Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Жер құнары – күтімнен

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Бейнелеп айтсақ, малдың тұяғы мен жайлаудың қияғынан күн көрісін айырған қазақ жерді күтіп баптауға, топырақтың тозып, тозаңға айналмауына қатты мән берген. Соның арқасында сайын далада мыңғырған мал өсіріп, жайқалтып егін салған. Алайда, тың және тыңайған жерлерді игереміз деген желбуаз желеумен коммунистік билік ақ селеулі өңірді айқыш-ұйқыш жыртып, халқымыздың ата кәсіптен ажырап, өзіндік болмыс-бітімінен айырыла бастауына себепкер болды. Тіршілік тіні – Жер-Ананың күйі кеміп, басынан бақ тайды.
Статистика деректеріне жүгінсек, республиканың ауыл шаруашылық алқаптарының жалпы алаңы 177,8 млн гектарды, оның ішінде жайылымдар 146,9 млн гектарды, егістік пен тыңайған жерлер 26,7 млн гектарды, шабындықтар 4,2 млн гектарды құрайды. Бұдан сәл ертерек жүргізілген түгендеу қорытындылары бойынша 7,4 млн гектар пайдаланылмайтын жерлер, оның ішінде 0,9 млн гектар егістік, 1,2 млн гектар тыңайған жерлер, 0,08 млн гектар шабындық, 5,2 млн гектар жайылым, 0,01 млн гектар көпжылдық екпелер бар екені анықталды. Пайдаланылмайтын 7,4 млн гектар жерден 3,36 млн гектарды бұрынғы жер пайдаланушылар игере бастады, 3,0 млн гектар жер бойынша жалдау шарттары бұзылып, мұның ішінде ауыл шаруашылығы айналымына 1,7 млн гектар тартылды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, еліміздің барлық өңірлерінде жер сапасының нашарлауына, құрамында қарашіріктің, қоректі заттардың, өсімдіктердің түрлік құрамы мен оның өнімділігінің төмендеуіне қатысты тұрақты үрдіс байқалуда, бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің әлеуетін төмендетіп отырғаны жасырын емес. Мұның бір себебі жыртылған алқаптардың құнарлылығын арттыру және жайылымдарды суландыру жөніндегі іс-шаралардың толық көлемде жүргізілмеуінде жатса керек. Бұдан екі жыл бұрынғы неғұрлым толық дерек бойынша тәлімі жерлердегі егістік құрылымындағы құрамында қарашірігі аз топырақ (4 пайыздан аз) 14,6 млн гектарды немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 72,8 пайызын, құрамында қарашірігі орташа топырақ (4-6 пайыз) 5,3 млн гектарды немесе 25,9 пайызды, құрамында қарашірігі жоғары топырақ (6 пайыздан астам) 0,3 млн гектарды немесе 1,3 пайызды құрады. Суармалы егіншілік жағдайында 0,8 млн гектар немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 98,2 пайызы төмен қамтамасыз етілген, 15,05 мың гектар немесе 1,8 пайызы орташа қамтамасыз етілген болып табылады.
Құрамында жеңіл гидролизделетін азоты төмен топырақ 11,3 млн гектар алаңды немесе тәлімі жерлердегі зерттеп қаралған егістік алаңының 55,8 пайызын, құрамында жеңіл гидролизделетін азоты орташа топырақ 4,4 млн гектарды немесе 22,0 пайызды, құрамында жеңіл гидролизделетін азоты жоғары топырақ 4,5 млн гектарды немесе 22,2 пайызды құрайды. Суармалы егіншілік жағдайында 0,8 млн гектар немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 89,1 пайызы төмен қамтамасыз етілген, 0,03 млн гектар немесе 3,5 пайызы орташа қамтамасыз етілген және 0,06 млн гектар немесе 7,0 пайызы жоғары қамтамасыз етілген болып табылады. Тәлімі жер құрылымындағы жылжымалы фосформен аз қамтамасыз етілген топырақ 9,3 млн гектар немесе 46,2 пайыз, орташа қамтамасыз етілгені 7,9 млн гектар немесе 39,5 пайыз және жоғары қамтамасыз етілгені 2,9 млн га немесе 14,3 пайыз. Суармалы егіншілік жағдайында зерттеп қаралған егіс алаңынан құрамында жылжымалы фосфоры аз топырақ 0,2 млн гектар алаңды немесе 26,2 пайызды, құрамында жылжымалы фосфоры орташа топырақ 443,2 мың гектарды немесе 51,6 пайызды және құрамында жылжымалы фосфоры жоғары топырақ 190,7 мың гектарды немесе 22,2 пайызды алып жатыр.
Тәлімі жерлердегі егіншілік жағдайында жыртылған жерлер алмасымды калиймен былайша қамтамасыз етілген: төмен қамтамасыз етілгені 1,9 млн гектар немесе зерттеп қаралған егістік алаңының 9,4 пайызы, жоғары қамтамасыз етілгені – 16,4 млн гектар немесе 81,4 пайызы. Суармалы егіншілік жағдайында құрамында жылжымалы калийі аз топырақ 0,1 млн гектарды немесе 13,7 пайызды, орташа – 0,3 млн гектарды немесе 33,3 пайызды және жоғары – 0,5 млн гектарды немесе 53,0 пайызды алып жатыр. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы қызметі мал шаруашылығынан атмосфераға бөлінетін пар­никтік газдардың айтарлықтай артуымен, негі­зінен жануарлардың метан шығарындыларымен, көңді сақтау және пайдалану кезіндегі метанмен және көмірқышқыл газымен, жайылымдағы жайылатын малдардың қиынан болатын көмірқышқыл газымен, өсімдік шаруашылығынан топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізумен, топыраққа егіннің биологиялық қалдықтарының сіңуімен, топырақта органикалық заттардың минералдануынан болатын азоттың босауымен байланысты көмірқышқыл газы мен азот қосындыларының шығарындыларымен, күріш өндірісіне байланысты метан шығарындыларымен бірге жүреді.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жай-күйі туралы ақпарат оларды ұтымды және тиімді пайдаланудың негізі болып табылады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің сандық және сапалық жағдайы туралы шынайы деректер алу ауыл шаруашылығы алқаптарын топырақтық және геоботаникалық зерттеп қарау, топырақты бонитирлеу жөніндегі сапалы материалдар көлемінің аздығына, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің кадастрлық құнын айқындау үшін өзекті деректердің болмауына байланысты қиындап отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X