Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Бағдарламалар барысы қалай?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамыту шаралары қаралды.

Елімізде инфрақұрылымды дамытуға арналған басты бағдарламаның бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің айтуынша, биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 484,2 млрд. теңге қарастырылған. Қаражат көлік-логистикалық және индустриялық инфрақұрылымды дамыту, жылумен, сумен жабдықтау және су тарту, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту, халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаларды ортақ қаржыландыру секілді бағыттар бойынша жобаларды іске асыруға бөлінеді. Ал инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек автожол жобаларын іске асыру, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту жұмыстары, сондай-ақ, темір жол әрі әуе көліктерінде жүк және жолаушылар ағынын ұлғайту шаралары туралы баяндады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды кеңінен жүзеге асыру тасымалдардың жылдамдығын ұлғайтуға, көлік шығындарын төмендетуге, транзиттік әлеуетті іске асыру мен сервисті жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өнімділік пен іскерлік белсенділіктің артуына оң ықпал етеді.
Отырыста білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, қаржы вице-министрі Т.Савельева, «Бәйтерек» холдингі төрағасының орынбасары А.Арифханов, Жамбыл және Ақмола облыстарының әкімдері К.Көкірекбаев пен М.Мырзалин сөз сөйледі.
Талқылауларды қорыта келе, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп, бюджеттік қаражаттардың уақытылы орындалуы мен жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. «Бұл мәселе бойынша толыққанды жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша игеру көлемі 99,9 пайызды құрап отыр. Жылдық мәнде – 33,4 пайыз. Дегенмен, баяндамаларда айтылғандай, негізгі шаралар екінші жартыжылдыққа жоспарланған», деді ол. Осыған орай, Премьер-министр алдағы уақытта Үкіметті үлкен жұмыстар күтіп тұрғандығын баса айтты. «Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне игеру жұмыстарын және жобада көрсетілген нысандардың барлығын дер кезінде іске асыруды қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Келесі тоқсанда бұл мәселеге тағы да ораламыз», деді Б.Сағынтаев.
Жиында қаралған келесі мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту шаралары және аграрлық қайта өңдеу картасын іске қосу жайында Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов айтып берді. Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының облыстарда орналасуы картасының әзірленген жобасы аясында қайта өңдеу кәсіпорындарының қазіргі қуаттылықтарын барынша жүктеу, жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және салу бойынша міндеттерін орындау көзделген.

Аграрлық өңдеу ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс туғызып, оның қосымша құнын арттыра түсетінін айтқан вице-премьер, аграрлық қайта өңдеуді дамыту экономиканың үшінші жаңғыруы жобалық шеңбері аясында АӨК-тің жалпы өнімінің орташа өсімін 5,3 пайыз көлемінде қамтамасыз ететініне тоқталды. Бұл ретте ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу үдерісі өсімдік шаруашылығы өндірісін 1,4 пайызға, мал шаруашылығын 1,2 пайызға арттырмақ. Қазірде АШМ тарапынан ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың әлеуеті мен басымдықтарын анықтау үшін танымал ғалымдар мен қайта өңдеуші кәсіпорындар мамандары, «Атамекен» ҰКП және облыстық әкімдіктер өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылған. «Төрт айдың көлемінде кең ауқымды талдау жұмыстары жүргізіліп, ел аумағындағы барлық дерлік кәсіпорындардың анкеталары жасалып, ағымдағы мүмкіншіліктері зерттеліп, зерделенді. Осының негізінде олардың өндірістік ахуалы, қуаттылық деңгейі, енгізілу жылы, құрал-жабдық түрі, жүктелім мен шығарылатын өнім көлемі сынды тармақтары көрсетілген мәліметтер базасы әзірленді. Қазіргі мәліметтерге қарағанда, республика бойынша 1345 белсенді қайта өңдеу кәсіпорны бар», деді А.Мырзахметов.
Аграрлық қайта өңдеуді дамыту бойынша шаралар жүйесі тиісті тараптар тұрғысынан қолдау тауып, құпталған жағдайда Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітілген тәртіпке сәйкес АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізеді.
Отырыста аталған тақырып бойынша «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ю.Якупбаева, «ҚР тамақ кәсіпорындары одағы» ЗТБ вице-президенті А.Наурызғалиева, Қарағанды, Алматы облыстарының әкімдері Е.Қошанов, А.Баталов сөз сөйледі.
Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Б.Сағынтаев өзінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке «Атамекен» ҰКП, қоғамдық ұйымдардың және тамақ өнеркәсібі қауымдастықтарының ұсыныстарын ескере отырып, Аграрлық қайта өңдеу картасының жобасын пысықтауды тапсырды.
Отырыс барысында сондай-ақ, есірткі айналымын бақылау саласындағы заңнамаға түзетулер жобасы қаралды. Ішкі істер министрі Қ.Қасымов халықаралық тәжірибеге сәйкес, есірткілер айналымын бақылау бойынша БҰҰ халықаралық комитеттерінің ұсыныстары мен ҚР Конституциялық кеңесінің тұжырымы бойынша тыйым салынған заттардың ұлттық тізімін бекіту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Үкіметтің тиісті актті қабылдауы елдегі тыйым салынған есірткі құралдарының тізімін нарықта пайда болып жатқан психикалық белсенді заттардың жаңа түрлерімен шұғыл толықтыруға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, есірткілердің ұлттық тізімі 88 негізгі, әлеуетті қауіпті психикалық белсенді заттармен толықтырылады. Бұл ЕАЭО мемлекеттері мен есірткілер айналымын бақылау бойынша БҰҰ халықаралық комитетінің бақылауындағы синтетикалық есірткілердің барлық тізімін қамтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде, «Есірткі заттары туралы» заң арқылы тек бақылауға алынған есірткілердің айналымы ғана емес, сонымен қатар болашақта шығуы мүмкін жаңа түрлері де реттелетін болады.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есiрткi құралдары, психотроптық заттар, оларға ұқсас заттар және прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды және Парламент қарауына жіберіледі.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру