Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

МӘМС: Бар азамат қамтылуы тиіс

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында 1 шілдеден басталған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шаралары, сондай-ақ биыл жаңа форматта өткен Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары қаралды.

Өткен бір айдың ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бағытында атқарылған жұмыстар туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов есеп берді. Елімізде МӘМС жүйесін енгізу Ұлт жоспарының 80-қадамы бойынша жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Денсаулық сақтау министрлігі Ұлт жоспарының 81-қадамы – «Жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу», 82-қадамы – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қасынан медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссияны құру» тапсырмалары аясында да ауқымды жұмыстар жүргізуде. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың заңнамалық базасын жетілдіру аясында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді көздейтін заң қабылданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жұмыс берушілердің жарналары түсе бастады. Қазақстанның 16 өңірінде қордың бөлімшелері құрылып, басшылары тағайындалды», – деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі комиссия құрылған. Комиссия құрамына 14 мемлекеттік орган мен мүдделі ұйымдардың өкілдері кірді. Облыстардың, Алматы және Астана қалалары әкімдіктерінің қатысуымен комиссияның төрт отырысы өткізілген. Министр жүйе жұмысында болуы мүмкін ақаулардың алдын алу мақсатында МӘМС енгізудің тәуекелдерін басқару бойынша іс-шаралардың кешенді ведомствоаралық жоспары бекітілгенін атап өтті. 14 тәуекел қамтылған жоспар 4 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, «бірінші – мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, екінші – МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, үшінші – ақпараттық жүйелер және оларды ықпалдастыру, төртінші – нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу. Әрбір тәуекел бойынша оларды жоюға қажетті іс-шаралар және нысаналы топтар анықталған. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ішінен жауапты орындаушылар бекітілген».
Бүгінде жүйенің негізгі нормативтік-құқықтық актілері келісуден өткізілуде. Сондай-ақ МӘМС ақпараттық жүйесін құру мақсатында мемлекеттік органдар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп жұмыс жүргізуде. «Бүгінгі таңда 6 нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Жылдың соңына 81 нормативтік-құқықтық акті қабылданады. Қазіргі уақытта МӘМС-тің негізгі нормативтік-құқықтық актілері мемлекеттік органдармен келісуден өтіп жатыр. Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік беретін көлемінің тізбесін бекіту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтердің тізбесін бекіту туралы Үкімет қаулылары», – деді Е.Біртанов.

Министр сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілетін топтамасы сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық адамдарға ұсынылатындығын атап өтті. «Оған медициналық көмектің келесідей негізгі түрлері кіреді: жедел медициналық көмек пен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, әлеуметтік мәні бар емдеу кезінде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек (туберкулез, онкология, психатрия сынды әлеуметтік аурулар), профилактикалық егулер. Сондай-ақ 2020 жылға дейін барлық сақтандырылмаған азаматтар үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін амбулаториялық-емханалық көмек ұсынылатын болады. Бұл халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының толық медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді», – дей келіп, Е.Біртанов сақтандырылған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен бөлек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру топтамасы аясында қосымша қызметтер ұсынылатындығын атап өтті.
Министр осы ретте медициналық қызметтерге арналған тарифтер бекітілетіндігі туралы айтып берді. Сатып алу қағидаларын әзірлеу кезінде министрлік жекеменшік қызмет көрсетушілер үшін түрлі кедергілерді жоюға, сонымен қатар пациенттің сенімі мен медициналық қызметтердің сапасы негізінде шарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауға баса назар аударған. Елжан Біртанов атап өткендей, «қызмет көрсетушіні таңдау рәсімінің ашықтығын жетілдіру мақсатында қызмет көрсетушіні таңдау комиссиясы бірінші рет «Атамекен» ҰКП-ның, медициналық қауымдастықтардың және мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралатын болады».
Министрдің есебінен кейін сөз алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Е.Бахмутова, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин және Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Лұқпановтар денсаулық сақтау саласындағы реформаны іске асыруға қатысты өз ойларын ортаға салып, өңірлердегі ахуалды баян етті.
Аталған мәселені қорытындылай келіп, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді одан әрі жалғастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Премьер-министр Денсаулық сақтау, Ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірге жұмыс берушілер, кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жарналарын төлеу барысына апта сайын мониторинг жүргізу міндеттелді. Үкімет басшысы МӘМС жүйесін енгізу барысында табысы төмен немесе жоқ азаматтарға баса назар аударуды тапсырды. Бұл топтағы азаматтар жүйеден тыс қалып қоюы мүмкін. Бұған жол бермеу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыстардың, Алматы мен Астана қалалары әкімдерімен бірге осындай тұлғаларды олардың жеке мәліметтерін көрсете отырып, сәйкестендіру тетіктерін, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту үшін жұмыспен қамтамасыз ету шараларын қолға алу қажет. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті заңға енгізілген өзгерістерге орай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың нормативтік-құқықтық актілерін осы тамыз айының соңына дейін әзірлеу тапсырылды.
Отырыста қаралған келесі мәселе – Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. ҰБТ биыл жаңа формат бойынша өткізіліп, мектептерде бітіру емтиханы ретіндегі қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханы секілді екі рәсімге бөлінген. Министр атап өткендей, жалпы ҰБТ-ға 88 595 түлек қатысқан, бұл – өтінім бергендердің 95 пайызы. Тестілеу қорытындысына сәйкес республика бойынша орташа балл 140-тың 80,5-ін құраған. Былтырғы көрсеткіш – 125-тен 81 болды. 50 балдан тұратын межелік деңгейден 74 517 түлек асты, бұл – қатысушылардың 84 пайызы.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X