Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

МӘДЕНИЕТПЕН ҰШТАСҚАН КӨРМЕ

ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірейтін 93 күннің ішінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ұсынылатын бұқаралық мәдени шаралар жиі ұйымдастырылмақ.  Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезіндегі мәдени бағдарламаны Мәдениет және спорт министрлігі, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп әзірледі. 

Ойын-сауық бағдарламалары мен концерттердің 70 пайызы қаланың түрлі аудандарындағы ашық алаңдарда, саябақтарда, сондай-ақ қала маңындағы 9 тұрғын алабында (Пригородный, Интернациональный, Мичурин, Күйгенжар, Өндіріс, Железнодорожный, Үркер, Көктал және Промышленный) өтеді. Мәдени-бұқаралық шаралар жаздан бастап күз мезгілінің басына дейін өткізіледі. Бұл кезеңде қала әкімдігі 647 шара ұйымдастырады.
ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде өтетін шаралар бағдарламасына көптеген спорттық жарыстар да енгізілді. Осы айдың ортасынан бастап әрбір жексенбі күндері Астаналық, Жерұйық және Студенттік саябақтарда «Astana Fitness Park» атты шарасы өтеді. Оның барысында кәсіпқой бапкерлердің жетекшілігімен кроссфит, йога, зумба және басқа спорт түрлері бойынша жаттығу жасауға қатысуға болады. Жаз мезгілінің басында Астанада дуатлоннан үшінші рет қалалық турнир өткізіледі. Оған 18 жастан асқан барлық азаматтар қатыса алады.
Бұдан басқа шетелдіктер де өз өнерлерін ортаға салмақ. Өзге мемлекеттер ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, өздерінің павильонын таныстыруға қазірдің өзінде құлшынып тұр.
Финляндия Президенті Саули Ниннисте Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне келуді жоспарлап отыр. С.Ниннесте Астанадағы ЭКСПО — 2017 көрмесі аясындағы Финляндияның ұлттық күні мерекесіне қатысады. Аталған шара осы елдің павильонында өтеді. Финляндия Солтүстік Еуропа елдері ішінде Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптесі әрі ірі инвесторы болып саналады.
Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Сингапур «Үлкен идеялардың шағын қаласы» атты ұлттық павильоны арқылы өз тәжірибесін таныстырады. Террариум үлгісінде жасалған павильонда тұрақты энергетика саласындағы әртүрлі идеялар мен инновациялар көрсетіледі. Павильонға кірген бойда қонақтар Сингапурдың тропикалық орманында жүргендей болады. Одан кейін мультимедиалық экрандар арқылы Сингапурдың энергия саласындағы тарихымен танысуға мүмкіндік бар.
Аталған мемлекет шағын көлеміне қарамастан, көптеген инновациялық шешімдерді ойлап тапты. Жоғарғы алаңқайға көтерілгенде осы шешімдермен қысқаша танысуға болады. Соның ішінде күн энергиясын енгізуге арналған бастамалар, энергиялық тиімділікпен салынған ғимараттар және тағы басқа жобалар бар. Бұдан бөлек, таза технологиялардың негізінде істейтін компаниялардың жұмысы – энергияны тарату және қолдануға қатысты тәжірибесі таныстырылады. Сингапурда ойластырылған және жүзеге асырылған шешімдер, жоғары технологиялық коммуникациялық құрылғылармен көрсетіледі. Ал жылыжай үлгісіндегі террариумге келушілер тілек жазып кете алады. Одан кейін созылатын атриумда кітап оқуға, демалуға және ойлануға жағдай жасалады. Павильонның жалпы аумағы – 385 шаршы метр.
Үш айға созылатын EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінде Германия павильоны болашақта қала өмірі қалай өзгереді, қандай көлік құралдарын пайдаланамыз және қандай үйлерде өмір сүреміз деген сұрақтарға болжам жасайды. Павильонның кіреберісінде Германияның 16 федералды жерінің тұсаукесерлері ұсынылады. Осылайша, келушілер павильонға кірмей тұрып, Германия туралы негізгі деректермен таныса алады және «Германияда жасалған» атты арнайы энергетикалық саясаты туралы біле алады. Сондай-ақ, көрмеге кірген әрбір келушіге smartstick құралы беріледі. Бұл құрал жеке экспонаттарды іске қосуға, қозғалтуға және олармен қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде танысуға мүмкіндік береді. Осылайша, қонақтар қайта қалпына келетін энергия көздері, қуат алу тәсілдері, болашақ қалаларға болжам туралы құнды деректерге қанығып, «smartstick» құралдары арқылы «smartpoint» түріндегі энергияны жинақтайды. Көрме соңында қонақтар үлкен дөңгелек үстелі бар кеңістікке өтеді. Олар үстел үстіне smartstick құралдарын қойғанда, smartpoint арқылы жиналған энергия ортаға біріктіріліп, ерекше лазерлік шоу пайда болады. Яғни павильонға келушілер өз қозғалыстары арқылы жиналған энергияның қоршаған әлемді қалай өзгертетінін көре алады. Ортақ күш салу арқылы энергетикаға байланысты жаһандық мәселелерді шешуге болатынын бағамдайды.
Шетелдік ЭКСПО қатысушылары арасында ең ірі павильон Германияға тиесілі. Павильон аумағы 1700 шаршы метрді алып жатыр, онда көрме аймақтары, VIP-аймақтар, неміс халқының ұлттық тағамдары мен сусындарын ұсынатын мейрамханалар, Германия туралы кәдесыйлар мен базарлықтар сатылатын дүкендер және кеңселік (қызметтік) бөлмелер болады. Сонымен бірге, павильонда 80 адам жұмыс істейтін болады. Қызметкерлердің 75 пайызы қазақстандықтар болса, қалған 25 пайызы Германиядан келеді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X