Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Оң көрсеткіштер сақталуы тиіс

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында бірнеше мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 4 айындағы еліміздің экономикалық өсу қарқыны, ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, отырыста Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның қалай іске асырылып жатқандығына назар аударылды.

Өткен 4 айдың қорытындысына сәйкес, экономиканың басым салаларында өсім байқалған. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ өсімі 3,7%-ті құрады. Ол негізгі факторлар қатарында тұтынушылық және инвестициялық сұранысты, ЖІӨ динамикасын қолдауға көмек болған экономиканың нақты секторындағы белсенділікті атады. Жалпы ішкі өнімнің оң сипаты тау-кен, өңдеу, құрылыс, қызмет көрсету салаларының нақты өсімімен байланысты. Тау-кен өнеркәсібінде көмір мен қоңыр тас көмір, мұнай, табиғи газ алу көрсеткіштерінде біршама өсім бар. Негізгі өңдеу сегменттерінде де: мұнай өңдеуде, фармацевтикада, металл емес минерал өнімдерде, металлургиялық өнімдерде және машина жасауда жандану байқалады. Агроөнеркәсіптік кешенде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өндіріс көлемі өзгерістерге ұшырамаған және 2,9% оң көрсеткішінде сақталып қалды. Құрылыста да 6,1%-ке артып, оң ырғақ сақталуда. Құрылыс жұмыстары Павлодар, Жамбыл облыстарында және Астанада қыза түскен. Есепті кезеңде көрсетілетін қызметтер өндірісі 1,9%-ке өсті. Секторлар бойынша сауда-саттықта және ақпарат пен байланыста өсім байқалады, көлік және қоймалау қызметі саласының даму көрсеткіштері 3,5%-ке, жүк айналымы 5,9%-ке, ал жолаушылар айналымы 3,2%-ке өскен.
Үкімет басшысы осы оң өзгерістермен тоқталып қалмай, жұмысты әрі қарай өрістету қажеттігін баса айтты. «Қорытындыдағы мәліметтер жаман емес, бірақ төрт айда болған жетістіктер бізді босаңсытпауы керек. Негізгі жұмыс екінші жартыжылдықта орын алады. Сондықтан барлығымызға – орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Осы орайда, Инвестициялар және даму министрлігі өңдеуші өнеркәсіптегі қалыс қалып келе жатқан салалардағы жағдайды түзетуге көңіл аударуы тиіс», деді Бақытжан Сағынтаев. Премьер-министр аталған жұмысты үйлестіруді өзінің бірінші орынбасары А.Маминге тапсырды.
Елімізде ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Ол жыл басынан бері қой шешегі, лейкоз, вирустық диарея мен эпизоотиялық лимфангит секілді аурулар бойынша эпизоотиялық жағдайларда тұрақтылық байқалатынын мәлімдеді. Мысалы, биыл мал аурулары 36%-ке төмендеген. 2016 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мал ауруының жалпы 36 ошағы тіркелсе, биыл ол 23 болып отыр.
2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында ветеринарлық заңнаманы өзгерту жобасы әзірленуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы малдарға 17 аса қауіпті ауруларға қарсы 149,3 млн. екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 37,5 млн. екпе жұмыстары жүргізілген, бұл өткен жылдағы деңгеймен салыстырғанда 34%-ке жоғары көрсеткіш. 2017 жылы 70 млн. диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарланған. Елімізде барлығы 2,6 миллионнан астам ІҚМ, 3,8 млн. бас ҰҚМ, 150 мың шошқа, 18 мың жылқы және 31 мың түйеге диагностикалық зерттеулер жүргізілген.

Вице-министр отандық мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару жұмыстарынан да хабардар етті. Ол арнайы әзірленген Экспорт бойынша жол карталары шеңберінде импорттаушы елдер – ҚХР, Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт талаптарына сәйкес отандық регламенттер мен сертификаттарды үйлестіру бойынша шаралар қабылданғанын мәлімдеді. «2017 жылдың сәуірінде қытайлық сарапшылар ветеринарлық қызмет аудиті мен Қазақстан кәсіпорындарына тексеру жүргізді. Оның негізінде Қытайға асыл тұқымды жылқылар мен омарташылық өнімдерін экспорттауға рұқсат алынды. Жыл соңына дейін қытайлық нарыққа мұз­датылған қой етін жеткізу бойынша талаптарды келісу жоспарланған. Сондай-ақ, салқындатылған қой етін экспорттау бойынша жұмыс жалғасуда», деді ол.
Қазіргі кезде Иранға қой еті мен тірі қойларды экспорттауға ветеринарлық талаптарды келісу аяқталып қалды. БАӘ-мен ірі және ұсақ қара мал, тауық жұмыртқасын экспорттау үшін ветеринарлық сертификаттар келісілген. Ол бұған дейін Халықаралық эпизоотикалық бюро еліміздің 9 аймағын: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай облыстарын аусыл бойынша қолайлы аумақ деп танығанын, қалған 5 облыс бойынша ХЭБ сарапшылары Қазақстан қолданатын шараларға тексеру жүргізгенін хабарлады. Тексеру қорытындысы 2017 жылғы 25 мамырда ХЭБ Бас ассамблеясында қаралады.
Үкімет басшысы елімізде ветеринарлық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндамаларды тыңдап, ветеринарлық алдын алу шараларын уақытылы жүргізуді тапсырды. Ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауына алынған. Осы ретте Ауыл шаруашылығы минис­трлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп ветери­нарлық алдын алу шараларын, соның ішінде екпе жұмыстары мен диагностика жасау шараларын уақытылы жүргізу тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ел өңірлерін қажетті ветеринарлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу тапсырылды.
2015 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты халықаралық стандарттарды енгізу бойынша міндеттемелерді қабылдағаны белгілі. Сонымен қатар, Конвенция нормаларын жүзеге асыру мақсатында «Мүгедектердің құқық­тарын қорғау бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Отырыста аталған конвенцияны сақтау мәселесі де жан-жақты талқыланды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мүгедектердің құқықтарын әлеуметтік қорғау жүйесінің басты қағидаты – әлеуметпен кіріктіру болып табылатынын атап өтті. Бұл тұста басымдықты бағыт көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында қолжетімді ортаны құру болып табылады. Онда басты тетікпен мүгедектер үшін аса жоғары маңызға ие 36 мың нысанға паспорттау жүргізу мен оларды бейімдеу айқындалған. Ағымдағы жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдармен жоспарланған 31,1 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының ішінде 28,9 мың нысанда паспорттау жүргізілген. Паспорттаудың мақсаты толыққанды әрі сенімді ақпаратты анықтау, сонымен қатар, мүгедектер үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділік деңгейін бағалау болып табылатынын айта кеткен жөн.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X