Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Шанхай ынтымақтастық ұйымы: АСТАНА ТАРИХИ САММИТІ

Өткен жұмада жаһан назарын Астанаға аударған айтулы шара – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Сарапшылар «тарихи саммит» деп бағалаған ШЫҰ-ның дәл осы Астана саммитінде Үндістан мен Пәкістан елдері ұйымға толыққанды мүше болып қабылданды.

«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі қарсаңында өткізілген осынау алқалы жиында құрыл­ғанына биыл 16 толып отырған ШЫҰ даму тарихының жаңа парағы ашылды. Жиынға төрағалық еткен Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы 16 жылдағы даму тарихында халықаралық тұрғыдан мойындалып, көп салалы өзара іс-қимылдың тиімді басқосуына айналғанын атап өтті.

– Аймақтық қауіпсіздікті нығайту, елде­ріміз арасындағы экономикалық өзара іс-қи­мылды ілгерілету және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жолында ау­қымды жұмыс атқарылды. Шарттық-құқық­тық база қалыптасты. Ұйымның берік инсти­туционалдық негізі жасалып, аймақтық жә­не жаһандық ықпалы артып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес отырысының алты тарапты форматта соңғы рет өтіп отырғандығын айта келіп, Елбасы Астана саммиті ұйымның жаңа тарихына бастау болып отырғанына тоқталды. «Бүгін біз Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасын қабылдау рәсімін аяқтап, оларға ШҰЫ-ның мүше-мемлекеті мәртебесін беру жөніндегі шешімге қол қоямыз. Жаңа мүшелерді қабылдау ұйымның дамуына зор серпін беріп, оның халықаралық беделінің артуына септігін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.
Тәуелсіздік сарайында өткен ұйым саммиті барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Үндістан мен Пәкістанды ШЫҰ-ға қабылдау үдерісін аяқтау және мүше мәр­тебесін беру туралы тарихи келісімге қол қой­ды.
Иә, осыдан 12 жыл бұрын дәл осы Астанада осы екі елге, Үндістан мен Пәкістанға, ұйымның байқаушысы мәртебесін беру туралы шешімге қол қойылған болатын. Одан кейінгі кезеңде ұйым қатарының жаңа мүшелермен толығуының артықшылықтары мен кемшін тұстары қандай деген мәселені ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысы өз ұлттық мүдделері негізінде мұқият талдаған. Нәтижесінде ШЫҰ-ның негізін қалаушы алтылық бірауыздан Үндістан мен Пәкістанның ұйымға толыққанды мүше болу туралы өтінішін қанағаттандыру қажет деп тапты. «Ендігі уақытта ШЫҰ-ның жауапкершілік аймағы үш миллиардтан астам адам тұратын аумақты, әлемнің жалпы ішкі өнімінің шамамен үштен бірін қамтитын болады. Осылайша, ұйым өзінің институттық дамуының «Шанхай сегіздігі» ретіндегі жаңа кезеңіне аяқ басты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Үндістан мен Пәкістанның ұйымға толық­қанды мүше болуы ШЫҰ-ны әлемнің ірі халықаралық ұйымдары қатарына қосады және оның ең ірі аймақтық бірлестік ретінде маңызы айтарлықтай өседі. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің халқы барша адам­заттың жартысына жуығын құрайды, ал олар­дың аумағы Арктикадан Үнді мұхитына дейінгі, Солтүстіктен Оңтүстікке, Ляньюньганнан Калининградқа және Шығыстан Ба­тысқа дейінгі 40 миллион шаршы метрді немесе Жер шары жалпы аумағының 26,6% қам­тиды.
Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығы (терроризммен және экстремизммен күрес, Ауған­стандағы жағдайды реттеу), экономикалық ынтымақтастық, әсіресе транзиттік-көліктік, энергетикалық және сауда салаларында жаңа мүмкіндіктердің ашылуы тұрғысынан келгенде ШЫҰ құрамы кеңеюінің маңызы айтарлықтай. Мәселен, Иран, Каспий аймағы және Ресей аумағы арқылы Оңтүстік (Үндістан мен Пәкістан) және Оңтүстік-Азия елдерін Еуропамен жалғайтын «Солтүстік – Оңтүстік» көліктік және энергетикалық дәлізі аясында көпқұрамды (автомобиль, темір жол, теңіз) қатынастардың жолға қойылуы ШЫҰ барлық өңірлерінің дамуына мультипликативті нәтиже береді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Үнді мұхитына шығу мүмкіндігіне ие болады және саяси қауіп-қатерлер азайып, электр желілерін, мұнай-газ құбырла­рын төсеу (Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үн­діс­тан, Иран-Пәкістан-Үндістан теңіз құ­быр жолы және т.б.), автокөлік жолдарын салу және жаңарту жобаларын жүзеге асырудың экономикалық тартымдылығы артады. Бұл тұрғыдағы жобалар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер белсенді қатысушысы болып табылатын «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы аясында қолдау табады.
Елдер арасындағы өзара сенім мен түсініс­тікке негізделген ынтымақтастық қаты­нас­тардың ауқымы кеңейіп, ұлғая түсуі адамзат қоғамы дамуының жарқын бола­шағына бастар ізгі ниет, үлкен жауапкер­шіліктің көрінісі. Бұл ретте ШЫҰ-ның кеңеюі оған мүше елдер аумағында болашақтың көптеген даму жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ұйым аясында экономикалық кооперацияларды ілгерілету мәселелеріне айрықша назар аудару маңызды. «Ол үшін жаңа институттық мүмкіншіліктер құрылуда. Біріншіден, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасында халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдай жасау туралы келісім күшіне енді. Біздің елдеріміздің транзиттік-көліктік әлеуетін ашу да әзірленіп жатқан ШЫҰ жолдарын дамыту бағдарламасына септігін тигізетін болады», – деді Елбасы.
Екіншіден, Қазақстан Президенті ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеу жобаларын түйістіруді ескере келе өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастық келешегінің зор боларына сенімді екендігін айтты. Осы ретте Қазақстанда «Нұрлы жол» ұлттық бағдарламасы мен Жібек жолы экономикалық белдеуін түйістірудегі ынтымақтастық жос­парының қарқынды жүзеге асырылып жат­қанын атап өтті. «Үшіншіден, өзара сауда көлемінің артуы болашақта ШЫҰ-ның еркін сауда аймағын құруға септігін тигізе алады. Бұл жерде біздің елдеріміз экономикалық өзара іс-қимыл саласындағы өздерін қызық­тыратын жобаларды зерделеуді бастау арқылы кезең-кезеңімен ілгерілей алады. Сонымен қатар, біздің қызметіміздің маңызды бағытының бірі мәдени-гуманитарлық сала­дағы ынтымақтастық болып саналады. Бұл тұрғыда ШЫҰ университетін құру және оның жұмысын жолға қою туралы келісімге қол қоюды қолдаймыз», – деді Елбасы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдарға арналған туризм саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын ұйымдастырудағы бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдау туризмді дамы­тудағы өзара іс-қимылға тың серпін бере­тіндігін атап өтті.
Астана саммитінде бас қосқан ұйымға мүше мемлекеттер басшылары Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төраға­лығына ең жоғары баға берді. Осы орайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысынан кейінгі брифингте ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов: «Мемлекет басшылары ШЫҰ-ға Қазақстан Республикасының төрағалығына жоғары баға берді және Астанадағы іс-шара барысында көрсетілген қонақжайлылығы үшін қазақстандық тарапқа ризашылық біл­дірді. Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығы лайықты түрде ең жоғары бағасын алды. Саммитке барар жолда Қазақстан Пре­зидентінің жеке өз тарапынан және ҚР Үкіметі тарапынан үнемі барынша жоғары қызығушылық білініп тұрды. Қазақстандық төрағалықтың 345 күнінде барынша түрлі деңгейде әртүрлі бағытта 300-ден астам шара өткендігін атап өтсек те жеткілікті. Бұл іс-шаралардың шырқау шегі ШЫҰ-ның Астана саммиті болғаны сөзсіз. Шын мәнінде бұл ұйым қызметінің барлық салаларындағы іскерлік белсенділіктің жарқын кезеңі еді», – деп атап өтті.
Қазақстанның төрағалығы кезінде Азия, Еу­ропа мен Америка алаңдарында өткен 100-ден астам түрлі халықаралық форумдарда, конференцияларда ШЫҰ қызметі жан-жақты көрсетілді. ШЫҰ-ның БҰҰ-мен өзара іс-қимылы жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде, БҰҰ-ның Вена бөлімшесінде тарихта тұңғыш рет БҰҰ мен ШЫҰ арасындағы ең жоғары дең­гейдегі бірлескен іс-шара өткізілді.
Бас хатшы жиында ШЫҰ аясында бір­лескен жобаларды қаржылық қамтамасыз ету мақ­сатында ШЫҰ Даму банкін, Даму қорын құру мәселелерін талқылау бойынша экс­перттік деңгейдегі консультацияларды жал­ғастыру маңыздылығы атап өтілгендігін, сон­дай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы ел­дерінің ақпараттық кеңістіктегі Әдеп кодексі әзірленетіндігін жеткізді.
Ұйымның дамуына зор күш-жігер мен еңбек сіңіргені үшін мүше мемлекеттер тарапынан жоғары бағаланған Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы тарихи Астана сам­митімен қорытындыланды. ШЫҰ төр­ағалығын Қытай елі қабылдады. Ұйымның кезекті саммиті 2018 жылдың маусымында өтеді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X