Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Көктемнің әр күні – жылға азық

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қытымыр қыстың ызғары сынып, қалың қардың көбесі сөгілісімен-ақ диқан қауым дүр көтеріліп, егіс алқабына шығады. Агроөнеркәсіптік кешен қызмет­керлері жылдағыдан кешігіңкіреп келген биыл­ғы көк­темнің қамшының сабындай келте мерзімінде агро­техникалық жұмыстардың барлығын дер кезінде орындауға бір кісідей жұмылдырылып отыр. Қажетті құрал-жабдық, тұқым мен жанар-жағар май қоры қамдалып, дала қосындары сақадай-сай әзірленді. Бүгінде оңтүстік өңір егіншілері дарқан дала төсін думанға бөлеп, көктемгі науқанға кірісіп те кетті.
Елдің стратегиялық ресурстарының алдыңғы қатарынан орын тебетін азық-түліктің мол қорын қалыптастыру экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірінен саналады. Бұл орайда аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстанның өз халқын асырап қана қоймай, бүкіл Орталық Азия аумағын тамақ өнімдерімен қамтамасыз ете аларлық мүмкіндігі бар. Өйткені, біздің еліміз жан басына шаққандағы жыртылған жерлер алаңы бойынша әлемде екінші орынды иеленіп, сондай-ақ барлық халықтың 43 пайызын құрайтын ауыл жұртының көптігі арқасында қажетті өнім көлемін еркін өндіре алады. Статистика деректеріне сүйенсек, жұмыспен қамтылған халықтың 18 пайызын ауылдықтар құрайтыны пікірімізді нақтылай түседі. Сондай-ақ Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Орталық Азия елдерінің өткізу нарықтарының азық-түлік өнімдеріне деген жоғары әлеуетті сұранысы да отандық аграрийлерді жаңа биіктерді бағындыруға шақыратыны сөзсіз.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мақ­сат­ты қолдау арқасында бүгінде агроөнеркәсіптік кешен өнімі тұрақты өсімге ие. Ауыл шаруашылығында елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 5 пайызы жасалады, бұл көрсеткішті ұлғайту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Қазақстанның табиғи азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс та қалыптасып келеді. Атап айтатын болсақ, қазіргі таңда біздің еліміз әлемдегі астық пен ұн бойынша ірі экспорттаушылар қатарына кіреді.
Дегенмен, агроөнеркәсіптік саланы өркендетуге кедергі болып отырған келеңсіз жәйттер де баршылық. Бұл орайда сауданың, оның ішінде экспорттық сауданың дамымағандығы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды енгізудің төмен деңгейі, ветеринария және тамақ қауіпсіздігі дәрежесінің төмендігі, жоғары капитал сыйымдылығы, яғни қымбатшылық, өзін-өзі ақтау мерзімінің ұзақтығы, табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділік, еңбек өнімділігінің төмендігі сияқты жағымсыз факторларды атап өтер едік. Сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер ауруларының таралуы және табиғи ортаның ластануы да салқынын тигізіп отыр. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты жекелеген өнім түрлері бойынша халықаралық нарықтардағы бәсекелестіктің өсуі қолбайлау болуда. Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 80 пайызға жуығы қайта өңделместен шикізат түрінде өткізілуі, ал дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі саланы тұсап отыр.
Аталмыш проблемалар саланы дамыту жоба-жоспарын жасау кезінде ескерілді. Нақтылап айтқанда, тәуелсіздік кезеңінде тоғыз бағдарламалық құжат әзірленіп, олардың негізінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясат іске асырылды. Бұлардың ішінде 1991-1995 жылдарға және 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 1993-1995 және 2000 жылдарға дейiнгi кезеңге арналған тұжырымдамалық бағдар­ламасын, Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған бағдарла­масын, 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасын, Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасын, агроөнеркәсіптік кешен­ді тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын, 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаны және 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасын атап өтуге болады.
Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігі елдің агроөнеркәсіптік кешені алдынан жаңа мүмкіндіктер ашып отыр және сонымен бірге ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан жоғары талаптар қоюда. Осыған орай саланы мемлекеттік реттеудің рөлі арта түсуде. Бұл тұрғыдан алғанда маңызды құжат саналатын агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Елбасының 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген елді дамытудың стратегиялық мақсаттарына және «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес әзірленді. Құжатта ауыл шаруашылығы кооперативтерін тиім­ді мемлекеттік қолдауды қалыптастыруға және келешегі мол салаларға жол ашуға және экспорт көлемін кеңейтуге баса мән берілген. Осы арқылы саланың жалпы өнімі құрылымында жеке қосалқы шаруашылықтар өнімінің жоғары үлесі байқалып отырған қазіргі кезеңнің ерекшеліктері ескеріліп отыр. Құжатта халық санының өсуіне және тамақтану құрылымының өзгеруіне байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерінің көлемін ұлғайту мүмкіндігі де назардан тыс қалмаған. Осылайша, аталған Бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерінің аса қажетті түрлері бойынша халықтың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге, тиімді экспорттық саясатты айқындауға ба­ғытталып отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X