Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Білікті мамандар ордасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы.
Университеттің 83-жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде.
Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші классикалық университеті, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымды инновациялық дамытудың ұлттық көшбасшысы, еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы бірінші Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері. Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеу­леріне сәйкес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру бағдарламалары бойынша 401-450 дәрежеге енді. Университетте еліміздің барлық аймағынан келген 20 мыңнан астам студент, сондай-ақ алыс жақын шетелден келген студенттер білім алады.
Оқытушы-профессорлар құрамы – 2500 мың адамнан асады, олардың арасында 400-ден аса ғылым докторы, профессорлар, 800-ден астам ғылым кандидаттары, доценттер бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университеттің 14 факультетінде беделді ғылыми мектептер шоғырланған, олар: механика-математика, физика, биология, химия, филология, журналистика, тарих, география, философия және саясаттану, экономика және бизнес, заң, шығыстану, халықаралық қатынастар, шетелдік азаматтарға ар­налған дайындық факультеті.
Төрт жыл бұрын осындай керемет мекеннің Экономика және Бизнес Жоғары Мектебінің «Экономика» мамандығының студенттері қатарын біз де толтырдық. Бұрынғы кездері үлкендер «өмірдегі ең қызықты шақтар – студенттік шақтар» десе түсінбейтін едік. Нағыз өмірлік достарды осы жерден таптық, ұмытылмас кештер мен сәттер осы университетте өтті. Өмірдегі ең ыстық сезімдер мен пейілдер, сыйластық пен құрмет – барлығын осы ҚазҰУ-дан алдық. ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен! Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені! ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен! Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер, жас түлектер!

Назерке ҚАЗИЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X