Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ФАКТОРЛАРЫ

Раушанбек Әбсаттаров,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
философия ғылымдарының докторы,
профессор

Қазіргі әлемнің зиялы қауымына ой салған, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде, әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторына баса көңіл бөледі. Әлеуметтік-саяси өзгерістер дегеннің өзі көп қыры мен сыры бар түсінік.

Үлкен эмпирикалық материалдар, қоғамтану жинақтаған, нақты әлеуметтік-саяси өзгерістердің себептері мен қайнар көздерін тек экономикалық факторларға таңуға болмайтындығын көрсетті. Олар әлдеқайда күрделі, көптүрлі, ал кейде қатаң детерминистік түсіндіруге де берілмейді.

Қазіргі әлемнің зиялы қауымына ой салған, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде, әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторына баса көңіл бөледі. Әлеуметтік-саяси өзгерістер дегеннің өзі көп қыры мен сыры бар түсінік.

Үлкен эмпирикалық материалдар, қоғамтану жинақтаған, нақты әлеуметтік-саяси өзгерістердің себептері мен қайнар көздерін тек экономикалық факторларға таңуға болмайтындығын көрсетті. Олар әлдеқайда күрделі, көптүрлі, ал кейде қатаң детерминистік түсіндіруге де берілмейді. Көптеген жағдайда тек әлеуметтік-саяси құрылымдардағы, олардың функцияларындағы өзгерістер ғана экономикалық, саяси және басқа да өзгерістерге қозғау салады.

Жалпы, физикалық орта, халық, жанжалдар, құндылықтар мен нормалар, инновация, идеология және т.б. әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторлары – қайнар көздері болатындығын айтуымыз керек.

Адамдар – саяси тұлға, белгілі бір мекенде өмір сүретін физикалық тіршілік иелері. Тірі қалу үшін олар қоршаған ортамен өзара әрекетке түсуі қажет. Басты бейімдеу механизмдерінің санатына халықтың қарамағында бар әлеуметтік, саяси ұйым мен технология жатады. Алайда, әлеуметтік, саяси ұйым, технология, қоршаған ортаның біріне адамдардың бейімделуіне көмектесетін, басқалардың адаптациясы үшін сәйкес келуіне міндетті емес. Аңшылар мен терімшілер, бау-бақшалық, аграрлық және индустриалдық қоғамдар адаптациялық типтері бойынша ерекшеленеді. Егер де қоршаған орта қандай да бір себепке байланысты өзгермесе, қоршаған ортаға белгілі бір адаптация типін жасаған оның тұрғындары бұл өзгерістерге сәйкесінше институционалдық өзгерістерімен, әлеуметтік, саяси ұйымдардың жаңа формаларын және техникалық өнер табыстарын жасаумен жауап беруі тиіс. Қуаңшылық, су тасқыны, эпидемиялар, жер сілкінісі және басқа да стихиялық күштер адамдарды өздерінің өмірлік стильдеріне өзгерістер енгізуге мәжбүрлейді. Сонымен бірге, адамдар тіршілігі өзінің физикалық ортасына да айтарлықтай ықпал етеді. Қауіпті қалдықтарды көму, қышқыл жаңбырлар, су мен ауаның ластануы, су ресурстарының таусылуы, топырақтың жоғары құнарлы қабатының эрозиясы және шөл даланың «шабуылы» – бұның бәрі адамдардың экожүйеге, ұлттардың өміріне тигізген зиянының нәтижесі. Демек адамның тыныс-тіршілігі өзінің қоршаған ортасымен, күрделі өзара өзгерістердің тізбегімен байланысқан.

Сондай-ақ халық санындағы, құрылымындағы және бөлінуіндегі өзгерістер қоғамның мәдениетіне және әлеуметтік-саяси құрылымына ықпал етеді. Мысалы «бебибум» ұрпағы батыс қоғамының музыкалық талғамына және саяси ахуалына айтарлықтай әсер еткен. Қоғамның «қарттануы да» жұмыс орындары іспетті маңызды мәселелерге айналып отыр, өйткені қызмет сатысында көтерілуге барлық күшімен қол жеткізетін орта жастағы қызметкерлердің саны артты. Қызметте көтерілу үшін өз мүмкіндіктерін күткен адамдардың саны барған сайын артуда, бірақ бос орындарға отырғысы келетін адамдарға қарағанда, бос орындар аз кездеседі.

Жанжалдар әлеуметтік-саяси өзгерістердің бір факторы болып саналады. Жанжал – бұл адамдардың ресурстар немесе құндылықтар үшін күрестегі өзара әрекеттің формасы. Индивидтердің және топтардың мүдделері бір-біріне қарама-қайшы. Олардың мақсаттары сәйкеспейді. Сондықтан жанжалдың әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторы болуы таңқаларлық нәрсе емес. Өз мақсаттарына жету үшін топ мүшелері осындай күрес барысында өз ресурстары мен мүмкіндіктерін жұмылдыруы тиіс. Мысалы, соғыс кезінде адамдар әдеттегі өмір салтынан еріксіз бас тартады, соғыс жағдайындағы ыңғайсыздықтарға төзуіне тура келеді. Әрине, жанжал да келіссөздерді жиі ойластырады, ымыраға немесе бейімделу дағдысына жетуді болжамдайды, осының бәрі жаңа институционалдық құрылымдардың пайда болуына әкеледі. Алайда тарих мұндай өзара әрекеттің нәтижесінде күреске қатысушы жақтардың мақсаттарына толық жетуінің сирек болатынын көрсетті. Көбінесе түпкі нәтиже жаңа сапалы тұтас құрылымдарды құруды білдіреді. Ескі әлеуметтік-cаяси тәртіп әбден титықтап, жаңаға орын береді.

Әлеуметтік-саяси өзгерістерде құндылықтар мен нормалар маңызды рөл атқарады. Құндылықтар мен нормалар әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторы ретінде қоғамда қабылданған, қандайда бір жаңаға рұқсат беретін немесе тиым салатын өзіндік бір «цензор» іспетті әрекет етеді. Сондай-ақ олар «стимулятор» ретінде де қызмет істейді. Техникалық жаңаны қабылдай отырып, экономикалық теориядағы, діндегі немесе отбасы моделдеріндегі өзгерістерге біздің қарсылық көрсетуімізді салыстыру қызықты. Осы мәдени қарама-қайшылық «өнертапқыш» сөзін қолдануымыздан көрініс табады. Біз үшін өнертапқыш – бұл жаңа материалдық затты жасаушы адам, ал материалдық емес идея авторы саналатын адамды біз «революционер» немесе «радикал» деп жиі атаймыз, яғни  шын мәнінде келеңсіз өзгешелігі бар сөздермен белгілейміз.

Инновациялық өзгерістер де әлеуметтік-саяси өзгерістердің маңызды факторы болып табылады. Инновациялық өзгерістер – бұл адамдар қызметінің жаңа тәсілдері мен нәтижелерінің пайда болуы, бұлар қоғамдық дамудың өткен сатыларында болмаған. Осы өзгерістердің мәнін индивидтердің және олардың топтарының инновациялық қызметі құрайды, ал олардың мазмұнын – қоғам дамуының ықпалымен өзгеретін жаңадан пайда болатын (мысалы, радиоэлектронды құралдардағы ақпаратқа қажеттілік) әлеуметтік-саяси  қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін алуан түрлі жаңаны жасаудың, таратудың және практикада қолданудың кешенді үдерісі.

«Инновация» термині әлеуметтануға ХІХ ғ. аяғында антропология және этнография арқылы енді, оларда бұл термин «дәстүр» терминінің антонимы ретінде субмәдениеттегі өзгеріс үдерістерін зерттеуде, одан кейін экономика, саясат, ғылым, техника салаларындағы өзгерістерді зерттеуде кеңінен қолданыла басталды. Көрнекті неміс әлеуметтанушысы М.Вебер діни институттардың маңызды инновациялық рөлін, атап айтқанда, капитализм рухын қалыптастыруда, капиталистік экономикалық жүйенің пайда болуында протестанттық этиканың рөлін ашып көрсетті. Т.Парсонс қазіргі қоғамда философияның, теологияның, құқық пен әлеуметтанудың, саясаттанудың инновациялық маңыздылығын көрсетіп берді.

Әдетте әлеуметтануда, саясаттануда инновациялық өзгерістер құрылымындағы өзара байланысқан төрт компонент ерекшелінеді. Бірінші компонент-жаңалық. Жаңаның өзі экономика, саясат, әлеуметтік, ғылым, техника және т.б. салаларында көрінеді. Қандай да салада көрінсе де ол бірінші компонент болып қалады. Инновациялық жаңалықтардың қатарына жаңа ғылыми идеялар, жаңа техникалық өнертапқыштық, жаңа саяси құрылымдар және жаңа әлеуметтік рөлдер жатады. Инновациялық жаңалықтың екінші элементін жаңаны жасайтын немесе қоғамдық өмірдің қайсыбір саласында оны жүзеге асыратын жаңашылдар, әдетте олар өздерінің дамыған қабілеттерімен, мақсатқа талпынушылығымен, жоғарғы ерік-жігер сапаларымен, өзінің бүкіл интеллектулдық және физикалық ресурстарын қайсыбір міндетті шешуге, алға қойған мақсатқа жетуге шоғырландыру дағдысымен ерекшеленеді. М.Вебер жаңашылдың жеке басы харизмасының саяси және діни қызметтегі үлкен маңыздылығын ашты. Инновациялық өзгерістердің үшінші компоненті – диффузия агенттері немесе жаңалықты таратушылар. Бұлар, әдетте, жаңа идеяларды, жобаларды, техникалық құралдарды және т.с.с. жасайтын жаңашылдардың шәкірттері мен серіктері. Мысалы, марксистер – К.Маркстың шәкірттері марксистік дүниетанымды таратуда міне дәл осындай рөлді атқарды.

Шыққан жаңаны бағалаушылар, қабылдаушылар инновациялық өзгерістің төртінші компоненті болып есептеледі. Жаңалықты әлеуметтік – саяси бағалау әрдайым инновациялық өзгерістермен қатар жүреді, бірақ оны әлеуметтанулық немесе саяси талдау кезінде эксперименттік фазасының және одан кейін шешім қабылдау фазасының болатынын атап көрсетуіміз керек. Шағын топ адамдардың жаңалықты алғашқы қабылдауы эксперименталды фазаны білдіреді, ал оларды одан кейін кең қолдану – ұсынылған жаңалықты қолдану керек пе? Егер де қолдану керек болса, қандай салаларда және қандай ауқымдарда пайдалану қажет деген шешім қабылдау фазасына әкеледі.  Мысалы, қырғиқабақ соғыс кезінде және өткір халықаралық шиелініс болған кезде, Кеңес Одағы мен АҚШ арасында ғылыми-техникалық жаңалықтар ең алдымен әскери-өнеркәсіп кешенінде (компьютерлік, лазерлік, зымыран техникасы және т.б.) бағаланды және қолданылды, содан кейін қоғамның азаматтық саласына тарады.

Жаңалықты қолдануға қатысты шешім қабылдауда  үш жағдай болуы мүмкін. Олар мыналар:

– уақытша қабылданған жаңалықтың бейнеленуі (мысалы, 1994 ж. Белорустағы биліктің парламенттік типінің президенттік типке ауыстырылуы);

– бұрынғы құрылымдар мен қатынастарды ығыстыруға орай жаңа типті құрылымдар мен қатынастарды толықтай қабылдау (мысалы, Белоруста «президенттік вертикал» деп аталғанның құрылуы және оның барлық жерге тарауы, олардың арасында қатынастың тарауы);

– бұрын болған мінез-құлық пен қазіргі мінез-құлықтың жаңа құндылықтары, нормалары, нәсілдер арасындағы қарама-қайшылықтың тұрақсыздығы. Мысалы, Белоруста, Ресейде, ТМД басқа да елдерінде мемлекет бәріне көмектесуі керек деген кеңестік өткенді және патерналистік иллюзияны аңсайтын халықтың үлкен топтарының сақталуын айтуға болады. Соңғысы өзге әлеуметтік топтарда нарықтық стратегия мінез-құлқы кеңінен тарағанына қарамастан (кәсіпкерлерді, фермерлерді, «челноктар» деп аталатындарды ерекшелейтін) үлкен жастағы адамдар мен зейнеткерлер үшін тән. Мұндай жағдай, әдетте, қоғам дамуының өтпелі кезеңі үшін қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістер әртүрлі бағыттылығымен сипатталатын, соның салдарынан дәстүрлі де, оны алмастыруға келе жатқан да (сондай-ақ оларды қолдаушылар) айтарлықтай басымдыққа жете алмайды.

Осылайша, инновация ойлап табу сияқты бір мезеттік акт емес, керісінше ол ұрпақтан ұрпаққа берілетін білімнің, бірқатар жаңа элементтердің кумулятивтік бір ізділігі. Демек инновация негізделетін мәдени элементтердің саны көп болған сайын, жаңа ашулар мен ойлап табулардың жиілігі де соғұрлым жоғары болады екен. Мысалы, шыныны ойлап табу линзаны жасауға, көйлектерге әшекейлер, бокалдар, терезе әйнектерін, зертхана және рентген трубкаларын, электр шамын, радио және теледидар лампыларын, айнаны және т.б. көптеген заттарды жасауға түрткі болды. Линзалар өз кезегінде көзілдіріктердің, үлкейтіп көрсететін әйнектердің, телескоптардың, фотокамералардың, фонариктердің және т.с.с. пайда болуына ықпал етті. Мұндай типтің дамуы негізіне экспоненциалдық қағидат алынған, мәдени базаның кеңеюіне орай жаңа ойлап табулардың геометриялық прогрессиямен өсу үрдісінің мүмкіндігі үлкен.

Жоғарыда айтылғандармен қатар, шартты түрде идеялық-саяси деп аталатын факторлардың топтары бар. Мысалы, идеялар прогрессі және идеялардың ауысуы таза интеллектуалдық үдеріс емес. Әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторы ретінде қарастырылатын ол жаңа әлеуметтік-саяси қозғалыстардың пайда болуымен қосақтаса жүреді. Әлеуметтік-саяси қозғалыстар жеке басында сирек кездесетін сапалардың арқасында бұқара халықты әлеуметтік-саяси қарсылық көрсету акциясына жұмылдыруға қабілетті, қоғамда орнаған тәртіпті шайқалтуға және революциялық өзгерістерге әкеп соқтыруға қабілетті харизматикалық көшбасшыларды тудырады.

Қоғамдарда жүріп жатқан саяси үдерістер, сондай-ақ өз бетінше әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторы бола алады. Саяси революциялардың соңғы теорияларына сәйкес мемлекеттік аппараттың болуы және мемлекетаралық қатынастардың табиғаты революцияны қалыптастыруға қабілетті факторлар болып табылады. Қоғам заңды, тәртіпті және азаматтық тұтастығын қолдау сияқты өзінің негізгі функцияларын орындауға қабілетсіз болғанда ғана революционерлердің әрекетінің табысқа жетуге мүмкіндігі бар.

Суреттелген әрбір факторлар басқаларының ықпалына түседі және өзі де оларға әсер етеді. Түсіндіруші теориялар кездестіретін қиыншылықтар олардың өз кемшіліктерімен – детерминизмге және редукционизмге байланысты: олар факторлардың өзара әрекеттерінің алуан түрлігін бір ғана анықтаушы факторға тиісті деді. Сонымен қатар, әлеуметтік-саяси үдерістер бір-бірімен соншалықты өзара байланысқан, оларды жеке бөліп қарастыру қателік болып саналады. Мысалы, экономикалық және саяси үдерістердің арасында, экономикалық және технологиялық үдерістердің арасында анық шекара жоқ. Технологиялық өзгерістер өз бетінше мәдени өзгерістердің ерекше типі ретінде қарастырылуы мүмкін. Әртүрлі әлеуметтік-саяси үдерістер арасындағы себеп-салдар байланысы өзгеріске түсіп тұрады және оларды түбегейлі схемаға түсіру мүмкін емес. Сондықтан әлеуметтік-саяси өзгерістердің қандай да болмасын себеп-салдарларын түсіндіру мүмкіндігі шектеулі. Теориялық түсіндірудің ортақ тәсілі осындай өзгерістердің әрекет етуші механизмдерінің моделін құруда жатыр.

Соңғы екі-үш жүзжылдықта идеология әлемінің әртүрлі елдеріндегі әлеуметтік-саяси өзгерістердің мәнді факторына айналған. Идеологиялық доктриналар, идеалдар, бағдарламалар қоғамның барлық салаларындағы тіршілік әрекетті түбегейлі қайта құруды жүзеге асыратын көптеген саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар басшылыққа алатын әрекет етудің бағдарламасы, серпілісі болып табылады. Әлем тарихында XVІІІ ғ. Ұлы француз революциясы, ХVІІІғ. Құрама Штаттардың тәуелсіздік пен өзін-өзі билеуі үшін күресі, ХІХ ғ. 70 жж. Париж коммунасы, 1917 ж. Ресейдегі қазан революциясы, ХХ ғ. 40 жылдардың соңындағы Қытай революциясы және т.б. аса маңызды құбылыстар болып қалды. Олардың бәрі белгілі бір идеологиялық қағидаттарды және құндылықтарды (Либералды-буржуазиялық, маркстік-лениндік, маоистік) жүзеге асыру үшін болған күрестер деп есептеу қабылданған.

Алайда тек дүниежүзілік тарихи маңызды әлеуметтік революциялар ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық және саяси себептер ықпал еткен барлық әлеуметтік-саяси өзгерістердің идеологиялық сипаты бар. Өзгерістер неғұрлым ірі, іргелі, терең жасалса, онда идеологияның рөлінің соғұрлым айқындығын есте ұстау қажет. Бұл кездейсоқ емес. Идеология белгілі бір идеялар мен түсініктердің жиынтығы, ол таптардың, бүкіл қоғамның мүдделерін білдіреді, сол мүдделерді әлеуметтік-саяси шынайылық тұрғысынан түсіндіреді және әрекет ету үшін (мінез-құлық) директиваларды (бағдарламалар) құрайды. Өзінің мәні, анықтамасы бойынша идеология әлеуметтік-саяси өзгерістерге қатысты бейтарап, «немқұрайлы» бола алмайды. Идеологияның көмегімен әлеуметтік топтар және таптар осындай өзгерістерді талап етеді, немесе оған қарсылық көрсетеді. Алайда идеологияның әлеуметтік-саяси өзгерістердегі бұл рөлі айқын көріне бермейді. Ол қоғамда аса ірі, терең және іргелі өзгерістерді жүзеге асырғанда байқалады, ал салыстырмалы түрде ұсақ, таяз өзгерістер жүзеге асқанда оның байқалуы шамалы.

Әлеуметтік-саяси және экономикалық қайта құрулардың идеологиялық сипатын мойындауда ешқандай жамандық жоқ. Өйткені әлеуметті-саяси өзгерістердің бұл типтері субъектілердің мұндай өзгерістердің фактісін мойындауына, мойындамауына қарамастан әркезде қандайда бір идеологиялық сипатта болады. Негізгі практикалық және теориялық мәселе тіптен басқа тұрғыдан қойылып отыр. Саяси күрес үдерісінде және кез келген әрдайым әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар кезеңі қатар жүретін саяси ойында партикулярлы идеология деп аталатын, яғни халықтың көпшілігінің мүддесін емес, шағын топтың мүддесін білдіретін идеология басымдық алады. Шағын топтың мүддесі өзімшілдік немесе пайдакүнемдік болуы мүмкін. Осыдан келіп сол топтармен және қоғамның қалған  халқының арасында жанжал туындайды, ал идеология, әлеуметтік және саяси салаларда көрінеді. Жанжалдың өткірлігі сондай, оны күштеу тәсілдерімен шешуге еліктіру пайда болады. Міне, сондықтан әлеуметтік-саяси өзгерістер мен қайта құрулардың талқыланған, зерттелген бағдарламасы халықтың үлкен жіктері мен топтарының түпкі мүдделеріне негізделуі тиіс, жалпы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді басшылыққа алуы керек, партикулярлық, тар партиялық идеологияның арбап-алдауына берілмеуі қажет. Идеялы халықтың айтарлықтай көпшілігін шоғырландыратын, рухтандыратын перспективалық жалпы ұлттық бағдарламаны және шынайылықты қатаң ғылыми, объективтік талдауға негіздеген, оның әлеуметтік-психологиялық, саяси, мәдени, рухани ерекшеліктерін ескерген нақты жете зерттеулермен біріктірудің тәсілдері мен формаларын табу маңызды.

Тарихи тәжірибе әлеуметтік-саяси өзгерістер факторларының пісіп-жетілген әлеуеттік-саяси мәселелерді, экономикалық, саяси және рухани үдерістердің интенсификациясын, халықтың айтарлықтай бөлігінің  әлеуетін арттыруды тиімді шешуге, қоғамдағы қайта құруларды жеделдетуге ықпалын тигізетінін көрсетті. Сонымен қатар, ол өзгерістер, факторлар ұлттық қауіпсіздікті сақтау.

Осылайша, жоғарыда айтылғандардан дамудың алғышарттары болып табылатын әлеуметтік-саяси өзгерістердің факторлары қоғамның барлық құрылымына, ұлттардың өміріне бойлай енеді деген қорытынды жасауға болады. Бір-бірімен өзара әрекеттесе отырып, олар бірін-бірі детерминдендіреді, бір өзгерістер басқаларын туындатады, олардың жинақталуы бастапқыда көзге түспейтінмен, бірақ кейін келе келе мәнді қайта құруларға әкеледі. Сондықтан олар әлеуметтік-саяси даму үдерісін жүзеге асыратын негіз болып саналады, соңғыны ұсақ, тіптен көзге түспейтін өзгерістерді абстракциялаусыз түсіну және түсіндіру мүмкін емес. Мұндай ұсақ өзгерістер, судың шымырлануы сияқты, тереңдегі ағыстарды білдіреді, маңызды қоғамдық, ұлттық өзгерістер туралы сигнал береді. Маман осы сигналдарды сезіп, байқауы тиіс және дамудағы оқиғаның барысын алдын-ала көре білуі керек.

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X