағанда миллиондаған телекөрермен жағасын ұстаған болатын. Голкиперді ауруханаға алып кеткеннен кейін германиялық төреші Деңіз Әйтекин доғарған ойын жарты сағаттан кейін ғана жалғасты. УЕФА басшылығы құрама командаға қатаң ескерту жасап, 50 мың евро айыппұл салды.
Сонда ғой қақпашы Акинфеевтің «біз ауруханаға түсу үшін емес, ойын көрсету үшін келеміз» дегені. Сол сөз кейін ауыздан-ауызға тарап кетті. Расында да, өз алаңымызда жатжұрттық команданы қарсы ала отырып, допты емес, ойыншыны қағып-соғып жатсақ, азын-аулақ абыройдан айырылғанымыз емей, немене? Еуропаның төрінде отырған жанкүйерлердің бұл қылығы мадақтауға емес, мансұқтауға лайық.
Спорт тақырыбын қаузап жүрген журналист Айбар Рысдәулеттің бабы келіскен ұлттық құрамамыз «өз алаңында кез келген қарсыласқа тойтарыс бере алады» деп жазғаны бар. Сайыпқырандарымызға бақ тілеген әріптеске «аузыңа май, астыңа тай» демейміз бе мұндайда.
Ылайым солай болсын, ардақты ағайын!

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X