Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

ДҮНИЕЖҮЗІ БАСЫН ҚОСҚАН КӨРМЕ

ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі келушілер  арасында  ең  танымал  павильондар  белгілі  болды.  Бұл туралы көрменің 1 айлық жұмысын қорытындылаған «Астана                     ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Халықаралық қатысушылармен жұмыс істеу департаментінің директоры Ілия Оразақов мәлімдеді.

Келушілердің арасында жоғары танымалдықа ие павильондардың қатарында Ресей, Өзбекстан, Германия, Үндістан және Оңтүстік Корея елдері бар. Қазіргі уақытта көрмеге келушілердің Африка өңірінің экзотикалық елдеріне де зор қызығушылық таныта бастағандығы байқалады.
Бір айдың ішінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін 920 мыңнан астам келуші тамашалады. Халықаралық павильондарға кіріп-шығу саны – 5 миллион 960 мың. Көрменің негізгі нысандарына кіріп-шығу саны 834 579, оның ішінде «Нұр әлем» павильонына кіріп-шығу 303 007 ретті құрап отыр. Аталған уақыт ішінде көрмеге 160 мыңнан астам жеңілдетілген тарифпен адамдар кірді. Олар: 6 жасқа дейінгі балалар, мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және мүгедектер. 409 700 адам еліміздің басқа өңірлерінен ұйымдастырылған топтармен келді. Бұның ішінде – 17 700-і балалар. Келушілердің басым бөлігін Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарының тұрғындары құрайды.
ЭКСПО көрмесінде екі мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Бұдан бөлек, ұрыларды бірден анықтайтын жүйе бар. Ал тәртіп сақшылары үш ауысыммен жұмыс істейді. Соның арқасында осы уақытқа дейін бірде-бір қылмыстық жағдай тіркелген жоқ. Дегенмен, бұзақылық әрекеттері жоқ емес. Суық қарумен келетіндер де болады екен. Бүгінде ЭКСПО көрмесіне төрт жерден кіруге болады. Төртеуі де компастың бағыттары сияқты төрт жаққа бөлінген. Бұдан бөлек, қызметтік және VIP кіреберістер бар. Алайда кіретін барлық бағытта тексеріс жағынан ешқандай өзгешелік жоқ. Бір айырмашылығы – ресми тұлғалар өтетін VIP кіреберісте адам кезегі көп болмайды. Дегенмен, қарапайым адамдар өтетін кіреберістерде де кезек аз. Себебі әрбір кіреберісте адамдар алты жолақпен өтеді.
ЭКСПО көрмесіне келушілер 80 миллион теңгеге кәдесыйлар сатып алды. Сонымен қатар көрме аумағында санитарлық қызмет кезекшілік жасайды және ветеринарлық бақылау жүргізілуде.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан-дырылған көрмесіне 1 миллион 800 мың билет сатылды. Осы айдың алғашқы онкүндігінде қосымша акция өткізіп, тағы бір жаңа билет енгізілген болатын. Ол кешкі билет деп аталады және сағат 18:30-дан бастап көрме жабылғанға дейін жарамды. Осылайша кешкі билетті 25,5 мың адам, 3+1 акциясын 14,5 мың адам пайдаланды.
Көрме барысында Польша павильонының өкілдері Астананың ботаникалық бағында ағаш отырғызды. Поляктардың бастамасына ЭКСПО-дағы өзге де павильондардың өкілдері қолдау білдірді. Бұдан бұрын Польша орманшылары орманды жерлерді қалпына келтіру бағытында қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасқан болатын. Осы тақырыптағы конференция ЭКСПО аясында Польша павильонында өтті.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырыл-ған көрмесі аясында Астанада Алматы облысының мәдениет күндері өтеді. Алматы облысының 350-ге жуық өнер ұжымы мен қолөнер шеберлері ЭКСПО қонақтарына арнап өз өнерлерін көрсететін болады. Алматы облысының Астанадағы мәдени күндері «Қазақстан» орталық концерт залында «Жетісу – жұмақ мекенім» атты Жетісу өнер шеберлерінің концертімен ашылды. Жастар театрында Б.Римова атындағы облыстық драма театрының «Ромео мен Джульетта» қойылымы қойылды. М.Тынышпаев атындағы өлкентану музейі, Көркемсурет галереясы және Дәркембай Шоқпарұлы атындағы өнер мұражайының шеберлері этноауылда арнайы көрме ұйымдастырады. Бұған дейін Астанада «Қазақстан» спорт кешені алдындағы алаңда Алматы облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Оған Жетісу өңірінен бір миллиард теңге сомасына 4 мың тоннаға жуық өнім жеткізілді. Сонымен қатар демалыс күндері «Қазанат» ипподромында өңірлік спортшылар теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерін көрсетеді. Жетісуда әсіресе, құсбегілік өнері ерекше дамыған. «Қазақстанда 70-тен астам бүркіт тіркелсе, оның 50-і Алматы облысында тіршілік етеді. Шараның жабылу рәсімі алдағы жексенбі күні ЭКСПО аумағындағы амфитеатрда өтеді деп жоспарлануда.
Елордада ашылған «Шанхай апталығы» халықаралық көрмесіне пластик бөтелкелердің қалдықтарынан жасалған шабадандар қойылды. Қажетсіз пластик бөтелкелерді қайта өңдеу жолымен жасалған бұл жолсандықтарды «Shangtex Holding» корпорациясы құрамындағы Newest компаниясы Қазақстанға алғаш рет әкелген болатын. Бұндай шабадандардың салмағы 2 келіні құрайды, ал нарықтағы құны 120 долларға тең. «Шанхай текстиль» мамандары пластиктен киім де тігуге болатынын атап өтті. Олардың айтуынша, пластик материалдан тігілген киімдер мақтадан тігілгендерге қарағанда мықтырақ әрі арзан болады. Арнайы аппарат арқылы пластиктен жіп жасалады және сол жіптен киімдер тігіледі. Бұл тәжірибе Қытайда кеңінен тараған. «ЭСКПО-2017» халықаралық көрмесі аясында «Radisson Blu Astana» қонақүйінде «Шанхай апталығы» халықаралық көрмесі ашылды. Онда энергетика, автомобиль құрастыру, құрылыс, химиялық өндіріс, текстиль және азық-түлік өндірісі салаларындағы Шанхайдың белді кәсіпорындарының жаңа технологиялары, құрылғылары мен тауарлары көрермендерге ұсынылды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X