Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Черногория – сайыпқыран спортшылар мекені

Жасағанның нұры тиген Балқан түбегіндегі тарихы көне, тәуелсіз жас мемлекеттің бірі Черногория шаруашылықтың барлық түрін өркендетуге қолайлы, спортқа ден қойып, денсаулығын күткен жамағат үшін де жарамды Оңтүстік-Шығыс Еуропаның осынау бір жаннат пұшпағында орын тепкен етек-жеңі ықшам ел болып табылады. Қазақта «барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау» деген көне мәтел бар. Осы орайда, менің туған жерім Торғайда тағы бір Балқан таудың бар екендігін оқырманға айта кеткім келіп отыр. Тақтайдай жазық Сарыарқада көзге алыстан шалынар шоқы болса, оны тау деп айтар дәстүр бар. Сол айтқандай, Торғайда Бестау, Қызбелтау сынды жер аттары кездеседі. Климаты өмір сүруге қолайлы Черногорияның теңіз жағалаулары әлемнің әр қиырынан күннің нұры мен шипалы суды аңсап келген туристер үшін жұмақтың нағыз өзі болып табылады. Жанға жайлы, табанға жұмсақ жағажай 73 шақырымға созылып жатыр, теңіз суының жеті ай бойы 12 – 26°C жылылық шамасында ауытқып отырады, су мөлдірлігі кей жерлерде 35 метрге жетеді.
Черногория аты айтып тұрғандай, славяндар мекендеген өлке ғой. Черногор тілінде ол Црна Гора, Crna Gora деп аталады екен. Кезінде Осман мемлекетінің құрамында болған Черногорияның түрік тіліндегі атауы Karadağ. Қазақша Қаратау елі болады. Үстіміздегі жылы НАТО-ға мүше болған Черногорияда спорт сонау көне замандарда-ақ биік мәртебеге ие. Оңтүстік-Шығысын Адриатика теңізі шайып жатқан, батысында Хорватиямен, солтүстік-батысында Босниямен және Герцоговинамен, солтүстік-шығысында Сербиямен, шығысында жартылай мойындалған Косово Республикасымен, оңтүстік-шығысында Албаниямен шектесетін, тәуелсіздікке 2006 жылы қол жеткізген бұл елде жастар қолы бос сәттерінде білек күшін сынасып, дүйім жұрт шаршы алаңда атан жілікті балуандар күресін тамашалаған. Күні бүгінге дейін жеткен этнографиялық материалдары құлаштап тас ату, қылыштасу мен белдесудің кең тарап, өте танымал болғандығына куә. Он тоғызыншы ғасырдың соңында черногориялықтар теннис, футбол, гольф ойнаған, сондай-ақ коньки, шаңғы тебумен, семсерлесумен, велосипедке отырып серуендеумен айналысқан, ат спортымен шұғылданған. Жиырмасыншы ғасырдың басында бұл спорт түрлері бойынша алғашқы клубтар құрылған, ал 1908 жылы Черногория ағылшын королі VIII-Эдуардтан Лондондағы Олимпиада ойындарына қатысуға ресми шақыру алған, алайда Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше болмауына байланысты бұл ел сол жылғы Олимпиадада өнер көрсете алмаған.
Астанасы әрі ірі қаласы Подгрица, ал тарихи және мәдени орталығы Цетине шаһарлары болып табылатын бүгінгі Черногорияда спорт ұлттық деңдейде көңіл бөлінетін қоғамдық шара ғана емес, сондай-ақ аса маңызды әлеуметтік қызмет түрі болып табылады. 1993 жылы құрылған Спорт министрлігінде 650 спорт клубы тіркелген, оларда 35 мыңнан астам спортшы жаттығады. Черногориялық спортшылар қоржынында Олимпиада ойындарында, Еуропа және Әлем чемпионттарында сайыпқырандар баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, су полосы, каратэ бойынша жеңіп алған бәйгелер мен мадақтар жеткілікті.
Елде су спортымен шұғылдануға арналған ғимараттар жеткілікті, дегенмен табиғи жадайда жаттығудың жөні бөлек екендігі түсінікті. Мемлекет аумағында өзен-көл жеткілікті. Черногория-Қаратудың Тара, Лим, Чеотина, Морача, Зета және Бояна сияқты әсем өзендер бар. Бұл өзендердің 52,2 пайызы Қара теңіз бассейніне, 47,8 пайызы Адриатика теңізінің бассейніне жатады. Морача, Зета және Пива өзендері ұзына бойы Черногория аумағымен ағады. Черноргогория өзендерінің көпшілігі таудан төмен құлдилайды, сондықтан терең шатқал, жыралы болып келеді. Мәселен, Тара өзені каноьонының тереңдігі 1200 метр шамасында, ол Еуропадағы ең терең шатқал болып табылады. Черногория мен бүкіл Балқан түбегінің ең үлкен көлі Скадар, оның аумағы 369,7 шаршы шақырым. Міне, осынау байлықты черногорлықтар бұқаралық спортты дамыту үшін кеңінен пайдаланып отыр.
Черногория және югослав клубтарының еуропалық жарыстарда қол жеткізген табыстары қомақты. Олардың ішінде Подгорица қаласының «Будучность» баскетбол клубын, Цетниненің «Ловчен» ерлер гандбол клубын, «Будучность-Подгоричка банка» және «Будванская ривьера» волейбол клубтарын, Никшич қаласының «Академик» дзю-до клубын, Погорица қаласының «Будучность» каратэ-клубын ауыз толтырып атауға болады. Черногорияда садақ тарту және каратэ бойынша Еуропа чемпионаттары дүрілдеп өтті. Бүгінгі таңда бұл елде халықаралық мәртебеге қол жеткізген бірақатар спорт жарыстары табыспен өткізіліп тұрады. Олардың ішінен «Никола король жолы» веложарыстарын, «Probeach soccer toor» және «Montenegro cup» жағажай футболы бойынша халықаралық турнирлерді, әйелдердің «Port cup» волейбол жарыстарын, «Ловчен» автожарыстарын, «Жерорта теңізі трофейі», «Подгорички марафон» су добы бойынша халықаралық турнирлерді бөліп атауға болады. Подгорицадағы, Берандағы, Цетине мен Никшичтағы, Которе, Герцег-Нови, Будве мен Тиваттағы спорт кешендері, футбол стадиондары, бассейндер, теннис корттары биік халықаралық талаптар ммен стандарттарға сәйкес келеді.
Черногорияның футбол командалары Югославия футбол одағының пайда болуына байланысты өмірге келді. Черногориялық ойыншылар Югославия құрамасының сапында өнер көрсетті. Мәселен, югославтар 1930 және 1962 жылдары әлем чемпионаттарының жартылай финалына екі рет шықты, 1960 және 1968 жылдары Еуропа чемпионаттарының финалына көтерілді. Югославияның тарауына байланысты 1992 жылы черногориялық ойыншылар Сербия мен Черногория құрамасы сапында ойын көрсетті. Черногория футболшылары Сербия мен Черногория құрамасы қатарында 2006 жылы ойнап, оған Драгослав Евричті үкілеп қосты. 20017 жылдан бастап Черногория ФИФА мен УЕФА құрамына кірген, елдің клубтары мен құрамасы жарыстарға осы ұйымдар атынан қатысып келеді.
Иек артып тұрған алдағы 1-ші қыркүйекте Елордамыздағы «Астана-Арена» стадионында Қазақстан – Черногория құрама командалары ойын көрсететінін оқырманға құлаққағыс ете кеткіміз келеді.

Жетпісбай  Бекболатұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X