Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Күміс жүлдемен күптелді

Индонезияның Сурабая қаласында ерлер арасында волейболдан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл дүбірлі жарыста Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды.
«А» тобында сынға түскен Қазақстан құрамасы турнирдің бірінші матчында партия бойынша 2:0 есебімен Катар командасынан айласын асырды. Екінші кездесуде Индонезия құрамасынан бес сетте 3:2 есебімен басым түсті. Алғашқы сетте Индонезия волейболшылары 25:23 есебімен жеңіске жетті, бірақ келесі екі сетте қазақстандықтар екі сетті өз еншілеріне жазды — 27:25, 25:21. Төртінші сетте Индонезия сеттік есепті теңестіре алды, алайда тай-брейкте, яғни шешуші партияда қазақ волейболшылары қарсыластарынан мықтырақ болды — 15:13. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы үшінші ойында Сауд Арабиясынан үш сетте басым түсті. Қазақстандық волейболшылар матч басталғаннан басымдықты өз қолдарында ұстады. Тек екінші сетте Сауд Арабия құрамасы қарымды қарсылық көрсете алды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 25:13, 25:22, 25:17 есебімен сенімді жеңіске қол жеткізді. Осылайша, Қазақстан құрамасы үш матчта 7 ұпай иеленіп өз тобынан шығып, ширек финалға жолдама алды. Финалға дейін сәтті өнер көрсеткен волейболшы жерлестеріміз ақтық сында Жапония құрамасымен күш сынасты. Күншығыс мемлекетінің сайыпқырандары бірінші партияны 25:13 есебімен оңай ұтты. Қалған партия тартысты өтті. Екінші партияда Жапония ойыншылары 25:20 есебімен басым түссе, үшіншісін қазақстандықтар 27:25 есебімен өз пайдасына жазды. Дегенмен жапондықтар одан әріге мүмкіндік бермей, төртінші партияны (25:23) жеңіспен аяқтады. Сөйтіп олар 3:1 есебімен Игорь Никольченко жаттықтыратын қазақстандықтарды ұтып, Азия чемпионы атанды.
Индонезия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірген Оңтүстік Корея волейболшылары қола жүлдеге ие болды. Осыған дейін Қазақстан құрамасы 1993 жылғы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Ал жаңа ғасырдағы үздік көрсеткіші 2009 жылғы біріншіліктегі бесінші орын еді. Осылайша, қазақстандықтар бұдан 24 жыл бұрынғы жетістігін қайталады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X