Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНА ҚАЛАЛЫҚТАР ДӘН РИЗА

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев – өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының тиімді өндірістік ағымда дамуына жете көңіл бөліп, «азық-түлік белдеуін» жолға қою мәселесін кешенді бағдарламалар негізінде жүзеге асуыруға ұйытқы болып жүрген басшы. Мұны жүзеге асыру үшін шаруа қожалықтарына субсидия бөлу, тиімді несиелеу жолдарын ұсыну арқылы жүзеге асырудамыз, дейді облыс басшысы. Әкім сөзінің растығына, мұнда жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың өнімділігіне мына бір маңдайалды шаруа қожалығы – «Первомайский» АҚ мысалы да айқын дәлел бола алады.

Осы қожалық меншігіндегі қара ала сиырлар тәулігіне 30 литрге дейін сүт береді. Жергілікті фермерлер Голландиядан әкелінген асыл тұқымды ірі қаралардан, осындай рекордтық өнім ала бастады. Шаруашылықта 1000-нан астам гольдштейн фриз асыл тұқымды сиыр малы бар. Биылғы қуаншылық ірі қараны өсіру, жем-шөбін даярлауда біраз қиыншылықтар келтіруде. Бірақ осы табиғи қолайсыздықтарға қарамастан шаруашылық өңірді сүтпен қамтамасыз етіп отыр.
Шетелдік малдың молырақ сүт беруі үшін жем-шөптің құнарлылығы баста назарда болуы керек екен. Сондықтан да олардың алдына ұсынылған шөп құрамы 14 түрлі қоспамен байытылған, дейді мамандар.
– Күтіміміздегі мыңнан аса сиырлардың біреуінен жылына 6100 литр сүт сауып отырмыз. Бұл көрсеткіш еліміздегі алдыңғы қатарлы өзіміз сияқты фермалардың жетістігімен пара-пар, – дейді «Первомайский» шаруа қожалығының директоры Аманжол Есқараев.
Шаруашылықтағы жағдай жаман емес, басшының мәлімдеуінше, алдыңғы жылдары айтарлықтай қиыншылықтар туындаған, әрине, өзге елден келген малдың жерсініп кетуі де оңайға соқпаса керек. Сиырлардың өз төлі есебінен көбеюі де нәтижесін беріп отырғаны қуантады. Атап айтқанда, осы Атырауда туып, қашар жасына жеткен жас малдардың өзі дәл қазір өз аналықтарымен бір қатарда сауылып жатыр.

Жерсінуі мен күтімдерін ғылыми деңгейде, қатаң технологиялық-ветеринарлық талаптарға сай жүргізу де нәтижесін беруде, дейді білікті мамандар. Соның арқасында айына 60-70 бұзау туып, қатарға қосылатын көрінеді. Мал күтімінің талабына сәйкес бұзаулар енесінен бөлек күтімге алынады екен.
«Олар арнайы емізіктері бар үлкен құтылармен қоректендіріліп, күніне 3 литрден екі рет сүтпен нәрленіп, тез-ақ қоңданады, – дейді сауыншы Мейрамгүл Тілепбергенова. – Суы да дер кезінде беріледі, жас бұзауды күтудің алып бара жатқан еш қиындығы жоқ».
Шаруашылық меңгерушісі Әлмұрат Қосмағанбетовтың айтуынша, алғашқы 5 күнге дейін жаңа туған бұзау ана уызымен қоректеніп, тез қатайып, өсуіне жағдай жасалған екен. Осылайша, 2 ай бойы дәл осылай жан-жақты қамқорлықпен қамтылған олар жылдам өсіп-жетіледі, деп әңгімелейді білікті маман. Ол нақ осындай малдың күтімін тиянақты жүргізуді арнайы Германияға барып білімін жетілдіргенін мақтанышпен атап көрсетеді.
Қашарлар 18 айда ұрықтандырылып, бөлектенген ортасынан сауын сиырлар қатарына қосылады, сөйтіп, айналасы 27-28 айда жоғарыда аталғандай аса құнарлы сүт бере бастайтын деңгейге жетеді. Осының бәрі фермадағы жұмыс барысының пәрменді жүргізілуіне ықпал етіп, екі мезгіл сауынды қамтамасыз етеді екен.
Таңғы сағат 6-да сауылған сүт атыраулықтардың дастарқандарында кешкі астарына ұсынылса, жан-жақты сараптамадан сүттің басқа да, атап айтқанда, 12 түрлі (сүт, қаймақ, йогурт, т.б.) дәмді де құнарлы күйінде тұтынушыларға ұсынылады екен. Бұл өнімдер арнайы итальяндық қондырғы арқылы айранға айналдырған технология нәтижесінде 1500 қорапқа құйылып, облыс орталығының 20 сауда нүктесіне таратылады екен.
Бұл шаруашылық мал азығын өздері егіп, күтіп-баптап, дайындайтыны да олардың дербестігін, көлденең біреулерге кіріптар болмауының маңыздылығымен ерекшеленеді. Бір ғана жайқалған жүгері алқабының берер пайдасы шаш етектен. Сүттің құнарлы болатыны, алынатын өнімдердің – бал татитын қаймақ пен дәмді айранның, тіл үйірер йогурттың нақ осы жүгері құнарлылығына да тығыз байланысты, дейді шаруашылық мамандары.
1400 гектардан астам алқапта жүгеріден өзге жоңышқа, судан шөбі де егілген және олардан да айтарлықтай түсім бар, ең бастысы, бұл облыс басшысы Нұрлан Ноғаев атап айтқандай, жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамтуға да оңды ықпалын тигізуде. Мәселен, егістік жұмыстарын атқарып жатқан бригада жетекшісі Бақтияр Әжениязовтың айтуынша, 350 гектар көлемді алқапқа егілген жүгерінің шығымы өте жақсы. Кей жерлерде тіпті жүгері үш метрге дейін бой көтеріп, аса толымды дәндерімен, құнарлылығымен ерекшеленеді.
Құнарлы судан шөбін оратын арнайы техника оны өзі сол орған күйі қоса майдалап, өзі жегіп алып келе жатқан қорабын дайын өнімімен толтырып, тиісті жеріне жеткізіп береді екен. Бір орғанында құнарлы шөптің 8-10 тоннасын шабатын техниканың қалыпты жұмыс істеуі де шаруа қожалығы басшысының назарында екен.
А.Есқараевтың мәлімдеуінше, өнімді еңбекті одан әрі жандандыру мақсатында және халық аса зәру сүт өнімдерін молайта түсу үшін қосымша тағы субсидия алуды жоспарлап қойыпты. Бұған облыс әкімі Н.Ноғаев та жоғарыда айтқанындай, барлық жағдай жасалған, облыстық қаржы мекемесі мен ауыл шаруашылығы басқармалары тарапынан да тиісті шаралар қабылданып, соның нәтижесінде осындай оңды істер жүзеге асырылуда. Бір сөзбен айтқанда, «Первомайский» шаруа қожалығы өндірген сапалы сүт өнімдерін іздеп жүріп сатып алып, рахатын көріп жүрген қалалықтар дән риза.

P.S.: Осы жылдың алғашқы тоқсанында Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 61,6 млрд. теңгені, яғни 104 пайызды құраған екен. Облыста қазір 2086 агроөнеркәсіптік кешен болса, 32 несие серіктестігі, 12 жеке кәсіпкер, 2 акционерлік қоғам, 3 сервистік дайындау орталықтары, 42 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 1995 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасап жатыр.

Батыр РАХМЕТУЛЛИН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X