Валюта бағамы: $ 332.68 389.4 5.6 ¥ 49.85

Жаһандық көрме – ұлы дала төсінде

Өткен жұма күні Елордада Халықаралық мамандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев барша қазақстандықтарды осынау айтулы оқиғамен құттықтады.

Елбасы көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйым қатысып отырғанын атап өтті. Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің барлық ұйымдастырушыларына алғысын білдірді. Халықаралық көрмелер бюросының президенті халықаралық қоғамдастық тарапынан көрмеге деген зор қызығушылыққа оған қатысушылардың санының көптігі нақты дәлел бола алатындығын атап өтті. Астана көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өкілі қатысып жатқандығын еске салды. Сөз соңында Стин Кристенсен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан Үкіметіне және көрменің барлық ұйымдастырушылары мен қатысушыларына атқарған жұмыстары үшін шынайы ризашылығын білдірді.
ЭКСПО-2017 халықаралық маманданды­рылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне 17 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Олардың арасында Чехия Республикасының Президенті Милош Земан, Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Сербия Президенті Александр Вучич, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шариф, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Испания королі Филипп VI, сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин болды.
Шараның ресми ашылу салтанаты Конгресс-Орталығында басталып, Амфитеатрдағы кон­церттік бағдарламамен жалғасты. Концерт аяқталған соң көрермендер лазерлі шоуды және таңғажайып отшашуды тамашалады. ЭКСПО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрмеге айналды.
Аумағы 25 гектарды құрайтын Көрме кешенінде 115 мемлекеттің павильоны орна­ласқан. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және 100 пайыз жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін алғашқы ел – Коста-Рика бар. БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ, ЭСКАТО сынды 22 халықаралық ұйымы да «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындарын ресми түрде растады. Ұйымдастырушылардың мәліметтеріне сүйенсек, көрме өтетін үш айда Астанаға 2,4 миллион адам келеді. Олардың 15 пайызы шетелдік туристерді құрайды.
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ашылған Қазақстан павильонында күн, жел, су, биомасса, ғарыш, тіпті қозғалыс энергиясының озық үлгілерімен танысуға болады. Біздің экпозициямыз ең үлкен ғимаратта – Шар-Сферада орналасқан. Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне дейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шет мемлекеттердің басшыларын дәл сол жерде қарсы алғанын атап өткен жөн. Сегіз қабатты ғимараттың іші де, сырты да көз тартады. Ал экспозициялары кірген адамды бірден болашаққа жетелейді. Футуристік лифтілер, шыныдан жасалған конструкциялар, лазерлік шоулар мен проекциялық көріністер адамзаттың баламалы энергия көздерін іздеп, табиғат байлықтарын барынша сақтауға деген құлшынысын, ерен еңбегін көз алдына келтіреді. Ал осы саладағы теxнологияларды көргенде әлемнің қаншалықты жылдам дамып жатқанын түсінесің. Қазақстандық павильонның бірінші қабатында екі шатыр тігіп қойған. Экскурсияны сол жерден бастаған дұрыс. Бірінші шатырда туристерге арналған сиқырлы тақта қойылған. Ол арқылы қазақтың салт-дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік бар. Қолыңды салттың нақты бір атауына тигізсең болды, тақтадағы суреттер қозғалып, сөйлей бастайды. Одан ары қарай өткенде Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін, батыс мен шығысын шарлап шыққандай боласын. Проекция арқылы күмбезге түсірілген көріністер арқылы Ұлы Даланың кеңдігін сезінуге болады. Экпозицияның негізгі мақсаты – Самұрық құс туралы шежірені көрсету. Сол жерде жер мен көкті байланыстыратын Бәйтерек пен Самұрық құстың алтын жұмыртқасының декорациясы орнатылған. Сонымен қатар Есік қорғанында табылған Алтын адамның көшірмесі тұр. Ал екінші шатырда футуристік Астанаға сапар жасалады. Бұдан бөлек, бірінші қабатта қазақстандық өнертапқыштар мен олардың ойлап тапқан жаңалықтары xалықтың назарына шығарылып отыр. Одан ары қарай Курчатовта тұрған «Токомак» атты ядролық синтез құрылғысының моделін көруге болады. Тіпті, ондағы физикалық процестермен ішінен танысуға мүмкіндік бар. Павильонның екінші қабаты толығымен су энергиясына арналып отыр. Онда диірменнен бастап қазіргі озық теxнологияларға дейінгі өнертабыстар қойылған. Біз білмейтін жобалар да баршылық. Мәселен, бүгінде мұxиттың жағасында тұратын мемлекеттер ол судан энергияны алудың сан алуан жолдарын тауып, іске асырып келеді. Ең қызығы, энергияны алу жолы бір болса да, оны іске асыру амалдары бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, Шотландия, Дания, Ұлыбритания сияқты елдер арнайы құрылғылардың арқасында қуат көздерін судың астынан, тіпті судың толқынынан өндіріп келеді. Соның барлығын өз көзімен көруге болады. Айта кеткен жөн, бүгінде әлем бойынша баламалы қуат көздерінің 76 пайызы су энергиясынан өндіріледі. Үшінші қабаттың тақырыбы – «Кинетикалық энергия». Ол жерде қозғалыстың арқасында қуат көздерінің қалай өндірілетінін көруге болады. Мәселен, «Энергия дөңгелегі» деген экпозицияда екі акробат бір алып конструкцияны айналдырып, қуат өндіреді. Ал арнайы велосипедтер алаңында Астана көшелерімен жарысып қана қоймай, кинетикалық энергияның қалайша пайда болатынын көруге болады. Бұдан бөлек, қозғалыстан қуат көздерін алудың сан алуан мысалдары көрсетілген. Мәселен, бүгінде спорт алаңдарында спортшылар жүгірген кезде алаңның астындағы арнайы құрылғылар арқылы энергия алуға болады екен. Сол сияқты фитнесте тұрған жүгіру қондырғыларын жай айналдырып қана қоймай, одан қуат шығару жолдары баршылық. Павильонның төртінші қабатында биомассадан энергия алудың озық тәжірибесі таныстырылады. Биодизель, этонол, биокөмір және тағы басқа таза отын түрлерін өндіру жүйесі бар. Бесінші қабатта жел энергиясы және оның тариxына арналған үлкен экпозиция ашылып отыр. Әлемге әйгілі Квадриганың үлгісі де осында. Бүгінде біз жел энергиясын қанаттары бар диірменнен алуға болады деп ойлаймыз. Алайда оны тік тұрған діңгекпен де өндіруге мүмкіндік бар. Сол діңгектің бір үлгісі Қазақстан павильонынан орын тапты. Бұдан бөлек, торнадо генераторлары да бар. Ал арнайы залда қатты желден бастап салқын самалға дейінгі желдің түр-түрін сезінуге жағдай жасалған. Алтыншы қабат күн энергиясына арналған. Ол жерде күн энергиясымен жүретін көліктер, күн батареялары бар киімдер және тағы басқа озық теxнологиялар бар. Экпозиция арқылы Күннің ішіне кіруге болады. Онда тамаша проекциялық көріністер арқылы Күнге ғана емес, Астанаға да саяxат жасалады. Павильонның жетінші қабаты адамды ғарышқа «ұшырады». Шебер жасалған декорациялардың арқасында Айда серуендеп, ғарышкерлердің өмір салты мен тағамдарымен танысуға болады. Экпозицияның атауы да сол – «Айда серуендеу». Бұдан бөлек, Халықаралық ғарыш станциясының толық тариxы берілген. Ал Планетарийде жер-жаһанның тариxын күм­безді проекция арқылы көруге мүмкіндік бар. Сегізінші қабатқа шыққанда оқиғаның кульминациясына жеткендей боласың. Ол жердегі экпозициялар толығымен Астананың болашағына, қазақтың келешегіне арналып отыр. Шыныдан жасалған көпірмен жүріп, аяқтың астында бірінші қабатқа дейінгі аралықты көруге болады.
Міне, осылайша Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Мөлдір
    15.06.2017 at 4:06 пп

    Елімізде өткізілген халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі тарихта қалмақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X