Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

БАЗАРЛАРДАН БАС ТАРТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ

Қазақстандағы базарлардың тағдыры қандай болмақ? Оларды заман талаптарына сәйкестендіру үшін не істеу керек? Осы және өзге де сауалдарға «Қазақстан сауда кәсіпорындары» қауымдастығының вице-президенті Қайырлы Таукен жауап берді.

– Қайырлы Кеңесбекұлы, базар көпшіліктің баратын орны және қарапайым халықтың күнкөріс көзіне айналғалы қашан. Бүгінде осы базарлардың қатары сиреп бара жатыр деп естиміз. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Бірден айтайын, елімізде базарлардың саны жылдан-жылға азайып барады. Егер 2004-ші жылы ресми тіркелген 935 базар болса, 2014-ші жылы – 752, 2015-те – 717-ге дейін азайды. Бұлар – ресми тіркелген базарлар. Олардан бөлек, тіркелмегендері тағы бар.
– Ел экономикасындағы базарлардың үлесі қанша? Олардан түсетін табыстың мөлшері, төлейтін салығы туралы не айтуға болады?
– Санап көрейік. Базарларда 700 мың адам жұмыс істейді. Оның сыртында, бір сауда орны қосымша 3-4 адамның жан бағуына мүмкіндік жасайды. Осылайша, Қазақстанда 1,5- 1,7 млн. адам базардың арқасында күн көріп отыр деп сенімді түрде айта аламыз. Ал базарлардан түсетін төлемдер мен салықтар туралы нақты мәліметтерді келтіру қиын. Супермаркеттер мен гипермаркеттерде бұл мәселені анықтау жеңіл. Себебі, олар бір ғана заңды тұлға. Ал базарларда кәсіпкерліктің субъектілері өте көп. Негізінен, олар – шағын және орта бизнес өкілдері. Екіншіден, базар тауарды сатумен немесе сатып алумен айналыспайтынын ескеруіміз керек. Базар – сатушы мен сатып алушының кездесетін жері. Базар олардың өзара келісімге келуіне жағдай жасауы керек. Үшіншіден, базарлар сауда орындарын жалға беретіндіктен жеке құн салығын төлейді. Еліміздің салық заңнамасына сәйкес оның мөлшері – 20 ЖҚС. Бұдан өзге, жер салығы және бар.
Ел экономикасындағы базарлардың үлесі қандай? Менің ойымша олар әлі өз мүмкіндіктерін сарқып біткен жоқ. Қайта бүгінгідей дағдарыс кезеңінде әлеуеті арта түсті десем артық айтқаным болмас. Халықтың 70% әлі де базарда сауда жасап, керек-жарағын алады. Олардың дені әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері – зейнеткерлер, студенттер, бюджет саласының қызметкерлері. Базарлардың ел экономикасында алатын орнын осыдан-ақ аңғара беріңіз.
– Дегенмен, базарлардың болашағы бұлыңғыр, түптің түбінде жабылады деген тұжырым бар. Сіз келісесіз бе?
– Қауымдастық шетелдіктермен көп жұмыс істейді. Біз оларға барамыз, олар бізге келеді. Және бір қызығы, елімізге келген шетелдіктер ең алдымен базарды көргілері келіп тұрады. Сонда барып суретке түскенді, саудагерлермен тілдескенді, саудаласқанды керемет ұнатады. Егер сатып алған затынан 5-10 теңге түсірсе, соған балаша қуанады. Әрине, бұл олардың сараңдығынан емес. Жергілікті салтқа, дәстүрге жақындағанынан сондай әсерге бөленеді. Бұдан түйетініміз – базар деген біздің менталитет. Шығыс елдерінің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан, менің ойымша, біз базарлардан бас тарту арқылы дәстүрлі құндылықтан қол үземіз. Екіншіден, жұмыс таппай қиналған жұртты барар жерінен айырамыз. Мәселен, ауылдардан жыл сайын мыңдаған жас қалаға келеді. Олардың барлығы бірдей оқуға түсіп, жақсы жұмысқа орналасып кетпейді. Біразы базарды жағалайды. Сол жерден жұмыс табады және базар сол жұмысты береді. Мейлі ол арба айдасын, мейлі палау пісірсін. Бірақ ас-суын айыратын, баспанасын жалдауға жетерлік қаражатын табады. Ерінбей еңбек етсе, үлкен кәсіпке де жолдама алады. Өткен 20-25 жылға үңілсек, бүгінде ірі корпарацияларды басқарып отырған бизнесмен ағаларымыз кәсіптерін базардан бастаған. Сондықтан базарлар келмеске кетеді, олар қажет емес деген әңгімені айтуға әлі ертерек.
– Қазіргі таңда базарларды заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үрдісті іске асырудың жолдары туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінде Қазақстанда базарлардың екі түрі жұмыс істеп жатыр. Стационарлы және біріктірілген. Қазір сауда-саттық туралы заңнамаға өзгертулер мен түзетулер енгізілген. Сол өзгерістерге сәйкес, 2018-ші жылдан бастап Астана мен Алматыда, 2020-шы жылдан бастап барлық облыс орталықтарында көшеде сауда жасауға тыйым салынады.
Негізінен, бизнес қауымдастық – заманауи саудаға қарсы емес. Алайда, бұл дәстүрлі саудадан бас тартып, маркеттерге көшуіміз керек деген сөз емес. Кей шенеуніктер базарлардың мәселесін, ірі қалалардың іргесінен үлкен сауда-логистикалық кешендерін құру арқылы шешуді ұсынады. Өз басым ондай ұсыныстарға қарсымын. Бұл ретте заманауи саудаға көшуге қатысты жеке ұсынысым бар.
Баршаға белгілі, Алматыда бұл мәселеде қаншама қиыншылықтар болды. Бірнеше базарлар жабылып, адамдар кәсіптерінен айрылды. Барлық жұмыс жедел және қысқа уақыт аралығында жүргізілді. Менің пікірімше, бұл мәселеде нақты тұжырымдама керек. Онда, ең бастысы, уақытты анықтап көрсету қажет. Заң қабылданғаннан кейін, біз базарлардың басшылығы мен саудагерлерге мына жылы, мына уақытта далада сауда жасауға тыйым салынатынын айтып, түсіндіруіміз керек.
Әдетте, бұл жұмыс қалай жүргізіледі? Уақыты келгенде, ұр да жық тәсілі іске қосылып, мәселені мейлінше жедел шешуге жанталасады. Бұл ретте, бюджет қанша қаражаттан қағылады, кәсіпкерлердің жағдайы не болады, қанша адам жұмыссыз қалады деген мәселелер ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. Егер кең ауқымда алып қарайтын болсақ, бұл – азаматтарымыздың еңбек етуге деген конституциялық құқығын бұзу. Сондықтан бұл мәселеде өте абай болған абзал.
– Заманауи саудаға көшу кезінде базарлар қандай жағдайға тап болуы мүмкін?
– Біз жаңа жүйеге еш қиындықсыз қадам басуымыз керек. 2020-шы жылға дейін қабылданған бағдарламалар көп. Алайда оларда сауда нысандарын қаржыландыру қарастырылмаған. Менің ойымша, сол нысандарды арнайы бағдарламаға енгізіп, олардың құрылысына қаржы бөлу керек. Сол кезде жаңа жүйеге деген жұртта қызығушылық пайда болады. Ал әдеттегі тәсілдерімізге жүгінсек, жағдай өзгермейді. Мәселен, Алматыдағы Қожабаев-Бөгенбай көшелеріндегі жабайы сауданы алып қарайық. 2007-ші жылы онда базарлар жабылған еді. 6-7 базар қаланың шетіне көшірілді. Соған қарамастан, сауда қазір жолдың бойына шықты. Олар тіркелмеген базарлар. Салық төлемейді. Былайша айтқанда, көлеңкелі экономикаға жол беріліп отыр. Екіншіден, заң бәріне бірдей ортақ болуы керек. Егер біз қала ішіндегі саудаға тыйым салып, оны сыртқа көшірсек, бұл талапты барлығы бірдей орындау керек. Бүгінде қалай? Бір жерден саудагер қуылады да, оның орнына басқа екі саудагер келіп тұрады. Сондықтан, бұл мәселе ерекше бақылауда болса деген талабымыз бар. Және сауданы даладан ғимаратқа көшіруде шығыстық нышандарымызды сақтап қалуымыз керек. Базардың мәні де, сәні де сол.
– Астанадағы сауданы заманауи талаптарға көшіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алғанымызға біршама уақыт өтті. Қауымдастық мүшелеріне жаңашылдықтарды түсіндіріп келеміз. Алдағы уақытта базарлардың басшыларын жинап, кеңес құрмақпыз. Мемлекет басшысы міндеттегендей, кез-келген заңды түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізу керекпіз. Біз қазір сол жұмыспен айналысып келеміз. Әрине, бұл арада әкімдік те қалыс қалмаса деп тілейміз.
– Қайырлы Кеңесбекұлы, бізге уақыт бөлгеніңізге, салмақты ой-пікіріңізді айтып, сұхбат бергеніңізге рахмет. Алдағы істеріңіз сәтті іске ассын.

Ернар ОРМАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X