Валюта бағамы: $ 363.26 420.11 5.54 ¥ 52.45

Халықаралық турнирде ҚазҰАУ командасы жеңіске жетті

Ағымдағы жылдың 19-21 мамыр күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Спорт кешенінде дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» үшін волейболдан ардагер командалар арасындағы Халықаралық турнир өтті.

Турнирдің ресми ашылу салтанаты мен жарыстарға мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын, Олжас Омарұлы өзі қатысты. Университет ректоры, академик Тілектес Есполовтың ұйымдастыруымен турнир осы жылы он бірінші рет өтуде. Шараға генерал-лейтенант, КСРО Спорт шебері Амангелді Шабдарбаев, ҚР Волейбол Федерациясының вице-президенті Мағзам Қасымов, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, ҚазҰАУ жанын­дағы О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры Есенгелді Медеуов сынды белгілі тұлғалар қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында қайраткер ақын, шебер волейболшы Олжас Омарұлына әр өңірдің командалары сый-сияпаттарын тарту етіп, иығына ұлттық шапан жапты.
Ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған Халықаралық турнирде Өзбекстанның «Ташкент», Қырғызстанның «Спартак», Шымкенттің «Ардагер», Қызылор­даның «Дихан», Тараздың «Ардагер», Талды­қорғанның «Жетісу» және Еуразия техноло­гиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ардагер волейболшылар командалары бақ сынасты.
Тілектес Есполов, ҚазҰАУ ректоры, академик:
– Заманымыздың заңғар тұлғасы Олжас Омарұлы жыл сайын туған күнін біздің университетте атап өтеді. Жуырда «Олжас және жастар» атты үлкен мәдени шара өткіздік. Өйткені Олжекеңнің өмір жолы, шығармашылық еңбегі қазіргі жастар үшін үлкен мектеп. Сондықтан біз, университет жастарын Олжас ақынның рухында, оның зор тұлғасы мен азаматтық, адами қасиеттері үлгісінде тәрбиелеп келеміз.
Жақында Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялағанын баршаңыз білесіздер. Бұл – мазмұны терең, тарихи бағдарламалық құжат. Бүгінгі жарыс – осы Рухани жаңғыру идеясымен үндесіп отыр. Біздің ардагер волейболшыларымызға қарап жастар бой түзейді. Салауатты өмір салтына бейімделіп, рухани жаңғыруға ұмтылады.
Олжас Сүлейменовтің қол добы – волейбол ойынына құмарлығын көпшілік жақсы біледі. Ақын студенттер арасында салауатты өмір салтының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Қайраткер тұлға осында оқитын ауылдан шыққан студенттермен жиі кездесіп, әртүрлі мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысып тұрады.
Сексеннің сеңгірінен асса да шығармашылық қуатын жоғалтпаған, қолынан қаламын тастамай, сүбелі сөзін хатқа түзіп, биік мінбелерден кесек ой айтып жүрген болмысы бекзат, танымы терең, тағылымы мол Олжекеңдей тұлғаның бүгінге дейін жүріп өткен өмір жолы мен сан қырлы шығармашылығының әлемдік әдебиет пен мәдениеттегі орны мен рөлі, парасаттылық өресі кейінгі буынға үлгі-өнеге.
Олжас Сүлейменов, Халық жазушысы, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері, ақын:
– Кез келген ұлттың келешегі оның рухани бай­лығына, салауаттылығы мен білімділігіне тікелей байланысты. Күн сайын дамып жатқан жаһандану тәуірінің технологиялық үрдісіне ілесіп отыру оңай емес. Өзіңді дәлелдеу үшін білім мен ғылымды игеруің қажет. Алайда, кез келген инновацияны рухани күш-қуатсыз, ұлттық тәрбиесіз еңсеру мүмкін емес.
Біз ел жастарын ізгілікке тәрбиелеп, оларға дем беріп, әрдайым қолдау көрсетіп отыруымыз керек. Ол үшін біз жалаң ұран мен құрғақ сөздерден аулақ болып, үлгі-өнеге боларлық нақты іспен айналысуымыз қажет. Бұл ретте академик Тілектес Исабайұлының басшылығымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті жас ұрпаққа рухани серпіліс беру бағытында ауқым­ды іс-шаралар атқарып отырғанын айта кеткім келеді. Университет жанындағы ардагер волейболшылар клубы да жүйелі түрде жарыстар өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттауға ат салысып келеді. Мұндай шаралар аға буын мен жастарды өзара жақындата түсіп, ұрпақтар арасында түсінікті диалог орнатуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Бұл жерде студенттердің өздері ұйымдас­ты­ратын керемет поэзия кештері, әсерлі кездесулер мен өзекті мәселелерге арналған мазмұнды басқосулар маған әр кезде қанат бітіріп, шабыт береді. Ертең осында терең білім мен өзекті тәрбие алған ұл-қыздар ауылдарымызды көтеріп, ұлттық рухымыздың дәнін сеуіп, ел экономикасына, мәдениетіне қызмет ететін болады.
Аграрлық университетке келген сайын мен қарапайым ауыл балалары арқылы қасиетті қазақ жерінің құдіреті мен ауылдың иісін сезініп, рухани байып қаламын.
Алдағы уақытта да университет жанындағы О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гумани­тар­лық білім беру және тәрбие институты көрнекті ақынның шығармашылық еңбектері мен азамат­тығын студент жастарға кеңінен насихаттап, олардың интеллектуалды түрғыдан қалыптасып, жетілдіру бағытындағы жемісті жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Үш күнге созылған тартысты турнирдің нәти­жесі төмендегідей тәртіппен анықталды:
1 орын – Қазақ ұлттық аграрлық университеті,
2 орын –«Ташкент», Өзбекстан,
3 орын – «Спартак», Қырғызстан.
Турнир кубогін иеленген жеңімпаз команданың әр ойыншысына алтын медаль беріліп, арнайы сый-сипат көрсетілді. Қалған командалар да жүлделі орындарына сай марапатталды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

Алмат ИСАДІЛ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру