Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Тіршілік тіні – денсаулық

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Денсаулық – зор байлық» дейді халық даналығы. Халықтың сау-саламаттығының, кінаратсыз тұр­мыс салты орнығуының экономика үшін де маңызы орасан. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты тарихи құжатында денсаулықты мемлекет дамуының маңызды факторы ретінде айқындап, сондай-ақ жеке адамның денсаулығы үшін мемлекеттің, жұмыс беруші мен оның өзінің ортақ жауапкершілігін нақтылады, денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі қағидатын белгілеп берді. Ел болашағы үшін маңызды мәні бар осынау түйінді тұжырымдар алдымыздағы жексенбіде атап өтілетін медицина қызметкерлері кәсіби күнінің өзекті тақырыптарының бірі болмақшы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша адамның саулығы медицина жүйесіне небәрі 10 пайыз тәуелді екен. Ал, 50 пайызы өмір сүру сапасына, денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне, өмір салтына тікелей байланысты. Бұл үшін қоғам да, жеке адам да бір кісідей жұмылып, күш-жігерлерін біріктірулері қажет. Мақсат – тән мен рухты сауықтыру. Әлемнің дамыған елдері бұл орайда өздерінің ұлттық жоба-жоспарларын жасап, дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Қазақстан да осынау дүбірлі додадан тыс қалып отырған жоқ. Адамның тұрмыстық ахуалы мен ортасын жақсарту мақсатымен елімізде халықаралық және отандық озық тәжірибеге негізделетін ұзақ мерзімді денсаулық сақтау жобасы – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Мембағдарлама салада қордаланып қалған мәселелерді шешуге, сондай-ақ оны 2050 жылға дейінгі жоспарлы да қарышты дамытуға бағытталған. Қол жеткізген жетістіктерді сараптап, кемшіліктерге көз жіберу үшін жуырда Халықаралық Қайта құру және Даму Банкінің сарапшылары осы мембағдарламаны жүзеге асыру нәтижелері жөніндегі есепті жариялады. Оған сәйкес негізгі 6 бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгені атап өтілді. Атап айтқанда, профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерт­теулерді күшейту, әлеуметтік маңызды аурулар мен жарақаттарды айқындауды, емдеу мен оңалтуды жетілдіру өте сәтті, ал қоғамдық денсаулықты қорғау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру айтарлық­тай сәтті, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру өте сәтті, медициналық, фармацевтикалық білім беруді жетілдіру; медицинадағы инновациялық технологияларды дамыту және енгізу сәтті, дәрі-дәрмектердің халық үшін қолжетімді болуы мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыруды жақсарту сәтті орындалған.
«Саламатты Қазақстан» мембағдарламасын іске асыру салаға түбірінен жаңа өзара қарым-қатынастар ендіруге мүмкіндік берді. Медициналық қызметтің жеке секторының үлесі 24 пайызға дейін ұлғайды, жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде стационарды еркін таңдауды пайдаланған азаматтар саны 2,3 есе артып, орташа алғанда жылына 800 мың адамға жетті. Нәтижесінде төсек қорының 14 мыңнан астам бірлігі қысқартылып, қайта бейінделді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек әсіресе кардиохирургияда, интервенциялық араласулар мен трансплантологияда қол жетімді болды, бұл медициналық көмек көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік берді. Аурудың 11 түрі бойынша Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізіліп, бағдарлама іске асырылған сәттен бастап 102 миллионнан астам скринингтік зерттеулер жүргізілген, атап айтқанда жылына 12,7 миллионнан астам адамды қамтыған 25 миллионнан асатын бақылау жасалған. Салада кәсіби ме­неджментті ендіру және мемлекеттік медицина­лық қызмет берушілердің дербестігін арттыру жөніндегі іс-шаралар басталған, кейінгі 3 жылда шамамен 7 мыңдай менеджер білімін жетілдіріп, 70 пайыздай медициналық ұйым шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын мәртебесін алған, медициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету тетіктері жасалған, ішкі аудит, сыртқы бақылау, аккредиттеу; медициналық көмекке ақы төлеудің халықаралық қағидалары, яғни клиникалық-шығындық топтар, кешенді жанбасылық норматив, жаһандық бюджет енгізілген, медицина қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің сараланған жүйесі ендіріліп, орташа жалақы 2,4 есе көтерілген, амбулаториялық-емханалық буынды кезең-кезеңмен күшейту басталып, ең төменгі кешенді жанбасылық норматив енгізілген, көліктік медицина дамыған, яғни республикада жыл сайын 300 мыңнан астам науқасты тексеріп-қарайтын 49 жылжымалы ұтқыр кешен, 200 мыңнан аса адамды қамтитын 3 медициналық пойыз және жыл сайын ел ішінде де, оның шекарасынан тысқары да әуеге 1000-ға жуық рет көтерілетін санитарлық авиация жұмыс істеген.
Мембағдарламаны іске асыру барысында респуб­ликадағы халық саны 17 417,5 мың адамға дейін ұлғайған, күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 2010 жылғы деңгейден (68,41 жас) 2,04 пайызға өсіп, 70,45 жасты құраған; халықтың жалпы өлім-жітімі 2010 жылғы деңгейден 11,7 пайызға төмендеген; туу көрсеткіші 10 пайызға артқан, ана өлім-жітімінің көрсеткіші шамамен 2 есеге азайып, сәби өлім-жітімінің көрсеткіші 40 пайызға төмендеген. Мұны отандық медицина қыз­меткерлерінің ауыз толтырып айтататын жетіс­тік­тері деп нық сеніммен айтуға болады.


Оқи отырыңыз

Пікір(3)

  • Айна
    27.06.2017 at 11:14 am

    Скринингтік тексерулер жиі әрі ретімен жүргізіле бастады. Қатерлі ісіктің алдын-алу болуынша іс-шаралар легімен жүргізілуде.

  • Медет
    27.06.2017 at 11:17 am

    Скринигтік тексерулер көптеген адамның өмірін өлімнен арашалап қалды десек те болады. Өйткені скринигтік бақылау қатерлі дерт әлі белгі бермей тұрғанда, яғни бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.

  • Арнұр
    28.06.2017 at 3:42 pm

    “Денсаулық – зор байлық” деп бекер айтылмаған ғой. Әр мемлекет халық денсаулығына басты мән беруі керек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру