Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Дәурен Абаев есеп берді

Кеше Астанадағы «Қазмедиа» орталығында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халықпен есептік кездесу өткізді.

«Осыдан бір жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оның алдына бірқатар міндеттер қойылғаны белгілі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаңа ведомствоға ақпараттық кеңістікті нығайту мен отандық масс-медианың деңгейін көтеруді, мемлекеттік ақпараттық саясат пен мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруды, сонымен қатар цифрландыруды алға жылжытып, байланыс сапасын жақсартуды тапсырды», – деді кездесу барысында баяндама жасаған министр. Ол өз кезегінде министрлік осы мақсат-міндеттер бойынша ауқымды жұмыстар жүр­гізіп жатқандығын баса айтты.
«Министрлік отандық ақпарат құрал­дарының халық үшін тартымдылығын арттыру жұмысын да жүйелі жүргізуде. Соның ішінде мемлекеттік телеарналар бойынша үлкен шаралар жүзеге асып, телеөнімдердің сапасы артты. Атап айтқанда, «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» телеарналары «Kazakh TV» атауымен біріктірілді. «Бүгінде отандық телеарна контенті шетелдік стандарттарға сай дамып жатыр», – деп атап өтті министр.
Форматы өзгеріп, жаңа арнаға айналған «Хабар 24», бүгінгі күні маңызды ақпараттарды қалың көрерменге жедел әрі сапалы жеткізуде. Сонымен бірге, министр «Қазақстан» арнасын да маңызды ақпараттарды тарататын талдау форматындағы телеарна деп атады.
«Наурыз айында отандық сериалдарды көрсететін «Еларна» жаңа арнасы іске қосылды. Бүгінгі таңда отандық сериалдарға қызығушылық артуда, – деді министр Д.Абаев. – HD форматындағы телевизияны дамыту мәселелері қарастырылып жатыр. Шалғай аудандардағы цифрлық телевизия мәселелері қолға алынып жатыр».
«Аналогтық хабар таратудан біртіндеп цифрлық хабар таратуға көшу жұмысы белсенді жүргізілуде. Шалғай аудандар тұрғындарының сапасы төмен 3-4 арнаға ғана қолы жетімді болған кездер бүгінгі күні артта қалды. Қазір халықтың цифрлық телевизиямен жалпы қамтылуы 77 процентке дейін жетті. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында цифрлық эфир таратуды енгізу процесі аяқталды. Қалған облыстарда бұл жұмысты 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз», – деді ол.
Министр өз сөзінде отандық спутниктік телевизия абоненттерінің саны 1 млн. 300 мыңға жақындағанын атап өтті. «Бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, қазір көрермендеріміз отандық спутниктік теле­визияға басымдық беріп отырғандығын сеніммен айтуға болады», – деді Дәурен Абаев.
Бүгінде аталған аудандар 77%-ға цифрлық телевизиямен қамтылды. Отандық спутниктік телевизияға басымдық беріліп отыр.
«Телеарналарымызға халықтың қызығу­шылығы бұрынғыдан қарағанда арта түсуде. Өткен жылы «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді, олардың арасында «Әке», «Анаға іңкәр жүрек», «Ақылдың кілті» сияқты сәтті жобалар бар. Бірқатар отандық сериалды көрші мемлекеттер де тамашалауда. Биылғы жылдан бастап «Отау ТВ» спутниктік оператордың пакетінде «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары НD форматында көрсете бастады», – деді Дәурен Абаев.
Баспасөз саласында «Егемен Қазақстан» мен «Казправда» газеттерінің форматы түрленіп, түрлі-түске көшірілді, – деп атап өтті министр өз есебінде. – 2020 жылға дейін ұялы байланыс пен интернетке қол жетімділік мәселелерін қолға алу жүзеге асырылуда. 1900 ауылдық мекен жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі деп күтілуде».
Министр азаматтарға арналған үкімет қызметінің қолжетімділігі туралы мәселеге байланысты шалғай аудандарда Қазпоштамен бірлескен 70 мобильді қызмет жобалары іске асырылып жатқандығын атап өтті.
Дәурен Абаев өз есебінде қазіргі таңдағы БАҚ-тағы үлкен мәселе – сенсациялық жаңа­лықтардың порталдар мен электронды ресурстарда көптеп көрініс тауып отырғандығын айтты. Электронды БАҚ өз рейтингісін жоғары ұстау үшін қайғылы жағдайға ұшыраған, зардап шеккен, зорлыққа душар болған адамдар, балалар туралы жеке ақпараттарды жариялайды. Осы орайда моральдік құндылықтар ұмытылатынын атап өтті. Сонымен бірге, қазіргі ғаламтордағы ақпаратты сұрыптау мен іріктеу мәселелеріне де тоқталып өтті. Балалардың психологиясына әсер ететін ақпараттардан, зиянды сайттар мен ресурстардан қорғау жүзеге асырылуы тиіс екендігін жеткізді. Қазақстанның әртүрлі облыстарындағы бас­пасөз өкілдері тарапынан қойылған сұрақ­тарды Д.Абаев мұқият тыңдап, толық жауап берді.
Журналистерге баспана мәселесінің берілуі туралы сұраққа бүгінгі таңда журналистердің көпшілігі жеке меншік ұйымдарда қызмет ететінін, осы орайда олар өз-өздерін қам­тамасыз ете алатындай дәрежеде екендігін айтты. Осыған қарамастан баспана мәселесі қарастырылатынын жеткізді. Министрлік тарапынан БАҚ реформалары, БАҚ туралы заңға өзгерістер келесі жылдан бастап енгі­зілетінін, онда журналистерді қорғау, олар­дың құқықтары мен деректі алудың жолдары қарастырылып, қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір(4)

  • Мира
    27.06.2017 at 10:48 am

    Отандық телебағдарламалардың сапасы жақсарып келеді. Отандық сериалдар да көрермендерге жол тартты. Шетелдік бағдарламалар мен сериалдардан мезі болдық қой. Сондықтан өз бағдарламаларымызды қуана тамашалаймыз.

  • Елжан
    27.06.2017 at 10:49 am

    Расында да, телеөнімдер сапасының артқандығы бірден байқалады.

  • Сәлима
    27.06.2017 at 11:07 am

    Министр мырза өте дұрыс айтқан екен. Пікірімен толық келісемін. Қазір ғаламтор сайттарын немесе теледидарды ашсаң болды, қорқынышты жаңалықтарды көріп, шошисың. Өлім-жітім, өрт, апаттар…. Осының барлығын оқып, жүйкеміз тозады, тіпті күйзеліске де ұшыраймыз десем болады. Қашанғы сенсация қууға болады? Біздің бала кезімізде мұндай сұмдық жаңалықтарды мүлдем естімейтінбіз де, білмейтінбіз. Осы мәселеге көңіл бөлінгендігі жақсы болды.

  • Рүстем
    27.06.2017 at 11:10 am

    Отандық телеарналарға қызығушылығымыз шынымен де артуда. Өйткені ізденіс, тың жаңалықтар, қазақ тіліне берілген басымдық, артқан сапа, осының барлығы көрерменді қаратуда.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру