Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Доп додасы қызып келеді

Табиғаты көркем, ауасы шипа, суы тұнық Черногорияны спортшылар үшін жаралған мекен деп айтуға тұрарлық. Мұнда ептілер мен күштілердің өз шеберліктерін шыңдауларына не қажеттің бәрі бар.

Еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін қолы қалт еткен сәттері сайыстар мен турнирлер жаңалықтарына құлақ түріп, денешынықтыру жаттығуларын жасайтын бұл елде спорттың барлық түрі жаппай дамыған. Дегенмен, шаршы алаңда шиыршық атқан аяқдоп додасына деген ынта мен ықылас бөлек. Өз алдына отау тіккенге дейін Югославия құрамасы сапында ойнаған Черногория футболшылары 2007 жылдың басынан халықаралық жарыстарға дербес команда ретінде қатысып, жап-жақсы нәтижелер көрестіп келеді. Бұған соңғы кездері ел басшылығының бұқаралық спорт түрлеріне жіті көңіл бөлуінің, соның ішінде жыл сайын Футбол күнін өткізуінің игі әсері тиген болар.
Өткен күнде белгі жоқ, дейді. Неге болмасын! Жылнамаға үңілсек, ұлттық құраманың алғашқы бас жаттықтырушысы Зоран Филиповичтің бапкерлігімен команда 28 матч өткізіп, оның 8-інде жеңіске жетті, 8 рет теңбе-тең түсті, 7 рет жеңісті қолдан берді. Сөйткен Зоран Флилипович келісім-шарттың аяқталуына байланысты 2010 жылы құрамадан кетті, бұл кезде ФИФА рейтингі бойынша команда 73-ші орында тұрды. 2007 жылы Черногория Kirin Кубогына қатысты, мұнда Жапония мен Колумбия құрамаларынан ұтылып, турнир кестесінің аяқ тұсынан орын тепті. Ал, 2008 жылғы 26 наурызда Черногория Норвегиямен болған жолдастық матчта 3:1 есебімен жеңіс тұғырына көтерілді.
Алғашқы ресми ойынды черногорлықтар 2008 жылғы 6 қыркүйекте Әлем Чемпионаты-2010 сыныптамасында Болгария құрамасымен өткізді. Ойынды қарқынды бастаған болгарлар алғашқы 11 минутта-ақ черногорлықтар қақпасына теңбіл допты сүңгітіп үлгірді. Стиян Петровтың шеберлігіне қол соғып жатқан болгариялық жанкүйерлер көңілін 61-ші минутта Мирко Вучинич су сепкендей басып, есепті теңестірді. 1:1. Өз алаңында жанкүйерлер қолдауы күш беретін болар, қайратына мінген Стефан Йоветич 82-ші минутта матч иелерін ілгері оздырды. Сөйтіп, чероногорлық жанкүйерлер өздерінің түңғыш ресми жеңістерін тойлауға дайындала бергенде Благой Георигиев соңғы секундтарда қарымта қайтарып үлгірді. Есеп сонымен 2:2 болып, екі бауырлас елдің «достығы жеңіске жетті».
Ницце қаласында 2014 жылғы 23 қаңтарда Евро-2016 ойындарына жеребе тасталып, оның қорытындысы бойынша Черногория Ресеймен, Швециямен, Австрия және Молдовамен, Лихтенштейнмен бірге G тобына енді. Бұл іріктеу турнирі черногорлықтарға онша қолайлы бола қойған жоқ, себебі матч барысында 4-ші орынға көтерілсе де, Швециямен арадағы ұпайы айырмашылығы 7 ұпайға жетті. Алғашқы айналымда Черногория 5-ақ ұпай алды, екінші айналымда Лихтенштейн (2:0) мен Молдованы (2:0) ұтып, қоржынға бір ұпай ғана артық түсірді. Қонақкәдеде Швециядан (1:3) және Ресейден (0:2) ұтылып, өз алаңында Австриядан (2:3) жеңіліп қалды.
Қолды-аяққа тұрмайтын жас шағында Югославия құрамасы қатарында әлемдік додаларда жанкүйерлерлерге жақсы қырынан танылып үлгірген Бранко Брнович 2011 жылы ұлттық команданың бас бапкері болып келді. Кезінде италиялық «Ювентус», «Торино» және «Фиорентин», француздық «Лилле», ресейлік «Зенит» сынды белді футбол клубтарында ойнап, тәжірибе жинаған черногорлық аяқдопшылар ұлттық команданы содан бері өрге сүйреп келеді. Сонымен қатар жергілікті клубтардың болашағынан үміт күттіретін жас перілері де назардан тыс қалмауда. Бұл орайда Черногорияның ішкі чемпионаты жанкүйерлердің де, бапкерлердің де назарынан тыс қалмайтынын атай кетуіміз керек. Қызу да тартымды сайыстар 12 команда ойнайтын Бірінші Лигада өтеді, мұнда Подгорицаның «Будучносі» мен Никшичтің «Сутьескасы» шашаларына шаң жұқтырмай келеді. Спортшылардың төгілген тері мен табанды еңбегі зая кеткен жоқ, 2012 жылы ұлттық команда «Евро-2012» іріктеу тобында екінші орынға көтерілді.
Үстіміздегі жылғы жарыстарға да құрама бар күш-қайратын жұмсай қатысып, ортан қолдай командалар сапынан төбе көрсетуде. Өткен шілдедегі жағдайға сәйкес черногорлықтар ФИФА рейтингінде 54 орында болса, УЕФА рейтингінде 32 орында тұр. Алдағы Әлем чемпионатына іріктеу жарыстарында Черногория Е тобының көшін бастап келе жатқан Польша құрамасына қарсы қауқар көрсете алмады. Бақталасы поляктардан 1:2 есебімен жеңілген черногорлықтардың салы суға кетіп, қол қусырып отыр десек, жаңсақ айтар едік. Қайратын жиып, шабыт шақырған черногорлықтар әлі де қарымта қайтарудан күдер үзбеуде. Ал, Адам Навалканың польшалық сайыпқырандары әлі де талай жеңістен дәмелі екендігі өзінен-өзі түсінікті болар. Оның да өз себебі бар. Дортмундтық «Боруссия» клубының аяқдопшысы Лукаш Пищектің қақырата соққан шешуші доп арқасында Польша бірінші айналымда 30 ұпайға қол жеткізіп, қарсыластырынан бақандай 6 ұпай озып кетті.
Черногорлықтар біздің құрамамен кездескенде, талай жыл баптаған аяқдопшыларымыз жеңісті қолдан береді деп ойламаған едік. 2:0 есебімен тәмамдалған Черногория – Қазақстан матчында Томашевич, Вукчевич, Йоветич, Бечирай, Савич соққан теңбіл доп тор қақпада ойнап жатты. Осы ойындағы құрама командалар мүшелерімен таныстыра кетелік. Черногория командасы: Щекич (Бакич); Кояшевич; Божович; Томашевич; Симич; Савич; Вешович; Марусич; Вукчевич (Николич); Бечирай (Райчевич); Йоветич. Қазақстан құрамасының ойыншылары: Кислицын; Хижниченко (Мұртазаев); Исламхан (Мужиков); Қуат (Тағыберген); Мухутдинов; Покатилов; Бейсебеков; Логвиненко; Шомко; Малый; Нұрғалиев. Ойын барысында Бечирай, Исламхан, Кислицын, Мухутдинов сынды аяқдопшылар ережеден ауытқып, ескерту алды.
Ал, жанкүйерлер назары алдағы қыркүйектің алғашқы күні болатын кездесуге неліктен ауып отырғаны осыдан-ақ түсінікті болар.
… Доп додасы қызып келеді.

Жетпісбай Бекболатұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X