Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Заман талабы – жаңа экономика

15-16 маусымда «Астана ЭКСПО – 2017» көрме кешеніндегі Конгресс-орталықта Х Астана экономикалық форумы өтті. «Жаңа энергия – жаңа экономика» тақырыбына арналған мерейтойлық форумның пленарлық отырысына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Арқа төсінде Нобель сыйлығының лауреаттары, халықаралық ұйымдар мен банктер басшылары, саяси қайраткерлер, ірі бизнес өкілдері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар бас қосқан алқалы жиынның күн тәртібіне жаһандық сауда және инфрақұрылым, экономикалық өсім, инновациялар мен жасыл экономика мәселелері арқау болды.
Әлемдік экономика қазір өзгеріс үстінде. Ұшқыр уақытқа сай қоғам, технологиялар, әлеуметтік қатынастар өзгеруде. Төрткүл дүние экономикалық өсімнің жаңа жолдарын, өзге елдермен, ірі және өңірлік одақтармен арадағы өзара іс-қимыл мен әріптестіктің жаңа стратегиясын қарастыруда.
Осы ретте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумы он жылда ашық пікірталасқа арналған маңызды халықаралық алаң ретінде танылғандығын атап өтті. Форумның биылғы «Жаңа энергия – жаңа экономика» тақырыбы ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесімен үндес болып отырғандығына назар аударды. ЭКСПО – 2017 көрмесінде болашақ энергиясына арналған әлемдегі үздік ғылыми инженерлік жетістіктерді көруге болады.

Жүзден астам ел мен халықаралық ұйымдар, ірі корпорациялар өздерінің баламалы энергетика мен жасыл технологиялар саласындағы озық үлгілері мен тәжірибелерін алып келді.
Елбасы мерейтойлық Астана экономикалық форумы тарихи бетбұрысты кезеңде өткізіліп отырғанын айтты. Осыдан бір апта бұрын Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Үндістан мен Пәкістан елдеріне ұйым мүшесі мәртебесі берілген болатын.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістан кірген соң 3 миллиард адамды қамтитын нарығы бар жаңа жаһандық ойыншы пайда болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерін Ұлы Жібек жолын жаңғырту бағдарламасымен қамту жаңа экономикалық субөңірді қалыптастырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Шанхай ынтымақтастық ұйымы «бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі» саналатынын, ал бейбітшілікті сақтаудың ең мықты құралы – инклюзивтік даму екенін атап өтті. Бүгінгі форум осы инклюзивтік және орнықты даму мәселесіне арналған, – деді Қазақстан Президенті.


Қазіргі таңда әлемдік энергия өндірісінде жаңғыртылатын қуат үлесі 24 пайызға жетіп отыр. Ал 2040 жылға қарай оның үлесі 40 пайызға жетеді деген болжам бар. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы қазіргі заманның теңдессіз жылдамдықпен өзгеріп, экономикалық өсу мен өмір салтымыздың табиғатын түбегейлі қайта түрлендіретін тың жаңалықтар мен ғылыми-техникалық шешімдер дәуірінің келе жатқанына назар аударды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық саясат қоршаған ортаның ластануының шекті деңгейге жетуі және жаһандық энергия тұтынудағы теңсіздіктің артуы сияқты бүгінгі сын-тегеуріндерге толық жауап бере алмайтынын айтты. Біріншіден, тоғыз жыл бұрын орын алған аса ауыр қаржы дағдарысының негізгі себептері әлі күнге дейін жойылған жоқ. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнен 2-3 есе асатын жаһандық қарыз өсімі қосылуда. Екіншіден, әлемдік экономиканың өсу қарқынының қалпына келуі баяу. Үшіншіден, жаһандық саудада кері үдеріс байқалады. Былтыр сауданың әлемдік өсімінің қарқыны соңғы 8 жыл ішіндегі ең төменгі деңгейді көрсетті. Төртіншіден, қоршаған ортаның ластануы шекті көрсеткіштеріне жеткен. БҰҰ деректері бойынша, егер парниктік газдар проблемасы шешілмесе, әлемдік экономика 12 трлн долларға дейін немесе әлемдік ІЖӨ-нің 16 пайызын жоғалтады. Бесіншіден, жаһандық энергия тұтынуда теңгерімсіздіктер өсіп келеді. Мұндай теңгерімсіздіктер жаһандық және өңірлік ауқымдағы теріс үдерістердің себебіне айналады. Мысалы, көші-қон ағымдарының едәуір өсуі. «Біз бүгін осы мәселелердің барлығын дөңгелек үстел барысында қонақтармен бірге талқыладық, олар өздерінің терең ойлары мен ұсыныстарын білдірді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің қордаланып қалған проблемаларды көбейтпей, қайта оларды шешуге септігін тигізуі маңызды екенін атап өтті.
– Әлемдік қоғамдастыққа жаңа экономикалық модельге кезең-кезеңмен көшу қажет. Ол таза энергетикаға, күш-жігерді жұмылдыруға және бүкіл әлемнің мүддесін ескеретін ұжымдық жауапкершілікке негізделуге тиіс, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканы дамытудың маңызды аспектілеріне қатысты өз ойларын да ортаға салды.
Біріншіден, ішкі жалпы өнімді есептеуді қайта қарастыру қажет. «Бүгінде елдің байлығы мен оның азаматтарының әл-ауқатын өлшейтін көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдісін әзірлеу мәселесін халықаралық күнтәртібіне шығару қажет. Барлығымыз жиі қолданатын ІЖӨ индикаторының бірқатар кемшілігі бар. Ол табиғи ресурстардың түгесуін қоса алғанда қоршаған ортаға тиетін зиянды ескермейді. Белгілі бір мемлекеттің өмір сапасын көрсетпейді. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім азаматтардың шынайы әл-ауқатын көрсете алмайды, халықтың кірісі бойынша жіктелуін ескермейді», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, дәстүрлі ішкі жалпы өнім экономикалық гүлдену туралы жалған түсінік қалыптастырады. «Жасыл» ІЖӨ және Адами даму индексі, ЭЫДҰ үздік өмір индексі сынды индекстердің базасында әлемдік қоғамдастық ІЖӨ-ні есептеудің жаңартылған әдістемесін қабылдай алар еді. Ол елдердің теңгерімді дамуы қажеттілігін нақты көрсетуі тиіс», – деді Елбасы.
Әлемдік экономиканы дамытудың маңызды аспектілеріне қатысты ортаға түскен ойдың енді бір орамы – халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесі. Мемлекет басшысы осы ретте әлемдік қаржы архитектурасын трансформациялау қажеттілігі туғандығын айта келіп, «халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін байыппен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан арылуға, сауда қарым-қатынастарында қателіктерге ұрынбауға, нарықтағы құбылмалықты төмендетуге мүмкіндік береді», – деді.
Валюта эмиссиясы тұтынушыға бағыныңқы, қарапайым және транспарентті болуы тиіс. «Блокчейн» сынды технологиялардың дамуы мен цифрландырылуды ескере отырып, криптовалюта түріндегі есептік бірлікті құруға да болады. Яғни ол абстрактілі сенімді тірек етпеуі тиіс. Керісінше, нақты активтерді қамтамасыз етуі қажет. Бұл валюта бүкіл әлемдегі қолданушылар тарапынан қабылдануы керек. Сондықтан бұл іске тек қана G20 емес, одан да көп мемлекеттер қатысуы үшін Қазақстан G-Global-ды ұсынған болатын. Елбасы жаһандық валютаны Орталық банктердің пулін құру жолымен, мәселен, БҰҰ-ның арнайы құрылған комитеті жанынан, енгізуге болатындығын атап өтті. Онда барлық елдің теңқұқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы экономикалық өсім таза энергетиканы дамытуға және экологияны сақтауға негізделуге тиіс екеніне назар аударып, Париж келісімін жалпыға бірдей орындаудың маңыздылығына тоқталды. «Париж келісімін бар­лығы бірдей орындау маңызды. Ха­лықаралық агенттіктердің баға­ла­уынша, оның мақсатына қол жеткізу жаһандық жылынуды баяулатып қана қоймай, әлемдік экономиканың 20 трлн долларға немесе 27 процентке өсуіне мүмкіндік береді. Миллиондаған жаңа жұмыс орындары құрылады», – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Қазақстан Республикасы Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінің ішінде ең бірінші болып парникті газдар шығарындыларын квотамен сату жүйесін енгізгендігін баса айтты. «Біз сәйкесінше нормативтік құқықтық база әзірлеп қабылдадық және бұл саладағы тәжірибемен бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар осы елдердің кеңістігінде атмосфераға эмиссияларды есептеу бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құруды ұсынамыз. Біз эмиссиялар мен газдар бойынша ақпараттар әлемнің барлық елдері мен қалалары шегінде қолжетімді әрі тиісті деңгейде болуына ұмтылуымыз керек. Толықтай алғанда шикізаттық экономиканы мемлекеттік қолдаудан бас тартқан Ирландия үлгісімен дәстүрлі энергетиканы қолдаудан және субсидиялаудан арылуымыз қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жаңа өсім моделінің басты элементі – дамушы елдерді жеделдетілген тұрақты дамуға тарту болуы тиіс. Бүгінгі күні жаңа технологияларды әзірлеуші елдер авторлық құқықтармен және патенттермен қорғанып отыр. Бұл ғылыми және қаржылық ресурстары жеткіліксіз елдердің даму көшінің соңында қала беруіне түрткі болады. Елбасы атап өткендей, бұл мәселеде жасанды кедергілер болмауы тиіс.
Қазіргі әлемде бір жарым миллиард адам электр жарығынсыз, үш миллиардқа жуық адам су тапшылығы жағдайында өмір сүруде. «Мұндай жағдай жер бетіндегі жаппай көші-қонды одан әрі өршіте түседі. Сондықтан елдердің дербес дамуына және оларды жайлы өмір сүретін орынға айналдыру үшін жағдай жасау маңызды болмақ. Қазақстан кезең-кезеңімен тұрақты дамуға бағытталған реформалар жүргізуді жақтаушы болды және болып қала да береді. Біздің негізгі мақсатымыз – сапалы өсім, дамыған отыз елдің қатарына кіру», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында елімізде ауқымды жұмыс басталғанын және энергетика саласын жаңғыртуға байланысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты. Биыл IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан 15 сатыға көтеріліп, 32-орынға жайғасты. Ал, Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу жеңілдігі Doing business бойынша 35-орыннан көрінді, өсім 16 сатыны құрады. «Сыртқы қолайсыз факторларға қарамастан 2017 жылы еліміздің ІЖӨ өсімі 4 процент шегінде болады деп күтудеміз. 2015 жылдан бері экономика мен қоғам өмірінің маңызды бағыттары бойынша институционалды реформаларды қарастыратын «100 нақты қадам» ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Осы жылдың басынан бастап біз Қазақстанда үшінші жаңғыртуды іске қостық», – деді Елбасы.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қазақстанның одан ары дамуының басымдықтары қатарында экономиканың технологиялық жаңғыруын жеделдету, оны цифрландыру, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, адам капиталын дамыту барын атап өтті. Қазақстан он жыл бұрын ТМД елдері ішінде ең бірінші болып экологиялық кодекс қабылдады. 2012 жылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы заң күшіне енді. Сол жылы еліміз «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. 2013 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында ең алғашқы болып жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын қабылдады. Бүгінгі күні елімізде энергетикалық саланы жаңғырту толық қарқынмен жүргізілуде. Қазірдің өзінде жаңартылған энергия көзін өндіретін жиынтық қуаты 300 мВт тең елу кәсіпорын бар. Соңғы он жылдың ішінде табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру есебінен ауаны ластайтын заттар шығарындысы 13 процентке, ілеспе мұнай газының шығарындысы 70 процентке қысқарды.
Мерейтойлық форум отырысының модераторы, «JP Morgan Chaselnt» төрағасы Джейкоб Френкель тарапынан қойылған сұраққа орай Елбасы Қазақстан ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізуге не үшін шешім қабылдағанын, мамандандырылған көрменің маңыздылығын түсіндіріп берді. «Мен ЭКСПО – 2017 көрмесінің Қазақстан үшін маңызды имидждік жоба болғандығын ашық айтқым келеді. Көрменің ашылу салтанатына 17 мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Оның жұмысына көптеген корпорациялар қатысуда. 115 ел мен 22 халықаралық ұйым осы көрмедегі павильондарға өздерінің бірегей инновациялық жобаларын алып келді. Қазақстандық көрмеде жинақталған әлемдік инновациялық ойлар күндердің күнінде Қазақстанның дамуына қызмет етуі керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


ЭКСПО көрме кешенінің алғаш­қы іргетасы 2014 жылы қаланды. Үш жыл ішінде 200 га қамтитын аумақта құрылыс жұмыстары жүргізілді. Көрме кешені нысандары болашақта халық игілігіне жұмыс жасайтын болады. Елбасы атап өткендей, көрме аяқталғаннан кейін ол жерде елімізде құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын жалғастырады. Дәл осы жерде жасыл энергетика мен технологиялар бағытындағы жұмыстар шоғырландырылады. Қазақстандық павильон болашақ музейі ретінде сақталып қалады. Онда жасыл энергетикаға қатысты жаңа технологиялар көрсетіледі. ЭКСПО көрмесі құрылысына бөлінген бюджеттік және демеушілік қаражат отандық бизнесті қолдауға бағытталған. «Мемлекет халықаралық көрме құрылысына 1,3 млрд доллар қаражат жұмсады. Олардың арасында демеушілер мен жеке инвесторлардың қаражаты да бар. Бұл қаражаттың барлығын қазақ­стандық компаниялар игерді», – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Президент еліміз­де БҰҰ қолдауымен «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көр­ме­сінің негізінде Жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрыла­тындығын атап өтті. Орталық толығымен «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасына сәйкес қызмет ететін болады. АХҚО мен Жасыл технологиялар орталығының бірлескен қызметі біздің субөңірімізде экологиялық таза бизнес пен қаржының дамуына түрткі болмақ.
Болашақта Жер шарының эко­ло­гиялық тұрғыдан таза болуы үшін ядролық қарусыз әлем тұжырым­дамасының да маңызы зор. Сөзін еліміздің осы тұрғыдағы бастамаларымен түйіндей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күресте көшбасшы болып саналады. Біз – ядролық сынақ полигонын жойған және қуатты ядролық зымыран арсеналынан ерікті түрде бас тартқан ең алғашқы әрі бірден-бір елміз. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз және баршаңызды осы күресте бізді қолдауға шақырамыз. Сол арқылы біз жаһандық ынтымақтастық пен бейбітшілік ісіне адал екенімізді тағы бір мәрте дәлелдей аламыз», – деді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Сәуле
    27.06.2017 at 5:03 pm

    ЭКСПО көрмесінен соң экономикамыз одан әрі қарыштап дамиды деп үміттенеміз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру