Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕНІ ТАМСАНДЫРҒАН…

Бәрі де сақадай сай

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 1 794 132 адам келіпті. Елордадағы мамандандырылған шараға 309 832 адам келген. Яғни, орташа есеппен күніне 44 261 қонақ көрме табалдырығын аттаған. Көрме жұмысының алғашқы аптасында күніне 23 мың адам келгені есімізде. Бұған дейін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне  келушілер саны – 2 000 000, ал кіріп-шығу көрсеткіші шамамен 5 000 000 болады деп болжанған еді.

Елордада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қонақтардың денсаулығын қорғау мақсатында 1 335 медициналық жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. Мамандандырылған халықаралық «ЭКСПО-207» көрмесін өткізу алдында сапалы медициналық көмек көрсету бойынша жедел штаб құрылды. Көрме аумағында 6 медициналық пункт және орталық орналастырылды.
Көрменің өтуі кезінде 4 506 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 3862 қазақстандық, 647 шетелдік азаматтар. Жарақат алу бойынша 556 адам көмек сұрады, улану бойынша 134, қан айналымы жүйесіндегі ауруға қатысты – 420, хирургиялық патологиямен 134, акушерлік-гинекологиялық патологиямен, жүктілікті қоса алғанда 116 адам жүгінді. Аллергия, жәндіктердің шағып алуы, күн өту, ыстық көтерілу жағдайлары бойынша 3 149 адам дәрігерлерге келген. Көрмені өткізу кезінде барлығы 861 адам эвакуацияланған, оның 161-і ауруханаларға жатқызылған. Шетелдік қонақтардың денсаулығын қадағалау үшін 1 335 медициналық жедел көмек көрсету көлігі жұмылдырылды. Шара барысында жалпы қалалық шараларда 222 кезекшілік жүргізілді Бұдан бөлек, тұрғын үй, әлеуметтік, коммерциялық және қаланың инфрақұрылым нысандарын барлық бейнебақылау жүйесі біріктірілген Ахуал орталығы құрылды.
Елордада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында әлемге өзінің ірі алмас тастарымен танымал Лесото Корольдігінің Ұлттық күні өтті. Шара Қазақстан мен Лесотоның мемлекеттік тулары көтеріліп, әнұрандары орындалуымен басталды. Бұдан кейін Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев африкалық қонақтарды құттықтады. Өз кезегінде Лесото Корольдігінің Сауда және өнеркәсіп министрі Тефо Мапесела Қазақстаннан үйренетін тұстар көп екендігін тілге тиек етті. Ресми ашылу рәсімімен соң Лесото ұлттық күнінің африкалық әртістер баянның сүйемелдеуімен ән салып, өздерінің ұлттық билерін биледі.
Астанада өтіп жатқан Жамбыл облысының Мәдени күндері аясында Тараз қаласының тарихи-мәдени экспозициясы таныстырылды. Ашық аспан астындағы тарихи-композициялық бірегей кешен «Көне Тараз әлемі» деп аталады. Шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары аталған кешенге барып, Қазақстандағы ең көне қаланың тарихымен таныса алады.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында Иордания Хашимит Корольдігінің ұлттық күні тойланып жатыр. Ұлттық күннің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб Иордания үкіметінің энергия көздерін әртараптандыруды және энергетикалық дербестікке жетуді көздеп отырғанын жеткізді. Өз кезегінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев Қазақстан мен Иорданияның ынтымақтастықтың барлық салаларында тығыз қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Әсіресе, фармацевтика, энергетикалық және ауыл шаруашылығы салалары бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Шараның ресми бөлігі аяқталған соң, Ұлттық күн сахнасында Амман қаласы муниципалитетіне қарасты Иордания ұлттық фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері басталды. Көрме барысында Нұрбол Әміржанов керамикадан ыдыс жасаудан шеберлік сағатын көрсетті. Шыңғырлау ауданындағы «Марфуға» тігін цехының иесі Әсел Сұлтанғалиева қыз жасауына қатысты өнімдерді ала келіпті. Ақжайық ауданының тұрғыны Ерлан Бектеновтің зергерлік бұйымдары республика көлеміне кеңінен танымал. Орал қаласындағы «Women Art Дизайн» компаниясы ұлттық бұйымдар галереясын жабдықтаған. Шығармашылық топтың құрамында Қазақстан Дизайнерлері одағының мүшелері Раиса Алексеева, Марина Ермекқалиева, Наталья Брикс бар. 2012 жылы Сеул қаласында өткен халықаралық саммитте Елбасымыз «Women Art Дизайн» дайындаған тұмарды сол кездегі АҚШ президенті Барак Обамаға сыйға тартқан. Оралдық «Текемет» жеке серіктестесігі де аталған компания секілді шетелдерде көрмелер ұйымдастырып үлгерген. Бір айта кететін жайт, көрмеге қатысып жатқан кәсіпкерлер өз бұйымдарын саттыққа қоя алады. Этноауылда Қостанай облысының қолөнер шеберлері де бар. Олар батысқазақстандық топпен шығармашылық байланыс жасауда. Облыстың мәдениет және өнер ұжымдары Елордада 10 концерттік бағдарлама мен 8 спектакльді көрермендер назарына ұсынады. Сонымен қатар «Қазанат» ипподромында көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және қыз қуудан ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылмақ. Батыс Қазақстан облысының күндері «ЭКСПО-2017» алаңындағы амфитеатрда өнер ұжымдарының гала-концертімен тәмамдалмақ.
Әлемдік футболдың аңызға айналған жұлдыздары ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық футбол турниріне қатысады. Футбол турнирі «Астана Арена» стадионында өтеді. Форматы бойынша аталған турнир «Аңыздар кубогына» ұқсас, оған құрамына 5 алаң ойыншысы және 1 қақпашы (6х6) кіретін команда қатысады. Елордалық стадионда Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрама командалары мен әлем құрамасы ойнайды. Кевин Кураньи, Дино Баджо, Марко Дельвеккио, Нуну Манише, Яри Литманен, Эрнан Креспо, Жан-Пьер Папен, Роман Широков, Валерий Карпин, Александр Филимонов және тағы басқалары өз ойынымен жанкүйерлерін қуанышқа бөлемек. Қазақстанның намысын Олег Воскобойников, Игорь Авдеев, Андрей Карпович, Қайрат Әубәкіров, Мұрат Тілешев, Нұрбол Жұмасқалиев және Андрей Финонченко кіретін отандық футбол ардагерлері қорғайды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X