Валюта бағамы: $ 326.17 401.25 5.31 ¥ 51.84

ЭКСПО – БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫ

Көрмеге дайындығымыз қалай? 

Енді бір айдан астам уақыттан кейін еліміздің бас шаһары – Астанада халық­аралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі басталмақ. Қазір елордада көрмеге дайындық аясында барлық инженерлік, көліктік, коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғыртудың ауқымды шаралары жүр­гізіліп жатыр. 

Көрмеге келетін 5 миллионнан астам адамның 15 пайызы өзге мемлекеттердің азаматтары болмақ. Қазірдің өзінде Елордада қонақтарды орналастыруға қажетті қонақ үйлердегі, хостелдердегі және жалдамалы пәтерлердегі орын жеткілікті болып отыр. Бұдан басқа, ЭКСПО кезінде бір күнде 35 мың адамды орналастыруға қажетті орын дайын. Шаһарда шетелдіктерге арналған қоныста­натын жерлердің шамамен 20 пайызы брондалған. Шетелдік қонақтардың келуіне жайлы жағдай жасау үшін қонақ үйлерде тікелей онлайн тіркеу қызметі енгізілді. Бұл қызметті пайдалануға 152 қонақ үй дайын. Қоғамдық тамақтану орындарын ұйымдастыру мәселелері де барынша тыңғылықты қарасты­рылған. Қазіргі уақытта 106 мың адамды 846 орын тамақтандыра алады. Ал ЭКСПО аясында бұндай қызмет көрсету орталықтарының саны бірнеше есе өсетіні белгілі.
Елорданың медициналық мекемелері ЭКСПО көрмесіне қатысушыларға медициналық көмек көрсетуге дайын. Қазірдің өзінде қалалық стационарларда мамандандырылған, білікті медициналық көмек көрсету үшін қосымша 390 қосымша орындар жасалды. Көрменің өткізілу уақытында қалалық медициналық жедел жәрдем бекетінде 105 санитарлық автокөлігі, 10 көлік медициналық қызмет көрсететін болады. Әр жедел көмек беру бригадасында ағылшын тілін жетік білетін мамандар қызмет етеді. Көрмеге дайындық аясында қазіргі таңда үш негізгі бағытта жұмыстар атқарылуда. Эпидемиологиялық және сани­тарлық-эпидемиологиялық бағыт­та, сондай-ақ, радиациялық, xимиялық және биологиялық қорғауды қамтамасыз ету бағытында. Тамақ қауіпсіздігі мәселесі бойынша 238 мейрамхана мен дәмхана, 180 сауда нысаны тексеру барысында материалдық-теxникалық базасында кемшіліктер, тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі санитарлық ережелердегі талаптардың сақталмауы анық­тал­ды.
Елордадағы ЭКСПО көрмесі кезінде адамдардың бет-келбе­тін ажырата алатын жүйе іске қосылады. Бүгінде Ұлттық қауіпсіз­дік комитетімен және көрме әкімшілігімен бірлесе бірнеше оқу-жаттығу өткізілген. Оның барысында түрлі жағдайларға әрекет етудің қадамдары пысықталды. Көрме аумығында екі мыңға тарта бейне-камера жасақталады. Олар Қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығына тікелей қосылып, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Осы айда Қазақстан аумағында заңсыз жүрген шетелдіктердің барлығы ел аумағынан шеттетіледі. Бұл туралы Мәжілістегі жалпы отырыс барысында тілшілер сауалына жауап берген ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің басқарма бастығы Сабыржан Сейітжанов айтқан болатын. ЭКСПО-2017 қарсаңында заңсыз көші-қонның алдын алуға қатысты шара ұйымдастырылады. Осыған орай еліміз аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарын анықтауға ерекше мән беріледі. Бұл тұрғыда С.Сейітжанов көші-қон заңнамасын орындамаған шетелдіктер әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершілікке тартылып, Қазақстан аумағынан тыс шығарылатынын жеткізді. ЭКСПО-ға дайындық аясында көрме аумағында 6 жұмыс бекеті даярланды, онда осы халықаралық шараға келген шетел азаматтарына қызмет көрсетіледі. Осы ретте визаның мерзімін ұзарту, уақытша тіркеу және көші-қон полициясына қатысты басқа да жұмыстар қамтылады. Сонымен қатар әуежайда, вокзалда тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы орындар қарастырылған. Көші-қон полициясы қызметкерлері елімізге келетін немесе Қазақстаннан кететін шетелдіктерге барынша көмек көрсетеді.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу барысында көлік қызметінің сапасын жоғарылату және Астана қаласының қоғамдық көлік жолаушыларына жағдай жасау мақсатында «Bus lane» жобасының 4-ші кезеңін енгізу жоспарланып отыр.
Астана аймақтарындағы қо­ғам­дық көлікке бөлінген жолақ­тардың жалпы қашықтығы 40,6 шақырымды құрайды. Бұл жоба қоғамдық көліктердің жүріс кес­тесін реттеуге, кесте бойынша бұ­зушылықтар санын төмендетуге, автобус жүргізушілерінің тәртібін жақсартуға, жүріс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін «Bus lane» жобасының 3 кезеңі іске асырылды. Соның арқасында қоғамдық көліктің орташа жылдамдығы 12-15 пайызға артқан болатын.
Қала көшелеріндегі көлік кеп­телісі – алып шаһарларда жиі кезде­сетін мәселеге айналып отыр. «ЭКСПО-2017» халықаралық көр­ме­сі қарсаңында бұл мәселе көпші­лік­ті алаңдата бастады. Себебі шаһарға шетелден және еліміздің өңірлерінен адамдар ағыла бастайтыны анық. Сол жағалаудағы көлік кептелісін төмендету бағытында ЭКСПО басталғанға дейін 24 және 26-ші көшелердің құрылысы аяқталмақ, сондай-ақ 31-ші көше соңына дейін ашылады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Ұлы Дала үлкен магистралінің құрылысының басталғанын ескере отырып, бұл жол ЭКСПО ауданы мен жаңа теміржол вокзалы аралығын қосады. Бүгінде Сол жағалаудағы Мәңгілік Ел, Д.Қонаев және Достық көшелеріндегі көлік ағынының дұрыс реттелмегені жиі айтылып жүргені белгілі. Сондықтан аталған көше қиылыстары бойынша қазіргі кезде екі нұсқа пысықталып жатқан көрінеді.
ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месінің басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалды. Айта берсек әлі де атқарылар ауқымды істер көп. Ең бастысы осы айдың аяғына дейін бұл мәселелер шешіліп, жазда өтетін көрме барысында шетелдіктерге үлгілі ел екенімізді көрсетсек болғаны.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру