Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

АҚТӨБЕДЕ ӨНДІРІС ОҢДЫ ӨРБУДЕ

Ақтөбе облысында Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында атап көрсетілген экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту туралы тапсырмасы айтарлықтай қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Жуырда «Ақтөбе» индустриалды аймағында орналасқан екі өндіріс орны мен заманауи логистикалық орталығының құрылыс жұмыстары басталды.
Осыған орай, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аталмыш құрылыс алаңдарына арнайы келіп, аса маңызды өндірістік санаттардың іске қосылу салтанатына қатысты. Облыс әкімі алдымен «Фаэтон компаниясы» ЖШС-ның «А» тобындағы логистикалық орталығы салынатын құрылыс алаңына капсула салды.

– Елбасы бүгінгі күні индустриалды аймақтың дамуына көп көңіл бөліп отыр. Себебі бұл аймақ – экономикамызды дамыту мен инвестиция тартудың көзі. 2016-шы жылдан бері «Ақтөбе» индустриалды аймағы айтарлықтай жанданды. Биылғы жылдың аяғында бұл жерде Қазақстандағы ең ірі кәсіпорынның бірі болатын керамикалық гранит пен керамикалық плитка шығаратын зауыт салынады. Ал, бүгінгі құрылысы қаланып отырған үш жоба да осы аймақтың дамуына үлес қоспақ. Біздің өңір – Қазақстанның экономикасына үлкен үлес қосатын облыс. Сондықтан бұл жерге келіп, инвестиция салып жатқан шетелдік азаматтарға біз қолымыздан келгенше қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді өз сөзінде облыс басшысы.
Шын мәнінде Ақтөбенің еліміздегі индустриялық қуатының қайнар көзіне айнала бастағанын айтқан абзал. Мұны осы өңірге инвестиция салуға ынта білдірген компания жетекшілері де ашық пікірлерімен жеткізеді. Мысалы, «Фаэтон компаниясы» ЖШС-ның өкілі Амангелді Ахметжановтың айтуынша, өздері қолға алған жобаның ерекшелігі – орталықтың SAP EWM халықаралық стандартына сай болуында.
А. Ахметжанов өз сөзінде: Нақ осы индустриалды аймақта логистикалық орталық салудың тағы бір артықшылығы бұл жерде республикалық тасжол және маңызды теміржол арнасы орналасқан. Сонымен қатар бұл аймақта коммуналдық қызмет бағасы да едәуір төмен. Сондықтан біздің кәсібіміздің дамуына осылай жағдай жасап отырған Елбасына, облыс басшылығына ерекше алғысымызды айтамыз, – деді.
Кәсіпкердің мәлімдеуінше, бұл жобаның құны – 2,5 миллиард теңге. Орталықтың жалпы аумағы – 10 мың шаршы метр, өндіріс нысанының биіктігі 16 метр. Бұл орталық әлемдік заманауи тиеу-түсіру техникасын қолданып, арнайы жеткізілетін автоматтандыру жүйесі арқылы жұмыс істейтін болады.
Тиісті мамандардың айтуынша, логистикалық орталық 2019 жылы іске қосылады. Ал, ол нақты жұмысқа кіріскен соң мұнда 120 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Облыс басшысы және онымен бірге маңызды шаралардың басы-қасында болған ресми өкілдер мен іскерлер тобы сулы-дисперсионды бояулар және сәндік сылақтар шығаратын «Баумастер Интернэшнл» ЖШС цехының құрылыс алаңына барып, капсула қойды. Аталмыш ЖШС-нің атқарушы директоры Кеңес Жайкеновтің айтуынша, цех заманауи, еуропалық технология бойынша жұмыс жасайды. Жобаның құрылтайшысы Болгария елінің азаматы екен. Оның бұдан да басқа Еуропа елдерінде үш зауыты бар көрінеді. Демек, бұл өндірістің ілкімді іске асуына толық негіз бар деген сөз.
«Ақтөбе облысында құрылыс саласы жақсы дамыған. Сондықтан бұл цехта өндірілетін өнімдер құрылыс саласы үшін өте қажет. Бүгінге дейін бұл өнімдер Ақтөбе өңіріне алыс-жақын елдерден әкелінетін еді. Енді ақтөбеліктер «алыстан арбаламай», осы кәсіпорынның өнімдерін тұтынатын болады», – дейді ол.
Биыл басталған цех құрылысы 2019 жылы аяқталмақ. Жалпы аумағы – 1200 шаршы метр. Цех толық іске қосылғаннан кейін 25 адам жұмыспен қамтылады. Жоба құны 374 400 000 мың теңге құрап отыр.
Өндіріс нысанының жай-жапсарына тоқтала келе ЖШС жетекшісі К.Жайкенов былай деді:
– Бұл цехта автоматты желі жұмыс жасайды. Сондықтан оған көп қол күші керек емес. Келісімшартқа тұрып қойдық, алдағы уақытта цехқа Италиядан заманауи құрылғы келеді. Ал шикізатты Ресей мен Еуропадан, сондай-ақ Қазақстаннан аламыз.
«Ақтөбе» индустриалды аймағында облыс басшысы «GIGANT KZ» ЖШС-ның жүк көліктері дөңгелектерін жасап шығаратын және қалыпқа келтіретін зауыттың құрылысына да капсула салды.
Ал, аталмыш зауытқа инвестиция салған Германиядан келген кәсіпкер – «GIGANT KZ» ЖШС-ның директоры Александр Герберсгаген. Оның да, жоғарыда атап өткеніміздей, Еуропада осы тектес екі зауыты бар екен. Неміс инвесторы кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 10-13 мың дана дөңгелек шығаратынын айтады. Бұл жобаның құны 800 млн теңге құрамақ.
А.Герберсгагеннің айтуынша, оның компаниясы 3 жылдан бері Ақтөбеде өз өнімдерін сатып келеді екен. Өнімдерінің бағасы Қытайда өндірілген дөңгелектерден 45 пайызға арзан көрінеді. Ал сапасы жоғары, оған кепілдік береміз, дейді ол.
Бұл зауытты осы индустриалды аймаққа салудағы негізгі мақсат – бұл жерде істі оңды өрістетуге барлық жағдай жасалған. Зауыт іске қосылса, 25 адам жұмыспен қамтылады. Барлық материалдар Германиядан әкелінбек.
Сонымен, жаңа өндіріс орындары мен логистикалық орталықтың құрылыс алаңын қарап, серіктестік басшыларымен тілдескен облыс әкімі бұл аймақтың болашағы зор, өңірдің экономикасын дамытуға қосар үлесі мол екенін айтып, жиналғандарға шынайы ризашылығын жеткізді.
Мына мәселеге де көңіл бөле кеткен орынды. Осыдан бір жыл бұрын облыс әкімі осы аймақтағы 5 ірі инновациялық жобаның құрылысына капсула салған болатын. Оның екеуі, атап айтсақ, «TALAN Technology», «Ақтөбе Топса Пласт» серіктестіктері өз жұмысын бастап та кеткен. Алдағы уақытта қалған үш жоба да іске қосылады деп күтілуде. Солардың бірі – «Керамика Зерде Ақтобе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің керамикалық гранит пен керамикалық плитка шығаратын зауыты желтоқсан айында өз жұмысын бастамақ.
Қорыта айтқанда, Ақтөбе облысындағы өндіріс орындары отандық өнімдер шығарып, еліміздің экономикалық қуатын арттыруға қарқынды үлесін қосуда. Мұны өзіміз әңгімелеп отырған мына іске қосылар жаңа 3 өндірістік нысан да нықтай түседі.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X