Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

ӘЛЕМ НАЗАРЫ – АСТАНАДА

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы күні салтанатты жағдайда ашылды. Шараның ашылу салтанатында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шын мәнінде Қазақстан үшін БҰҰ баламасы жоқ бірегей ұйым екендігін, сондықтан Қазақстанның БҰҰ-мен бұдан ары ынтымақтастығын дамыту үшін бар күш-жігерді жұмсайтындығын атап өтті. 

Келесі кезекте сөз алған БҰҰ-ның ЭКСПО-2017 көрмесіндегі бас комиссары Джихан Султаноглу ЭКСПО-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі қазіргі күш-жігерге тың серпін беретіндігін тілге тиек етті.
ҚР Ұлттық музейінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы уақытқа дейін Сұлтан Бейбарыс туралы көркем фильм түсіріліп, бірнеше қойылымдар қойылғандығын, бірақ Сұлтанның қолы тиген, өз қолтаңбасын қалдырған ерекше жәдігерлері елімізге бірінші рет әкелінгендігін, бұл баршамыз үшін үлкен жетістік екендігін баса айтты. Араб Республикасы Египет Көне істер министрлігінің Ислам секторының төрағасы Альсаид Хелми Еззат Мари Бейбарыс сұлтанның мөрі іспеттес арыстан таңбасы бар эмблемасын ерекше атап өтті. Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Египеттегі Каир қаласының Ислам өнері музейі жинағынан жәдігерлер қойылды.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Елордада Алматы облысының мәдениет күндері өтеді. Көрме қонақтары мен қала тұрғындары алдағы айда Жетісудан келген өнерпаздардың өнерін тамашалай алады. Қазақстан орталық концерттік залында шараның салтанатты ашылу рәсімі шымылдығын түреді. Бұл күні Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы мен «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қаты­суымен ауқымды концерт болады. Аталған ұжым Жастар сарайында «Жетісу – ән-жырдың ордасы» атты дәстүрлі әндер концертін, «Талды арулар» Алтынай мемлекеттік халық би ансамблінің концертін, «Ауылың сенің іргелі» атты театрландырылған көрінісі мен дәстүрлі концертін халық назарына ұсынады. Бұдан басқа ЭКСПО алаңындағы Амфитеатрда «Жерұйық – жасыл бауларым» атты концерт ұйымдастырылып, Астанадағы Алматы облысының мәдениет күндері өз мәресіне жетеді.
ЭКСПО-2017 көрмесінің келушілеріне Б.Римова атындағы драма театрының да базарлығы бар. Мәдениет күндері аясында ұжым өз репертуарын тамашалауға шақырады. «Қуыршақ» театры сахнасында «Құстар фестивалі» ертегісі сахналанады. Астаналықтар мен қала қонақтары «Жастар» театрының сахнасында облыстық театрдың тырнақалды қойылымдарының бір парасы «Ромео мен Джульетта» трагедиясын, «Ең жақсы еркек» комедиясын, «Ілияс» деректі драмасын тамашалай алады.
Астана қаласы Ұлттық-әскери музейінде М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарих беттерінен» көрмесі өтеді. Көрмеге Алматы облысынан арнайы әкелінген тарихи ерекше экспонаттар қойылады. Келушілер ғалым-саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың қолданған заттарымен осы көрме арқылы таныса алады. Дәл осы ҚР Қа­ру­­лы күштерінің ұлттық әс­кери-тарихи музейінде «Ата-баба аңсаған мәңгілік ел» атты көр­кем­сурет көрмесі де өтеді. Ұйымдастырушы – Алматы облыстық «Көркемөнер» галереясы» Көрмеге галереяның негізгі қорындағы бұған дейін көркемөнертанушылардың жоғары бағасын алған жергілікті суретшілердің туындылары қойылады. Сондай-ақ, Алматы облыстық «Ұста Дәркембай» атындағы қолөнер музейінің тартуы өтеді деп жоспарлануда. «Шығыс базары» Этноауылында көрме өткізеді. Қолөнер шеберлерінің металдан, теріден, ағаштан жасалған бұйымдары қонақтардың назарына ұсынылады. Қолөнер музейі қызметкерлері зергерлік пен қыш өнерінің қыр-сырына қанық болып, киіз басу, тоқыма өнерлерінен шеберлік кластарын көруге шақырады.
ЭКСПО-2017 маманданды­рылған халықаралық көрмесі аясында «Хайгер квазар» қазақстандық тұңғыш электробус қатынай бастады. Экскурсиялық электрлі автобус жолаушыларды тегін тасымалдайтын болады. Жоба Астана қаласының әкімдігі мен «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қорының қолдауымен жүзеге асты. «Хайгер квазар» электр автобусының бірегей техникалық ерекшеліктері бар: батареясы небәрі 8 минут қуатталатынына қарамастан 70 шақырымнан астам жол жүре алады. Электробус көлік құралының техникалық жағдайын шынайы уақытта қадағалап, оны басқарып отыратын тетіктермен жабдықталған. Сонымен қатар жоғары қауіпсіздік жүйесі де қарастырылған: оның батареяларына жанбайтын электролит қолданылды, сонымен қатар электр қозғалтқышты тежеу инновациялық жүйесі орналасқан. Электробустың тағы бір артықшылығы, ол жоғары климаттық жағдайға бейімделген: жаңа көлік түрі минус 40С-қа дейінгі температураға төзімді болып отыр.
Нұрлы жол желекжолында өткен жылы ЭКСПО аумағында қираған көпір сынықтарынан жасалған мүсін тұрғызылды. Темірболат атты мүсінді жасауға бес адам атса­лысқан, олар – Бейбіт Әсемқұл, Әйгерім Жұмағалиева, Наталья Лигай, Гүлмарал Тәтібаева және Әлия Қаныбекова. Олар бір орында тоқтап қалмай, жаңғыртылған жаңа Астананы құруға кетіп бара жатқан темір адамның образын көрсеткісі келген болатын.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Дастан
    27.06.2017 at 10:58 am

    ЭКСПО қалай өтеді екен деп уайымдап едік, қуанышымызға орай, жақсы ұйымдастырылуда. Шетелдік қонақтар тарапынан айтылып жатқан жақсы пікірлер, жағымды ойлар көп.

  • Жомарт
    27.06.2017 at 11:03 am

    ЭКСПО көрмесі дүркіреп өттуде деп айтса да болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру