Валюта бағамы: $ 323.13 367.08 5.43 ¥ 47.53

Энергия – ақыл-ойдың құзырында

Павильондар жұмысын бастады 

ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Ресей Федерациясының ұлттық павильоны таныстырылды. Павильонның ашылу салтанатына Ресей президенті Владимир Путин қатысты.

10 маусымнан бастап Ресейдің ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі павильоны ашық деп жарияланды. Онда бұл мемлекеттің энергетикалық әлеуеті, атом саласында жеткен жетістіктері, гидроэнергетикадағы тың серпілістері көрсетілмек.
– Осындай ауқымды павильонды таныстырып тұрғаныма қуаныштымын және болашақтың энергиясын көрсетуде ресейлік павильонның алдыңғы орындардан көрінеріне сенімдімін. Барлық келушілер түрлі теңіздердің арасында, Солтүстік теңіз жолы бойында орналасқан Ресейдің өз табиғи артықшылықтарын қолдана отырып, болашақ энергияның инновациялық дамуына қадам басуын көре алады, – деп атап өтті Қазақстандағы Ресей Федерациясының төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников павильонның ашылу рәсімінде.
Ерекшелігі сол, павильонның ашылу салтанатында әдеттегідей лента қию рәсімі болмады. Павильонның бас комиссары Георгий Каламанов пен ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев және Қазақстандағы Ресей елшісі Михаил Бочарников сұйық азотпен мұз боп қатырылған лентаны балғамен жарды.
Павильонға кірген көрме қонақтары мәңгілік мұзды мекен – Арктикаға тап болғандай әсер алады. Ғимараттың қабырғалары тоң басқан мұз түрінде жабдықталған және ондағы сәулелер Арктика табиғатына ғана тән Солтүстік шұғыла құбылысын бейнелейді. Экспозицияның басты жаңалығы – Арктикадан, ғаламшардың «ең төбесінен» жеткізілген мұз сеңі болды. Қалыңдығы 4 метрді құрайтын мұз сеңі екі жылда түзілген және арнайы контейнерлер арқылы Астанаға жеткізілген.
– Біз ЭКСПО – 2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбын Ресей Арктикасы бірегей аймағы арқылы көрсетеміз. Дәл осы аймақта Ресейдің баламалы энергетикасын дамытудың болашағы зор. Бұдан бөлек, Арктикада пайдалы қазбалар да көп, – деді ресейлік павильонның бас комиссары Георгий Каламанов.
Сондай-ақ, Ресей павильоны экология жылына қолдау білдіру мақсатында, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға қатысты арнайы экспозиция ұсынады. Келушілер «Арктиканың табиғи әлемі», «Арктиканың су астындағы әлемі. Қайраң», «Арктиканың өсімдіктер мен жануарлар әлемі, «Мұздар» сынды динамикалық видео-инсталяцияларды тамашалайды және жануарлардың сиреп кеткен түрлерін сақтау туралы мәліметтермен таныса алады. 2017 жылдың 8 қыркүйегінде ЭКСПО-дағы Ресей күні аталып өтеді.
Сонымен қатар, Астанаға ресей павильонының ашылу салтанатына арнап арнайы әзірленген бағдарламасымен Пятницкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс халық хоры келді.
Сол күні ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі алаңында Австрияның да павильоны ашылды. Аумағы 870 шаршы метрді қамтитын павильон креативтік, ойын-жаттығу түрінде ұсынылған. Экспозиция көрмеге келушілерді әрқайсысы жаңартылатын энергия көздерімен байланысты инновациялар жиынтығымен қарсы алады. Мысалы, Австрия жайлы видеороликті көру үшін павильон қонақтарының барлығына бірлесіп велосипед тебу қажет. Арқан тартып, әткеншек теуіп, тетікті айналдырғанда ғана жарықтар жанып, декорациялар айналып, музыкалық аспаптар іске қосылады. Шәйнектің қайнауы, шамдардың жануы, интернет желісінің іздеу жүйесінде бір тетікті басу, ұшақ немесе машинаны оталдыру үшін электр шығарудың қаншалықты қиын екендігі көрсетіледі. Австрияда жоғары технологиялармен айналысып, бұл салада сәтті қадамдар жасап келе жатқан компаниялардың көптігіне қарамастан, павильон құрастырушыларының пікірінше, болашақтың энергиясы қандай болатынын тек адам ғана айқындай алады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X