Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Азаматтарға арналған ауқымды қызмет

Өткен жылы елімізде мемлекеттік қызметтің тек 5 түрі бойынша 18 миллионға жуық электронды анықтама алынған. Оларды қағаз түрінде талап етуді шектеу қазақстандықтардың уақыты мен материалдық шығындарын айтарлықтай қысқартып, ХҚКО-ларда халықтың көптеп жиналуын төмендетуге ықпал етеді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ағымдағы қызметіне қатысты мәселелер талқыланды.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше, еліміз бойынша «Азаматтарға арналған үкіметтің» 350-ге жуық кеңсесі бар. Жыл сайын 200 мыңнан астам қызметкер «бір терезе» қағидаты бойынша 40 миллионнан астам қызмет көрсетеді. Мемлекеттік корпорация клиенттерге бағдарлануды арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен құралдарды жиі енгізеді. Атап айтқанда, жыл басынан бері құжаттың әзір болғаны туралы хабардар ететін sms-хабарлама, telegram-бот, дайын құжаттарды үйге дейін жеткізу, электронды үкімет порталынан электрондық цифрлық қолтаңбаны қолданбай анықтама алу, Астана және Алматы қалаларындағы ХҚКО-ларды тегін wi-fi-мен қамту тәрізді сервистер іске қосылған. Алыс елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсету үшін 70 мобильді ХҚКО жұмыс істейді, олар жылына 13 мыңнан астам рет шалғайға шығады. Желісі Қазақстандағы елді мекендердің басым бөлігінде жұмыс істейтін Қазпоштамен бірлесіп ұлттық пошта операторының кеңселерінде мемлекеттік қызметті ұсыну бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мүмкіндігі шектелуі адамдарды кедергісіз ортамен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Министр бұл ретте биыл есту және сөйлеу қабілеті бұзылған жандарға арналған онлайн-сурдоаударма сервисінің іске қосылғандығын жеткізді. Сондай-ақ, корпорация кеңселерінде арбаға таңылған мүгедектер үшін пандустар мен шақыру түймелері, Брайль мәтінімен жазылған ақпараттық тақталар, нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар бар. «Азаматтарға арналған үкімет» қызметтерін І және ІІ топтардағы мүгедектер үйде отырып та ала алады.
Тағы бір атап өтерлігі, бұдан былай «Азаматтарға арналған үкімет» электрондық цифрлық қолтаңба қолданбай электронды қызмет ұсыну, проактивті қызмет ұсыну, бір өтінім қағидатын енгізу және эксаумақтыққа көшу тәрізді бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру бойынша шаралар кешеніне тоқтала келе, Д.Абаев мемлекеттік қызметтерді мемлекеттік корпорацияға өткізу жұмыстары туралы айтып берді. Жуырда өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында мемлекеттік қызметтердің 37 түрін, соның ішінде 27 «қағаз» бойынша қызмет көрсетуді мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын 548 қызмет түріне қосу туралы шешім қабылданды. Стандарттарға өзгерістер енгізілгеннен кейін тағы 48 қызмет түрі баламасыз негізде тек корпорация арқылы ұсынылмақ, бұл азаматтардың қызмет көрсетушілермен байланыс орнатуын шектеуге бағытталған. Азаматтардан талап етілетін құжаттар санын қысқарту жұмыстары да жалғасуда. Сондай-ақ, жеке ұйымдар мен үшінші тұлғалар үшін жеке мәліметтерді электронды үкіметтің веб-порталы арқылы алу тетігі іске қосылатын болады.

Бұдан өзге, шілдеден бастап электронды үкіметтің веб-порталында электрондық цифрлық қолтаңбасыз алуға болатын 20 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді болады. Алдағы уақытта бір реттік құпия сөз немесе логин негізінде ұсынылатын қызметтер түрі ұлғайтылады.
Отырыста «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Абылай Оспанов жаңа технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру үдерісіне тоқталды. Ол мемлекеттік қызмет көрсетуді дамытудың келесі кезеңі «проактивті» формат болатынын айтты. Мысалы, электронды жүйе төленбеген айыппұлдарды өтеу қажеттілігі немесе тұрғылықты жері бойынша тіркеуді ұзарту қажеттілігі туралы автоматты түрде хабарландырады. Хабарландыруларды алу үшін «Мобильді үкіметте» тіркелу қажет. Сондай-ақ, тұрақты түрде мемлекеттік қызметтерді алу арналарын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта азаматтар бірыңғай байланыс орталығы, мемлекеттік корпорация бөлімшелері, eGov, мобильді қосымша және sms-хабарлама арқылы мемлекеттік қызметті алуға тапсырыс бере алады. Дайын нәтижені курьер, тәуліктік постаматтар және sms-хабарламалар немесе электронды пошта арқылы алуға болады. Бұдан бөлек, нақты балабақшаны таңдау мүмкіндігімен балабақшаларға кезек бөлуді автоматтандыру жоспарланған және жер телімдерін бірыңғай, ашық электронды алаңда сатуды ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылуда, бұл жер телімдерін сатып алу мен бөлу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы барлық аталған ұсыныстарға қолдау көрсету қажет екенін, өйткені, бұл азаматтарға мемлекеттік қызметтер алу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Б.Сағынтаев халықтан электронды растау анықтамаларын ұсыну талаптарын шектеу үшін екінші деңгейлі банктердің, сонымен қоса мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара байланысын ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Бұдан өзге, Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік корпорациямен бірлесіп жеке куәлік құжаттарын Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында бір күннің ішінде және қалған өңірлерде жеті күннің ішінде беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, Премьер-министр Үкімет мүшелерінің назарын 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетініне, бұл азаматтардың мемлекеттік корпорация немесе электронды тәсіл арқылы тіркелуін және мәртебесін растауын талап ететіндігіне аударды. Себебі, қыста азаматтарды уақытша тіркеу кезінде орын алған жағдайдың қайталануына жол бермеу, халықты дүрліктірмеу қажет. Бұл тұрғыда жауапты министрліктер мемлекеттік корпорациямен бірлесіп азаматтардың аталған қызметті алу үдерісін жеңілдету шараларын қабылдауы тиіс.
Отырыста қаралған тағы бір маңызды тақырып – каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру жайы болды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев лагерьлерде жазғы демалыспен 1 млн. 655 мың баланы немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан 61,2%-ін қамту көзделіп отырғанын айтты. Каникул кезінде балалар үшін түрлі шаралар – секциялар, клубтар, үйірмелер, еңбек жасақтары мен экскурсиялар ұйымдастырылады.
Үкімет басшысы жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын және бос уақытын ұйымдастыру бойынша жоспармен танысып, қолға алынған барлық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Әңгіме жолдар мен су қоймаларындағы қауіпсіздікке, өрт қауіпсіздігіне, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да қатысты. Сонымен қатар, Премьер-министр ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан балалар лагерьлеріне қоғамдық бақылау жасауды күшейту туралы «Жұлдыз» ҚҰ бастамасын қарастырып, қолдауды тапсырды.
Отырыста сондай-ақ, мұрағат ісі мәсе­лелері бойынша және коммерциялық емес ұйым­дардың қызметі туралы заң жобалары тал­қыланды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру