Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

АҚТӨБЕ – ҚҰТТЫ МЕКЕН

Парламент Мәжілісіндегі тыңдаулардан кейін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев су тасқынынан жапа шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатқанын журналистерге берген сұхбатында айтып берді. Ол үйлер мен азаматтардың жеке мүліктерінің қаншалықты зардап шеккенін, зақымданғанын айқындайтын арнайы комиссия құрылғанын атап көрсетті.

«Осы комиссияның шешімімен кімге және қанша қаражат бөлінетіні анықталады. Біз үйлері қирап қалғандарға пәтерлер береміз. Кімде-кім жеке үй алғысы келсе және де олар жеке тұрғын үй құрылысы кезегінде тұрса, оларға жер береміз. Өте мұқтаж болғандарға – құрылыс материалдарына 1 миллион теңгеден қаражат бөлеміз. Бірақ мынадай шартпен: бөлінген қаражатқа біз құрылыс материалдарын сатып аламыз, құрылыспен өздеріңіз айналысасыздар. Өздері салуға мүмкіндігі жоқтарға, құрылыс компаниясын немесе құрылысшыларды тауып береміз», – деп нақтылады Б. Сапарбаев.
Әкімнің айтуынша, бүгінге дейін Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 64 миллион теңге төленген.
«Жұмыс басталып кетті, одан әрі де жалғаса береді. Бүгінгі күнге 64 отбасына 1 миллионнан теңге бөлінді», – деп қорытты облыс басшысы.

Егіс аумағы ұлғайды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтарына барып, көктемгі егіс науқанының басталуымен танысты, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, биыл Ақтөбе облысында 641 мың гектар жерге егін егу жоспарланған. Егіс алқаптары 2016 жылмен салыстырғанда 74,2 мың гектарға ұлғаятын болады. Дәнді-дақылдар егуге 383,9 гектар жер белгіленген. Ауа райы қолайлы болған жағдайда 480 мың тонна астық жиналады деп күтілуде.
Қазір облыс аудандарында егін егу жұмыстары белсенді жүруде. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша өңірдегі ауылшаруашылық құрылымдары көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін сапалы тұқымдық материалдармен, техникамен және жанармаймен толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, ҚР АШМ бөлген 8,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны Ақтөбеге толық мөлшерде жеткізілді.
Облыс басшысы жекелеген кемшіліктерді де атап көрсетіп, тиісті мамандарға, өңір басшылары мен өзге де жауапты жұмыскерлерге шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
«Суармалы жерлер Қарғалы ауданында көп. Өкінішке қарай, олардың жалпы аумағының 33% ғана айналымда. Біз азық-түлікті көп беруге мүмкіндігі бар суармалы жерлер алаңын барынша кеңейтіп, малды жем-шөппен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын құруымыз керек. Жалпы, облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда сіздерде ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жағдай жақсы. Егер барлық әлеует пайдаланылса, Қарғалы ауданы жалпы Ақтөбе аумағын негізгі ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етер еді», – деді облыс әкімі.

Туған жерге тағзым

Биыл Ақтөбе облысының құ­рылғанына 85 жыл толады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы айтулы датаға байланысты республикалық деңгейдегі «Ту­ған жерге тағзым» шарасы аясында осы жылғы қыркүйекте «Ақтөбе – құтты мекен» облыс­тық форумын өткізуді ұсынды.
Форумды өткізуге қатысты мәселелерді талқылаған бас­қосуда ұйымдастыру коми­тетінің төрайымы, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова атқарылар іс-шараларды тағы бір пысықтап, жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді. Жиын барысында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева осы айтулы шараны айтарлықтай өткізу мақсатында электрондық әлеуметтік жүйелерде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндады және қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде форум туралы «Ақтөбе жерлестерін шақырады» деген атаумен ашылатын интернет-сайт құрылып жатқанынан хабардар етті.
Айтулы шараның басты мақсаты – өңірдің даңқты, танымал адамдарын, табысты іскер азаматтарды облыстың экономикалық, әлеуметтік дамуына кеңінен қатыстыру, туған елге, кіндік қаны тамған жерге – ауылы, аймағы алдындағы азаматтық парызын өтеуге шақыру, солардың лайықты өмір жолымен өскелең ұрпақты па­триотизмге тәрбиелеу. Фо­рум­ға келеді деп күтілген атақты жерлестер қатарында Астанадағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов, Республикалық трансплантация орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев, Ресей батыры, ұшқыш-ғарышкер Юрий Лончаков, спорттық гимнас­тикадан Олимпиада чемпионы (қазір осы спорт түрінен АҚШ құрамасының жаттық­тырушысы) Валерий Люкин, талантты волейболшы Сабина Алтынбекова, жезтаңдай жас әнші Димаш Құдайбергенов, белгілі бизнес майталмандары – Исламбек Салжанов пен Қайрат Майтеков бар.

Қоқыс та кәдеге аспақ

Таяуда Ақтөбеде қоқыс сұ­рып­тайтын кешен ашылды. Бұл жобаның жетекшісі, «Союз гранд» ЖШС құрылтай­шыларының бірі Алтынбек Қазантаевтың айтуынша, зауыт­тың дәл осы өңірде салынуы тегіннен-тегін емес.
«Біз қоқыс сұрыптайтын ке­шеннің құрылысын бастамас бұрын, әрине, еліміздегі нарықты, жалпы осы сала ахуалын жан-жақты зерттедік. Көп ұзамай инвестициялық жағдайы жақсы Ақтөбені таңдап алдық. Жергілікті билік біздің барлық талап-тілегімізді ескеріп, идея­мыздың ойдағыдай жүзеге асуына көмек берді. Жоспар бойынша кешенде екі ауысымда 100-ден аса адам еңбек етпек», – дейді ол.
Бұл кешенде қоқыстың түр-түрі сұрыпталып, болашақта металл, шыны, пластик бұйым­дары, қатты қағаз өнімдері де өңдеуден өтпек. Осы өндіріс орнының қуаттылығы – жылына 200 мың тоннадай, дейді кешен басшылары. Мұндағы жұмыс ресейлік технология бойынша жүргізілетін болады.
Осындай маңызды өндірістік кешеннің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұндай жобаның берері мол, қоқыстың өзін кәдеге жарату – заман талабы екенін атап айтты. Сондай-ақ, ол ауаны ластайтын қалдықтарды азайтуға баса мән беру керектігін ескертті.
«Ақтөбе құтты мекен болуы үшін алдымен ауа таза болуы керек. Жағымсыз иісті кетіруге күш салу қажет. Ол бойынша жауапты адамдарға бірқатар тапсырмалар бердім. Ағаштарды да көптеп егуіміз тиіс», – деді облыс әкімі.

3 жасар  ақтөбелік  Миланды  мойындатты

Туғанда аурушаң болған баладан кезінде дәрігерлер әке-шешесіне одан бас тартуға кеңес берген. Бірақ бар қиыншылықты мойымай көтерген анасы өз сәбиін мәпелеп-аялап өсіріп, өзге құрбы-құрдастарынан еш кемсітпей, керісінше өмірсүйер ұлан етіп тәрбиелеп шығарған. Енді сол бала 3 жасында модель боп өнер көрсетіп, Миланды мойындатты, деп nur.kz сайтынан анасы Әйгерім Бижанова әңгімеледі.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X