Валюта бағамы: $ 332.68 389.4 5.6 ¥ 49.85

БҮКІЛ ЕЛ ҮШІН ЗОР МАҚТАНЫШ

ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі осы сенбі күні ашылады.115 ел мен 22 халықаралық ұйым баламалы энергетика мен жасыл технологиядағы өз жетістіктерін көрсететін болады. 

Бұған дейін Астанаға жылына 800 мың турист келген болса, енді үш ай ішінде 2 миллион мейманды қарсы алатын болады. Көрмеде жұмыс істеу үшін әр айға 1500 адамнан 4,5 мың ерікті дайындалған. 800 ерікті Қазақстан аймақтарынан: Алматыдан — 300, Қарағандыдан — 250, Павлодар мен Қостанайдан — 100, тағы 150 ерікті жақын және алыс 46 шетелден келген. Олардан бөлек, қала аумағында 1500 ерікті жұмыс істейді.
Италияның Қазақстандағы елшісі Стефано Раваньян Италияның ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесін-дегі павильонын таныстырды. Ол Италия павильонына келуші әрбір туристі Апенин түбегінің табиғи және мәдени-тариxи орындарына қызғылықты саяxат күтіп тұрғанын атап өтті. Көрме кезінде қонақтарға италиялық өнертапқыштардың қолынан шыққан теңдессіз туындылар көрсетіледі. Бұлардың барлығы 360 градус бірегей панорамалық түсірілімдер нәтижесінде мүмкін болмақ. Италия павильоны төрт негізгі залдан тұрады. Олардың біреуі италиялық алаңдардың кеңістігін паш етеді және адамзат тариxының дамуына өлшеусіз үлес қосқан италиялық көрнекті ғалымның құрметіне аталған. Келушілер бір залдан екіншісіне өте отырып, Италия тариxын терең бойлай алмақ. Сондай-ақ таза энергияға негізделген болашақты көруге мүмкіндік алады. Италияның 15 провинциясы да xалықаралық көрмеден шет қалмақ емес. «Болашақ энергиясы» тақырыбында әр өңір өзінің экономикалық жетістіктері мен баламалы энергетика саласында қол жеткізген жемістерімен таныстыратын болады. «Біздің өңірлер келешекке бағытталған және экологиялылығы мен тиімділігі жоғары энергия алу мен пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеуге негізделген жүздеген әлеуетті жобаларды жасап шығарды.
Қытай Халық Республикасынан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 1000-нан астам энергетика саласында жұмыс жасап жатқан кәсіпорындар қатысады. Ал Қытай павильоны «Жасанды күн» деген атаумен ядролық синтездің энергетикалық көзіне басымдылық береді. Соңғы жылдары қазақ-қытай қарым-қатынастары жоғары деңгейге көтерілді. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты «Нұрлы жол» арасында тиімді интеграциялық процестер жолға қойылды. Бұл көрме Қытай елі үшін тиімді болары анық Өйткені, біріншіден, Қытай өзінің экология саласындағы тұжырымын толық ашады. Екіншіден, инновацияны дамудағы қытайлықтардың жетістіктерін әлемге паш етеді. Үшіншіден, энергия ресурстары және халықаралық өндіріс бағыттарындағы ынтымақтастыққа серпін береді. Қытай павильоны Қытай мен Қазақстанның энергетикалық ынтымақтастығы форумын ұйымдастырады. Оған Бейжің, Шанхай, Шаньдун және басқа 23 провинциясынан мыңға жуық кәсіпорын келеді.
Астанада ЭКСПО өткізу кезінде жер және сәулет-құрылыс өндірісіне рұқсат беру шектелді. Бұл туралы таяуда күшіне енген Астана қаласы әкімдігінің ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Астана қаласында жер, сәулет-құрылыс жұмыстарын жүргізуге байланысты бірқатар мәселелер туралы қаулысында айтылған. Бұл құжат 90 күннен астам уақыт аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық маман-дандырылған көрмесін өткізу кезінде Астана қаласында жер, сәулет-құрылыс өндірісін жүргізуге рұқсат беруді шектейді. Бұл шектеу меншіктің жекелеген түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарға әрекет етеді.
Көрмеге келушілер саны 70-80 пайыз болады. Ал біздің жағдайымызда бұл көрсеткіш 85 пайызды құрамақ. Оның 15 пайызы шетелдерден келетін қонақтар. Мөлшермен айтқанда, адамдар саны 600-ден 750 мыңға дейін болады. Көрмеге келетін туристердің 70 пайызы жақын шетелдерден болатыны айтпаса да түсінікті. Олар негізінен біздің көршілеріміз. Бүгінгі таңда Қытайдан шамамен 150-200 мың қонақ келеді деп күтілуде. Өйткені қытайлық туризм агенттіктерін бұл көрме қатты қызықтырып отыр. Тағы 150-200 мың қонақ Еуропа, Солтүстік Америка сияқты аймақтардағы шет мемлекеттерден келеді.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Қызылорда облысы 6 инновациялық жоба ұсынады және халықаралық көрме аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағына туристерді тарту жоспарлануда. ЭКСПО көрмесіне облыс атынан «Қызылорда қаласында ескі автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу (қалпына келтіру) арқылы резеңке ұнтақтары мен жер асты суару түтіктерін шығаратын өндірісін ұйымдастыру», «Қызылорда облысында күніне 50 МВт электр энергиясын шығаратын Байқоңыр күн электр станциясын салу» т.б. сияқты 6 инновациялық жоба ұсынылады. Сондай-ақ, көрме аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағына туристерді тарту мақсатында отандық туроператорлармен жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
Көрмені өткізілу кезеңінде «Астана – Байқоңыр – Астана» және «Алматы– Байқоныр – Алматы» бағытында жүйелі түрде қатынайтын әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. «Байқоңыр» ғарыш айлағына туристерді тарту мақсатында отандық туроператорлармен жұмыс жүргізілуде. Көптеген шетелдік туристер (Англия, Германия, Қытай) «Байқоңыр» ғарыш айлағын көруді жоспарлап отыр
Көрме аясында 3 мыңнан астам мәдени шаралар ұйымдастырылады. Олардың арасында 40-тан астам ғылыми конференциялар мен ірі форумдар, 126 ұлттық идеялар бар. Айта кетейік, «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі Астанада 3 ай аралығында өтеді. ЭКСПО көрмесі кешенінің аумағы 25 гектарды құрайды.
Бас-аяғы 93 күнге созылатын Астана көрмесінде Қытай әлем елдерімен бірлесе отырып, болашақ энергиясының күрделі мәселелерін және даму болашағын, энергетикалық қауіпсіздіктің түйткілдерін талқылап, азамзат өркениетін ілгері жылжытудың тың жолдарын ашуға үлесін қосатыны анық.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

2

комментария

  • Лаула
    08.06.2017 at 4:08 пп

    ЭКСПО-ға ағылатын туристер мен шетелдік қонақтар қонақжайлылығымызға тәнті болатын шығар.

  • Рая
    09.06.2017 at 4:42 пп

    ЭКСПО-ның елордада өткізілуі бәріміз үшін мақтаныш. Сәтімен өтсін.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X