Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Көрген де арманда, көрмеген де арманда

«Астана-Арена» стадионы туралы толғаныс

Бүгінгі таңда Қазақстан нарықтық экономика саласындағы толайым табыстарымен ғана емес, сондай-ақ спорт, денсаулық сақтау, ғылым мен білім беру бағытындағы ауыз толтырып айтар жетістіктерімен де әлемге танылып үлгірді. Темір құрсаулы Кеңес билігі кезінде 15 одақтас республиканың бірі болған Қазақстанды басқаны былай қойғанда, арнайы білім алған саясат пен тарих мамандарының бірі біліп, бірі білмеген еді.
Ортақ қызыл ту астында өнер көрсетіп, күш сынасқан сайыпқырандарымызды жатжұрттық жанкүйер қауым КСРО спортшылары деп қана қабылдайтын.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін еліміздің Ұлттық олимпиадалық комитетінің өкілеттігі мен мәртебесі 1992 жылғы 9 наурызда Лозаннада танылып, бекітілді. Содан бері Қазақстан спорт түрлері бойынша додалы жарыстарға дербес мемлекет ретінде қатысып, өз жерінде олимпиадалық деңгейдегі шараларды абыроймен өткізіп келеді.
Қазақтың «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген қанатты сөзі нақ осы спортқа қатысты айтылған тәрізді. Расында да, әлемнің жүзден асқан елінің аузымен құс тістеген майталмандары алыстан ат арытып келгенде, ең бірінші тілейтіні бап екендігі белгілі емес пе. Сондықтан да кірпияз спортшылар мен бапкерлерге бәйек болып, олардың қажетті жағдайларын жасау меймандарды қабылдап отырған жақтың бірден-бір тірлігі екендігі даусыз. Тұрмыстық қызмет жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спорт алаңдары мен жабдықтары «мен мұнадалап» тұрса, ол еліміздің абыройы емес пе. Мемлекет имиджі деген сәл нәрседен көтеріліп, болмашы тірліктен кері кетіп жатқан қазіргі құбылмалы заманда мұндай додалы дүбірлерде сауысқандай сақ болу қажеттігіне бәріміз де бас шұлғимыз.
Еліміздің бас қалалары – Астана мен Алматыда әлемдік деңгейдгі спорт ғимараттары салынып, денсаулығын баптаған мыңдаған тұрғынның игілігіне айналып отыр. Себебі, халықтың саулығы мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық саясаты көздейтін басты нысандардың бірі ретінде билік пен мүдделі жамағаттың ұдайы назарында. Елбасымыздың үстіміздегі жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының экономика, әлеуметтік сала, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, институционалды өзгерістер, қауіпсіздікті сақтау мен сыбайлас жемқорлықпен күрес сынды негізгі басым бағыттарының бірі денсаулық сақтау мен спорт болып отырғандығы мұның айқын дәлелі емес пе.
Бәйге, көкпар сынды қаймана қазақтың қанын қыздыратын командалық спорт түрлерінің бірі – футбол елімізде ең бұқаралық жарыс түрлерінің біріне айналып отыр. Аяқдоп додасы бүгінде әр ауылдағы алаңқайларда қызып жатқанымен, өркениеттік үлгіде жабдықталған стадиондар салу елімізде соңғы жылдар беделінде ғана қолға алына бастады. Ажарлы Астанада 2009 жылғы 3 шілдеде «Астана – Арена» стадионы қақпасын жанкүйер қауымға айқара ашқанда, жасыл алаңда «Локомотив» (Астана клубы) және Қазақстан жастар құрамасы бақ сынасқан алғашқы матчта белгілі итальяндық арбитр Пьерлуиджи Коллина төрешілік етті. Ақшаңқан киімді төреші алаң ортасына шығып, ысқырығымен ойын басталғаны жөнінде белгі бергенде, былғары допты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ойынға қосқан болатын. Додаға қатысқан командалар құрамында «тұрақты» ойыншылармен бірге сырттан шақырылған танымал майталмандар да өнер көрсетті. Мәселен, Қазақстан жастар құрамасының қатарында грузиялық шебер Каха Каладзе мен Украина құрамасының шабуылшысы Андрей Шевченко, «Локомотив» сапында танымал түрік аяқдопшылар Хасан Шаш и Хакан Шукюр теңбіл допты торуылдады. Стадионда жыл сайын футболдан Қазақстан суперкубогі, халықаралық және республикалық жарыстар өткізіліп келеді. 2011 жылы Астанада тұсауы кесілген қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты стадионда өткізілген алғашқы халықаралық маңызы бар шара болып табылады. Жұмыс реті ең әуелі футболға бағытталған ғимарат сонымен қатар халқымыздың күрес, дзюдо және бокс сынды сүйікті спорт түрлерін де дамытуды назардан тыс қалдырмаған. 33 000 орындық екі деңгейлі құрылымы бар ірі амфитеатр ретінде ойластырылған стадионның төменгі террасалары 16 000, жоғары террасалары 17 000 жанкүйерді бір мезгілде қабылдай алады. Жылжымалы шатыры 20 минутта ашылып-жабылатын мұндай спорт құрылысы ілуде бір елде ғана бар.
Спорт құрылыстары ел денсаулығын түзеу тетіктерінің бірі болумен қатар экономиканы дамыту жобаларынан да қалыс қалмауы керек. Осы орайда Польша елінде өткен футболдан Еуро-2012 сайысын әрдайым тілге тиек етеміз. Ол кезде Польшада бір де бір жібі түзу стадион, іліп алар мейманхана, ылдидан шапқан көлікті төске оздыратын күре жол атымен болмаған екен. Додаға дайындалған төрт жылда чемпионат өткізілетін төрт қалада құны 1 миллард долларға татитын дағарадай стадиондар бой көтерген екен. Еуропа магистральдарының санатына енген шапшаң жолдардың ұзындығы үш еседей, ал автострадалардың ұзындығы екі есеге ұзарыпты. 36 темір жол бекеті жаңғыртылып, 780 шақырым темір жол жөндеуден өтті, әуежай инфрақұрылымының ұлғаюына орай ұшақ қонуы 79, ал ұшып шығуы 122 пайызға артқан. Еуроодақ берген инвестициялар инфрақұрылымдық нысандарға арналса да, орайы келіп, экономиканың өзге тегершіктері іске қосылған. Жаңа жұмыс орындары ашылғанын, жаңғыртылған инфрақұрылым арқасында өнеркәсіп орындары бой көтеріп, елге келетін туристер ағыны молайғанын айтып отырғаным, халық қалтасынан шыққан әрбір тиын мен теңгенің орнымен жұмсалуында болып отыр.
Бүгінде әлемге белгілі болып үлгірген жас пері Димаш Құдайбергеновтың концерті осы «Астана-Аренада» дүрілдеп өткенімен жақсы хабардармыз. Зәулім ғимаратта ине шаншар бос жер болмауы көп нәрседен хабар берсе керек.
Биыл стадионда бірқатар халықаралық матчтар табыспен өтті. Ал, алдағы 1-қыркүйекте футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу жарыстарының бірі – Қазақстан-Черногория құрамаларының сайысы спорт жылнамаларынан орын тебуге әзір.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X