Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Сапалы маман – заман талабы

Бүгінде еліміздің еңбек нарығында уақыт талабына сай үлкен сұранысқа ие болып отырған инженерлік-техникалық мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны – Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті екендігі сөзсіз. Экономиканың басым салалары үшін болашақ кадрлар жасақтап отырған осынау перспективалы оқу орнының ерекшеліктері жайында университтеттің тәрбие жұмысы, мониторингтеу және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Гүлнәр СӘРСЕНБЕКОВА айтып берді.

– Гүлнәр Әлібекқызы, бәсекелестікке қабілетті білікті маман даярлауда Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің (ҚазИТУ) іргетасы 2001 жылы қаланған. Оқу орнының Алматы қаласының экологиялық таза ауданы – Академиялық қалашықта орналасуының өзі білімге құмартқан жанға серпін береді. Өйткені маңайымызда 14 ғылыми-зерттеу институты бар.
Заманауи технологияларды қолдану арқылы жоғары сапалы білім беретін оқу орнында азық-түлік тағамдары технологиясы, өңдеу өндірістерінің технологиясы, биотехнология, органикалық заттардың химиялық технологиясы, технологиялық машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, автоматтандыру және басқару, қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі, стандарттау, сертификаттау және метрология, топырақтану және агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, туризм, қаржы, есеп және аудит және т.б. жалпы саны бакалавриаттың 18 және магистратураның 5 мамандығы бойынша біліктілігі жоғары мамандар даярланады. Түлектеріміз еңбек нарығындағы сұранысқа ие IT-мамандар, экономистер, қаржыгерлер, басқарушылар, кеден, туризм, мейрамxана ісі, қонақүй ісі мамандары, әлеуметтік қызметкерлер, экологтар, технологтар және т.б. мамандықтарды меңгеріп шығады.

Осы ретте ҚазИТУ-дың соңғы жылдары үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Орайы келген соң айтатын жәйт, университетіміз Институционалды аккредиттеу мен Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын мамандандырылған (бағдарламалық) аккредиттеуден өтіп, білім, ғылымның қарыштап өсуіне ықпалын тигізіп келеді. Мысалы, білім беру сапасын қамтамасыз етуде тәуелсіз Қазақстандық агенттігімен (НКАОКО) институционалды аккредиттеуден өттік. Ал 2017 жылы Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз Қазақстандық агенттігінің аккредиттеу кеңесінің шешімімен 15 білім беру бағдарламасының мамандандырылған аккредиттеуден өткені жөнінде куәлігі берілді. Институционалды аккредитациядан өту кезінде ҚазИТУ аккредитациалық стандарттарға сай екенін, университеттің қызметі алдына қойған міндеттер мен мақсаттар шеңберінде орындалып жатқанын дәлелдеді.
– Жақында Орталық Азияда алғаш рет өткізілген WSEC-2017 инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік конгресінде қатысып қайттыңыздар. Бұл жайында оқырмандарға аз-кем мағлұмат бере кетсеңіз?
– Иә, Астанада 19-20 маусымда ЭКСПО-2017 көрмесінің іскерлік бағдарламасы аясында «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және олардың жүзеге асыру әдістері» тақырыбында WSEC-2017 инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік конгресі өтті. Әлемнің 51 елінен 1200-ден астам қатысушылар, оның ішінде 300 шетелдік ғалымдар мен инженерлер Конгресс жұмысына қатысты.
WSEC-2017 ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлер академиясы мен Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдарының академиясы.
Конгресс спикерлерінің қатарында төрт Нобель сыйлығының лауреаты, «Жаһандық энергия» Халықаралық сыйлығының сегіз лауреаты, БАӘ қоршаған ортаны қорғау министрі, Сан-Паулу штатының энергетика және тау-кен өндіру өнеркәсіп министрі, жетекші ғалымдар мен сарапшылар, т.б. болды.
Бағдарлама бойынша пленарлық мәжіліс Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқумен ашылды. Хатта «Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресін Астанада өткізу адамзат алдындағы энергетикалық проблемалардың тиімді шешімдерін іздеуде тың серпін беріп, экономикалық өсімнің жаһандық моделін жетілдіруге елеулі үлес қосады деп сенемін», делінген.
Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры, профессор Н.Темірбеков «Развивающиеся страны на пороге третьей промышленной революции» тақырыбында баяндама жасаса, ал мен жасаған баяндаманың тақырыбы – «Strategic Transport Capacity Planning for mega-events, focused specifically at Astana Expo 2017» деп аталады.
WSEC-2017 инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік конгресі Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғашқы рет өткізіліп отырғандығын да еске сала кеткен жөн. Екі күндік үлкен жұмыстың қорытындысы бойынша Конгресске қатысушылар Декларация қабылдады.
– Оқу орнының материалдық-техникалық базасына тоқталсаңыз. Студенттердің алаңсыз білім алуларына толық мүмкіндік қарастырылған ба?
– ҚазИТУ-дың заманауи материалдық-техникалық базасы мол. Жаңа үлгідегі зертханалар, жоғары мамандандырылған профессорлық-оқытушылар құрамы, серіктес университеттермен тығыз байланысы бар және әлеуеті жоғары республиканың ірі кәсіпорындары мен компаниялары, ғылыми-зерттеу институттарында кәсіби деңгейде тәжірибеден өткізуді жолға қойған бірден-бір жоғары оқу орны. Дамыған инфрақұрылым, екі жатақхана, асхана, екі оқу ғимараты, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған спорт, акт және конференц залдары студенттерге мүлтіксіз қызмет жасайды.
XXI ғасыр талабына сай жаңа студенттер үйінің құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы пайдалануға берілетін жаңа ғимарат қызмет көрсетудің автоматтандандырылған жүйесі; жастардың бос уақытын ұйымдастыру мен әлеуметтік қолдау орталығы; мини-кинотеатр, кітапхана, кафе, конференц-зал, спорт зал, т.б. әлеуметтік нысандары жұмыс жасайтын болады.
Қазақстандық және шетелдік ЖОО-ның қатысуымен онлайн-конференция өтетін мультиқызметтік видеоконференц-залы бар. Халықаралық ынтымақтастық Болон процесінің негізгі міндеттеріне сәйкес келетін, басты бағыттар қарқынды дамып келе жатқандығын да айта кеткен жөн.
Университет Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Франция, Малайзия, Түркия, Испания және т.б. шетелдік оқу орындарымен үзбей байланыс жасап тұрады. Бірлескен халықаралық ғылыми конференциялар, семинар, дөңгелек үстел, т.б. өзара тәжірибе алмасу жолға қойылған.
Оқу орнының ғылыми кітапханасы – заманауи ақпараттық көпфункционалды бағдарлау орталығы, бұл жерде тек ақпаратты алу ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас орталығы, бос уақытты мазмұнды өткізуге жағдай жасалған. Жақында сирек кездесетін кітаптар қоры жасалып, оқырмандар игілігіне ұсынылмақ.
Кітапхана жанынан құрылған «Оқырман клубында» ай сайын көркем әдебиет және әлемдік әдебиеттен төрт кітап анықталып, студенттерге оқуға ұсынылады. Нәтижесінде клуб отырысында оқырмандар кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, өзара пікір алысады. Ай сайын үздік оқырман анықталады. Сондай-ақ жастарды шешен сөйлеу мәдениетіне баулитын шешендік өнер үйірмесі жұмыс істейді. Шет тілін дамытқысы келетін жастарға арналған «English Club» клубы, «Любители русского языка» үйірмелері де қажеттілікке қарай қолданылады. Офис тіркеуші жұмысын сапалы ету мақсатында университетте талапкерлерді басқару, оқу жұмыс жоспарларын, білім алушылардың контингентін, оқу үлгерімін басқаруда бағдарламалық-аппаратты кешен «Platonus» орнатылған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық құжатында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деді.
Жақында Нобель сыйлығының лауреаты, Шри-Ланка үкіметінің бас кеңесшісі Мохан Мунасингх пен ҚазИТУ ректоры Н.Темірбековпен екіжақты кездесудің барысында келісімшартқа қол қойылды. Ең алдымен, инженерлік технологиялар бойынша студенттер мен магистранттарды даярлауда бірге жұмыс жасау көзделіп отыр. Университет білім алушыларына сапалы білім беруде, ең бірінші елжанды қасиетін шыңдап, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен мән беріп келеді.
– Қоғамда екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүрген дипломды жастардың қатары көбейіп барады. Сіздерде бұл мәселе қалай шешілген, түлектерді жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылған ба?
– Жоғары оқу орнының мамандануына сәйкес техникалық мамандықтардың басымдығын университет басшылығы республиканы өнеркәсіп пен экономика дамуының жаңа деңгейіне шығаруды қамтамасыз ететін фактор ретінде қарастыруда. Өңдеу, тамақ өнеркәсібі саласының және экономиканың өзге салаларының кәсіпорындарымен орныққан серіктестік қатынастар түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отыр. Жас мамандарға мүдделі компаниялар оқу жылының орта тұсында-ақ бос орынға ұсыныстарын жіберіп, болашақ инженерлермен алдын ала келісімдер жасай бастайды.
Ашығын айтқанда, біз түлектерімізбен мақтанамыз. Себебі университет түлектерінің 85-90 пайызы бүгінде өз мамандықтары бойынша әр салада еңбек етіп, үздіктер қатарынан көрінуде. Жұмыс беруші тараптың университетке арнайы хабарласып, алғыстарын айтып жататын кездері көп. Мәселен, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бас директоры А.Сапаров, Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі С.Қазыбаева, Қазақ өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Ж.Әлімқұлов, Қазақ өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының профессоры М.Велямов және т.б. академик ғалымдарымыз университет түлектерінің білімінің тереңдігіне, ізденістерінің жоғарылығына, жас мамандардың білуге құштарлығы мен алғырлықтарына ризашылық білдіріп, ҚазИТУ-дың болашағы зор деген жоғары баға беріп, университет түлектеріне үлкен сенім артатындықтарын жеткізді. Бұл да оқу орнының бәсекеге қабілетті екендігін айғақтайтындығын білдірсе керек.
ҚазИТУ-дың даму стратегиясының басым бағыттарының қай-қайсысы болмасын қоғамға, білім, ғылым саласына еңбегі сіңген белді қайраткерлерден тұратын Бақылау кеңесінде мақұлданып, жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.
– Университетке қабылдануы үшін талапкер қанша балл жинауы тиіс? Әлеуметтік жағдайы қолдауды қажет ететіндерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Университет ҰБТ және КТ (кешенді тестілеу) бойынша 50 баллдан жоғары, колледж түлектеріне арналған тестілеуден 35 баллдан жоғары жинаған талапкерлерді мемлекеттік білім беру гранттары негізінде және ақылы оқуға, күндізгі, сырттай оқу түрлері және қашықтан оқыту технологияларымен қатар, екінші жоғары оқуға және магистратураға (мемлекеттік білім беру гранттары бар) қабылдайды. Ал колледж мемлекеттік білім беру гранттары бойынша және ақылы оқуға, күндізгі, сырттай бөлімдерге 9-шы және 11-ші сыныптан кейін қабылдайды.
ҚазИТУ-да ректорлық грант, 90 баллдан жоғары жинаған талапкерлерге, әлеуметтік жағдайы қолдауды қажет ететіндерге жеңілдіктер қарастырылған. Жыл сайын конкурстық комиссия қоғамдық өмір мен оқуда озат студенттерді гранттық орындарға ауыстыруға, Президенттік шәкіртақыға ұсынады.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсеткен еді. Бұл тұрғыда білім алу, өмір сүру қағидаттарының болашаққа қадам басу жақтарын жас ұрпақ бойына дарытуда жоғары оқу орындарының үлес салмағы басымырақ екендігі сөзсіз. Қай елдің болмасын өркениеттілігі білімділігімен өлшенетіндігі белгілі. Лайым, білікті де білімді мамандарымыз көп болғай деп тілейік!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бағдагүл БАЛАУБАЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X