Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Аграрлық өнімдердің ішкі нарығы

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Кез келген мемлекеттің аграрлық өндірісінің мақсаты ел халқын отандық азық-түлік өнімдерімен барынша толық қамтамасыз ету болып табылады. Әлбетте, климаттық ерекшеліктерге байланысты аталған аумақта өсіп-өнбейтін өнім түрлері сырттан тасылатыны даусыз. Көп жағдайда мұндай импорт өзінің көлемі, түр-түрі жағынан да, үлесі жағынан да бөлекше бағаланатындықтан, басты назар ішкі нарықты қамтамасыз етуге, логистикалық шығындарды кемітіп, өзіндік құнды кемітуге аударылып келе жатыр.
Енді деректер мен дәйектерге сүйенейік. Соңғы екі жыл көлемінде ішкі нарықта азық-түлік өнімдерін өндіру құрылымындағы негізгі үлес астықты қайта өңдеу саласына (22,3 пайыз), сүт өндіруге (16,7 пайыз), нан және нан-тоқаш пісіруге (15 пайыз), етті қайта өңдеуге (13,6 пайыз), май-тоң май (7,9 пайыз), жеміс-көкөніс (7,6 пайыз) салаларына және өзге салаларға (16,9 пайыз) тиесілі болды. Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері бойынша экспорт көлемі 6,5 пайызға (1,0 млрд АҚШ долларынан 0,9 млрд АҚШ долларына дейін) азайды. Импорт көлемі де 21,6 пайызға кеміп, 2,3 млрд АҚШ долларын құрады. Анағұрлым жоғары технологиялы өндіріс бойынша импорттың жоғары үлесі сақталып отыр. Орташа есеппен бес жылда қайта өңделген мал шаруашылығы өнімі бойынша импорттың анағұрлым жоғары үлесі ірімшік пен сүзбеге (51 пайыз), шұжық өнімдеріне (46 пайыз), ет және ет-өсімдік консервілеріне (40 пайыз) және сары майға (36,4 пайыз) тиесілі болды. Өсімдік шаруашылығы өнімін қайта өңдеу өнімдеріндегі импорттың анағұрлым жоғары үлесі қант (42 пайыз) бойынша байқалады, ал құрақ қант шикізатын әкелу есебінен импорт 97 пайызға дейін жетуде. Бұл ретте қант зауыттарының өндірістік қуаттары 37,1 пайызға жүктеліп отырғанын атап өту керек. Мәселен, 2015 жылы жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін кәсіпорындардың жүктелуі 27 пайыз деңгейінде болғанда жеміс-көкөніс консервілерінің импорты 98,7 мың тоннаны немесе ішкі тұтынудың 84 пайызын құрады. Ішкі тұтынудағы май-тоң май өнімдері импортының үлесі 30-40 пайызға жетеді. Осы орйда май-тоң май кәсіпорындарының қуаты 45-50 пайызға жүктелген. Өндірістік қуатты жүктеуге арналған сапалы шикізаттың жетіспеушілігі жалпы қайта өңдеу саласы үшін өткір мәселе болып отыр. Жарма мен ұн өндірісі ғана ішкі тұтынуды толығымен қамтамасыз ететінін атап көрсеткен жөн.
Қайта өңделген немесе консервіленген картоп өндірісінің көлемі 0,4 мың тоннаны, ішкі тұтынудағы импорт үлесі 98 пайызды құрауда. Картопты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаты 23 пайызға ғана жүктелген. Жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балықтың ішкі нарығы 70 мың тонна деңгейінде бағаланады. Ішкі тұтынудағы импорттың үлесі 75 пайызды құрайды. Балықты қайта өңдейтін кәсіпорындардың қуаты жылына 64 мың тоннаны, жүктелуі 43 пайызға жетеді. Қайта өңдеу қуаттарын орналастыру ірі балық кәсіпшіліктерінің су айдындарына байланыстырылған. Балық өнімінің негізгі көлемі Атырау және Қызылорда облыстарына тиесілі. Осы ретте 2015 жылы жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың өндіріс көлемі 24,7 мың тоннаны, дайындалған немесе консервіленген балық өндірісінің көлемі 9,4 мың тоннаны құрағанын атап өту керек. Экспорт 52,6 млн АҚШ доллары сомасына бағаланып, 24,9 мың тоннаға жетті. Балық және балық өнімдерінің импорты 52,2 мың тонна болды.
Жүргізілген талдау тамақ өнімдерінің ішкі нарығында, оның ішінде отандық кәсіпорындарда дәстүрлі түрде шығарылатын сары май мен өсімдік майы, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері мен қант, жеміс-көкөніс және ет консервілері сияқты азық-түлік тауарларының түрлері бойынша айтарлықтай дәрежеде импорт барын көрсетеді. Бұл ретте елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесінің төмендігі және қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуатының жете жүктелмегендігі байқалады. Сонымен қатар сапасыз өнім өткізу фактілері ұшырасып қалады. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі ауыыл шаруашылық тауар өндірушілерден алынған өнімді дайындау мен ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуші кәсіпорындарды қызметінде өткізу нарығына жылжыту жүйесінің дамымағандығы болып табылады. Өткізу желісіндегі делдалдар рөлінің күшеюі өндірушілер мен шикізатты қайта өңдеушілердің өзара байланысын толықтай жойды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатып алу бағасының төмендігі өндіріс көлемін ұлғайтуды ынталандырмай отыр, мұның өзі ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесінің төмен болуына, қайта өңдеуші кәсіпорындар қуатының жете жүктелмеуіне және ақыр-соңында азық-түлік тауарлары импортының жоғары болуына себепкер.
Олқылықтардың орнын толтыру үшін аграрлық-өнеркәсіптік кешенді техникалық реттеу саласында Еуразиялық Одақ шеңберіндегі 12 техникалық регламент және стандарттар тізбесі қабылданды. Негізгі өнім түрлеріне арналған тағы да 4 техникалық регламентті әзірлеу жоспарлануда. Аталған регламенттер агрокешен өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленуде.
Ұсақ және орта отандық аграрийлер өнімі сапасы және орамы жағынан шетелдік өнімдермен салыстырғанда кемшін түсіп жатады, әрі олармен бәсекелесуге қабілетсіз. Көптеген шаруашылықтар қаржының және білікті кадрлардың жетіспеуіне, санитариялық талаптарды орындауға қажет шығынның жоғары болуына, салық заңнамасының жетілдірілмеуіне байланысты өздері өндірген ет пен сүтті, басқа да өнімдерді қайта өңдеуді ұйымдастыра алмай отыр. Олардың өзіндік сауда желісінің болмауы да салқынын тигізуде, мұндай желіні құру әр шаруагердің қолынан келе бермейді. Сондықтан да осы аталған түйіндерді шешудің бірден-бір жолы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің кооперациясы болып табылады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X