Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Әрбір іс жетілдіруді қажет етеді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен бірге, отырыста денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары қаралды.

Бір жарым жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік сатып алулардың веб-порталының платформасы сатып алулар жүйесін толығымен автоматтандырып, қатысушылардың веб-портал арқылы онлайн режимде электронды камералық бақылауға өтуіне мүмкіндік берді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде бір конкурстағы қатысушылардың орташа саны 4 есеге, үнемдеу 3 есеге ұлғайған. Жүйені одан әрі жетілдіру мақсатында, формалды себептер бойынша ауытқуларға жол бермеу үшін, сатып алуларға қатысушыларға қойылатын талаптар жеңілдетіледі. Оң тәжірибеге, салық жүктемесінің коэффициентіне баса назар аударылып, алдын ала біліктілікті іріктеу институты кеңінен қолданылатын болады. Қазірде Қаржы министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп отандық өндірушілерге қолдау көрсету шараларын әзірлеген, солардың ішінде Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы сатылып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің тізімі ұлғайтылды. Сонымен бірге, ұсақ сатып алуларды бір үлкен лотқа біріктіру жоспарда бар.
Б.Сұлтанов квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатқандығын айтты. Қаржы министрлігінде квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне бірыңғай сатып алулар ережесін бекіту бойынша уәкілетті органдарды анықтау жоспарланған, олардың ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» ұлттық холдингтері бар. Ұлттық компаниялардың сатып алулары үшін жеке ережелер әзірленеді, олар мемлекеттік сатып алуларға қарағанда барынша икемді болмақ.
Мемлекет басшысы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген заң жобасына сәйкес Үкіметке орталықтандырылған қызметтер ұстанымы бойынша мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесін енгізу, квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия мен жер қойнауын пайдалану саласында сатып алулар жүргізу әдістерін түбегейлі қайта қарау жүктеледі. «Заң жобасы негізгі 3 блоктан: мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырудан, квазимемлекеттік сектордағы сатып алуаларды реттеуден, құқық қолдану тәжірибесінің қорытындысында әзірленген мемлекеттік сатып алуларды жетілдіруге бағытталған түзетулерден тұрады», деді министр.
Тақырып төңірегінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө. Шүкеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады.
Мәселені талқылау қорытындысында Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын жетілдіру бойынша заңнамаға қатысты жұмыстарды уақытында аяқтауды тапсырды. «Жалпы, айтылған ұсыныстардың барлығын қолдаймыз. Оларды талқылап, Президент Әкімшілігімен келісу үшін бір апта уақытымыз бар. Келесі жолы дауыс беретін боламыз және маусым айының соңына дейінгі белгіленген мерзімде заң жобасын Мәжіліске енгізуге тиіспіз. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жалғастырамыз», деді Бақытжан Сағынтаев. Бұдан кейінгі талқылау денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жайына ұласты.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары әзірленіп жатқандығына тоқталды. Медициналық ұйымдардың желісі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары негізінде жүйеленеді. Онда алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық ұйымдардың менеджментін жақсарту, инвестициялар тарту және жеке сектордың үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру көзделген.
Министр елімізде бір жерде ауруханада науқастарға орын жетпей жатса, келесі мекенжайда, керісінше, емханадағы бос орындар тым көп болып кеткендігін, бұл денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын дұрыс жоспарламаудың көрінісі екендігін ашып айтты. Осы ретте денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары аса қажет. «Қазақстанда 7914 денсаулық сақтау мекемесі бар. Соның ішінде 85,5%-і мемлекеттік емханалар болса, 14,5%-і жеке меншікке тиесілі. Медициналық ұйымдардың тең жартысы 30 жыл бұрын салынған. Өткен жылы 11 мыңға жуық адам ауруханаға жатқызуды 90 күннен астам уақыт күткен. Алайда, республика бойынша 4,2 мың жатын орын бос тұрды. Осының өзі дұрыс жоспар құрмаудың дәлелі», деді Е.Біртанов. Қазірде жергілікті атқарушы органдар медицина саласын дамытуға 1 трлн. теңге сұрап отыр. Дегенмен, құрылыс нысандарын жоспарлау кезінде олардың бюджет ақшасын көптеп алуға да талпынатындары жоқ емес. Мәселен, Астанада балаларға арналған инфекциялық емханада бір жатын орынға 240 шаршы метр қарастырылған. Ондай көрсеткіш халықаралық талаптардан екі есе артық, ал республика бойынша салынатын нысандар көрсеткішінен алты есе жоғары болып тұр. Осылайша, бір жатын орынға бюджеттің біраз ақшасы кетіп жатады. «Амбулаторлық мекемені салу кезінде нақты қажеттілік, яғни жергілікті халықтың саны ескерілмейді. Соның салдарынан жатын орындар бос тұрады. Жергілікті органдар бюджет қаражатын тиімді жұмсауға жауапсыз қарайды», деді министр.
Отырыста Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А. Браун, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дж. Капаннелли, сондай-ақ Алматы облысының әкімі А.Баталов аталған бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мәселені қарастырудың қорытындысы бойынша, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен денсаулық сақтау нысандарының желісін жоспарлау жұмыстарын қосымша пысықтап, мұндайда өңірлердің ерекшеліктерін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы дамытудың басымдықтарын ескеруді тапсырды. Ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатымен медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне назар аударды. Ведомствоға уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жеке медицинаны дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру, медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстарына қатысты санитарлық нормалар мен ережелерді жеңілдету, денсаулық сақтау саласын реттеу шараларын қабылдау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына арналған типтік жобаларды құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру