Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

ЖҮГІ АУЫР ТУЫНДЫ

Бұл телехикаяға арқау болған негізгі идея – тағдырдың тәлкегімен Қарттар үйінде өмір сүруге мәжбүр болған көңілі қаяу егде кісілердің ішкі жан сезіміне терең бойлау, қоғам өміріне өзінің салқын ызғарын сепкен қатыгездікке тосқауыл қою, дүниедегі пенделердің жердегі кіші құдайы – әке-шешенің қадір, қасиетін бағалай білу, үлкенді сыйлау сияқты халықтық салт-сананы кеңінен дәріптеу екендігі еш талас тудырмайды.

Иә, не нәрсенің алдын алмаса ата-бабамызда, зәу-затымызда жоқ жағымсыз әдеттің терең жайылып кетпесіне кім кепіл? Бұрын естімеген, тіпті айтуға ұят безбүйрек ұл, қатыгез қыз, қайырсыз келін қайдан, қалай шықты? Қазақ деген қалың ел қартын қадырлеген, оның екі қолын жылы суға суға малып, барынша мәпелеп келген халық емес пе? Енді қайда барамыз? Осындай орамды ой, салиқалы мәселе көтерген телехикая көрермен қауымды бейжай қалдырмайды. Терең ойға қалдырады, жасаушылардың талап, ниеттеріне нұр жауары сөссіз.
Қариясы бар елдің қазынасы бар. Сол қазынамызға лайықты құрмет көрсете алып жүрміз бе? Міне, «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша түсі­ріліп жатқан «Қария» атты телехи­каяның көтерген жүгі де, қозғап отырған мәселесі де бүгінгі күннің тынысымен өзектес, әрі өте актуальді. Жоғарыда айтқанымыздай, телехикаяда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас арқылы бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жәйттер нақты көрініс табатын болады.
Досжан Жанботаев, Қазақстанның халық әртісі:
– Үлкенді сыйлау, оны ба­рынша құрметтеу – қай бір халықтың бол­масын айны­мас салты. Біздің қазақ бұл мәсе­леге терең мән беріп: «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Отбасындағы алауыздық, бірін-бірі сый­ла­маушылық деген жат әдет қайдан пайда болды? Сол дана халқымыз: «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді» дегенді де айтып, бәрін шегелеп кеткен ғой. Телехикая адамдардың арасындағы қа­рым-қатынастың, адамилық пен адам­гер­­шіліктің неліктен жоғала бастаға­ны тура­лы сұраққа жауап іздейді.
Телехикаяда Бауыржан Қаптағай, Ерболат Тоғызақов, Гүлнәр Байбосынова және Алмас Шаяхметов сынды актерлер ойнайды. Кейбір эпизодтық рөлдер мен көпшілік көріністерге қарттар үйінің тұрғындары тартылған.
Мұқаш Жадықов, №3 арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсету орталығының тұрғыны:
– Мен киноға түсу туралы жасымнан армандап едім. Тағдырдың тәлкегімен өмірде неше түрлі жағдай болғандықтан, бұл арманым орындалмай қалған еді. Енді мына телехикаяда мүгедек ақсақалды сомдаймын. Фильм идеясының авторы және режиссері – Асқат Мұсабай. Бұл жас режиссердің дебюттік жұмысы болды.
Асқат Мұсабай, «Қария» телехикая­сының режиссері:
– Тақырып жағынан өте ауыр телехикая болайын деп тұр. Адамға ой салады. Біздің мақсатымыз осы картинаны көргеннен кейін ең кемі бір отбасы болсын, өзінің әке-шешесін қарттар үйіне апару ойынан бас тартуына ықпал жасау.
Телехикаяның түсірілім жұмыстары екі айға созылады. «Қария» телехикаясы «Хабар» арнасынан күзде көрсетіледі. Біздің ойымызша, шетелдік телехикаяларды көгілдір экранда қаптата бергеннен гөрі, өз ұлтымыздың өмірі мен тұрмысын шынайы бейнелейтін жаңа туындылардың көбейе түскені дұрыс сияқты. Бұл да Елбасы алға қойып отырған рухани жаңғырудың бір белгісі емес пе? Барымызды бағалай білгенге не жетсін?!

Ибрагим Бекмаханұы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X