Валюта бағамы: $ 332.68 389.4 5.6 ¥ 49.85

Жұмыста жүйелілік маңызды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын өткізу қорытындылары қаралды. Сондай-ақ, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау шаралары, орталық және жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлық мәселелері талқыланды.

Биылғы көктемде жүргізілген егістік жұмыстары жайында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Министрлік мәліметтері бойынша, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 млн. гектарды құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға көп. Егін егу жұмыстарын әртараптандыру аясында сұранысы жоғары дақылдарды егетін алқаптар 1 млн. 348 мың гектарға ұлғайтылды, бұл көрсеткіш АӨК-ті дамыту мемлекеттік бағдарламасының жоспарланған индикаторынан 340 мың гектарға жоғары. Жасымық егісін ұлғайту еліміздің әлемде аумақ бойынша бесінші және экспорт бойынша төртінші орынды иеленуіне мүмкіндік береді. Қант өндірісі де биыл бір жарым есеге, майлы дәндер 1,3 есеге ұлғайтылмақ. Жүзеге асырылып жатқан әртараптандыру жұмыстары әр гектардың тиімділігі мен өндірістің табыстылығын арттыруға бағытталған. Тұқым шаруашылығына қолдау көрсету қаражаттарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өсті. Бірегей және элиталық тұқымдар өндірісі қайта қалпына келтірілді және тұқым шаруашылығына қолдау көрсетудің өзге де шаралары қабылданды. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігін қайта қарау оларды қолдану көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизельдік отынға деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілді. Үкіметтің жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімінің арқасында дизельдік отын бағасы республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендеген. Егістерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне қосымша пестицидтер мен техникалар жеткізіліп, 591 мың га жер өңделді. Ауыл шаруашылығы жерлеріне зақым келтірілген жоқ. Өзге өңірлерде үйірлі көкқасқа шегірткелерге қарсы шаралар жоспар бойынша жүргізілуде.
Отырыста Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарының әкімдері, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарының нәтижелері және АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған шаралардың орындалуы туралы есеп берді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де сөз алып, ой-пікірлерін жеткізді.
Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ағымдағы жылы тұқым шаруашылығын қолдау 3,3 есеге, минералды тыңайтқыштарды қолдану – 1,5 есеге ұлғайғанын айтты. Жалпы, АӨК-ті дамыту бағдарламасындағы белгіленген өндірісті әртараптандыру бойынша индикатор асырыла, ал көктемгі егіс жұмыстары аясында жоспарланған индикаторлар толығымен орындалды.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолдану қажеттігін ескертті. Бұл жөнінде және ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілерді қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу, өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғау құралдарымен заманауи өңдеу шараларын қолдану қажеттігі айтылды.
Ал Инвестициялар және даму министрлігіне тыңайтқыш өндірушілерге қолдау көрсету және минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін арттыру, оларды тұтынушыларға жеткізу мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Қазақстанда минималды еңбек стандарттарын, жұмысшыларға кепілдіктер мен өтемақыларды бекітетін жаңа Еңбек кодексі былтырдан бастап қолданысқа енді. Отырыста талқыланған келесі тақырып – осы жаңа кодекстің құқықтық қолдану тәжірибесі мәселелері мен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары жайында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады.
Министрліктің мәліметі бойынша, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту мақсатымен алдағы үш жылда қысқартылған жұмыс уақытын, ақысы төленетін қосымша жыл сайынғы еңбек демалысын беру, емдік-профилактикалық тамақтандыру өнімдерін жеткізу бойынша салалық нормативтер қайта қаралады. Әйелдердің де еңбегін реттеу жұмыстары жоспарланады. Еңбек министрлігі Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп кәсіподақтардың қызметін жетілдіру мен еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірлегені де мәлімделді.
Еңбек қатынастары тақырыбына Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Р.Ізмұханбет қосылып, сөз сөйледі.
Б.Сағынтаев жұмыс орындарындағы жарақаттану деңгейін төмендету және қазақстандықтардың еңбек құқықтарын сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Үкімет басшысы әкімдерге Еңбек тәуекелдері картасы аясында еңбек нарығындағы жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды. Қазақстанның әрбір өңірінде жұмыскерлерді жұмыстан босату бойынша болжамдар болуы керек, оған қоса онда жұмыстан босатылатындардың саны ғана емес, болжамды еңбекпен қамту орындары да ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, еңбекақыны кідіртпей төлеу бойынша жұмыс жүргізу қажет.
Жиында қаралған үшінші мәселе – орталық және жергілікті органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев баяндады. Ол сыбайлас жемқорлықтың таралуына тосқауыл болатын маңызды шара – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың шенеуніктермен тікелей байланысын шектейтін мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын автоматтандыру және ықпалдастыру болып табылатынын атап көрсетті.
Отырыс қорытындысында биылғы жылдың бес айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жария етілді. Оған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қысқаша тоқталып, статистика мәліметтеріне сәйкес, осы мерзімде ЖІӨ бойынша оң қарқын байқалғанын атап өтті. Соның ішінде, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша өсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ті құрады. Алты маңызды саланың даму қарқынынан тұратын қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5,8%-ке өсті. Өнеркәсіпте оң қарқын байқалып, 7,8%-ті көрсетті. Құрылыс, сауда және көлік саласында да біршама ілгерілеушілік бар. Инфляция 7,5% деңгейінде сақталды.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың басшыларына және өңірлер әкімдеріне биылғы жылдың нәтижелері бойынша экономикадағы жоспарланған индикаторларға қол жеткізудің кешендік жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X