Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Көрнекті ғалым – ҒАБДОЛЛА ШОЛАНОВ

Биылғы жылы Республикамыздың ұлттық экономикалық ғылымы мен өндіргіш күштерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан көрнекті экономист-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабдолла Шолановтың туғанына 110 жыл толады. Оның патри­оттық және азаматтық өмір жолы, заманауи экономикамызды қалыптастыру үшін қиын-қыстау кезеңдерде белсенді күресуі – ел мүддесіне қызмет етудің, оның индустриалдық және ғылыми әлеуетін бекіндірудің жоғары үлгісі.
Қазақ КСР Ғылым академиясы­ның коррес­­пондент-мүшесі Ғабдолла Шолан­ұлы Шоланов 1907 жылдың қазан айын­да Батыс Қазақстан облысы қазіргі Жанғалы ауданының бұрынғы Қарасамар болысында дүниеге келген.

1926 жылы Гурьевтегі совет-партия мектебінің курсын бітіргеннен кейін Жастар одағының Гурьев уездік комитеті оны Қызылқоға ауылындағы болыстық комитеттің қарамағына комитет хатшысы қызметіне жібереді. Бұл лауазымда Ғабдолла шаруалар арасында жаңа өмірдің жаршысы ретінде танылып, шешуші дауыспен Шаруалар қоғамының 3-ші Гурьевтік уездік съезіне делегат болып сайланады. 1927 жылы Қазақ республикасының Оқу министрлігі оған Омбыдағы рабфакқа оқуға жолдама беріп, Ғабдолла рабфак студент жастар арасында белсенді қоғамдық ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Омбының түрлі оқу орындарында оқып жүрген қазақ студенттері Ғ.Шолановты Омбылық қазақ жерлестігі бюросының төрағасы етіп сайлайды. Осы жылдары ол жас қазақ интеллигенциясының өкілдері С.Мұқанов, Ғ.Бұзырбаев, Ғ.Мұстафин, А.Шалабаев, Ш.Шөкин және басқаларымен тығыз достық және қоғами, мүдделік байланыста болды. Бұл азаматтар бәрі де кейін республикамыздың танымал қайраткерлері болғаны әмбеге аян.
Елімізді индустрияландыру кезеңінде жұмыс­шы табының ұлттық кадрлары мен өндіріс­тік-техникалық интеллигенциясын даярлау мәселесі жедел шешуді талап етті. 1930 жылы ВКП(б)-ның Омбы қалалық комитеті осыған байланысты Қазақстанның барлық өңірлерінен келіп оқып жүрген Омбы педагогикалық техникумына Ғ.Шолановты басшы етіп жібереді. Техникумның директоры бола жүріп, ол Батыс Сібір өлкесі бойынша рабфактармен педагогикалық техникумдарда көптеген маңызды ұйымдастыру жұмыстарына басшылық етті.
1933 жылдан 1938 жылға дейін Ғ.Ш.Шоланов алдымен Новосибирск, одан соң Қазақ Марксизм-ленинизм университеттерін үздік оқып бітіргеннен кейін партия және шаруашылық құрылымдарындағы жауапты қызметтерге жібе­ріледі. Еліміздегі индустрияландыру мен коллек­тив­тендіру кезеңінде Ғ.Ш.Шолановты ВКП(б) Балқаш қалалық комитетінің екінші хатшысы, одан соң Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы етіп сайлайды. Белсенді, өмірлік ұстанымы, ашық мінезділігі және іскерлігімен халықтың үлкен сеніміне ие болып, 1938 жылы Қарағанды облысының Вишнев сайлау округінен Ғ.Ш.Шоланов Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Мемлекеттік және жергілікті өкімет органдарымен бірлесе отырып, ол аймақтық және республикалық маңызы бар проб­лемаларды Жоғарғы Кеңес мәжілістерінде талқыланатын дәрежеге жеткізеді. Мысалы, Қазақ­станның көмір ресустары, атап айтқанда Қарағанды көмір бассейні, КСРО-ның шығысында көмір металлургия базасын жасауда маңызды рөл атқаратын болды.
1939 жылы Ғ.Шоланов Мемлекеттік Жоспарлау комитеті (Госплан) төрағасының бірінші орынбасары, ал 1940 жылдың 28 қарашасынан бастап 33 жасында төрағасы болып тағайындалады. Осы кезеңде республикада жаңа өнеркәсіп орындарының құрылысы қарқын алып, химиялық өнеркәсіптің негізі қаланды. 1939 жылы Ақтөбе химиялық комбинаты мен Шымкент химия-фосфор зауыты іске қосылды. Қаратаудағы бай фосфорит кендерін игеруге дайындық басталды. Республикамызда көмір өнеркәсібі дамып, оның 90 пайызы 1940 жылы Қарағанды бассейнінің еншісіне тиді. Осылайша Қарағанды бассейні көмір өндіруден одақта Донбасспен Кузбасстан кейін үшінші орынға шығып еді. Жеңіл және тамақ өнеркәсіптері де үдере дамып, Гурьев балық консерві, Алматы жеміс-көкөніс комбинаттары, т.б. өнеркәсіп орындары іске қосылды. Сібірді Орта Азиямен жалғастыратын Түркістан-Сібір темір жолы, Трансқазақстан магистралінің негізгі учаскелері пайдалануға берілді. Негізінде бұл Орталық Қазақстанның табиғи байлықтарын игерудегі шешуші қадам еді.
1941 жылдың 23 наурызында №231 Қостанай сайлау округі бойынша Ғ.Ш.Шоланов КСРО Ұлттар Кеңесіне депутат болып сайланды. Ол кезде мемлекеттік биліктің жоғарғы органы тең құқылы Одақ Кеңесі мен Ұлттар Кеңесінен құралатын.
Ұлы Отан соғысының басталуы республиканың халық шаруашылығын әскери тәртіпке көшіруді және қысқа мерзімде экономиканы жаңаша ұйым­дастыруды талап етті. Партияның Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі (Совнарком) 1941 жылдың 29 маусымында партия және кеңес ұйымдарына тыл жұмыстарын жедел әскери тәртіпке бағындырып қайта құру және совет халқының барлық күш-жігерін майданды үздіксіз қару-жарақпен, киім-кешекпен және азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмылдыру жөнінде директивалық хат жолдады.
Ұлы Отан соғысының қиын да қасіретті жылдары әскери экономиканы құруда, әскери-шаруашылық жоспарларды жасауда Ғ.Ш.Шоланов өзін мемлекет деңгейіндегі талантты ірі ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Аз уақыттың ішінде ол мейлінше ысылған және белсенді адамдардан жұмысты жандандыра алатын ұжым құрып, Жоспарлау комитетінің соғыс талаптарына сай атқаратын қызметін қайта құрды. Майдан мұқтаждарын басшылыққа ала отырып, Комитет батыстан көшіріліп келген кәсіпорындар, цехтар мен өндіріс орындарын тек орналастырып қоймай, оларды тезірек іске қосып, майданға қажетті шикізат ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерімен шұғылданды. Одақ шаруашылығының құрамды бөлігі ретінде Қазақстан экономикасын әскери тәртіпке көшіру соғыстың бірінші күндері басталып, бірнеше айдың ішінде жүзеге асырылды. Жоспарлау комитетінің жұмысын бұлайша қайта құрудың өзегі өнеркәсіптің азаматтық өнімдерін қорғаныс және тез өсіп келе жатқан әскери шаруашылыққа бағыттау еді. Аз уақытта жүздеген және мыңдаған кәсіпорындар бейбіт өнімнен жаппай әскери өнімге көшті. Соғыстың алғашқы айларынан-ақ майдан мұқтаждықтарын қанағаттандыруда тек ірі кәсіпорындар емес, шағындары да аянбай жұмыс істеді. Экономиканы әскери жағдайға көшірудің нәтижесінде Қазақстан ірі соғыс арсеналдарының біріне айналды. Әскери өнімдермен қатар жергілікті шикізат ресурстарын үнемді пайдалана отырып, халық тұтынатын тауарлар өндіруді де жолға қоя білді.
Соғыстың осы ауыр жылдарында Ғ.Шоланов өзінің лауазымдық жұмысынан басқа республика аймақтарына барып, халықпен кездесуде болды, «Кеңес халқының герман фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысы» тақырыбына баяндамалар жасап, ел ішінде үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Республикамыздың еңбегі сіңген экономисі Ж.Әбутәліпов өзінің «Үлкен өмір жолының кезең­дері» («Этапы большого пути») атты кіта­бында Жоспарлау комитеті туралы айта келіп, Ғ.Шоланов «Әскери жоспарларды жасау мен оларды іске асыруға, Қазақстанды майданның сенімді тылына айналдыруға, тұтасқан ұжым құруға үлкен үлес қосты. Сол үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «1941-1945 жылдардағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды» деп жазды (99-бет).
Д.А.Қонаев соғыс жылдарындағы Қазақстанның экономикасын көтерудегі Ғ.Ш.Шолановтың рөлін бағалай келіп, өзінің «О моем времени» атты кітабында былай дейді: «Халық Комиссарлар Кеңесінде, одан соң Министерлер Кеңесінде біз өз әріптестерімізбен тату, бір жеңнен қол шығарып еңбек еттік, олардың арасында В.А.Белый, Ғ.Ш.Шоланов, И.Л.Буданцев, И.Т.Шәріпов, Н.А.Ерофеев, В.А.Шнырев, Ш.Б.Бөрібаев; министрлер А.Г.Шугайло, К.Е.Едігенов, В.К.Францишин, Д.А.Сырцов, У.У.Үркімбаев, А.Өтемісов т.б. болды» (73-бет).
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы­ның 1942 жылдың 28 қыркүйегіндегі жар­лығымен Ғ.Шоланов Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол бұл қызметті Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін атқарды. Күнделікті жұмысының ауырлығына қарамай, Ғ.Шоланов аймақтарға барып, Республиканың ішкі ресурстарымен майданды қамтамасыз ету қандай деңгейде екенін өз көзімен көріп, қадағалап отырды. Сонымен қатар комсомол, партия және мемлекет органдарында жауапты қызметтерде бола тұра қатардағы халықтың мұқтажын бір сәт те ұмытпады. Үкімет басшысының орынбасары және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кезінде де күнделікті жұмыс барысында, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да ол жергілікті мемлекеттік және партия органдарынан майдангерлер отбасыларының материалдық және мәдени-тұрмыстық қажеттерін қанағаттандыруды қатаң талап етті. Майдангерлер отбасыларының мүшелері мен соғыс мүгедектерін жұмысқа орналастыру, олардың жаңа мамандықтар игеруіне жәрдемдесу қажеттілігі туралы мәселе көтерді.
Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар советінде 1945 жылға бюджетті талқылау кезінде Ғ.Шоланов Қазақстан еңбекшілерінің майданға аянбай жан-жақты көмегін айта келіп, халықтың күнделікті ауыр тұрмысына қатысты республикада балалар үйлерін, оқу-өндіріс шеберханаларын және басқа да инфрақұрылымдарын салуға қаржы бөлу жөнінде мәселе қойды.
Соғыс жылдары маман жұмысшылардың көбі майданға кетіп, орнына мамандығы жоқ адам­дар­дың өнеркәсіп орындарына келуіне байланысты олардың кәсіби деңгейінің төмен екенін дәлелдеп, Ғ.Шоланов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті кадрлар бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары ретінде кадрлар даярлау мәселесіне үлкен көңіл бөлді. Өнеркәсіп салалары мен транспорттың қарқынды дами бастағанына байланысты жергілікті маман жұмысшы кадрларының және техникалық интеллигенцияның өсуіне, қазақ жастарының ФЗО мектептеріне, қолөнер учили­щелеріне түсуіне барынша көмек етті.
1945 жылдың шілде айында депутат Ғ.Шоланов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1946 жылы оның басшылығымен Жоғарғы Кеңестің 9-сессиясы болып, онда Қазақ ССР-ының халық шаруашылығын қалпына келтіру мен дамытудың 1946-1950 жылдарға арналған бесжылдық жоспары туралы заң қабылданды.
Қазақстан экономикасын қайта құру жүздеген кәсіпорындарды азаматтық өнім шығаруға бағыттаудан басталды. Осыған байланысты көптеген өндірістер профилін өзгертіп, зауыттар мен фабрикалар арасында жаңа өндірістік қарым-қатынастар орнату қажеттілігі туындады. Бейбіт құрылысқа өтуде тек азаматтық тауарлар өндірудің көлемін ұлғайту ғана емес, олардың ассортиментін кеңейту, жаңа сұранысты қанағаттандыру қажет еді. Мұның бәрі құрал-жабдықтарды машиналар мен механизмдерді жаңаша пайдаланып, оларға қосымша бөлшектер шығару, өндірістің технологиялық режимін өзгертуге алып келді.
Ғ.Шоланов Қазақстанда академиялық ғы­лымның даму бастауында тұрды. 1938 жылдың өзінде-ақ республикада еліміздің табиғи және техникалық потенциалын және халық шаруашылығының даму жолдарын жан-жақты және кеңірек зерттеу мақсатында КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филиалы құрылып, ол кейінірек дербес Қазақ КСР Ғылым академиясына айналды. 1940 жылдың 24 желтоқсанында Қазақстан академиялық ғылымы тарихында КСРО ҒА Президиумының бірінші Ғылыми кеңесі бекітілді. КСРО ҒА Қазақ филиалы Президиумы жанынан Ғылыми кеңес құрылып, оның құрамына Ғ.Бұзырбаевтың төрағалық етуімен Қ.И.Сәтбаев, С.Н.Павловский, И.Шәріпов, Ғ.Шоланов, т.б. көрнекті ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері кірді («Отандық тарих» журналы, №4, 2001 ж.). Соғыс кезіндегі жинақталған тәжірибе Ғ.Шоланов ғылыми кеңес құрамында істеген кезде республиканың халық шаруашылығының маңызды мәселелерін, соның ішінде қорғанысқа байланысты мәселелерді ғылыми негізде үйлестіруге мүмкіндік берді. Соңғы жылдары да практикалық қызметін республикада өнер­кәсіптің және бүкіл халық шаруашылығы кешені дамуының теориясы мен практикасына арнап, ғылыммен байланыстыра білді.
Ғабдолла Шоланұлы Шолановтың есімі Қазақстанда экономикалық ғылымның қалып­тасуы және дамуымен тығыз байланысты. 1948 жылы ол «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан өнеркәсібінің дамуы тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Осыдан соң академик Қ.И.Сәтбаевтың ұсынымен республикада академиялық ғылымның экономикалық бағытын қалыптастыру мақсатында Партияның Орталық Комитеті Ғ.Ш.Шолановты Ғылым академиясына жіберді. Ол Академия Президиумы жанынан жаңадан ұйымдастырылған экономика секторының меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл жылдары табиғи ресурстарды қарқынды игеруге байланысты экономикалық ғылымның алдына республика халық шаруа­шылығы дамуының өзекті мәселелерін шешудің жауапты міндеттері қойылды. Ғ.Ш.Шоланов­тың басшылығымен өндіргіш күштер мен оларды орналастыру, жоспарлау жөнінде эко­номика, өнеркәсіп пен оның салаларын зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1952 жылы эконо­микалық сектордың академиялық институт болып құрылуында Ғабдулла Шолановтың үлесі зор. Жаңа институтта ол Қазақстан халық шаруашылығы тарихының бөлімін басқара отырып, докторлық диссертациясын жазды және Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы) экономикалық кадрлар даярлаумен шұғылданды. Еліміздің ғылыми өміріне белсене қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыра берді. Үлкен республикалық ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасады. КСРО ҒА Үйлестіру Кеңестерінде экономика саласында ғылыми қызметті ұйымдастыру мен үйлестіруде одақтық академияның институттары және филиалдарымен, сондай-ақ басқа да іскерлік ғылыми мекемелермен, шығармашылық байланыстар орнатты.
1956 жылы Ғ.Шоланов Москвада «ХІХ ғасырдың ортасынан Ұлы Отан соғысына дейінгі Қазақстанның өнеркәсібі» тақырыбына қазақ зиялы қауымынан бірінші болып экономика ғылымдарының докторлық диссертациясын табысты қорғады. КСРО халық шаруашылығы кешенінің құрамдас бөлігі ретіндегі Қазақстан экономикасының даму заңдылықтары негізінде жазылған бұл диссертацияның ғылыми және практикалық мәні КСРО көмегіндегі ғалым­дардың назарында болды. Бұрынғы мешеу, тек ауыл шаруашылығымен шұғылданатын өлкенің индустриалды-аграрлы республикаға қалай айналғаны теориялық негізделіп, нақты деректермен дәлелденген еді. Қиындықтар да жетістіктері мол республика экономикасын қайта құру тек Одақ емес, шетелдіктердің ғылыми аясында да теориялық және практи­калық қызығушылық тудырды.
Жоғары оқу орындарында ауқымды да жемісті педагогикалық қызметі үшін 1960 жылы Ғ.Шолановқа саяси экономиканың профессоры атағы берілді. Экономика ғылымына қосқан үлесі жоғары бағаланған ол 1962 жылы Қазақстан Ғылым академиясының корресподент-мүшесі болып сайланды. «Кадрлар бәрін де шешеді» деген тезисті берік ұстанған Ғ.Шоланов бұ­рынғыша ғылыми кадрларды, олардың ішінде экономистер мен тарихшыларды даярлау мен тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуде болды. Көптеген аспиранттар мен ізденушілерге ғылыми басшылық жасады. Солардың бірі ретінде – қазіргі ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі санатындағы өзімді де разылық сезіммен Ғабеңді ұстазым деп танимын. Республикада экономикалық ғылымды дамытудағы еңбегі ескеріліп, 1965 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Ғ.Шоланов Одақтық ЖОО және арнаулы орта оқу министрлігінің Жоғары аттестациялық комиссиясының құрамына мүше болып сайланғанды. Қазақстан экономикасы даму мәселелеріне арналған ғалымның еңбектері ішінде ғылыми қауымдастық, оқытушылар, мамандар мен студенттер, сондай-ақ қалың оқыр­мандарға қажетті монографиялар да бар. Атап айтсақ, «Кеңес өкіметі жылдарындағы Қазақстанның өнеркәсібі» (1951ж.) кітабында өнеркәсіп пен транспортты құру мен дамыту, халықтың материалдық және білім деңгейінің өсуінің нәтижесінде Қазақстанның ғасырлар бойы экономикалық мешеуліктен қалай құтылу және ортағасырлық укладтан социализмге өту жолдары жан-жақты көрсетілген. Ал «Революцияға дейінгі Қазақстанның өнеркәсібі» атты кіта­бын­да архивтік деректерді талдау негізінде ол рево­люцияға дейінгі экономикамыздың кешенді сипатын да терең зерттеген.
Ғ.Шолановтың редакторлығымен шыққан «Қазақ КСРО халық шаруашылығы тарихының очерктері» деген үштомдық еңбегі (1957-1960 жж.) бағалы тарихи-экономикалық еңбек ретінде қабылданып, ғылыми қоғам, зиялы қауымның назарында болғанына куәгерміз. Бірінші томда республикамыздың азамат соғысы мен Октябрь революциясының кезіндегі жағдайы және одан кейінгі 1921-1928 жылдардағы эконо­микалық дамуы қарастырылған. Екінші томы республикамыздың экономикасы, өнеркәсіп сала­ларының транспорт пен байланыс, т.б. соғыс жылдары алдындағы (1929-1941 жж.) дамуы мен қалыптасуына түбегейлі сараптама жасауға арналған. Үшінші томда Қазақстан экономикасының әскери тәртіпке көшірілуі, эва­куацияланған кәсіпорындардың, күрделі құры­лыстың, ауыр және жеңіл өнеркәсіптің даму мәселелері, қазақстандықтардың еңбектегі ерлігі, майдан мен жаудан азат етілген аудандарға көр­се­тілген көмегі кеңінен қамтылған. Осылайша, белгілі экономист-ғалым Ғ.Ш.Шоланов респуб­ликаның экономикалық ғылымында жаңа бағыт – Қазақстан экономикасы тарихының негізін қалады.
«Қазақстанның коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасаудағы рөлі» кітабында (1963) халық шаруашылығын электрлендіру барлық өндіріс процестерін кешенді механикаландыру мен автоматтандыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, химияландыру, энергияның жаңа түрлерін қолдану, кеңес адамдарының мәдени-техникалық деңгейінің өсуі, қала мен ауыл, ой еңбегі мен дене еңбегі арасындағы айыр­машылықтардың біртіндеп жойылуы ғылыми тұрғыдан кеңінен қарастырылады.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін Ғ.Ш.Шоланов «Кеңес өкіметінің 50 жылында Қазақстан халық шаруашы­лығының дамуы» атты ұжымдық мерекелік кітапты жазумен болды. Онда Қазақстан эконо­микасының қалыптасу тарихы, қоғамдық өмір­дің барлық салаларында болған әлеуметтік-эконо­микалық өзгерістер зерттеліп, ортағасырлық патриархалдық шаруашылықтан аграрлық-индустриалдық өнеркәсіптің салаларын әрі дамыту мәселелері қойылып, зерттелген болатын. Өнеркәсіп орындарының өнімдері тек өз елімізде емес, сыртқы рыноктарда да сұраныс тапқаны баяндалған. Сондай-ақ монографияда басқа да салалардың дамуына да зер салынып, халықтың әл-ауқатының, денсаулық сақтаудың, еңбекшілердің мәдени және білім деңгейінің өсуі және сапасын арттыру жолдары қойылған еді.
Ғ.Ш.Шоланов өз халқы мен елінің мате­риалдық және рухани құндылықтарының қалып­тасу заңдылықтарын терең түсінді. Отандық академиялық ғылымның қайнар бұлағының басында тұрған тәжірибелі мемлекет қайраткері, талантты зерттеушіні Қазақстанда экономикалық ғылымның негізін қалаушылардың бірі деп айтуға толық негіз бар. Ғ.Ш.Шоланов – қазақстандық интеллигенцияның жарқын өкілі, алғашқы буындағы экономист ғалымдарының бірегейі. Ол ғылыми біліктілігімен, қоғамдық-экономикалық процестердің заңдылықтарын терең түсінуімен ерекшеленеді. Ғұлама ғалым индустрияландыру мен халық шаруашылығын қайта құру кезінде де, соғыс жылдарының ауыр күндерінде де өзін жоспарлы экономиканың ірі ұйымдастырушысы екенін көрсетті. 40-шы жылдардың қыспақты жағдайында республи­каның барлық өндіргіш күштері мен ресурстарын майданға жұмылдыруда қатаң талап қоя білді, ел мүддесі үшін өмірлік маңызы бар шешім қабылдай алды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де халық игілігіне арналған адал, жаңалыққа толы еңбегімен зиялы қауымның жадында. Ғ.Ш.Шоланов қай салада болса да білімі мен қабілетін, мол тәжрибесін жастарды тәрбиелеуге жұмсады. Ғ.Шоланов көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, белгілі ғалым еліміздің интеллектуалдық және ғылыми әлеуетін айнымас бағдар ретінде ұстанып өткен ірі тұлға еді.

Аманжол ҚОШАНОВ,
академик


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X