Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

Отандық сорт – қашан да мол өнімнің кепілі

Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік
шаруашылығы ҒЗИ бас директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі

Көп уақыт өте қойған жоқ. Осыдан біраз мерзім бұрын Елбасымыз Н.Назарбаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған дәрісінде: «…Егер технологияларды трансферттеуге ғана сүйенсек, онда біз өзіміздің технологиялық саламызды дамыта алмаймыз және технологиялық жағынан ғылыми дамыған мемлекеттерге тәуелді болып қаламыз. Сондықтан да бізге өз ғылымымызды дамыту қажет…», – деп шегелеп тұрып айтуының астарында терең мән жатыр. Бұған немқұрайды қарауға болмайды.
Енді негізгі тақырып аясына тоқталайын. Академик Н.И.Вавилов «Экожүйелердің өзгеруіне байланысты және өндіріс ауқымының өсуіне қарай ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру мен дән сапасы факторы ретінде маңызы арта түседі» деп түйінді тұжырым жасайды.Өз басым академиктің бұл пікірін ақиқат шеңберінде айтылған деп есептеймін. Қазақстан климаттық жағдайлардың өзгеруі мен ауытқуы ауыл шаруашылығына айтарлықтай кедергі келтіретін мемлекеттердің қатарына жатады. Осыған байланысты Қазақстанның аграршы ғалымдары ор­та­ның абиотикалық (құрғақшылыққа төзімділік, ыс­тыққа, қысқа, аурулар т.б.) факторларына тұрақты, ауылшаруашылық дақылдарының бәсекеге қабілетті, яғни классикалық селекция, биотехнология және молекулярлы биология әдістері негізінде егістіктің ауыспалы жағдайларына бейімделген сорттары мен будандарын шығару бойынша зерттеулер жүргізуде.
Біздің елімізде қарама-қайшы топырақтық, кли­мат­тық жағдайларында отандық сорттармен белгі­лі бір аймақты жеткілікті өніммен айтарлықтай ау­қымда қамтамасыз ететініне күмән жоқ. Өйткені, арнайы бейімді генотиптерді сорт өсірілетін немесе соларға барынша ұқсас жағдайларда іріктеуге болады. Осынау ұғынықты ұсынысты ортаға салып отырған ғалым А.А.Жученконың кеңесімен де келісуге болады. Осыған орай мен нақты цифрға жүгінейін.Тек қана 2005-2016 жылдары Қазақстанның селекционер ғалымдары ауылшаруашылық, жеміс-жидек, техникалық, көкө­ніс-бақша, тағы да басқа дақылдардың 664 сорты мен буданын шығарып, мемлекеттік сортты анықтау мен сынау сараптамасына жіберді. Ауылшаруашылық да­қыл­дарының сорт­тарын тек қана шығарып қоймай, сонымен бірге оларды өндіріске енгізу де өте маңызды. Сол себепті барлық шығарылған сорттар мемлекеттік сынау жүйесінде үш жыл бойы сынақтан өтеді және үздік, бәсекеге қабілетті жарамды сорттар ғана өндіріске пайдалануға жіберіледі. Әрбір шығарылған жаңа сорт – ғалымдардың көптеген жылдар бойы маңдай терімен атқарылған үлкен еңбегінің жемісі болып табылады. Сорт жасап шығару үшін біріншіден, селекцияның дұрыс бағытын таңдап алу керек. Мінсіз сорт моделін анықтау қажет. Яғни селекциялық процесс дегеніміз – жан-жақты бағалау негізінде сорттарды шығару мен жақсарту бойынша үнемі әрекет ететін селекциялық конвеер.
Қазіргі уақытта селекциялық жетістіктердің Мем­лекеттік тізбесіне Қазақстан Республикасында пай­далануға жіберілген 1700-ден астам сорт енгізілген. Осы бағытта отандық селекция сорттарының үлесі: күздік бидайдан 72 пайызды, жаздық арпадан 64 пайызды, жаздық бидайдан 53 пайызды құрайды. Жеке дақылдар бойынша отандық сортттардың үлесі 90 пайыздан астам болып отыр. Мәселен, құмай-судан буданының, мақтаның, сүрлемдік құмайдың, жо­ңышқаның және т.б. барлық дерлік сорттары отан­дық болып табылады.
Жеке дақылдар бойынша (күздік бидай, жаздық арпа, сұлы, сүрлемдік құмай, құмай-судан буданы) ҚазЕжӨШҒЗИ сорттары мен будандарының шығарылуы бұрынғы жылдармен салыстырғанда бар­ған сайын басым жағдайда болып келе жатқандығы бізді қуантып әрі өз кәсібімізге деген ынта-ықыла­сымызды арттыра түсті. Ауылшаруашылық дақыл­дарының сорттары мен будандарына рұқсат беру әрбір аймақ үшін нақты топырақтық-климаттық жағдайларына бейімделген. Сыннан өткен жоғары өнімді және жоғары сапалы сорттардың себу материалы мен тұқымын әкелуге, көбейтуге және сатуға құқық береді.
Статистикалық мәліметтер бойынша айтар бол­сақ, 2004-2014 жылдары дәнді дақылдардың жалпы егістіктері ауыл шаруашылық дақылдарының егістік көлемінің 80 пайызынан астамын алған.Бірақ, соңғы жылдары «Дақылдарды әртараптандыру» бағдар­ла­масына сәйкес, дәнді дақылдар егістіктерінің көлемі 65-70 пайызға қысқартылған. Елімізде жылына 13,5-20,1 миллион тонна астық өндіріледі.Бұл көрсеткіш Ресей мен Украинадан аз ғана төменірек көрсеткіш. 2010-2016 жылдары дәнді дақылдардың отандық сорт­тарының жалпы егістік алқабы 43 пайызға артқан. Ал,1990-1994 жылдары дәнді дақылдардың жалпы егістік көлемінен отандық сорттардың үлесі 9 пайызды ғана құраған. Осыған орай айта кететін бір жәйт, дәнді дақылдар алқаптарының астық өндірісін әртараптандыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде дәнді дақылдар егістіктерінің көлемі 1990-1994 жылдары 22333,0 мың гектарға, ал 2010-2016 жылдары 16052,9 мың гектарға азайтылған.
Картоп бойынша 1990-1994 жылдары отандық сорттар алқаптарының көлемі 7,8 мың гектарды немесе 3,1 пайызды алып жатты, ал 2010-2015 жылдары 87,8 мың гектарға яғни, 47 пайызға жеткен. 2010-2011 жылдары картоптың жалпы өнімі 2,8 миллион тоннаны құраған. Майлы дақылдар бойыша соңғы 10 жылда отандық сорттардың көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 15,1 есе артқан. Демек, 2001-2004 жылдары 44,9 мың гектарға, ал 2010-2016 жылдары 678,9 мың гектарға көбейген. 2010-2011 жылдары майлы дақылдардың орташа жалпы түсімі – 959 тоннаны құрады.
Сол сияқты мақтаның отандық сорттары 2008 жылдан бастап, 2000 жылы егістіктердің 90 пайызын алып жатқан өзбекстандық сорттарды ығыстырды. Бүгінгі таңда мақтаның отандық сорттарын енгізу деңгейі, басқа ауыл шаруашылық дақылдарымен са­лыс­тырғанда едәуір жоғары. 82 пайызды құрап отыр. Егістік көлемі шамамен 132 мың гектар.
Алайда, барлық ауыл шаруашылық дақылдарының орташа өнімділігі соңғы кездері республика бойынша әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда өте төмен деңгейде екенін айтпасқа болмайды. Мұның себептері еліміздің құрғақ климатымен, сонымен қатар ауыл шаруашылық дақылдарының егістік алқаптарының 90 пайызы тәуекелді егіншілік аймағына орналасқандығына байланысты орын алып отырған жағдай. Тағам өнімдерін өндіруге пайдаланылатын ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші негізгі буын болып қала береді. Және бұл ретте сортты өнімділікті арттырудың басты факторы болып табылады. Өнімділікті арттырудағы сорт үлесі 50 пайызды құрайды.
Түрлі ауылшаруашылық дақылдарының шетелдік сорттары алғаш өсірген жылдары шығымдылығымен мол өнім береді. Одан кейін олардың бейімсіздігі мен абиотикалық және биотикалық күйзеліс факторларына тұрақсыздығы салдарынан өсу процессі әлсіреп, жиі өліп қалады. Әсіресе, олар басқа табиғи-климаттық қолайсыз жағдайларда шығарылған болса, осындай қал-ахуалға ұшырайды. Сонымен қатар, бұл сорттар фотокезеңдік сезімталдығы бойынша да ерекшеленеді. Ол өнімділіктің құрылымдық элементтерімен өзара қатынас орнатады. Егер шетелдік сорттар өз отанында ерте пісетін болып саналса, ал біздің жағдайларда кеш піседі. Одан басқа, өсірудің екінші және үшінші жылында олар әйгілі фитопатогендермен қатты зақымдалады және генотип бастапқы түріне мүлде ұқсамай қалады. Сондықтан да олар тұқым шаруашылығымен айналысудан шеттетіліп, қажетсіздік жағдайда қалады.
Солтүстік Қазақстанның табиғи-климаттық өзгерістерін Канаданың ауа-райы жағдай­ларымен жиі салыстырады. Олар біздің құрғақ даламызға, дәлірек айтсақ, жауын-шашын жағынан ұқсамайды. Мәселен, Қазақстанда ең көп жауын-шашын шілдеде болса, ал Канадада мамыр-маусым айларында жауады. Өсімдіктердің дамуының бастапқы жағдайлары осы ерекшеліктерінде. Келешек өнімділіктің қалыптасуы басталған уақыты ерте кезеңдерде (үш-алты жапырақ) өсімдік әлеуетіне әсер етеді. Егер Қазақстанда жылдық жауын-шашын жылына 250-350 мм диапазонында болса, ал Канадада 350-450 мм болады. Бұл ғалым М.К.Сүлейменовтің жасаған болжамы мен берген бағасы.Қазақстанның негізгі астық өсіруші аймақтарында ауа-райы соңғы жылдары жайсыздыққа қарай өзгеріп тұрады. Ұзақ жылдар бойы мынандай жағдай қалыптасты: аздаған жауын-шашын кезеңінен кейін,қыркүйектің басында ауа-райы құрғақ әрі жылы болды. Бұл жиын-терін науқанын қыркүйектің соңына дейін, тіпті қазан айында да жүргізуге мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда жинау кезеңі қысқарды. Жауын-шашын қыркүйек айында кезең-кезеңмен жауады, ал қазанның ортасында қар жауып кетуі де мүмкін. Осыған байланысты шаруалар ерте пісетін бидай сорттарына ауысуға мәжбүр. Ондай сорттарды тамызда жинауды бастап, қыркүйектің соңына дейін аяқтауға мүмкіндік туғызады. Осы әдіс арқылы ғана ерте түсетін суықтарда өнім шығынын болдырмауға болады. Ғалымдар мен аграршылар ерте пісетін, орташа пісетін және кеш пісетін сорттардың ара салмағын әрқайсысына шамамен, үштен бірін ұстауға кеңес береді. Осындай құрылым жер иелері үшін өте-мөте оңтайлы әрі қолайлы болады.
Бұдан басқа бидайдың интенсивті сорттарын өсіру сапаны жоғалтуға әкеледі. Ондай жағдай қатты қызыл бидайды өсірген Аргентинада да орын алды. Қазір олар оны қойды. Америка селекцияның қарқынды сорттарын өсірді. Соның салдарынан Аргентина жоғары сапалы бидай брендін жоғалтып алды. Сөйтіп, олар үлкен қателікке ұрынды.
Солтүстік Қазақстанда кеңінен өсірілетін «Омск» селекциясының бидай сорттары «Омская-9», «Омская-28», «Омская-35», «Омская-37» негізінен орташа пісетін топқа және гектарынан 2-5 тоннаданқайтарымы мол өнімі бар қарқынды типке жатады. Сондықтан вегетацияның ұзақ кезеңіне байланысты олар күзгі қолайсыз ауа райы (қар аралас жауын-шашын және температураның нөлден төмен түсуі) орын алғанға дейін пісіп үлгермейді және өнімнің айтарлықтай үлесінің қар астында қалу қаупі бар. 2015 жылы «Омск» сорттары өсірілетін Қазақстанның Солтүстігінде (Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тары) нанның үштен екі бөлігі үшінші класпен «өтті», яғни тауарлық болды. Сөйтіп, қар астынан жинауға тура келген бидай сапасы айтарлықтай төмендеп кетті. Олар төртінші және бесінші класс болды.Тек қайта өңдеуге немесе жемшөпке ғана жарамды. Бұл ғалым А.Асланованың жасаған ой өлшемі.Құптауға тұрарлық қорытынды. Жаздық бидайдың отандық «Казахстанская раннеспелая» сорты аты айтып тұрғандай ерте пісіп, жетіледі. Өнімділігі мен сапасы жағынан да бірқалыпты. Өткен жылдары «Казахстанская раннеспелая» сортының егістігі солтүстікте 1 миллион гектар алқапты алып жатты. Жазылған шындықты еске сала кетейін: – ең бейімді сорттар оларды өсірген аймақтарда шығарылады. Ресей селекциясының бірқалыпты сорттары да бар, мәселен ерте пісетін, құрғақшылыққа төзімді «Омская-19», «Светланка» сорттары және орташа пісетін «Омская-36» сорты, Солтүстік Қазақстан облысында 100 мың гектар егіс алқабы осы сорт. Олар табиғи-климаттық және шекаралас жағдайларда шығарылды. Омск облысы Батыс Сібір жазығының оңтүстігіне орналасқан.
ҚазЕжӨШҒЗИ-да әлемдік деңгейде бұрын шы­ға­рылған күздік бидайдың «Стекловидная-24», «Наз», «Богарная-56» сияқты сорттары бар.Олардың бейімделгіштігі жоғары, ауруларға тұрақты, қысқа және аязға төзімді. Атап айтқанда, «Стекловидная-24» сортын шығарған соң Қазақстанның оңтүстік-шығысында күздік бидайдың азықтық тұқымын өндіру мүмкіндігіне ие болды. Ол осы дақылдың 80 пайызын алып жатыр. Күздік бидайдың жаңа, өндіріске енгізуге рұқсат етілген «Даулет», «Егемен-20» сорттары өнімділіктің едәуір жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Оның Оңтүстік Қазақстан облысында гектарына 40,0 центнерден, Жамбыл облысында 42,2 центнерден, Алматы облысында 48,2 центнерден өнім бергенін атап айтқан орынды. Сондай-ақ, оның балауыз құрамы 35,5 пайызды, ақуызы 14,5 пайызды, нан көлемі 990 мл құрады.
Дегенмен, келтірілген сипаттамаларға қарамас­тан, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер түрлі дақылдардың шетелдік сорттарының тұқымдарын әлі де сатып алып жатыр. Бұдан нені аңғаруға болады? Шетелдік сорттардың тұқым шаруашылығын кеңейту мәселесі келешекте мемлекетімізді оларға экономикалық және саяси жағынан да тәуелді етеді. Өйткені, бізге енгізілген сорттары үшін басқа мемлекеттерге көп көлемде роялти төлеуге мәжбүр болады.Осы тұрғыда шетелдік будандарды өсіру кезінде отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үнемі аталық, аналық формалардың тұқымын сатып алуы керек. Осыдан барып шетелдік бірегей тұқым өндірушілерге тәуелді болады.Түбінде олар қазақстандық тұқым нарығында баға саясатын анықтайды.Бүгінгі таңда әлемнің дамыған елдерінде өсімдіктер селекциясында заманауи молекулярлық биология мен генетика белсенді қолданылуда. Ғалымдар бидай, арпа, күріш, жүгері, картоп, алма, т.б. секілді көптеген ауыл шаруашылық дақылдарының геномдарының шифрын ашты. Табысты селекция үшін құнды шаруашылық белгілерді маркерлеу және өсімдіктердің дамуының ерте ке­зеңінде фенотиптік бағалау жолымен емес, тікелей генетикалық ақпарат негізінде құнды генотиптерді іріктеу мүмкіндігі маңызды. Бұл іріктеу уақытын азайтады және материалдық қорлар мен еңбек шығынын үнемдеуді қамтамасыз етеді.
Қазір ғалымдар «сорт жасау кезінде гендік инженерия, биотехнология және молекулярлық биологияның заманауи әдістерін қолданбайды» деген әңгімелер көп айтылуда. Бұл шындыққа жанаспайды. Мәселен, ҚазЕжӨШҒЗИ ғалымдары ҚР АШМ 042 бюджеттік бағдарлама шеңберінде 2009-2014 жылдар аралығында Австралия өсімдіктердің функционалды геномикасы орталығымен әріптес болып,жаздық жұмсақ бидайдың жеделдетілген селекциясы үшін молекулярлық мар­керлерді, микроспорлы дигаплоидияны, цисгендік инженерияны пайдалану жүйесін әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізді. Зерттеу нәтижесінде жұмсақ бидайдың барлық үш геномында карталанған, 8632 SNP маркерлерін қолданумен, Қазақстан бидайы­ның 10 коммерциялық сорттарына («Актюбе-39», «Астана-2», «Казахстанская-15», «Казахстанская-19», «Казах­станская раннеспелая», «Карабалыкская-90», «Павло­дарская-93», «Саратовская-29», «Целинная-3С», «Эритроспермум-841») генетикалық төлқұжаттау жүргі­зілді. Жоба аясында микроспорлар арқылы дигаплоидтарды алудың тиімді хаттамасы әзірленді. Берілген әдіс өндірісте апробацияланды және соның негізінде барлық сорттар бойынша 82 дигаплоидты тізбек алынды. Әрбір талданған сорт бойынша тұқым саны 52-1100 тұқым болды. «Казахстанская раннеспелая», «Казахстанская-19» және «Астана-2» сорттарының дигаплоидты тізбектері негізінде халықаралық патентке 3 өтінім берілді.
Осы сорттардың дигаплоидты тізбектері Қара­балық АШТС (солтүстік) мен ҚазЕжӨШҒЗИ (оңтүстік-шығыс) жағдайларында көбейтілді және тал­данды. «Казахстанская-19» және «Саратовская-29» бидай сорттарының цисгендік өсімдіктері алынды: құрамында AHAS бидай гендері бар 37 өсімдік (гербицидке тұрақты) және құрамында AHAS және DREB3 екі бидай гені бар 27 өсімдік (құрғақшылыққа төзімді гендер).Одан басқа, ҚазЕжӨШҒЗИ ғалымдары гаплоидия әдістері негізінде «Нуреке», «Акжол», «Бастама», «Илек-34» сияқты дәнді және жемдік дәнді дақылдардың сорттарын жасап шығарды. Бұлар селекциялық жетістіктердің Мемлекеттік тізбесіне енгізілді. Сонымен қатар жеміс және көкөніс шаруа­шылығы салаларында заманауи биотехнологиялар кеңінен қолданылуда.
Жүгерінің үздік қазақстандық сорттары мен будандарын шетелдіктермен салыстыру мынандай нәтижелер көрсетті: теңдей өнімділік бергенде жергілікті сорттар республикамыздың оңтүстік-шығыс жақта гүлдеу кезінде интенсивті типті аме­рикандық будандармен салыстырғанда жоғары тем­ператураларға тұрақтылығымен дараланды. Шет­елдік будандар өте жоғары температураларда тозаң түзбейді. «Молдова» селекциясының жүгері будандары негізінен дәнді бағытта пайдаланылады. Аласа болып өседі және қазақстандықтарға қарағанда аз биомасса қалыптастырады. Ал Оңтүстік Қазақстан жағдайларында шетелдік және отандық ерте пісетін будандары арасында дамудың негізгі фазаларының келу мерзімінде айтарлықтай өзгерістер байқалмады («НК Кулер» және «Делитоп»). Алайда, «ПР 34 Н 24» және «НК Термо» тобының орташа пісетін будандары «Туран–480» (86,9 ц/га) стандартынан сәйкесінше 2,5 және 5,3 ц/га артық болды. Кеш пісетін топтың «ПР 31 П 4» буданы «Сункар –779» (81,9 ц/га) стандартынан 1,3 ц/га есе жоғары.
Өндіріс жағдайында шетелдік сорттардың жоғары өнімділігін алу және өсірудің қарқынды технологиясын пайдалану арқылы ғана мүмкін болады.
Майбұршақтың қазақстандық сорттарын өсіру («Жансая», «Ласточка», «Перизат», «Бирлик КВ», «Ивушка»), шетелдік сорттардан («Вилана», «Селекта-302», «Черемош», «Анастасия», «Сава», «Воеводжанка», «Зен», «Бара», «Спонсор») өнімділігі (2,2-4,5 т/га), ақуыздылықтың жоғары көрсеткіштерімен (39-42 пайыз) және бұршақтардың пісуден кейінгі жарылуының төмендігімен ерекшеленеді (0-1 балл).
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «…бәсе­кеге қабілетті технологиялар – инновациялық экономиканың өзегі, өздігінен пайда болмайды. Бұл ұзақ процесс, ғылыми зерттеулердің қиын жолымен келетін жемісі, күрделі және шығыны көп эксперименттер мен ғалымдардың идеялық нұрлануы.Өндірісті ұйымдастыру үшін, әрине, шетелдік технологияны сатып алуға болады, бірақ өз-өзін құрметтейтін бірде-бір мемлекет өзінің үздік және жаңа технологиялары мен өндіріс құпияларын жаппай сатпайды…» деп үнемі айтып келеді.
Ауылшаруашылық дақылдарының отандық сорттары мен будандарының шетелдіктердің алдындағы бір басымдығы – тұқымының бірнеше есе артық болуы мен өсірудің сорттық технологияларының болуы есебінен оларды өндірудің өзіндік құнының арзан болуы.Өсімдік өнімдерінің, соның ішінде тұқым мен себу материалдарының импорт көлемінің артуы Қазақстан Республикасының аймағына карантиндік және басқа да аса зиянды ағзаларды әкелу қаупін туғызады. Біздің еліміз жыл сайын әлемнің 100-ден астам елінен өсімдік өнімін импорттайды. Импортты тексеру барысында АҚШ, Голландия, Германия, Греция, Египет, Түркия, Қытай және т.б. елдерден карантиндік ағзалар анықталады.
2000 жылдан бері төрт карантиндік ағза негізделді: американдық ақ көбелек, батыс гүл трипсі, картоп нематодасы және жеміс дақылдарының бактериалдық күйігі. 2015 жылы республика бойынша қауіпті карантиндік зиянкес – оңтүстік американдық томат көбелегінің анықталуы тіркелді. Ол Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарында жылыжай томаттарында болған. Қазақстанда бактериалды күйікпен зақымдалған раушангүлділер тұқымдасының ағаштары мен түптердің 200 түрінен астамы жойылып кеткен. Соның ішінде алма ағашы­ның ата тегі – «Сиверс» жабайы алма ағашы да бар. Қызылорда облысында қауын шыбынымен күресу бойынша үш жылда 31 миллион теңге жұмсалды.
Бүгінгі таңда бірнеше ірі корпорациялар – био­тех­но­логиялық гиганттар, яғни,ГМО-сорттарын (DuPont, Pioneer, Байер, Monsanto, Syngenta және т.б.) шығарушылар бар. Олар өздерінің сорттары мен будандары әлемдік аштық мәселесін шешіп, үлкен азық-түлік қауіпсіздігіне алып келеді деп тұжырымдайды. Өндіріске ұсынылған шетелдік сорттар мен будан­дардың көбісі генетикалық модификацияланған өнімдерге жатады. Әлемдік нарықта экологиялық өнімдер генетикалық модификацияланғандарға қара­ғанда жоғары бағаланады. Сондықтан да Қазақстан сапалы экологиялық таза өнім ұсынушы имиджін сақтағаны жөн.
Отандық селекциялық ғылымның ұсынып отырған жаңа сорттары мен будандары әлемдік деңгейге максималды жа­қын­датылған, бірақ аграрлық өндірісте тиісті қолда­нылмай жүр. Оған себеп, инновациялық меха­низмдердің балансының болмауы, инновацияға деген тауар өндірушілердің консерватизмі, материал­дық-техникалық базаның және тұқым шаруашылығы жүйесінің әлсіздігі. Жаңа сорттар мен будандарды коммерциализациялау саласында да инновациялық инфроқұрылым дамымаған. Бұл отандық селекция­лық жетістіктер мен тұқымның бәсекелестік артық­шылықтарын төмендетеді. Сондықтан да тұқым өн­дірісін арттырып қана қоймай, олардың дайындығын заманауи технологиялық деңгейге көшіру керек. Тағы бір өзекті мәселе – кәсіби селекционерлерді дайындау. Селекция – бұл тек ғылым емес, бұл өнер де, ал селекционер – ғылыми білімді жетік меңгерген ғалым. Оның зерттеген дақылы бойынша өзінің гендік қоры, сорттар коллекциясы болуы тиіс. Ол өз өмірін бір ғана мақсатқа – жетілдірілген параметрлерімен жаңа сорттарды шығаруға арнауы қажет. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-да да нағыз селекционер ғалымдар еңбек етеді.
Мен жоғарыда айтқандарымды түйіндейін. Қа­зақ­станда селекциялық ғылым саласында бірегей әзірлемелер бар. Шығарылған отандық сорттар мен будандардың әлеуеті өте жоғары. Тек соларды өндірісте алға жылжыту қажет. Сонымен қатар, біз шетелдік жаңа сорттар мен технологияларды трансферттеу және оларды жергілікті жағдайға бейімдеуді жоққа шығармаймыз. Дегенмен, шетел мемлекеттеріне тәуелді болмас үшін, бұл бағытта отандық ғылыми зерттеулерге өз тарапымыздан қолдау көрсете отырып, олардың жанкештілікпен ашқан жаңалықтарына немқұрайдылық тұрғысынан қарамаған абзал. Тиімділігі мен берер пайдасы көп өзіміз шығарған будандар мен сорттарды дер кезінде өндіріспен ұштастырып жіберсек, ойға алған мақсаттарымыздың орындалғаны. Осы жағын мықтап назарда ұстасақ, біз ұтпасақ ұтылмаймыз. Мұның ойдағыдай жүзеге асырылуын осы салаға басшылық жасап отырған тиісті орындар қаперлерінен шығармай, қадағалап отырса құба-құп болар еді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X