Валюта бағамы: $ 326.88 364.9 5.47 ¥ 47.85

Ғылымдағы айшықты із

Айбын ТӨРЕХАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымының докторы,
профессор

Бүгінгі таңда ғылым қарыштап дамыса да жауапкершілік деген адами қасиеттің орны олқы тұрғаны ащы шындық. Менің түсінігімде, тұлғаның қоғамда немесе ұжымда өз қызметін адал атқарып, оны азаматтық борышы ретінде сезінгені, сол адамның зор жауапкершілікті арқалағаны. Әрине, өзіне жүктелген істі ыждағаттылықпен, тиянақты орындау адамның ынтасына, біліміне, іскерлігіне, табандылығына байланысты. Жауапкершілік бар жерде жұмыс та тиянақты атқарылады, мақсат та орындалады, нәтижеге де қол жетеді.

Қазіргідей немқұрайлылық пен тоғышарлық дендеп бара жатқан уақытта, тапшы уақытты толық пайдалануға ұмтылған, әсте еңбек етуден жалықпаған, ұдайы білімін ұштаған, зердесінің әлеуетін көп іс тындыруға жұмсаған Сүленов Жармұхамбет Сүленұлы ағамыздың атқарған игілікті істері кейінгі буын жастарға үлгі тұтарлық өнеге.
Ол саналы ғұмырын ғылымға арнаған, 40 жылдан астам уақыт сауын сиыр саласының қыр-сырына терең үңіліп, осы саланың саңлағына айналған майталман маман. Сауын сиыр саласында ғылыми зерттеулермен шұғылданып, өндірісте білікті білімімен ерекшеленген, ең бастысы, ғылыми ортада тындырымды игі істерді атқарғанымен есте қалды.
Кеңес одағы құрылып, мал шаруашылығын дамытуды қарқынды жолға қою бағыты анықталғанда, Қазақстан ғалым­дары осы жергілікті сиырлардың негізінде өндірістік сипаттағы сүт өнімі мол сауын сиырлардың тұқымын шығаруды қолға алды. Қазақстанда өндірістік негізде өсіруге бейімделген алғашқы сүтті-етті бағыттағы сиыр тұқымы – Алатау сиыры еді. Өткен ғасырдың ғасырдың 30-50 жылдарында жергілікті малдың ішіндегі сүтті сиырларды швиц, кострома тұқымының бұқаларымен ұрықтандыру арқылы шығарылған жаңа тұқым. Алатау сиыры, көбіне, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан өңірінің таулы аймақтарында өсірілді.
Талдықорған облысы аясында мал асылдандыру жұмыстарын жандандыру мәселесін қолға алғанда, маман ретінде әрі ғалым ретінде ағамыздың есте сақтау қабілетінің зеректігіне тәнті болдым.

Облыс көлемінде қандай аталық іздер, оның ішінде қайсысы бұқа, қай шаруашылықта қолда­нылды, барлығын жадында ұстап, жатқа айтатын.
Жармұхамбет Сүленұлының сүтті сиыр сала­сының дамуына қосқан ең сүбелі үлесі Талды­қорған өңірінде кең ауқымды селекция ұстанымдарын өндіріске ендіру барысында атқарылған ізденістері болды. Біріншіден, Талдықорған облысында мемлекеттік мал асыл­дандыру орталығының жұмысын қайта жаң­ғыртты. Кеңес кезінде мал асылдандыру жұмысының өзегі болған 19 облыстық мемлекеттік мал асылдандыру орталықтары осы кезеңде тұралап қалған еді. Барлық орталықтар асыл тұқымды бұқа ұстау, оны ұрпағының сапасы бойынша бағалау және аталық бұқалардан ұрық жинақтау, оларды сақтау сияқты қызметтерді атқарып, жергілікті аймақта өсірілетін мал тұқымының жақсаруына ықпал ететін. Кеңес одағы ыдырап, елімізде жүргізілген жаппай жекешелендіру саясаты әсерінен республикалық кәсіпорындар реформаға ұшырап, мамандар әрі-сәрі жағдайға түскен кез болатын. Барлық 19 мемлекеттік мал асылдандыру орталықтары қаржы тапшылығынан бұқалардан арылып, жекешелендіруге кеткен шаруашылықтар қолдан ұрықтандыру науқанына мән бермегендіктен, ұрыққа деген сұраныстың дағдарысқа ұшырауы осы мекемелердің жабылуына себеп болды.
Республика бойынша жұмысын қайта бастаған мал асылдандыру орталығы Талдықорған облысынан бастау алды. Облыс шаруашылықтарының сұранысына сай тұқымдық бұқаларды таңдау, арнайы тапсырыс бойынша асыл тұқымды бұқа­шықтарды жұптау әдісімен алу және оларды ұрпағының сапасы бойынша бағалау жұмыстарын ұйымдастырудың бастамашысы да, оны іс жүзіне асырушы да бола білді.
Республикалық мал асылдандыру орталығы шаруашылық жұмысын бастап кеткенімен, мал асылдандыру үрдісіне қатысты мәселелерді реттейтін заңнамалық құжаттар толық емес болатын. «Асыл тұқымды мал туралы» заң қабылданғанымен, осы заңды іс жүзіне асыратын заңнамалық актілер әлі дайындалып, үлгермеген уақыт еді. Осы орайда, бұқаларды ұрпағының сапасы бойынша бағалау мәселесіне қатысты заңнамалық құжаттар аналық малдың тұқымдық қасиетінің бағалануына байланысты екені ескеріліп, соңғы он жылда кеңес дәуірінде қабылданған әдістеме базасы саралаудан өткізілді. Әлемдік мал асылдандыру үрдісінің талабына сай, замана сұранысына орай осы әдістеме базасын жаңғырту қажеттілігі туындады. Осы жауапкершілігі зор, қызығы мен қиындығы мол жұмыстың бел ортасында жүрді. Әрине, министрліктен мал шаруашылығы департаментінің директоры ғалым Совет Сатығұл, департамент қызметкері, ғалым Рамазан Абжанов, өндірістен ғылым кандидаты Жорабек Алмантай, республикалық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұжымы, барлығы да заңнамалық актілердің дайындалуына белсенділікпен атсалысты.
Оның ғылымдағы ең маңызды табысы – Алатау сиырының қарқынды технологияға бейімделген сүтті бағыттағы жаңа типін шығаруды аяқтаған еңбегі. Ширек ғасырдан астам уақыт Алатау тұқымының жақсаруына ерінбей еңбек етіп, мемлекеттік бағдарлама аясында Швиц тұқымының америкалық селекциясының бұқа­ла­рын қолдану арқылы малдың сүттілігін арт­ты­рудың басты авторларының бірі, әрі осы идеологияның тұрақты жалғастырушысы болды. Басқа кеңестік республикалардан ерекшелігі, Қазақстанда қоңыр малдың тұқымын жақсарту мақсатында тек америкалық селекция жетістігі Швиц бұқаларын тиімді қолдану көзделген болатын. Осы мақсаттың дұрыс қойылғанын уақыт көрсетті, ал ғалым-селекционер Ж.Сүленов тиянақты жұмыстарымен басталған жұмыстың нәтижелі аяқталуына арқау болды. Алатау сиырын жақсарту төңірегінде көптеген пікірлер болғаны рас, ресейлік немесе алманиялық ғалымдардың селекциялық жетістіктерін пайдалану жолдары ұсынылғанмен, мақсатты өзгертпей, жүргізілген селекцияны табандылықпен аяқтады. Жаңа типтің апробацияға қажетті құжаттарын түгелдей дерлік бір өзі дайындады, үлкен ұжымның ұзақ жылғы атқарған жұмысын бір адамның рәсімдеуі, оның жауапкершілігін, еңбексүйгіштігін, әрі кішіпейілділігін паш еткендей. Ол өткізілген ғылыми кеңес пен жиналыстар хаттамаларын өзіне тән ұқыптылықпен толтырып, апробацияға берілетін құжаттарды тиянақты дайындап, жинақылық танытты.
Сүленов Жармұхамбет ағамызбен ширек ғасырдан артық араластық, соның 22 жылы үзеңгілес болып, бірге қызмет атқардық. «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» демекші, ағамыз көргені көп, көңілге түйгені мол, ұдайы ізденіс үстінде жүретін ізденімпаз жан болатын. Тумысынан ғылыми байқампаздық бойына дарыған нағыз ғалым еді. Ғалымдығынан тыс адамгершілік қасиетінің арқасында шаруашылық басшыларымен сыйластығы ерекше болды, олар­дың алдында беделді болғандықтан, ықпалын да жүргізетін. Ауыл шаруашылығы өндірісінің майталмандары Социалистік Еңбек Ері Зылиқа Тамшыбаева, Көшкінбай Жанатов, Анатолий Смыков, Нұрлан Шыныбеков және басқа да танымал басшылармен етене араласып, ғылымның беделіне қылау түсірмеді. Талдықорған ғылыми-зерттеу институтында басталған кең ауқымды селекция ұстанымдары аясында көп ізденді, сауын сиырды дене бітіміне қарай бағалау, осы тәсілдің жалпы сиыр құндылығын анықтаудағы маңызы, тұқым қуалайтын белгілердің артықшылығы, олардың ұрпаққа берілуі және тұрақтануы мәсе­лелері төңірегінде заманауи көзқарастарды зерделеуге де зор мән берді. Сонау 1995 жылы әдістеме ретінде жарияланған сауын сиырлардың дене бітіміне қарай бағалану ұсынысына пікір жазған да, осы әдістің Алмания мен Мажар ғалымдарының ізденістерімен толықтырылып, жетілуіне де үлкен еңбек сіңірді.
Қырық жылдан астам сауын сиыр саласының жілігін шағып, жаңа дәуірдің басында еңбегінің мәуелі жемісін көріп, көңілі марқайып жүрді. Алдымен, өзі жанашыр болған Алатау сиырының «Ақырыс» жаңа типіне, қызылала сиырдың «Ертіс» жаңа типіне, кейінірек қарала сиырдың «Сайрам» жаңа типіне авторлық куәліктер алды. Осы жетістіктер бір адамның ғұмырына жетерлік табыстар десек те, көңіл тоярлық істерге тоқмейілсу танытқан емес. Ғалым ретінде, әлемдік жетістіктерді оңтайлы пайдаланып, өз төлтумамыздың өрісін кеңейткен ұлтжанды азамат еді. Кең ауқымды селекция бағдарламасын да оңтайлы пайдаланып, селекциялық жұмыспен қамтыған шаруашылықтар іргесін де кеңітті. Тосырқауды білмейтін, шаршау деген ұғым қаперіне кірмейтін ағам, ұзақ жылдар қызмет атқарған Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстарынан тысқары Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстарының шаруашылықтарын да қамқорлығына алып, осы аймақта сауын сиыр шаруасының ілгерілеуіне үлес қосты.
Соңғы жылдары, Алматы өңірінде Алатау сиырының нарық тезіне ұшырап, шетелден келген қарала сиырдың басымдық алуы, Жармұхамбет ағаның намысын жанып, Алатау сиырын өсіретін шаруашылықтармен етене қызмет істеуін үдете түсті. Өмірінің соңына дейін, жасы егде тартса да, көңілі шау тартпаған мәрт ағам іссапардан қолы босамайтын. Соңғы сапары Талдықорған өңіріне байырғы шаруашылықтардың бірегейі «Хильниченко и К» сенім серіктестігіне (бұрынғы «Қарабұлақ» колхозы) барып қайтуы болды. Шаруашылық кеңес дәуірінен Алатау сиырын өсірумен шұғылданған, оның жетістіктеріне қомақты үлес қосқан, облыстағы озат шаруашылық және жекеше­лен­діру дүрбелеңінде тұтастығын сақтаған ірі шар­уа­шылықтың басшысы Хильниченко Виктор Петрович те, бас зоотехнигі Хайдар да тұғырлы тұлғаның қимас достарындай болып кеткен еді.
Ғылымға деген адалдық аманатын арқалаған ағам, артына өшпейтін атын, өлмейтін ісін қалдырды. Ғылымда біршама шәкірт тәрбиеледі, қаншама шаруашылық мамандарына жол көрсетіп, аяқтанып кетуіне ықпал етті. Сиыр шаруашылығының қалыпты дамуына мұрындық болған игілікті істердің бастамасын қолға алып, сауын сиыр саласының сардары бола білді. Шәкірттерінің бірі Талғат Қарымсақов «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты» директорының ғылым жөніндегі орынбасары. Ширек ғасырдан астам қызметтік достығымыздың айғағы бірігіп жазылған 30-дан астам ғылыми мақалалар, 6 әдістеме және 6 ғылыми кітап. Жиырма бірінші ғасырдың басында сауын сиыр саласына серпін берген отандық малдың жаңа үш типі, кең ауқымды селекция ұстанымдары аясында өндіріске енгізілген ұсыныстар бірлесіп атқарған игілікті істер және Жармұхамбет Сүленов ағамыздың ғылым мен өндіріске сіңірг­ен ерен еңбегі. Ғылым жетістігінің өн­діріс­ке енген ең тамаша көрінісі де осы жетіс­тіктер. Осы жетістіктердің халық игілігіне қызмет етуі ағамыздың жасампаздығына куә. Тіршілігінде өзіне тән қарапайымдылығымен, мәдениеттілігімен көпке үлгі болған ол «менің осындай жетістіктерім бар деп» мақтануды, кеуде көтеруді өзіне ар санады. Осындайда «жоқтан бар жасап тыраштанып жүрген» басқа әріптестерінің қылығы оның адамгершілігін асқақтата түседі. Жазмыштан ешкім озбайды, ағамның бейіліне салсақ, тіршілік тынысы тарылмасын деп тілейміз. Отбасына ие апамыз бар, артында ұрпағы бар, ел-жұрты, әріптестері, шәкірттері аман болса, Жармұхамбет ағамның орны ортаймас. Шүкір, сауын сиыр саласының аманатын арқалаған ағамның тіршілігінде көтерген бастамасы әлі де жалғасын табуда. Ылайым, өмір сабақтастығы жалғаса берсін!


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X