Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

ДНЕПР ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЖҰЛДЫЗДЫ ШАҚ

ХХ ғасырдың 50-жылдарының соңында Қазақстандағы қара металлургия флагманы – Қарағанды металлургия комбинатын тұрғызу үшін мыңдаған жас комсомолдық жолдамамен Теміртау қаласына жиналды. Сол кезде Орталық комсомол комитеті бүкілодақтық екпінді құрылысқа жастарды шақырып, Үндеу жариялаған еді. Бесжылдықтың балғасын солқылдатып соққалы жатқан Теміртауға ару Алатаудың етегінен жеткен Нұрсұлтан Әбішұлы да құрбы-құрдастарымен бірге Украинаның Днепродзержинск қаласына екі жылдық оқуға жіберіледі. Мақсат – металлургия комбинатынан ауыр мамандықтың қыр-сырын үйреніп қайту.
Құдай нәсіп етіп, алғаш рет 2007 жылы, кейін 2011 жылы біздің де Днепродзержинскіге жолымыз түскен еді. Металлургтер астанасы облыс орталығы Днепропетровскіден 50-60 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Өнеркәсіптің қыз-қыз қайнаған ордасы. 200 мыңнан астам тұрғыны бар. Жұмысшы табының патшалығы дерсің. Халқы қарапайым. Түріңе қарап нәсілге бөлмейді. Егерде сіз Теміртау қаласындағы металлургия комбинатын көріп, сонсоң Украина жеріндегі алып өндіріс ошағына барсаңыз, екеуінің егіз қозыдай екендігін аңғарып, таңқалар едіңіз. Өйткені, Теміртаудағы зауыт Днепродзержинскідегі комбинаттың көшірмесі іспеттес.

1960-жылдары Украинада сапарда болған тамаша лирик ақын Әбділда Тәжібаев жан дүниесі рахат сезімге бөленіп, шалқар шабыттың көліне шомылғандай, теңдессіз әсерге бөленіп қайтқан екен. Әйтсе де нағыз ақын қай қиырда жүрсе де туған халқының патриоты бола білген ғой. Әбекең де өзінің кіндік қаны тамған жерін, сүйікті Отаны – Қазақстанды еш ұмытпапты.
Қазіргі кезде шетелге сапарға шықса, өзінің қазағын, өзінің туған жерін менсінбей, өзге елге, өзге жерге табынып кететін қандастарды көргенде Әбділда Тәжібаев атамыз еріксіз еске түседі. Оның ұлтжандылығы кей жастардың бойында жоқтығына еріксіз қынжыласыз…
Адамзаттың аяулы ақындарының бірі Пушкин Днепр мен Волганы қалайша ыстық сүйіспеншілікпен жырласа, біздің Әбекең қазақ жерін одан кем сүйген жоқ. Одан кем жырға қосқан жоқ!
Талантты ақынның «Сырдария» атты лирикалық Һәм классикалық жыры Украинада жүргенінде жазылса керек. Өйткені, ол «Пушкин Днепрді сүйсе, мен Сырды сүйемін» деді. Бір артықтығы, Әбекең Сырдың борпылдақ шаңына дейін қасиетті деп ұлылық танытты.
Рейн өзенін Гейне, Волганы Пушкин, Днепрді Шевченко жырға қосса, Әбділда ақын Сырдарияны күллі әлемге таныстырды. Осы ақындардың бәрі де «Өзен – Ана, ал Ана деген Халық» деп философиялық тұжырым жасаған. Айтпақшы, украиндықтардың Днепрді Пушкиннің де, Лермонтовтың та жырлағанын әрдайым мақтаныш тұтатынын естідік.
– Сен де маған, жаным ана,
Днепрдей жарық бер!
Қол жетпеген көк жұлдызын,
Құшағыма алып бер, – деп жырлайды Ә.Тәжібаев «Сырдария» атты өлеңінде.
Шынымызды айтайықшы, Днепрді көрмей тұрып, Украина жерін баспай тұрып, біз осынау ұлан-ғайыр мемлекеттің ұлтымыздың тарихында мәңгілік орын алатындығын түйсіне қойған жоқ едік…
Украин жері бізге бірден ұнады. Әсіресе Днепр мен ақ қайыңдары. Бір ерекшелігі, Днепр толып ағады екен. Арнасы кең. Сондықтанда болар, осыдан екі жүзден астам уақыт бұрын қазіргі Днепропетровск қаласының тұсынан ұзын­дығы 1800 метрлік ағаш көпір салынғандығы. Ғажап­тылығы сол, көпір әлі күнге дейін сақталып тұр. «Мүмкін, мұны біздің бабаларымыз қыпшақтар салған шығар» деді менің жолсерігім күрсініп. Кім білген…
Бір қуаныштысы, украиндықтар Қазақстаннан келгенімізді білген соң ең алдымен Президентімізді мақтап ала жөнеледі. Біздерге, қазақ азаматтарына бұдан артық мәртебе бар ма, шет елде жүріп Нұрағамызға байланысты ыстық ықыласты лебіздер естігенде.

ТӘЛІМГЕРЛЕР

Бір баса көрсететін жәйт, Днепродзержинскіге металлург мамандығын үйренуге Қазақстаннан келген 67 жігітті (біздің қолымыздағы мәлімет бойынша – ред.) жергілікті кәсіби металлургтер шын пейілдерімен қарсы алып, қиын жұмыстың қыр-сырларына қанықтырады.
Қазақ бозбалаларына үлкен өмірдің табалдыры­ғынан аттар мезетте ұмытылмас әсер қалдырып, болашағына дұрыс бағыт сілтеген Днепр металлургия комбинатындағы шойын қорытудың мастері Дмитрий Изотович Погорелов болатын.
Бірде болашақта кімнің кім болатындығы жайында әңгіме қозғалады. Жастар мастерді қоршап алып:
– Дмитрий Изотович, өтінеміз, айтыңызшы, біз келешекте кім боламыз? – дейді.
Сәл ойланып қалған тәлімгер «Сен жігітім, инженер, ал сен цех бастығы, ал сендер ғалым, не оқу орыны басшысы» деп атай келе, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарап: «Сен Премьер-министр бола­сың» деп болжам жасайды.
Арада отыз жыл өткенде «Әділеттің ақ жолы» деген кітабында Қазақстан Республикасының Пре­зиденті былай деп жазды: «Жас кезімізде бізге Дмитрий Изотовичтің айтқандарының бәрі қалай дәл келгендігін таңдана айтудан жалықпаймыз».
«Училищедегі қазақстандық балалар түгелдей спортпен шұғылданды. Бірі баскетбол секциясына, біреулері бокс секциясына жазылды. Мұндай игі істен Нұрсұлтан да тыс жатпаған-ды. Бапкер Лев Рудольфович Ежевскийге тығыршық денелі жас жігіт жақын келіп:
– Маған сіздің тобыңызға жазылуға бола ма? – деп сұрады.
– Сен қайдан келдің?
– Техникалық училищеден, горновойдың кө­мекшісі болуды үйреніп жүрмін.
– Күреспен шұғылданып көріп пе едің?
– Үйде, Қазақстанда шұғылданып көргенім бар. Әкем үйретті.
– Киіміңді ауыстыр, – деді бапкер.
Содан палуандар тобына қарады да, Николай Литошканы өзіне шақырды.
– Коля! Бізге спортпен жаңадан шұғылданушы келді. Сонымен айналысып көрші.
Литошко жас жігітке мейірмандықпен қарап, «Кел, күреселік» деді. Алайда бір-екі секундтан кейін классикалық шалудың нәтижесінде қарсыласы емес, өзі құлап түсті.
Бір сәт зал ішіне тыныштық орнады. Содан соң палуандар классикалық шалу класын талқылаумен шуласып кетті. Ештеңе түсінбеген Литошко мең-зең күйде кілем үстінде отыр.
Бапкер Нұрсұлтанның сыннан табысты өт­кенін, спорт секциясына қабылданғанын айтты», – деп баяндалған Л.Р.Ежевскиийдің «Своими глазами» атты кітабында.
Бапкердің айтуынша қазақстандық кәсіпқой спортшылар арасында Нұрсұлтан Назарбаев пен Сатыбалды Ибрагимов ерекше көзге түсіпті (Екеуі де спорт шебері атағын иеленген – ред.).
Қазақ жігіттеріне жалпы металлургия пәні­нен дәріс оқыған Нина Быковскаяның алғаш рет 2007 жылдың қара күзінде қызықты әңгіме­сін тыңдаған ек. Арада үш жарым жыл өткенде Днепродзержинскінің Жоғары кәсіптік училищесінде (1958 жылы №8 техникалық училище деп аталған – ред.), Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы аудиторияда кездестік. Сол қалпы. Жайдары. Президентіміз туралы таңды таңға ұрып айтуға құштар.
Ұстаз айтады: «Әлі есімде. Қазақстаннан 67 жас келді оқуға. Кейін солардың 17-сі металлург болып еңбек еткендігін естідік. Әсіресе Нұрсұлтанның ең жақын досы Қабидолла есімде жақсы сақталыпты. Екеуінің Теміртауда бірге қызмет еткендігін, сонсоң Қабидолланың сол қаланың атқару комитетін басқарғандығынан хабардар болғанбыз. Мақсұт Нәрікбаев та жадымда сақталған еді, бірақ ол металлург емес, заңгер болыпты. Бірнеше жыл Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотын басқарды. Осында келгенде біраз сұхбаттастық».
Шәкірттер сағат 14-ке дейін теориялық білім алып, екі сағат демалыстан соң кешкі сағат 20-ға дейін комбинатта практикадан өтуге тиіс. Әрине олар көп қиындыққа тап болды. Жергілікті мамандар оларды барынша қолдады. Әсіресе старосталарға қойылар талап қатаң еді. Сынақ тапсырылып болмайынша, ешқайда кетпеуге тиіс. Мәселен, Нұрсұлтан қарамағындағы әр тыңдаушының атқарған жұмысы туралы нақты шолу жасайтын. Оның айтқандарының анық-қанығын мастерлер директорға жеткізіп отырды.
Сол кезде-ақ Нұрсұлтанның домна пешіндегі жұмысының, жаңа мамандығына деген ынта-ықы­ласының ерекше екендігі жөнінде жақсы пікір тараған-ды. Бір қуаныштысы, өзі ғана метал­лур­гияның қыр-сырын ұғынып қойған жоқ, жа­нын­дағы жолдастарына түсіндіріп беретін.
Училищеде өткен бір кездесуде (2005) оқушылар: «Сіз өзіңіздің Президент болатыныңызды сездіңіз бе?» – деп сұрайды. «Мен өзімнің жоғары лауазымды мемлекеттік шенеунік болатынымды білгем жоқ, – деп жауап қайтарды Елбасы, – бірақ, менің әжем түсінде көргенін айтушы еді: онда мен таудың басында ақ сәйгүлікке мініп шауып бара жатыр екенмін».

КУРСТАСТАР

Сатыбалды Ибрагимов айтады: «Нұрсұлтан Әбішұлымен 1958 жылы күз айында Украинада кездестім, – деді бізге Сатыбалды аға Ибрагимов, – үш топқа бөлінгенбіз. Дәнекерлеушілікте Исламқұлов, Нәрікбаевтар, мен құю және бөліп құю краны машинисі, Нұрсұлтан мен Қабидолла домна өндірісінде оқыдық. Біз олардан алты ай бұрын бітірдік. 1959 жылы қыркүйек айында Теміртауға келгенбіз. 1960 жылы шілде айында домна пешін іске қосты. Нұрсұлтан мен Қабидолла горновой боп жұмыс істеді.
Украинадағы училищеде бір бөлмеде 18-20 бала жататынбыз. Теміртауда Назарбаев, Сарекенов – үшеуміз бір бөлмеде жаттық.
1962 жылы бәріміз Қарағандыдағы политех­ни­ка­лық институтқа түстік.
Техникалық училищеде оқып жүргенде-ақ Нұрсұлтан ерекше көзге түсті. Сөзге шешен. Спортшы. Өнерпаз. Жұмысқа кіріссе, түбіне жетпей, жарты жолда тастап кетпейтін. Ертеңге қалдырмай, аяғына дейін жеткізеді. Пәтуалы адам. Қай уақытқа уәде береді, сол уақытта істейтін».
Қабидолла Сарекенов, Сатыбалды Ибрагимов, Төлеутай Сүлейменовтердің есімдерін Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі жақын достары ретінде аузынан тастамайды. Мәселен, «Қазақстанның болат арнасы» деген кітабында, көптеген сұхбаттарында осы достарын ұмытпаған.
Қабидолла аға Сарекенов айтады: «1958-60 жылдары Днепродзержинскіде Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге оқыдық. Қиын да қызықты сәттерді бастан бірге өткердік. №8 кәсіптік-техникалық училищеде лекция тыңдадық. Металлургия зауытында домнаның құпия сырларына үңілдік. Үйрендік.
Әлі есімде, Сұлтанға Алматының апорт алмалары пошта арқылы келетін. Таласа-тармаса жеп, мәз болысатынбыз. Ол басқаларға жетпей қалмасын деп базарлықты тең етіп бөлетін.
Училищеміздің 80 жылдығына бірге бардық. Сонда Президент өзімізді оқытқан қарт ұстаздардың қолдарын қысып тұрып: «Мен сіздерді ешқашанда ұмытпаймын. Украина мен үшін алғашқы махаббат» – деген еді. Біз де осы сөзді қайталадық».
«Украинада Нұрсұлтан Әбішұлымен жақыны­рақ танысып, достасып кеттім, – деген еді бізге марқұм Мақсұт аға Нәрікбаев, – Оның да өзіндік тарихы бар.
Днепродзержинскідегі металлургтер даярлайтын №8 училищеде оқып жүрген кезімізде бәріміз де спортпен шұғылданатынбыз. Мен боксқа, ол еркін күреске барды. Палуандық ата-бабаларында болды ма екен, әйтеуір, алғашқы күннен-ақ алысқандарын алып ұрып, жаттықтырушысын қайран қалдырды. Өз секциясында оның мерейі тез көтерілді. Ұмытпасам, алты айдың ішінде ғой деймін, бірінші разрядты палуан болып шықты. Қарсыластары – еңгезердей украиндықтар.
Досымыз сол кездің өзінде өте табанды, қайратты да қайтпас болатын. Жаттықтырушысы оның спорттық бабына көңіл аударатын. Тіпті оқу орындары арасындағы жарыстарға жиі қатыстырып, басқа палуандарға үлгі етіп қоятын. Соған орай Нұрекең бір жағынан училищеміздің, екінші жағынан қазақстандықтардың абыройына дақ түсірмей, намысын қорғап жүрді.
Бір таңқалағаным, ол сол кезде қандай іспен айналыспасын, жақсы бір нәтиже шығармай тынбайтын. Және осы қасиетті жолдастарының бойына сіңіруге тырысатын.
Топ старостасы, спортшы, қоғамдық жұмыстар­дың ұйымдастырушысы, өнерпаз, училище­дегі комсомол комитетінің хатшысы сол кезде абырой мен беделге бөленді. Біз де оны үлгі тұтып, жақсы қырымызбен көрінуге тырысатынбыз. Мысалға өзім­ді келтірер болсам, оқу үлгерімім үздік, спортшы­мын, баян тартып, ән айтып, би биледім. Сурет салдым.
Нұрекең екеуміздің кездесуіміз жиілеп, оқыған әдеби кітаптарымыз жайлы пікір алысып тұрдық. Ара-тұра ол да өлең жазады. Мен де жазамын. Қабілет, талаптарымызда ұқсастық көп. Тек оқып, игеріп жатқан мамандықтарымыз әр түрлі.
Олар кен жыныстарынан болат, шойын балқытады, әрі қорытады. Қорытпаға қосылатын құрамдар болады. Соның нәтижесінде таза өнімнің сапасы әр түрлі болып шығады. Одан 5-6 тонналық тоғанақтар құйылады. Содан не қаңылтыр, не темір құбыры, я болмаса, иінтемір, рельс жасалынуы керек. Жай уақыттарда тоғанақтар суып тұрады. Жаңағы аталған өнім түрлерін шығару үшін енді оларды 1400 градусқа дейін қыздыру керек қой. Міне, сол міндетті атқаратын біздің мамандық. Ресми тілде оны «Қыздыру пеші мен құдықтардың дәнекерлеушісі» деп атайды.
Училищеде 67 қазақстандық оқыдық. Әу бастағы тобымызда 5 жігіт әр түрлі себеппен қайтып кеткен. Ішімізде бір-бірден орыс, кәріс, қырғыз жігіті болды. Қалғандары қазақтар. Бәріміздің басымызды қосып, «Қазақстандықтар деген айбарлы атымызға нұқсан келтірмей, жұдырықтай жұмылып, ауызбірлікті болып жүрейік, деп насихат тарататын негізінен Нұрсұлтан».
Шындығында Мақсұт аға өзі жайлы айтқаннан гөрі жанындағы жолдастарын таныстырғанды ұнатады екен. Жолдастары арқылы мақтанады. Журналистік зерттеу барысында кейбір кісілердің айтып жүргеніндей, Махаңның Днепродзержинскіден кейін қашып кетпегендігін, Теміртауға бір емес, екі рет оралғандығын, сөйтіп жүргенде армияға алып кеткендігін, одан кейін ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түскендігін білдік. Кей замандастары сияқты оның металлург боп кетуіне ауыр тұрмыс пен тірліктің тауқыметі кедергі келтірген. Әкесі соғыстан оралмаған. Қарт ата-әжесі жағдайлары нашарлағандықтан оны ерте үйлендірген. Отбасын асырау қамымен ауыр жұмыс істеген. Ең бастысы, өзінің әу бастан металлург екендігін, ал металлургтердің қажырлы да, қайратты, алғыр екендігін қажырлы еңбегі арқылы барша жұрт алдында дәлелдеп шықты.
Мақсұт Сұлтанұлының әңгімесі тартымдылығы соншалықты, уақыттың қалайша тез зырғып өткендігін де байқамай қаласыз. Белгілі заңгер ағамыз Нұрсұлтан Әбішұлын бізге жаңа қырынан, өнерге құштар, ұлтжанды ретінде көрсетті.
Нақты мысал. Сол жылдары Днепродзержинск мен Днепропетровск қалаларында қазақ жігіттерінің күшімен концерт ұйымдастырып, жергілікті халықтың ырзашылығына бөлену, ең бастысы қазақ деген ұлттың өнерлі екендігін паш ету оңай дейсіз бе? Осы бір игі істі жарқырата көрсеткен 18 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев. Құдайшылығын айтайықшы, қазіргі жастар шетелде жүріп, осындай батыл қадамға барар ма еді? Сын сағатта байыптылық пен кемеңгерлік танытты. Бір шектен бір шекке құлаш сермеудің қауіпті екендігін терең сезінді.
Бірде Днепродзержинскіде Нұраға Мақсұт ағадан:
– Нартай қайда, Нартай? – деп сұрайды. Нартай деп тұрғаны аса бір саңлақ әнші, өнерпаз жігіт Әбілеш Әбуов болатын. Ол өзі қызылордалық болғандықтан ба, әлде, Құдай берген талантының ыңғайына қарай ма, исі қазаққа белгілі Нартай Бекежановтың термелерін керемет айтатын (Ә.Әбуов туралы әңгімені айтқан М.Нәрікбаев – ред.).
Әбекең 1957 жылы Алматыда өткен республика­лық жас таланттар байқауында алғашқыда «Ағай­шаны» шырқайды. Ән аяқтала бергенде әділ­қазылар алқасның мүшесі болып отырған әйгілі әнші Манарбек Ержанов орнынан көтеріле тұрып, қол соғып:
– Балам, тағы бір ән салшы, – деп қолқа салады.
Әбілешке керегі де осы ғой, екпіндете түсіп, Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» құйқылжытады. «Дария суының дәмін бір тамшысынан-ақ білесің» демекші, ән өнерінің ақиығы Манарбек Ержанов дән ырзалықпен:
– Бәрекелді! Өнерің өрге бассын, шырағым! – деп қатты сүйсінеді.
Ал екі әнді де ұйып тыңдаған белгілі композитор Евгений Брусиловский «Ыр-ыр-рақмет» деп тұтыға сөйлеп, қолын қатты соғады.
Өнер өріне қанат қағып, әйгілі әнші мен белгілі композитордан жоғары баға алып, байқау­дың лауреаты атанып қайтқан Әбілеш келер жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерва­то­рияға келеді. Бірақ, бірер күн кешіккен себепті құжат­тарын қабылдамайды. Мұнысын сәтсіздікке балап, «Өнер, сен, осымен қош бол!» деп, Қарғалы сауда техникумына түсіп кетеді. Алайда екі ойлылау болып жүрген кезінде республикалық «Лениншіл жас» газетінен металлург мамандығын игеруге шақырған жарияланымды оқып, елең етеді. Оған «Қазақстан Магниткасына – Қазақ жастары!» деген сөз қатты әсер етіп, техникумдағы құжаттарын дереу қайтарып алады да, Украинаның Днепродзержинск қаласына оқуға жиналып жатқан жастарға келіп қосылады.
Домбырасын мойнына мылтық секілді асынып алған Әбілешті көрген Нұрсұлтан:
– Әй, жігітім, домбырамен келген екенсің, қай жақтансың? – дейді.
– Қызылорданың Шиелісіненмін! – дейді Әбілеш.
Бұған Нұрекең балаша мәз болып:
– Оу, жігіттер, жолымыз болады екен. Мынауың күріштен дүниежүзілік рекорд жасап, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауына қос алтын Жұлдыз таққан Ыбырай Жақаевтың елінен болды ғой! – дейді естірте сөйлеп.
Өктем сөйлеп, жанарынан от шашып тұрған құр­дасына зер сала қараған Әбілеш:
– Атағы Алты Алашқа мәлім Нартай жыршының елінен десең де болады, – деп домбырасын сипап қояды.
– Бәлі, мынаны Құдай бізге әдейі әкеп қосқан шығар. Оу, жігітім, танысып қоялық, Нұрсұлтан Назарбаевпын! – дейді.
– Әбілеш Әбеуов!
– Кәне, жақсылық үшін деп Нартай көкеміздің бір термесін төгіп жібер енді, – дейді.
Әбілеш бәлсінбестен домбырасын бірер рет қағып жіберіп:
– Оу, өздерің білер Нартаймын,
Нар да болсам қартайдым.
Арнасы бар, өзі жоқ
Баяғы боран айқайдың,
Тұғырдан дауыл тыңдайды,
Ақиығы Алтайдың.
Тұзағы түсті мойныма,
Кәрілік деген сайтанның,
Бұғалық киген асаудай,
Бұлқынып ала қаша алмай,
Басымды ғана шайқаймын! – деп әнші ақынның қарттыққа бой алдыра бастаған кезіндегі дәмді жырын табан астында лақылдатып тастайды.
Староста Нұрсұлтанның Әбілешті іздеп келуі де тегін емес-ті. Қалалық теледидардан қазақ әндерін көрсетуге келісіп қойған екен. Нартайдың ізбасары Әбілеш көп созған жоқ. Ән салуға бірден көне кетті. Ұлттық өнерді ту ғып көтеріп, қастерлей білетін Нұрсұлтан Әбішұлының бозбала шағында жат жерде жүріп, халқымыздың намысын ойлап, жерлестерінің басын қосып, ән мен күйімізді әспеттеуі – бүгінде компьютердің алдынан шық­пайтын жастарымыз үшін тамаша тағылым!
90-жылдардың үстінде Қызылордаға барған бір сапарында Елбасы Әбілешті арнайы шақыртып, қонақ етеді. Украинадағы жастық кезеңді естеріне алады. Өзінің туып-өскен Сырдариясын, киелі Шиелісін еш жерге айырбастамайтын Әбілешке досы Нұрсұлтан Әбішұлы жақсылық тілеп қоштасады.
Көп ұзамай тума әншінің, курстасының кіндік қаны тамған топырағында ақтық сапарға аттанғаны туралы суыт хабар Мемлекет басшысының құлағына жетеді.
Елбасының тағы бір курстасы Алтынбек Асановтың ерекшелігі, мартен цехында еңбек етіп жүргенде футболды шебер ойнайтын. Шабуылшы ретінде көрермендердің талай мәрте сүйіспеншілігіне бөленген. Әріптестері оның талантын кезінде жоғары бағалаған. Елбасы әлі күнге дейін Алтынбекке кездескенде: «Оу, Пеле, амансың ба?» деп жадырай қарсы алады. Сөйтіп, Асанов Қазақстанның болмаса да, «Қазақстан Магниткасының Пелесі» атанған.
«Днепродзержинскіде Нұрсұлтан бізді шыңдады, мінезімізді қалыптастырды, – деп бастады бізге әңгімесін Алтынбек аға, – Құдай-ау, небәрі 18-20 жастағы бозбала жігіттер едік қой. Ауылдан ұзап шықпаған біздер үшін Украина деген мүлдем басқа әлемге тең еді. Не көрмедік? Қазақтың нәрлі сорпасының орнына борщ іштік, бесбармағының орнына котлетін жедік. Бірақ, аш қалдырған жоқ. Тұз қосылған нанын сүйсіне жестік. Сұлу қыздарына ғашық болдық. Тіпті зауыттың өткелі туралы атақты әнін, қалай еді, ә, есіме түсті: «Ти ж мене пидманула, ти ж мене подвела» деп әндеттік.
«Мен өзімді Нұрсұлтан Назарбаевпен Днепро­дзер­жинскіде бірге оқып, Қазақстан Магниткасында қоян-қолтықтаса жұмыс істегенім үшін бақытты санаймын».
Шымкент облысының Пахтаарал ауданында туылған Рахметолла Жанарбаев ағамыздың өмір жолы да қызық. Ол армиядан соң Солтүстік Қазақстан облысында тұрып, қызмет атқарады. Арада 16 жыл өткенде металлург болғысы келетінін Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш етіп жеткізеді.
«Ақиқатын айтар болсақ, – деді бізге Рахметолла аға, – Украинада жүргенде Сұлтанға арқа сүйеп үйреніп қалыппыз. Сол әдетіміз әлі де қалмай келеді. Бір шаруаны шешу қиынға соқса, «Нұрсұлтан бар ғой» деп өзімізді жұбатамыз.
Мен және кейбір жолдастарым Теміртаудан кетіп қалайын деп ойлаған жоқпыз. Днепродзер­жинскіден оралғанымызда мамандық бойынша жұмыс табылмады. Бұл бір. Екіншіден, әскери міндетті өтеуге шақырды. Үшіншіден, ауылға деген сағыныш шыдатпады кейбірін.
Өзіме келер болсам, 16 жыл өткенде Теміртауға қайыра оралдым. Мектеп директоры едім. Бірақ, домна пеші тартты да тұрды. 36 жасымда Нұрсұлтан Әбішұлын іздедім. Ол металлургия комбинатының партком хатшысы екен. Келгеніме қуанды. Дереу Төлеген Адам-Юсуповке хабарласты. Атақты адам сөзге келген жоқ. Мені жұмысқа қабылдады. Сөйтіп, зейнеткерлік жасқа жеткенше горновой болдым».
Ия, Днепродзержинскінің Елбасының өмірінен алар орны ерекше. Бозбала жігіт қайсарлығы мен қайраттылығының арқасында домна пешінде жұмыс істеуді үйреніп, шыңдалып, қанаттанып шықты. Орыс тілін терең меңгерді. Бұрын елінде жүргенде ұлттық күрестен жауырыны жер иіскемеген ол еркін күрестен өтетін жарыстардың көркіне айналды. Міне, осындай қасиеттерін бағалаған украиндықтар алғыр қазақтың келешекте халқының панасы боларына шек келтірмеген.
Егерде жолыңыз түссе, Днепродзержинскідегі Елбасы мұражайы мен бюстін көрер едіңіз. Сол сәтте мақтаныш сезіміне бөленер едіңіз!
Шындығы сол: Днепродзержинск Нұрсұлтан Әбішұлына бақ боп қонды!
Оның жас кезінде қиындықтан қашпай, Отанының жарқын келешегі үшін мыңдаған градус ыстықта маңдайынан моншақтап аққан терге қарамастан нағыз еңбектің үлгісін танытуының өзі бір ерлік.

Айтбай СӘУЛЕБЕК,
Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты,
Астана.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X