Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

Алаштың асыл азаматы еді

Жұмабек Омарұлы  КЕНЖАЛИН

Белгілі қаламгер, жазушы-журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Омарұлы Кенжалин осы жылдың 24 шілде күні 63 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Ж.Кенжалин 1954 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайынды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмысшы, орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды.
1973 жылдан 1975 жылға дейін әскер саласында азаматтық борышын өтеді.
1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
1999 жылдан 2006 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, 2006 жылдың тамыз бен желтоқсан айлары аралығында «Ана тілі» ұлттық апталығының, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. 2009 жылдың ақпан айынан осы кезге дейін «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы. Ол «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2012ж.), «Қалам қанаты» (2014ж.), «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» (2016ж.) деп аталатын кітаптардың авторы.
Ж.Кенжалин – саяси ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.
Журналистика саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Ол – ТМД Парламенттік Ассамблеясының «Баспасөзді және ақпаратты дамытқаны үшін» белгісінің иегері, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.
Жұмабек Омарұлы ұлтжанды тұлға, парасатты жан, жаны жайсаң азамат, өз кәсібінің білгірі, ұйымдастырушылық қабілеті мол басшы, белгілі қоғам қайраткері ретінде есімізде сақталады.

Қазақ тарихының тұғыры – Торғайда бастауын сонау ықылым замандардан алатын ұлы өркениет бар. Дәлел мен дәйекке ғана сүйенетін мына заманымызда оның ақиқаттығын ғарыштан түсірілген суреттердегі геоглифтер айғақтап отыр. Торғай өркениеті туғызған, өзгелерге ұқсамайтын, бітім-болмысы бөлек Торғай мәдениеті, оның тал бесігі – Торғай мектебі бар. Бұл жөнінде жазылып та, айтылып та жүр. 12 болыс дуанның әр ауылында тегі мен табына, байлық-шайлығына қарамай барлық бүлдіршіннің басын қосқан Торғай мектебі оларға тек жазу мен сызуды ғана үйретпеген. Жақсылығы мен жаманшылығы астасып жататын, адамгершілік пен аярлық көбіне-көп астасып кететін қатыгез дүниеге қадам басқан балауса жастың ең әуелі рухани бітім-болмысын баптауға көңіл бөлінген бұл мектепте.
Жандарын шүберекке түйіп, азаттық үшін атқа қонған Кенесары-Наурызбай сардарлары мен сарбаздарының дем берушісі осы мектеп болған. Күні бүгінге дейін әр қазақтың жүрегіне болашаққа деген сенім сәулесін ұялатып, бағыт-бағдар беріп отырған Алаш қозғалысының идеялары осы мектептен бастау алған.
Торғай мектебінен түлеп ұшқан Ахмет пен Міржақыптың халқымызды ұдайы өсу мен өркендеу жолынан таймауға шақырып, саяси және рухани тәуелсіздікті тынбай насихаттаған сара жолын ілгері жалғастырған ұлылардың тікелей ізбасары, Алаштың асыл азаматы Жұмабек Омарұлы Кенжалинді арамыздан кенеттен алып кеткен қатігез тағдыр шешіміне «жазмышқа озмыш жоқ» десек те, жанарымыз жасқа шыланып, өксігімізді баса алмай отырмыз. Аз ғұмырында ұланғайыр іс тындырып, дүйім жұрттың құрметі мен ықыласына бөленген Жұмабек Омарұлының адамгершілік болмысы мен атқарған шаруасы ел басшылығы мен әріптестері тарапынан лайықты бағаланып, еленіп-ескерілгенімен, пайым таразысына салып, зерттеп-зерделеу болашақтың шаруасы екендігіне ден қоямыз. Қайран Жүкеңнің алыс сапарға аттанғанын көз көргенімен, көңіл сенбесе де осындай шешімге баруға мәжбүрміз.
Нарық жағдайында қараусыз, елеп-ескерусіз қалған қазақ баспасөзіне тұғыр болып, басынан жыға қисайған сәтінде сүйемелдеген Жұмабек Омарұлы алмағайып кезеңдегі аласапыран идеялар тайталасын ой елегінен өткізіп, ғылыми тұрғыдан зерделеген еді. Ғалым Жұмабек университетке арнап оқулықтар жазды, монографияларын өмірге әкелді. Ал, редактор Кенжалиннің ақпарат саласына басшылық жасаған қызметі бір бөлек, оны екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның ең бір күрделі шағы – республикалық «Халық кеңесі» газетіне редакторлық етуі еді. Қазақ халқы кеңестік бұғаудан тәуелсіздік кеңістігіне бұлқынған екіұдай тұста Жүкең Алаш арыстары нұсқаған жолдан тайған жоқ. Елдің елдігі, ердің ерлігі безбенге түскен 90-шы жылдардың басында «Біз қай мұрадан бас тартамыз?» атты бағдарламалық-теориялық сипатты көлемді мақала жазып, өзінің де, басылымның да бағыт-бағдарын айдай әлемге паш еткен-тін. Сарабдал саясаткер-журналист Кенжалиннің арқасында «Халық кеңесі» газеті тәуелсіз қазақ баспасөзінің тарихына Алаш бағытына адал басылым ретінде енді.
Жүкеңнің бүкіл рухани, шығармашылық болмысын «Алаш азаматы» деген екі ауыз сөзге сыйғызуға болатын. Сонау сексенінші жылдардың соңын ала бір ұшырасып қалғанда, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Кеңес Юсупов ағай құндыз бөрікті, қияқ мұртты Жұмабекке қарап тұрып, (жиырмасыншы ғасыр басындағы) «оқыған азамат» дегені күні бүгінгідей есімде. Кеңес ағайдың айтуынша, қолдарына еуропалық сән-салтанатпен трост ұстағандықтан, оларды «қаратаяқ» деп атапты. Жұмабек «Социалистік Қазақстан» газетінде шыңдалу мектебінде өткенде, талай сайыпқыран журналистермен әріптес болған ғой. Кеңес ағайдың осы бір сыпаттамасы («сыпаттама» сөзін «Халық кеңесі» жиі қолданылатын) тарлан журналист Мамадияр Жақыпов жеткізген Тәжібай Битаев ағамыздың көреген пікірімен ұласып жатқанын қайтерсіз?! «Бұл жігіттің жүзі жарқын. Түр-келбеті Сәкен Сейфуллиннен аумайтынын байқаймысыңдар? Түбінде үлкен азамат болады, оны осы бастан сыйлаңдар» деген екен жарықтық.
Айтқандай-ақ, Торғайдың, оның рухани мектебінің, Ахаң мен Жахаңның лайықты ізбасары екендігін Жүкең өзінің адами болмысымен, қарым-қабілетімен, білім-білігімен дәлелдеп кетті. Осы үстіміздегі жылы ғана ұлтымыздың біртуар перзенттері Нәзипа Құлжанова, Марат Барманқұлов, Ғазиз қажы Әмірханов, Ерболат Төлегеновке арналып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен ғылыми басқосуларға мұрындық болды, олардың жұмысына қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Осы орайда Жұмабек Омарұлы қазақ баспасөзі басшылары ішінен тұңғыш рет шетелдік әріптестерімен, ғалымдармен байланыс орнатып, өзі де шет елдердегі конфренцияларда баяндамалар жасаған, шет елде мақала шығарған бірден-бір журналист еді. Ол Польшаның Слубице және Познань қалаларында, Германияның Берлин, Одердегі Франкфурт қалаларында болып, ғылыми жұртшылықпен жүздескен еді. Өз кезегінде сол елдердің журналист-ғалымдарын Алматыға шақырып, «Қазақ газеттерінің» қонақжай шаңырағында талай мәрте қонақ еткені бар. Польшалық саясаттанушы ғалым, Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің саясаттану және журналистика факультетінің бұрынғы деканы, қазір осы жоғары оқу орнының проректоры болып істейтін профессор Тадеуш Валласты қауымдастыққа қатысты «Мысль» журналының, ал Поляк-Қазақ Сауда-Өнеркәсіптік Палатасының президенті Петр Гузовскиді «Экономика» газтінің Алқа мүшелігіне бекітті. Олардың Қазақстанға келгенде «Қазақ газеттеріне» соқпай кетпейтінін Жүкеңнің жеке басына деген құрметіндей қабылдаймын.
Польшаға Жүкең «Дала мен Қала» газетінің сол кездегі бас редакторы Сапарбай Парманқұловты ертіп келген еді. Меймандарды Варшавада күтіп алған дипломат, Елшіліктің мәдени мәселелер жөніндегі кеңесшісі Асқар Абдрахманов бізді өз көлігімен алып жүріп, Еуропа елдерімен, олардың тарихымен, қазіргі жағдайымен таныстырғаны бар. Жүкеңнің Слубице қаласында Адольф Янушкевичтің шығармашылығына қатысты жасаған баяндамасын Асқар қазақ тілінен полякшаға тікелей аударып тұрды. Одердің үстімен қорғасын бұлттар ауыр сырғыған ақпанның сол бір бұлыңғыр күнінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары Кәкен Қамзин, Гүлмира Сұлтанбаева және оншақты магистрант мәре-сәре болып кездескен едік. Сол сәттерді енді, міне сағынышпен еске аламын.
Кейінгі жылдары Поляк-Қазақ Сауда-Өнеркәсіптік Палатасының президенті Петр Гузовски мырза Жүкеңді бірнеше мәрте Польшаға іссапармен келуге шақырып, жол шығындарын толық көтеріп алатындығын айтып сәлем жолдағанда, баспасөзге жазылу науқаны сынды мойын бұрғызбайтын қарбалас тірліктен босап шыға алмап еді-ау қайран бауырым.
Күрмеуге келмейтін қысқа жіптей келте кісі ғұмырын иман таразысына тартып, адамшылық безбенімен өлшейтін сын-сынақ пәниліктен бақилыққа ауысар сәтпен тұспа-тұс келетінін, қамшының сабындай аз ғана тірлікте ағайынға ақ пейіл білдіріп, ел-жұрт алдындағы борышын өтеп, жақсылыққа жақын, жамандықтан қашық жүру қай пенде үшін бұлжымайтын заң болуы тиіс екендігіне бойлай бермейміз ғой. Торғай елінде айтылатын «Ақирет жолы қиын жол, азығыңды сайлап ал» деген өлең жолдары ойға оралады осындайда. Жұмабек Омарұлы туған елі мен жері алдындағы, ағайын алдындағы перзенттік парызын орындап кетті. Ел мен жер тарихына арналған «Торғай елі» энциклопедиясын шығаруға бас-көз болды, бүкіл басшылық, ұйымдастырушылық жұмысын мойнына алды. Ең бастысы – Кенесарының бас батырларының бірі, өз атасы Төлек Жәуке туралы деректі шығармасын халқына ұсынып кетті. Соған шүкіршілік етеміз. 1916 жылғы көтеріліс қаһарманы Орманбек батыр, Алаш көсемдерінің бірі Ахмедсапа Юсупов туралы кітап жазу ойында бар еді, үлгіртпеген тағдырға не шара?
Жүкеңмен араласқан ширек ғасыр ішінде бауырымның қатты сөйлегенін, өзге туралы ғайбат айтқанын естімеппін, кісіге зәредей қиянат жасамағандығына, жұрттан қолынан келгенше жәрдемін аямағандығына өзімен бірге оқыған дос-жарандары, қызметтестері куә. Алаш азаматы, Торғай перзенті деген ардақты атқа сай болып өтті өмірден. Енді оның пейіште нұры шалқыған мәңгілік ғұмыры басталды.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ


Оқи отырыңыз

3

комментария

  • Мөлдір
    22.08.2017 at 2:34 пп

    Өте қарапайым, адамгершілігі мол ағамыз еді. Жақсылығын көп адамдар көріп қалды. Ешқашан ешкімнің бетін қайтармайтын. Қолынан келген көмегін аямайтын. Жатқан жері жайлы, жаны жәнатта болсын.

  • Оқырман
    22.08.2017 at 2:37 пп

    Басшы ретінде, адам ретінде тек қана жақсы қырларымен есімізде қалды, ағамыз.

  • Ақгүл
    22.08.2017 at 2:39 пп

    «Қазақ газеттерінің» ашылуына, кейін жабылмауына жүгіріп жүріп, тер төкті. Ұжымды бір отбасыдай ұстап, басқара білді. Иманы жолдас болсын.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X