Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

Биыл төменге су босату төрт есеге артты

Елбасы алдағы бес жылда кемінде 600 мың гектар суармалы егістік жерді айналымға енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл ретте суға тапшы ел болғандықтан, ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану қатаң бақылауда болуы шарт. Осы бағытта Батыс Қазақстан өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын «Қазсушар» РМК аймақтық филиалының бас инженер-гидротехнигі Шынболат ЕРМАҒАМБЕТОВ айтып берді.

– Шынболат Бекұлы, өткен жылы индустрияландыру қорытындысына арналған кеңесте Мемлекет басшысының 600 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу туралы тапсырма бергені мәлім. Өңірде осы бағытта қандай шаруалар қолға алынуда?

– Еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-қимылдар жоспарына Батыс Қазақстан облысы бойынша 21000 гектар тұрақты суармалы жерді, 162631 гектар көлтабанды (лиман) суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру ұсынылды. Сонымен қатар іс-қимылдар жоспарына Жалпақтал ауылы маңындағы Жалпақтал бөгетінің құрылысын, Шаған су қоймасындағы қосымша апатты су тастағыштың құрылысы және Киров су қоймасын қайта қалпына келтіру енгізілді. Облыс бойынша осы шаруалардың барлығына 20 839,084 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. 2016 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыс аудандарының әкімдіктерімен бірлесе отырып, 225,4 млн. теңге шамасындағы қаржыға су шаруашылығы нысандарының төлқұжаттарын дайындау жоспарын жасақтады.
– Аудандарда су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қарқын алып отыр деу қиындау. Алайда Сырым ауданы бұл тұрғыдан алғанда өзгелерден көш ілгері ме?
– Иә, өңірде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары бұдан бұрынырақ басталды. Алайда бір ауданды өзгелерден бөліп жалаулатуымыз жарамас.
Бұл жағынан Қаратөбе ауданында да игілікті істер бар. 2014 жылы Қалдығайты жүйесін қайта жаңғыртудың жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, 2015 жылы 6670 гектар көлдете суарылатын Қалдығайты жүйесін жаңғыртуға 88 951 мың теңге бөлініп, игерілді. Сондай-ақ 2015 жылы Өлеңті жүйесін қайта жаңғыртудың құжаттамасы жасақталып, жобаға 2016 жылы облыстық бюджеттен 18,0 млн. теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 85,6 млн. теңге бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. 2016 жылы Сырым ауданының Тоғанас ауылында жергілікті бюджет есебінен 3,4 млн. теңгеге Шолақаңқаты су қоймасының имараттарын қайта жаңғырту жобасы жасақталып, биыл құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Одан басқа Теректі ауданында 2015 жылы Ұзынкөл су қоймасы қалпына келтірілді. Жәнібек ауданында 1,8 мың гектар жерді қамтитын Әбділман және Соркөл су жайылмалары учаскесін қалпына келтірудің құжаттары жасалып, биыл бұған 196,7 млн. теңге бөлінді. Жайық өзенінің сол жағалауында орналасқан елді мекендердің жерін суландыру мақсатында, Теректі ауданының Жайық – Шалқар каналын қайта жаңғырту жоспарлануда.
– Ақжайықтықтар, соның ішінде бұрынғы Тайпақ ауданы аумағындағы жергілікті жұрт Ащы – Азынабай – Тайпақ және Азынабай – Тайпақ көлтабанды суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстарының басталуын елеңдеп күтіп отыр. Анада облыс әкімінің осы аумаққа барған бір іссапарында да ауыл тұрғындары нақ осы мәселені алға тартты. Гидромелиорация саласында қырық жылға жуық еңбек өтілі бар, осы саланың майын ішкен, білікті инженер-гидротехник ретінде мәселенің түйінін қалай шешкен жөн деп санайсыз?
– Иә, облыс басшысының Ақжайық ауданына жұмыс сапары барысындағы тапсырмасын орындау мақсатында маусым айында Ащы – Азынабай – Тайпақ суару-суландыру каналына және Азнабай – Тайпақ суландыру жүйесіне (Аяқ су қоймасына) мүдделі тараптардың қатысуымен іссапар ұйымдастырылып, нысандардың техникалық жағдайы зерттелді. Алдымен, Ащы – Азынабай – Тайпақ каналын іске қосу үшін, каналды қайта қалпына келтірумен қатар, су көзін анықтау қажет. Бұл ретте кепілді су көзі – Жайық өзені. Өзеннен Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына су берудің төрт нұсқасы қарастырылуда. Оның біріншісі, Чапаев ауылы тұсындағы аспалы көпірмен су беру, екіншісі, Жайық – Шалқар каналымен Қарабас сайы арқылы Ақжайық су қоймасының деңгейін көтеріп, сорғы қондырғылары арқылы Ақжайық су қоймасынан Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына су беру, үшінші нұсқа – Жайық өзенінен қалқымалы сорғы қондырғысымен тұрбалар арқылы Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына тікелей су беру, соңғы төртінші нұсқа бойынша Ақжайық су қоймасының қазіргі таңдағы жинақталған суын жылжымалы сорғы қондырғыларымен Ащы – Азынабай – Тайпақ каналына шығару. Маман ретінде қарастырылған төрт нұсқаның екіншісін қолдаймын. Бірақ бұған қомақты қаражат керек.
Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстарына тоқталар болсақ, негізі суландыру жүйесінің құрамына кіретін топырақтан көтерілген бітеу бөгет, екі қақпалы су жіберу имараты және су таратушы каналдарын қайта қалпына келтіру керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай облысымызда тасқын суларды сақтау, жинақтауға арналған жалпы саны 22 су қоймасы мен тоған бойынша жұмыс жоспары Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарына ұсынылып, жоспар мақұлданды. Алдағы жылдары республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, жобалық құжаттары жасалса, Азынабай – Тайпақ каналын қалпына келтіру жұмыстары басталады. Азнабай – Тайпақ суландыру жүйесінде орналасқан Аяқ су қоймасының бөгетін қайта қалпына келтіру облыс бойынша тасқын суларды сақтау, жинақтау және тарату, шалғайдағы жайылымдарда мал суаратын суландыру құрылғыларын (құдықтар) қалпына келтіру және жайластыру бойынша ұсынылған іс-шаралар жоспарына енді. Аяқ су қоймасының бөгетін қайта қалпына келтіру жобасының құны 400,0 млн. теңгені құрайды. Бұған қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
– Шынболат Бекұлы, өңір басшылығы Киров – Шежін каналы арнасын (180 км) қалпына келтіруге басымдық беріп отырғаны мәлім. Облыстың төрт бірдей ауданының аумағындағы жайылымдық жерлерді кеңейтуге мүмкіндік беретін жоба жайын тарқата кетсеңіз?
– Алдымен Киров – Шежін каналын қайта қалпына келтіруге неге соншалықты маңыз беріліп отырғанын айтайын. Бұл каналды қайта жаңғырту арқылы облыстың Ресейден санитарлық-экологиялық мақсат-тарға ақылы берілетін Еділ суына тәуелділігін азайту, сонымен қатар, Ақжайық, Тасқала, Казталов және Жаңақала аудандарының елді мекендерін тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін Қараөзен өзеніне су беруді ұйымдастыру көзделген. Бұл жобаны жүзеге асыру жыл сайын Жайық өзенінен Қараөзен өзеніне 25-50 млн. текше метр көлемінде су айдауға мүмкіндік береді. Сонда жыл сайын 600-700 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік аламыз. Киров – Шежін каналын қайта жаңғырту төрт кезеңге бөлінген. Оның бірінші кезеңі 2011 жылы басталып, 2016 жылдың қараша айында аяқталды. Жобаның 2-кезеңінде каналдың арнасы кеңейтіліп, 74,94 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілді, 33 гидротехникалық имарат, үш тұрғын үй салынды. Ал жобаның үшінші кезеңінде каналдың 47,9 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын қосалқы мердігер «АзияТехСтрой» ЖШС атқаруда.
Каналын қайта жаңғыртудың төртінші кезеңінде, яғни жазғы-күзгі мезгілде Киров-Шежін каналын толықтыру үшін Көшім ауылы аумағындағы Жайық өзеніне қалқымалы сорғы стансасын салу қарастырылған. Жобалау-сметалық құжаттаманы жасақтау мен жобаны жүзеге асыруды Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына енгізу ұсынылды. Киров – Шежін магистралды каналы арқылы 140 га тұрақты суармалы, 6152 га көлдете суармалы, 130000 га жайылым жерлерін суландыру іске асады. Сөйтіп төрт ауданның аумағындағы суландыру жүйелерінің тамырларына қан жүгіреді.
– Ғалымдардың айтуынша, Ресейдің Орынбор облысында салынған Ирикла су қоймасының құрылысы аяқталғаннан кейін Жайықтың төменгі ағысындағы су азайған әрі Жайық суын есепсіз пайдаланудың салдарынан 2030 жылға қарай өңірде ауыз су тапшылығы басталуы мүмкін. Мұндай болжамға не дер едіңіз?
– Ирикла су қоймасының ұзындығы 70, ені 8 шақырым, сыйымдылығы 3 миллиард 257 миллион текше метр. Ол – Жайық өзені арнасындағы ең ірі су қоймасы. Су қоймасының салынғаны – бүгінгі күннің ақиқаты, ресейліктер бәзбіреу байбалам салды екен деп қоймадағы суды төменге, өңірімізге ағытып жібермейді. Тарих демекші, Ирикла су қоймасы атауының шығуы туралы көптеген аңыздар бар. Ерте заманда, сол маңда төбешіктің басынан көкжиекке дейін кілемдей төселген кең байтақ далаға көзі түскен бір атамыз «Еркін дала» деп тамсаныпты. Кең дала мен Жайықтың көгілдір толқынына сүйсінген қарияның айтқаны алқаптың атауына айналыпты деседі. «Еркін дала» немесе транскрипциясы «ирик дала» – «еркін дала, алқап» дегенді білдіреді екен. Қазіргі Ирикла су қоймасы орналасқан алқап тап сондай атаумен бүгінге жетті.
Соңғы жылдары Ирикла су қоймасының жұмысын реттеу, төменге су босату мәселелері Қазақстан – Ресей үкіметаралық деңгейдегі құрылған комиссияның жұмыс тобы отырысында бірлесе шешіледі. Биылғы жылдың 1-2 маусымында Ресейдің Орынбор қаласында өткен трансшекаралық Жайық өзені бассейні бойынша су объектілерін бірлесіп пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан – Ресей комиссиясы жұмыс тобының кезекті отырысында жақсы шешім қабылданды. Онда 2017 жылдың жаз айларына Ирикла су қоймасынан төменге су босату секундына 60,0 текше метрді құрайтын болды. Салыстырар болсақ, жаздың ең ыстық айларында төменге су жіберу секундына 15,0 текше метр құраған жылдар да болды, яғни биыл төменге су босату төрт есеге артты. Әлгіндей болжамға қатысты кесіп айту қиын. Бірақ дәл 2030 жылы өңірімізде су тапшылығы болады деп ойламаймын.
– Ақ Жайық өңіріндегі табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді. Облыстағы ең басты су көзі – Жайық өзені өз бастауын Ресей аумағындағы Орал тауларынан алады. Шаған мен Деркөлдің де бастауы – Орынбор жағында. Ресейден су алу мәселесі қалай шешілуде?
– Өңірге Еділ суы Саратов облысының Саратов каналы арқылы Қараөзен және Сарыөзен өзендеріне, Волгоград облысының Палласов жүйесі арқылы Жәнібек суару-суландыру жүйесіне беру арқылы келеді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен суды жеткізуші ресейлік мекемелердің су беру қызметтері төленеді. Шығынның басты бөлігін Саратов каналы арқылы Қараөзен және Сарыөзен өзендеріне су беру кезіндегі бес сорғы стансасы мен Палласов жүйесі арқылы Жәнібек ССЖ-не су беру кезіндегі үш сорғы стансасының каскадтарының жұмыстарына жұмсалған электр қуаты шығындары құрайды.
2017 жылы келісімшартқа сәйкес Ресейден өңірімізге 1204,7 млн. теңге қаражатқа 66,256 млн. текше метр көлемінде су алынады, соның ішінде Сарыөзенге 31,256 млн. текше метр, Қараөзенге 35,0 млн. текше метр су жіберіледі. Жәнібек суару суландыру жүйесіне 439,642 млн.теңгеге 23,468 млн. текше метр су алынады. Сондықтан тарихы тамырлас әрі тату көршіміз Ресей елінен су алуда әлдебір түйткілді мәселе жоғы айдай анық.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X