Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС НЫҒАЮДА

Жамбыл облысы мен Гилян провинциясы арасында   меморандумға қол қойылды

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Иран ислам республикасының Гилян провинциясына барған жұмыс сапары барысында провинция губернаторы Мұхаммад Али Наджафимен кездесіп, өңірлер арасындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда-экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайтуға келісім жасаған болатын. Облыс әкімдігінде өткен жиында ол осы сапар қорытындысы жайлы айтып берді.

Басқосуда кәсіпкерлік, сауда-саттық, ауыл шаруа­шы­лығы салаларын қам­титын екіжақты әріп­тестік жөніндегі меморан­думға қол қойылды. Жамбыл облысы мен Гилян провинциясы арасындағы қол қойылған келісім мен меморандум 20 млрд теңгені құрап отыр.
Кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі ирандық кәсіпкерлерді ай­мақ­тың әлеуметтік-эко­но­­ми­калық дамуы жайлы ха­бардар етті. Ол Жамбыл облысының Иран ислам республикасымен тауар айналымы 2016 жылы 919 мың АҚШ долларын құрағандығын, 2015 жылмен салыстырғанда 7 еседен астам өскенін атап өтті. Ал, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 802,5 мың АҚШ долларына жетті, экспорт көлемі 780,7 мың АҚШ долларын, импорт 21,8 мың АҚШ долларын құрады.
Негізі Жамбыл облысынан Иранға пияз, кептірілген жасымық пен бидай экспортталса, өңірге Ираннан құрма, құрылыста пайдаланатын заттар, резеңке бұйымдары, тоқыма материалдары, шыны ыдыстар, қара металдан әзірленген бұйымдар, радиаторлар, электр шамдар және басқа халық тұтынатын тауарлар импортталған. «Бүгінгі күні бірнеше бірлескен жобалар іске асырылды. Біздің аймақта жыл өткен сайын мал басы көбеюде. Ағымдағы жылы қой етін Иранға экспорттау жөнінде екі жақты келісім жасалды, алғашқы өнімдер де жеткізілді. Бүгінгі күні өңірде мақсарыны қайта өңдеу және оның майын өндіру бойынша «Қазирагро» серіктестігімен бірлескен құны 5,7 млн АҚШ долларын құрайтын жоба іске асырылды. Бұған қоса «Меркі ет» компаниясы Иранға жылына 3 мың тоннаға дейін ірі қара және ұсақ мүйізді малдың етін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Біз ауыл шаруашылығы саласында жеміс-жидек, балық өнімдері бойынша бірлескен жобаларды жасақтауға әзірміз», – деді Жамбыл облысының әкімі.
Ирандық кәсіпкерлер өз кезегінде қызылша өсіру, дәрілік шөптерді дайындау және өсімдік шырындарын шығару бойынша өз жобаларын жүзеге асыруға әзір екендіктерін жеткізді. «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мақаш Іскендіров химия саласындағы жамбылдық кәсіпорындардың жетістігі жайлы мәлім етті. Ирандық ауыл шаруашылығы сарапшылары «Қазфосфат» зауытының минералдық тыңайт­қыштарын сатып алуға қызығушылық танытты.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Гилян провинциясының губернаторы Мұхаммад Али Наджафи арасында ынтымақтастық жасау ниеті туралы хаттамаға қол қойылды.


Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X