Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

ІЗГІ ІСІҢМЕН ТАНЫЛСАҢ ИГІ

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп тегін айтпаса керек. Мұны қазір қатарда жүрген өңір басшылары мен сол аймақтардағы, үлкенді-кішілі аудан және ауыл басшыларының, әкімдердің қай-қайсысына да қадап айтар лебіз болса керек. Ал, олардың сол үдеден шыға алып жүргендері тек атқарып жатқан игі істерімен өлшенері сөзсіз.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тағайындалғанына ұзақ уақыт өте қоймаса да осындай игі істерімен танылып, облыс жұртшылығының алғысына ие болып жүрген азаматтың бірі. Халық арасында «жеті хан жерленген, Алтын орданың саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған ежелгі шаһар» атанған – Сарайшық қаласының қазіргі күндерге дейін жеткен келбетін сақтап қалу, оны мүмкіндігінше қалпына келтіруге жұмсап жүрген әкім еңбегін жергілікті тұрғындар айрықша ардақтайды.
Бұған осы апта барысында елордамызда өтіп жатқан «Атырау облысының Астанадағы күндері» мәдени шаралары аясында тағы бір көз жеткіздік. Қазіргі таңда Жайық суы шайып бара жатқан қаланы сақтап қалу үшін өзеннің жағасы бекітіліп жатыр. Бұған дейін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл жобаға 1,5 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеген болатын.
Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2018 жылы аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, биыл Мәдениет және спорт министрлігі Сарайшықты қалпына келтіру үшін 100 миллион теңге бөлетінін хабарлады. Киелі шаһардың орнын туристік орталыққа айналдыру да жоспарланған.
Атап айтар болсақ, көне қаланың орны Атырау қаласынан 45 шақырым жерде Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Алтын орданың саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған қала Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы да атанғаны белгілі.

Ұлы Жібек жолының бойында тұрған Қазақ елінің мақтанышы Сарайшықта 7 хан жерленген. Олар – Мөңке, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай және Жүсіп хандар, дейді тарихшылар.
Жоғарыда аталған шара барысында «Астана» концерт залының кең аумағында ашылған облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесіне қойылған жәдігерлердің де аймақтағы мәдени мұраларға облыс басшылығы мен осы сала қызметкерлерінің қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын айғақтады. 700-ден аса, соның ішінде б.д.д. ІІ ғасырдан сыр шерткен құнды заттар да бар, жәдігерлер – екінші Алтын адам жерленген Арал-төбе қорғанындағы қазба жұмыстары барысында табылған қола семсер мен қайрақ тастар т.б. Атырау аймағының бай тарихымен келушілерді қайран қалдырғанын айтқан жөн.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселелеріне де мейлінше көңіл бөліп, әкімдіктің байыпты да кешенді бағдарламалары негізінде нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл туралы облысқа жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесу кезінде де кеңінен әңгіме болды.
Онда, мәселен, биылдан басталған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында аймақта биыл 250 адамға тегін кәсіптік білім берілетіні, 750 адамға бизнеспен айналысу негіздері үйретілетіні және де 500 адам қысқа мерзімді курстардан өтіп, бағдарлама аясында 5000 мыңнан астам жұмыс орны ашылатыны айтылды. Жиын кезінде облыс әкімі тұрғындарды тек мұнай-газ саласына қызығып отыра бермей, бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға да шақырды.
«Облыс тұрғындарының көбі мұнай мен газ саласында жұмыс істегісі келеді. Ал тексеріп қарасаң, кейбір салада жұмыс іздеп жүрген адам көп те, кейбір салада тіптен аз. Ал жұмыс істейтін білікті маман таба алмай жүрген компаниялар қаншама? Тұрғындар бұл жағдайды пайдаланып, тиісті білім алуға талпынсын. Бағдарлама аясында адам жетіспейтін мамандықтарды тегін оқытамыз. Бұл – үлкен мүмкіндік», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар биыл микрокредит беруге 840 миллион, кредитке кепілдік беруге 100 миллион теңгеге жуық ақша қарастылып отырғаны белгілі болды. Демек, өз күшіне сеніп, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендерге де жан-жақты жағдай жасау қарастырылғанын айта кеткен абзал.
Өңірге инвестиция тартып, облыс экономикасын одан әрі дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, облыстың Индер ауданында бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп кешені іске қосылмақшы.
Бұл кешен құрылысы биыл басталады деп белгіленген. ISSMAT компаниялар тобының директоры Мессади Саид қолға алған жобаға 300 миллиондай АҚШ доллары жұмсалып, оған баламалы жасыл энергия мен ауыл шаруашылығы бағытындағы тың кешендер салынбақ. Атап айтқанда, қуаты 80 МВт-тық күн электр станциясы, 4 МВт-қа тең биогаз өндеу блогы және көлемі 120 гектарға жететін жылыжай құрылысы, «жасыл алтын» саналатын лаванда өсіру және өңдеу кешені, жылына 2 мың тонна лосось балығын өсіретін ферма, Голштин тұқымды 2 мың бас сиырға арналған сүт-тауарлы фермасы, бизон өсіру кешені тұрғызылатын болады. Жаңа жобаны жүзеге асыру кезінде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оған жергілікті мамандар тартылмақ.
Сондай-ақ Атырауда уақытша құбыр арматурасын шығаратын жаңа өндіріс цехы да іске қосылды. Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыру және индустрияны дамыту негізінде іске асырылды. Құбыр жүйесіне қажетті ондаған бөлшек енді Атыраудың өзінде шығарылады.
Сөйтіп, бұл шетел инвестициясын тарту арқылы іске асырылмақ. Цех өнімі Қазақстанда бірегей болып табылады. Және бұл IPSS компаниясының Ұлыбритания аумағынан тыс орналасқан – алғашқы жобасы. Егер зауыт өніміне сұраныс көбейсе, өндірісті кеңейту ойда бар, дейді компания өкілдері. Айта кету керек, бұл жоба Қазақинвест ұлттық компаниясының тікелей қолдауымен жүзеге асырылады.
Компания шетел инвесторларын тартуда «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайды. Жалпы авлғанда, ағымдағы жылы Атырау мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 122,9 млн. АҚШ долларын құраған екен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. Ал бүгінгі таңда екі ел арасындағы экспорт көлемі 81,2 млн, импорт көлемі 41,7 млн ақш долларын құрапты.
Бұл өнеркәсіптік көрсеткіштер облыс басшысы Нұрлан Ноғаев бастаған өңір әкімдігінің әлеметтік және экономикалық дамудың ілкімді бағыттарын жемісті жүзеге асырып, алдағы кезеңде ізгі істерімен таныла беретінін аңғартса керек.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру