Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

Мәдениет ұлтқа қызмет етеді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында еліміздегі мәдениет объектілерін дамыту мен жаңғырту мәселелері қаралып, ЭКСПО – 2017 көрмесі аясындағы мәдени, спорттық шаралардың кешенді бағдарламасы баяндалды. Сонымен қатар, Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы талқыланды.

Бүгінгі таңда елімізде 7853 мәдениет ұйымы бар екен. Оның ішінде – 64 театр, 4118 кітапхана, 238 музей, 39 концерт ұйымы, 94 кинотеатр, 3 296 мәдени ұйым мен ойын-сауық саябағы, 4 цирк болса, 38 ұйым республикалық маңызы бар мәртебеге ие. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы республикалық мәдениет мекемелерінің қызметін жүйелендіру бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады. Қазірде мемлекеттік мәдени мекемелердің ең төменгі мемлекеттік нормативтері мен типтік штаттары бекітілген. Мәдениет туралы заңға түзетулерге сәйкес, мәдениет ұйымдарын құру, тарату мен қайта құру мәселелері тек министрліктің келісімі арқылы шешіледі. Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу тәртібін реттейтін норма әзірленуде, мұндай әдебиеттер Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия деңгейінде, қаламақы төлеуді ескерумен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін туристік саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Тарихи және мәдени мұраларды сақтау, сондай-ақ, ішкі және сыртқы туризмді дамыту мәселелеріне тоқтала келе, министр барлық республикалық музейлер мен қорық музейлері республикалық мемлекеттік мекеме мәртебесінен мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға ауысқанын еске салды. Бұл оларға ақылы қызметтер көрсетуге, соның есебінен жеке ғылыми-әдістемелік базаларын дамытуға мүмкіндік берді. Мәдениет пен өнер саласындағы білім беру мекемелерін министрліктің басқаруына берудің нәтижесінде бүгінде шығармашылық кадрларды үздіксіз дуальді оқыту қамтамасыз етілген.
Білім саласындағы мәдениет нысандарын дамыту және жаңғырту мәселелері туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Оның айтуынша, музейлерге жұмыс істеуге келетін және олардың жұмысына жаңа серпін беретін білім алушылар саны артқан. 2016-2017 оқу жылында өнер мамандықтары бойынша білім алушылар контингенті 19 мыңнан асады. Ал өткен жылы небәрі 2,5 мың адам бітіріп шыққан. Өнер және мәдениет мамандықтары бойынша колледждер мен техникумдарда 13 мыңға жуық адам білім алуда.
Баяндамаларды тыңдай келе, Премьер-министр Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттер тұрғысынан мәдениет саласын дамыту және халыққа мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру бойынша алдағы шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бақытжан Сағынтаев Астананың қоғамдық орындарында мәдениет ұйымдарында өтіп жатқан барлық оқиғалар туралы азаматтарды құлақтандыратын ақпараттық бағандар орнату бастамасын қолдап, осындай жұмысты еліміздің барлық өңірлерінде жүргізу қажеттігін айтты. Қазақстандықтар еліміздің мәдени және тарихи ескерткіштерін тегін аралау мүмкіндігіне ие болуы қажет. Осылай деген Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірге еліміз бойынша танымдық және этнографиялық саяхаттарды тегін ұйымдастыру үшін жағдай жасауды тапсырды.

Отырыста ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында өтетін мәдени және спорттық шаралардың кешенді бағдарламасы ұсынылды. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, ЭКСПО – 2017 мәдени бағдарламасы көпұлтты Қазақстан халқының мәдениет және спорт саласындағы жетістіктерін кеңінен паш етуді қарастырады. Қазақстанның дәстүрлі мәдениетінің экспозициясының негізі «Этноауыл» ұлттық мәдени кешен болады. Сонымен қатар, «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстар өтеді. Халықаралық көрмені өткізу кезінде Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында 50-ден астам шара өтеді деп көзделген. Мәдени бағдарламада ашық аспан астындағы спектакльдер мен концерттер қойылымдарына ерекше көңіл бөлінген.
ЭКСПО – 2017 кезеңінде 14 ірі спорттық шара өткізу көзделген, оның ішінде 6 әлем чемпионаты, 2 Азия чемпионаты, 3 халықаралық шара, 2 ҚР Президенті Кубогы, Дүниежүзілік бокс кеңесінің жыл сайынғы мерейтойлық 55-ші конвенциясы бар. Еліміздің аума­ғымен автомотоспорт бойынша «Жібек жолы – 2017» халықаралық рал­лиі мар­шруты өтеді.
ЭКСПО – 2017 аясында кешенді мәдени бағдарламаны жүзеге асыру халықаралық аренада еліміздің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді, еліміздің дәстүрлерімен және мәдениетімен таныстырады, деді А.Мұхамедиұлы.
Үкімет отырысында сондай-ақ, 2017-2020 жылдарға арналған дін сала­сындағы мемлекеттік саясат тұжы­рым­дамасының жобасы қарасты­рылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжат жобасында аталған саладағы мемлекет саясаты­ның басымдықтары нақтыланған. Дін және азаматтық қоғам істері министрі Нұрлан Ермекбаевтың баяндауынша, құжатта діни ұрандарды жамылған кейбір діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру және бүлік салу қызметін бейтараптандыру бойынша жалпы мемлекеттік жүйесін қалыптастыру туралы айтылған. Бар­лық салаларда – білім, мәдениет, спорт, БАҚ, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттарында кешенді жұмыстар жүргізу ұсынылады. Тұжы­рым­даманың жүзеге асырылуы жаңа геосаяси шынайылықтар, ішкі және сыртқы қатерлер аясында Қазақстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар ресми түрде тіркелген діни бірлестіктер мен азаматтық қауым­дастықты тартумен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқы­лы жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұсыл­­мандары діни басқармасының өкіл­дерімен жақында өткен кездесуде жас буынның діни білімсіздігіне ерекше назар аударды, деп атап өтті Б.Сағынтаев. Үкімет басшысы Қазақстанның поликонфессиялық мемлекет екенін және елімізде дін саласы­ның мәселелеріне баса назар аударылатынын айтты. Сондықтан 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы қоғамдық сананың және жалпы қоғамның тұрақты әрі үйлесімді дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Осыған орай, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өңірлермен бірлесіп, ру­хани-адамгершілік тәрбие мен қоғам­да ради­калдық діни идеяларды тара­туға жол бермеу жөніндегі жұмыс­тарды жандандыруы қажет. Бұдан өзге, аталған салада дұрыс тәрбиелік әрі ағартушылық жұмыстарды бірлесіп атқарып, конфессиялар арасындағы келісімді нығайтуға күш салу керек. Осы орайда «Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер, оны басқа еш жерден таппайсыздар» деген даналық сөзді еске түсірген Б.Сағынтаев, қоғамның басты міндеті – әркімнің жүрегіне осы түсінікті жеткізу болып табылатынын баса айтты.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X