Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ТІРКЕМЕЛІ ГРЕЙДЕР

Шығысқазақстандық өнертапқыш-ғалым, техника ғылымының докторы Нұрлан Нұғыманов әлемде теңдесі жоқ тіркемелі грейдерді ойлап тауып, жолшылардың жұмысын жеңілдететін шаруаны жүзеге асырғалы отыр.

Жаңалық жерде қалмайды ғой. Шығыс Қазақстан облысында белгілі ғалымның қолға алған бұл шаруасына жол құрылысында жүрген жұмысшылар аса қызығушылықтар танытуда. Алдағы кездері Қазақстандағы жолдарды жөндеуге шығысқазақстандық өнертапқыш-ғалым Нұрлан Нұғыманов ойлап тапқан тіркемелі грейдері де пайдаланылуы әбден мүмкін. Инновациялық жоба қарапайымдылығымен ерекше. Әсіресе ауыл-аймақтағы жолдарды тегістеуге өте ыңғайлы құрылғы толық механикаландырылған, сапасы да жоғары. Оның бір ерекшелігі, Украина мен Ресейде шығарылатын тектес қондырғылардан анағұрлым арзан.
Техника ғылымының докторы Нұрлан Нұғыманов саналы ғұмырын жол жөндеудің тың әдісін игеруге арнаған. Өзі де бірнеше иннова­циялық қондырғының авторы. Өнертап­қыш ойлап тапқан тіркемелі грейдердің әлемде теңдесі жоқ. Сондықтан болар, жобаны Тех­ника­лық даму жөніндегі ұлттық агенттік бірден қолдап, қаржылай демеген. Әзірге сынақ­тан өтіп жатқан қондырғы лайықты баға­сын алып та үлгерді.
– Қондырғыны енді орнатып жатырмыз. Маған қатты ұнады. Әрине, күрек, басқалар сияқты емес. Жаңа қондырғының мүмкіншіліктері көңілге қонымды. Мүмкіншіліктері расымен орасан. Тіркемелі грейдердің гидравликасы жоқ, жақтауы арқасында жол түзу тегістеледі. Топырақты қопаратын құрылғысы бар. Бастысы кез-келген жүк көлігіне тіркеу мүмкіндігі қарастырылған. Жүк салмағы неғұрлым ауыр болса, топырақты да соғұрлым терең қазуға болады, – дейді тракторшы Виталий Сафронов.
Жаңалық авторы Нұрлан Нұғымановтың айтуынша, бұрынғы кеңес уақытында тіркемелі грейдерлер шығарылған. Қазір ширек ғасыр уақыт өтті. Ондай грейдерлер енді зауыттан шығып жатқан жоқ. Ресей, ТМД мемлекеттері де шығармайды. Солай болар, бағасы – қымбат, эксплуатациялық сапасы нашар. 1,5 жылдан бері сыналып келе жатқан отандық өнімнің ауыл-аймақ жолдарын түзеуге септігі тиіп те жатыр.
Жаңаның аты – жаңа. Қондырғы сенімді, тағы бір маңыздысы, мезгіл талғамайды. Асфальттан басқа кез-келген жолды тегістеуге ыңғайлы Грейдер қысқы жолды қардан тазалауға да ыңғайлы. Ол тіркемелерде қолданылатын барлық материалдар Қазақстанда өндіріледі. Болашақта отандық болып саналатын бұл техниканы сериялы түрде шығарып, пайдаланса, ауыл шаруашылығы, жалпы жолдарға пайдалануға өте жақсы үлесін тигізетіндігі сөзсіз. Бағасы арзан, сапасы жоғары отандық өнімге қолдау білдіру қажет. Қондырғының әлеуетін алматылық сарапшылар бақылауда. Нәтиже тамыз айында белгілі болады.

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X