Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Баға кімге бағынады?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру шаралары талқыланды. Сонымен қатар, жиында денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру, барлық дәрі-дәрмектердің бағаларын мемлекеттік реттеу мәселелері қаралды.

Қазақстанда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өсті. Маусым айында баға өсіміне әсер еткен негізгі себеп – жаңа өнімнің қымбаттығы, бұл әр жылдың екінші тоқсанында өнім қорларының әдеттегідей азаюына байланысты туындайтыны белгілі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты жағдайды баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, соңғы бес жылдағы талдау бойынша баға өсіміне негізінен картоп, пияз, сәбіз және орамжапырақ жиі ұшырайды. «Ресми статистика мәліметтеріне сәйкес, маусымның соңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басына қарағанда 7 процентке ұлғайды. Ағымдағы жыл басынан бері пияз – 81,1%-ке, картоп – 74,9%-ке, орамжапырақ – 61,2%-ке, сәбіз – 38,1%-ке, сиыр еті – 10,7%-ке өскені байқалады», деді министр. Сондай-ақ баға өзгерісіне бензиннің, дизельдік отынның, коммуналдық тарифтердің – газбен жабдықтау, жылу, электр энергиясы құнының өсуі әсер еткен. Осыған байланысты, тұтастай алғанда, мемлекеттік органдардың жұмысы 2017 жылға арналған міндетті дәліздегі инфляцияны тежеу бойынша жедел шаралар қабылдауға бағытталып отыр.
Тұрақтандыру қорларының жұмысы туралы баяндаған ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов келтірген деректерге сәйкес, маусымда өнім өндірушілердің бағасы бойынша пияздың килограмы – 34 теңге болса, бөлшек бағада – 131 теңге, яғни, 4 есе қымбат болған. Картоп бағасы – 49 теңге болса, бөлшек бағада – 162 теңге, яғни, 3,3 есе қымбат. Сондай-ақ, орамжапырақтың килограмы – 39 теңге, ал ол 129 теңгеден, 3,3 есеге қымбатқа сатылады. Ал 44 теңгенің сәбізін қарапайым халық 133 теңгеге, 3 есе қымбат бағамен алуға мәжбүр. «Осылайша, біз аталған тауарлар бағасының өсуі оларды өндіру құнының емес, сауда делдалдарының спекулятивтік әрекетінің нәтижесінде болып отырғандығын көреміз», деген бірінші вице-министр, Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне әкімдіктермен бірлесіп сауда саласындағы бағаның негізсіз өсіміне қатысты белсенді шаралар қабылдау қажет екендігін айтты.
Бүгінде пияз, картоп, орамжапырақ, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстау үшін әрбір облыста тұрақтандыру қоры құрылған. Оған жыл сайын аталған тауарлардың бір бөлігі сатып алынады да, тапшылық кезінде арзан бағамен нарыққа шығарылады. Осылайша, бағаны қымбаттатпауға мүмкіндік бар. Алайда тұрақтандыру қорларына жауапты азаматтар азық-түлік ақшасын депозиттерде айналдырып жүр. Ал әкімдіктер картоп пен орамжапырақ бағасының өскенін Өзбекстанға тасымалданатын өнімнің артуымен түсіндіріп отыр. «Біздіңше, ол басты себеп емес. Әкімдіктер өткен жылдың өнімі есебінен тұрақтандыру қорларына азық-түлікті көптеп сатып алғанда қазіргі жағдай туындамас еді.

Біздің зерттеуімізге сәйкес, азық-түлік өнімдері тұрақтандыру қорларына тиісті деңгейде сатып алынбайды. Соның салдарынан дәл сол тауарлардың бағасы көтеріледі. Қазіргі кезде тұрақтандыру қорларына сатып алынған картоптың үлесі 16 пайызды құраса, пияз 7 пайызды, ал қырыққабат 5-ақ пайызды құрап отыр», деді Қ.Айтуғанов. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде тұрақтандыру қорларын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтыру жағынан Қызылорда (48%), Жамбыл (12%) мен Ақтөбе (10%) оқ бойы озық келеді. Қалған облыстарда азық-түлік өнімдері аз көлемде сатып алынған. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бөлінген ақшаны банк есеп-шоттары мен депозиттерінде ұстап келеді.
Отырыста Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімдері өңірлердегі жағдай бойынша есеп берді. Премьер-министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын тұрақтандыру үшін барлық мүмкіндіктер барын атап көрсетті.
Мәселені қорытындылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне бағалар серпініне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Мемлекеттік органдарға әкімдіктермен бірге басым түрде өңірлік базарларды азық-түлікпен молықтыру және сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылдау қажеттігі ескертілді.
Үкімет отырысында денсаулық саласына қатысты мәселелер қаралған болатын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру мен оған ақпараттық технологияларды енгізу туралы баяндады. Оның мәліметі бойынша, қазіргі таңда онлайн-режимде статистикалық ақпаратты жинау мен денсаулық сақтау саласын қаржыландырумен қамтамасыз етуге арналған 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелерді біріктіріп, деректердің біртұтас сақтау орны мен кіретін бірыңғай орынды құру үшін биылғы жылдың соңында пилоттық режимде интероперабелдік платформасы іске қосылатын болады. Жыл соңына дейін барлық медицина ұйымдары ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етіледі, яғни бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыстың қағазсыз форматына ауысуға мүмкіндік береді. 2020 жылға қарай халықты денсаулықтың электонды төлқұжатымен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Осы ретте ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнату жобасының І кезеңі аясында 900-ден астам денсаулық сақтау нысандарын интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті. «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселерінде және пошталық байланыс бөлімшелерінде жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кеңес береді. «Электронды үкімет» порталында, сонымен қатар қоғамдық қолжетімділік пунктері арқылы онлайн режимде әлеуметтік статусты анықтауға болады.
Өңірлерде жүргізіліп жатқан денсаулық сақтау мекемелерін ақпараттандыру жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері баяндады.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өңірлер әкімдеріне қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, медицина ұйымдарына ақпараттық жүйелерді енгізуді, техниканың сервистік қызмет көрсетуі мен оның интернетке қосылуын ретке келтіру жағын бақылауды тапсырды. Осыған орай, Ақпарат және коммуникациялар, Денсаулық сақтау министрліктеріне тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық жүйелердің бірлесу жұмыстарын биылғы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтап, оның тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Келесі әлеуметтік мәселе – дәрі-дәрмектердің бағаларын мемлекеттік реттеу жөнінде баяндаған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде дәріxаналар препараттарды қандай бағамен сататынын өздері шешеді. Осының салдарынан бір қалада орналасқан дәріxаналардың баға айырмашылығы 20 процентке дейін жетеді. Ал нақты бір дәрі-дәрмектің тапшылығы туындаса, үстеме баға 200 процентке дейін өсіп кетеді. Осы ретте министр елімізде медициналық препараттардың шекті бағасын енгізу тұжырымдамасы талқыға салынып, оған отандық кәсіпорындар да қатысатынын, сөйтіп, ортақ шешімге келу қажеттігін айтты.
Талқыланған мәселе бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары Н.Әлтаев сөз сөйледі.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен және фармацевтикалық қоғаммен бірге дәрі-дәрмек бағаларын реттеу және қалыптастыру тетіктері мәселелерін жете пысықтауды тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X