Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Мың мүддені тоғыстырған бір белдеу

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында мамырдың 14-15 күндері Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу салтанатына қатысты. Елбасы биыл­ғы жылдың басты оқиғасының біріне айналған осынау алқалы жиын аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Жаһандық жаңа болмыс жағдайындағы ынтымақтастық жүйесі – Қытайдың ежелгі Жібек жолын қайта өркендету бағытын­дағы «Бір белдеу – бір жол» бастама­сының аясында ұйымдастырылған халық­аралық ауқымды жиын төрткүл дүние назарын Бейжіңге аударған жылдың басты оқиғасының бірі болды. Әлемнің 29 елінің мемлекет басшылары мен премьер-министрлері, БҰҰ Бас хатшысы, халықаралық делегациялардың, дүние­жүзілік қаржы ұйымдарының жетек­шілері бас қосқан алқалы жиында Жер шары халқының 45 пайызын қамтитын аса ірі жобаның даму жолдары, яғни аталған экономикалық белдеу аясында ынтымақтастықты жандандыру, өзара іс-қимыл платформаларын қалыптастыру, инфрақұрылымдық байланыс, сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық, өнеркәсіп­тік инвестициялар, энергетика мен ресурстар, қаржылық қолдау, қоршаған ортаны қорғау мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Форумға қатысушы мемлекеттер бас­шы­ларының «Тығыз ынтымақтастыққа ар­налған саяси бірлескен қызмет» тақыры­бында өткен дөңгелек үстел жиынында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде көрініс алып отырған саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап өтті.
– Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары мил­лиондаған адамдардың экономикалық бел­сенділігін төмендетіп, өмір сүру дең­гейі­не әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады.

Осындай жағдайда халықаралық кооперацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезінуде, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкеледі.
Мемлекет басшысы «Бір белдеу – бір жол» өңірлік кооперациясының жаңа моделінің мықты тұстарына ерекше тоқталды.
– «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің эконо­микалық мүддесіне сай келетін халық­аралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макро­өңірлік кооперацияның бірлескен страте­гия­лық үйлесімі қажет. Сондай-ақ Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Президент Еуразиялық эко­но­микалық одақтың осы процестегі маңызды рө­ліне тоқталды.
– «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономика­лық одақ және Еуропалық одақ платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.
– Жібек жолы экономикалық белдеуінің тран­зиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңіл­дету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфра­құрылымдық инвестициялар банкі осындай бағ­дар­ламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев инновация­лық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.
– Жобаларды бірлесе қаржыландыру, ғылы­ми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстар мен технологиялар трансферті орталық­та­рын, инновациялық компанияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін қарастырған дұрыс. Осы орайда, қазақстандық ғалымдардың Жібек жолының Халықаралық ғылым академиясын құру жөніндегі ұсынысына назар аударғым келеді. Сонымен бірге, қоршаған ортаның, соның ішінде көлік артериялары бола алатын ішкі континенталды трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді басқару мәселелесін де назардан тыс қалдырмаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Сөзін түйіндей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу – бір жол» идеясын ойдағыдай іске асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықтылыққа және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екенін атап өтті.

* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Елбасы ҚХР төр­аға­сына «Бір белдеу – бір жол» форумына шақыр­ғаны үшін алғыс айтып, іс-шараның жақсы ұйымдасты­рыл­ғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу – бір жол» идеясының өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі құрлық елдері арасындағы өзара іс-қимылдың көрінісі екенін атап өтті. «Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынты­мақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі мемлекет арасын­дағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оның бұдан да жоғары дең­гейде нығая түсетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді тал­қылады.
Си Цзиньпин Қазақстанның Сирия қақтығы­сын реттеу процесіне қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
ҚХР төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасының табыстылығын, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары кеңесінің халық­ара­лық бастамасының маңыздылығын атап өтті.
Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО – 2017» ха­лық­аралық мамандандырылған көрмесінің ашы­луына қатысуға дайын екенін айтты.
Кездесу барысында сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Екі ел ара­сын­дағы тауар айналымын ұлғайту және өнер­кәсіп, инновация, көлік, энергетика салаларын­да­ғы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл аударылды.
Сонымен қатар Елбасы «Бір белдеу – бір жол» халықаралық форумы аясында бірқатар мем­лекеттердің көшбасшыларымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті В.Путинмен және Түрік Респуб­ликасының президенті Р.Ердоғанмен кездесудегі әңгіме барысында таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындыларын талқылады. Р.Ердоған Астана процесінің нәти­желеріне тоқтала келе, Сирия мәселелері жөніндегі диалогты Женевада жалғастыру үшін оның маңызды болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Беларусь президенті А.Лукашенкомен және Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның премьер-министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен, Дүниежүзілік эконо­мика­лық форумның төрағасы К.Швабпен жүз­десті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен кездесті. Әңгімелесу барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады.
Қазақстан Президентімен кездесуде Испания премьер-министрі М.Рахой «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне Испания Королінің қатысатынын растады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы және даму жолдары жөнінде пікір алмасты.
– Біздің қарым-қатынасымыз басқа мемлекеттер үшін үлгі боларлықтай. 2014 жылғы кездесуде біз өндіріс ашу, көлік жүйелерін бір-бірімен жалғастыру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселесін көтердік. Сондай-ақ тағы бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Интеграциялық процестердің маңыздылығы­на тоқтала келіп, Елбасы «Бір белдеу – бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы ерекше рө­лін атап өтті. «Нұрлы жол» және Жібек жолы бағ­дар­ламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нә­тижелеріне назар аударды.
Сонымен қатар әңгіме барысында екі елдің арасында тауар айналымы көлемін ұлғайту, Қазақ­станның транзиттік әлеуетін пайдалану мүм­кіндіктері, технологияларды және эколо­гия­лық тұрғыдан таза өндірісті дамыту, сондай-ақ энергетика мен ауыл шаруашылығы салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қою мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ли Кэцянді елімізге сапармен келуге шақырды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X