Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

КӨРГЕН ДЕ, КӨРМЕГЕН ДЕ АРМАНДА

ЭКСПО жұмысы таңдай қақтыруда

Өткен дүйсенбі күні сағат 12.58-де ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінде бір жарым миллионыншы келуші тіркелді. Бұған дейін таяуда Астананың математика сабағының мұғалімі ЭКСПО-2017 көрмесінің миллионыншы келушісі атанған болатын. Жуырда ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне 285 300 адам келіп, орта есеппен алғанда күніне 40 757 қонақ болған.

Келушілер ең көп тамашалаған алғашқы ондыққа ілінген павильондар қатарына Африка Плазасы, Мысыр, Үндістан, Ресей, Түркия, Жапония, Сауд Арабиясы Корольдігі, Өзбекстан, Таиланд, Түрікменстан екендігі анықталды. Ал көрме кешенінің ең көп тамашаланатын нысандары қатарына Нұр-Әлем, Коммерциялық павильондар, Шелл балалар лабораториясы, Балалар саябағы, Тақырыптық С3.5, Дю Солей циркі, Тақырыптық С2.4 павильоны, Амфитеатр, Шығармашылық энергия аймағы, Үздік тәжірибелер аймағы енді.
ЭКСПО көрмесін өткізу аясында қалалық автовокзалда анықтамалық-ақпараттық ресепшн ашылды. «Сапаржай-Астана» ЖШС директорының орынбасары Жарқын Бекжановтың айтуынша, жаз басталғалы жолаушылар ақпаратты үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ала алады. Өзгеріс тек жолаушылар қызметінде ғана орын алған жоқ. Биыл автовокзал қайта жөндеуден өткізілуде. Күту залында еден жабындысы ауыстырылып, сыртқы келбеті жартылай өзгертілді. Жұмыс толығымен екінші жарты жылдықта аяқталады. Қазіргі таңда кәріз жүйесін жөндеу жұмыстары аяқталуда. Барлық құрылыс жұмыстары жолаушылар кешенінің жұмысына еш кедергі келтірмеді.
Елордадағы көрме аясында Папуа-Жаңа Гвинеяның ұлттық күні аталып өтті. Мерекелік шара аясында осы елдің әртістері экзотикалық өнерлерін паш етті. Ресми бөлімде Папуа-Жаңа Гвинеяның энергетика және мұнай департаментінің xатшысы Кепсей Пуйе өз xалқының сәлемін жеткізді. Папуа-Жаңа Гвинея территория жағынан Исландиядан кейінгі екінші арал әрі Тынық мұxиттағы ең үлкен мемлекет болып саналады. Ол жерде мыңдаған тайпалар тұрады. Барлығы 800-ден астам тілде сөйлейді. Аталған мемлекет әлем құрлығының 0,5 пайызын алып тұрса да, барлық флора мен фаунаның 5 пайызына ие болып отыр. Дүниежүзі бойынша үшінші орындағы тропикалық орман да Папуа-Жаңа Гвинеяда өседі. Ресми бөлімнен кейін папуастар өз жерінің өнерін ортаға салды. Папуа-Жаңа Гвинеяның xалқы кез келген мейрам кезінде жиналып, би билеп, бір-біріне сый-сияпат жасады.
Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Аргентинаның ұлттық күні тойланды. Мерекелік концертпен басталған шарада Марадона мен Мессидің жерлестері танго билеп, «маламбо» деп аталатын аргентиналық «лезгинканы» көрсетті. Аргентинаның ұлттық күніне осы елдің екі бірдей министрі келді. Біреуі – ғылым, технологиялар және инновациялар министрі Нино Баранао, екіншісі – бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пікір министрі Эрнан Ломбарди. Оларды ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қарсы алды. «Қазақстан аргентиналықтарды тамаша табиғаты, бай мәдениеті және қайталанбас ұлттық мінезі бар халық ретінде жақсы біледі. Ол жерден әлемге танымал талай ойшылдар шыққан. Буэнос-Айрес – әсерлі тангоның астанасы болып саналады. Ал Марадона мен Месси сияқты футболдың майталмандарын Қазақстанның жанкүйерлері де жақсы көреді. Бүгін біз осы елдің мәдениеті мен тарихымен жақын таныса аламыз», – деді Дәурен Әскербекұлы. Ал Аргентинаның екі министрі қазақтың қонақжай халық екенін ерекше атап өтіп, ЭКСПО-ның кәсіби тұрғыда үлкен дайындықпен өтіп жатқанын жеткізді. Ал, Ломбарди мырза Қазақстан мен Аргентинаның негізгі ұқсастығына тоқталды. Содан соң, осы елдің ұлттық павильонына дейін мерекелік шеру ұйымдастырылды.
Бұған дейін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен Аргентинаның бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пікір министрі Эрнан Ломбарди өзара ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеді. Аталған құжат аясында журналист мамандарды бірлесіп даярлау қарастырылған.
Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Жапонияның ұлттық күні аталып өтті. Шара аясында жапондық дәстүрлi музыка шеберi Хидэки Тоги, ұлттық үрмелi және iшектi аспаптар орындаушылары өз өнерлерiн ортаға салды. Осыдан кейiн «Оsaka Parad» шеруi өттi. Ал павильонда жапондықтар өздерiнiң ұлттық биiмен қатар қазақтың «Қара жорға» биiн де орындады. Айта кетейік, Жапония павильонында интерактивті шоу-бағдарлама толығымен қазақ тілінде әзірленген. Сосын келушілерге барынша түсінікті болу үшін экспозицияларды үш залға бөліп қойған. Бірінші залда келушілерді павильонмен таныстырады және арнайы мобильді қосымшаны жүктеуге кеңес береді. Ал екінші зал кинотеатр үлгісінде жасақталған. Ол жерде жапонның жігіті баламалы энергияның маңыздылығын қазақ тілінде түсіндіреді. Үшінші залда осы саладағы теxнологиялармен танысуға мүмкіндік бар.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Грекия Республикасының Ұлттық күні тойланды. Эллада мемлекетінің экономика және даму министрі Димитрис Пападимитриу көрермендерді Грекияның Ұлттық күнімен құттықтап, дағдарыстан кейінгі Грекияның қазіргі жай-күйі туралы баяндады. Эллада – мемлекет маңайында орналасқан аралдардың энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету бойынша батыл шаралар қабылдаған санаулы мемлекеттердің бірі. Оның жарқын мысалдарының бірі – Жерорта теңізіндегі тек жел мен күн энергиясын пайдаланатын алғашқы арал. Ашылу шарасының ресми бөлігі аяқталған соң, Грекиядан арнайы шақыртылған би тобы келушілерге Грекияның түрлі аймақтарында кеңінен таралған дәстүрлі грек билерінің 19 түрін билеп көрсетті. Олардың арасында танымал хасапико, сиртаки, зейбекико билері де болды.
ЭКСПО-2017 көрмесінде Соломон аралдарының Ұлттық күні тойлануда. Салтанатты ашылу шарасының ресми бөлігі екі елдің әнұранымен ашылды. Бұл шараға ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов пен Соломон аралдарының тау-кен, энергия және ауылдық жерлерді электрлендіру министрі Дэвид Дэй Пачи қатысты. Ашылу салтанатының ресми бөлігі аяқталған соң, танымал «Inamauri Panpipers» тобы және вокалист Эван Манунуа өнер көрсетті. Олардың экзотикалық образдары мен ырғақты әуендері келушілерді тәнті етпей қоймады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Нұрбол
    22.08.2017 at 2:27 пп

    «ЭКСПО»-ны көргендер тәнті болғандықтарын айтуда. Меніңше бүкіл әлем ЭКСПО-дан үлкен әсермен оралды. Астанадағы ЭКСПО ерекше болған сияқты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X